Өңірде шағын және орта бизнес өркендеуде

Өңірде шағын және орта бизнес өркендеуде

Өңірде шағын және  орта бизнес өркендеуде
ашық дереккөзі
448

Алматы облысындағы халықтың төрттен бір бөлігі немесе 24,6 пайызы шағын және орта бизнеспен айналысады. Осыған сай өңірде шағын және орта бизнестің 100 мыңнан астам субъектісі жұмыс істеуде.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мәліметінше, шағын және орта бизнес саласында өндірілген өнім көлемі артып, төрт жылда аталған сала өнімі 3,4 есеге немесе 180,8-ден 618,9 миллиард теңгеге жеткен. Ал былтыр шағын және орта бизнестен бюджетке 26,2 миллиард теңге салық түскен. 

Өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 74 жоба мақұлданып, 3 миллиард 379 миллион теңге игерілген. Ал жеке кәсіпкерлікті қолдауға 2 миллиард 794 миллион теңге, индустриялық инфрақұрылымға 585  миллион теңге қарастырылыпты. 2010 жылдан бері аталмыш бағдарламаға 8 млрд. теңге көлеміндегі сома бойынша 3 мыңнан астам шағын және орта бизнес субьектілері қатысқан. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қолға алынғаннан бері 8 мыңнан астам жұмыс орны тұрақталып, тағы да 1300 жұмыс орны ашылса, аталмыш жобаның арқасында қазынаға 5262,9 милилон теңге көлемінде салық төленген. Былтыр әлеуметтік-экономикалық даму рейтингтік бағалау бойынша Алматы облысы бірінші орын алды. Себебі мұнда ауылшаруашылығының даму деңгейі өте жоғары. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындардың да басым бөлігі дәнді-дақыл, көкөніс өндіруге дағдыланған. Алматы облысы әкімінің ақпараты бойынша, ауыл шаруашылығы өнімінің 71 пайызын жүгері, 74-і – қант қызылшасы мен 20 пайыз картоп пен жүзім өндірісін алып отыр. Бұл көрсеткіштер бойынша облыс ел бойынша жетекші орында.  Сондай-ақ, сүт өнімін өндіру бойынша да жетекші орындарда, себебі 70 пайыз – ет құсы, шарап – 88 пайыз, 99 пайыз-үй тұрмысын өндіріп отыр.

Өңір бойынша 2013 жылы 236 сауда нысаны мен қоғамдық тамақтану орны іске қосылып, 1247 жұмыс орны ашылған. Ал көтерме сауда айналымы 235,5 миллиард  теңгені құрады. Жыл басынан бері аймақ бойынша 80 сауда базары жұмыс істеуде. Бұл сауда нүктелерінің өзінде 19 111 адам кәсіпкерлікті дөңгелетуде. 

Ал өткен жылы өңірде әлемнің 94 елімен сыртқы сауда жөнінде байланыс жасалып, 41 мемлекетке тауар экспортталған. Сонымен қатар 93 елден тауарлар импортталған екен. Өткен жылы әлемдегі барлық елмен жасалған сыртқы сауда тауар айналымы 2585,3 миллион долларды құраса, оның ішінде экспорт – 345,2 миллион доллар, импорт – 2240,1 миллион доллар. Алдыңғы жылмен салыстырғанда сыртқы сауда айналымы 102,3 пайызға өскен.  Кедендік статистика мәліметтеріне сай ЕурАзЭҚ, Еуропа, ЕО-дан тыс елдер, Азия, Америка, Африкамен арадағы сыртқы сауда айналымы қазіргі кезде 1965,2 милион долларды құрайды. Оның 255,1 миллион доллары экспорт болса, қалған 1710,1 миллионы импорттың үлесінде. Ал облыстың Кедендік одақ елдермен арадағы сыртқы сауда айналымы – 620,1 миллион  доллар. Оның ішінде, экспорт – 90,1 миллион доллар, импорт – 530 миллион долларды құрайды.

А.Бейімбетқызы

Серіктес жаңалықтары