Ильхом Әлиевтен үлгі алсақ...

Ильхом Әлиевтен үлгі алсақ...

Ильхом Әлиевтен  үлгі алсақ...
ашық дереккөзі
296

Ақиық ақын Қасым Аманжоловтың «Бермесең, бермей-ақ қой, баспанаңды» деген өлең жолдары еске түскен сайын, көңілге өткен жылдар оралады. Жетпісінші жылдардың орта шенінде ҚазМУ-ді бітірген өрімдей жастарды республиканың түкпір-түкпіріне жолдамамен жіберіп жатқан сәттерде, жұбайымның аяғының ауырлығы әрі ЖОО-ның соңғы курсында оқитыны ескеріліп, тағдыр айдап ару Алматыға тұрақтап қалдық. Содан бері де 40 жылға жуық мерзім өтіпті. Соның бақандай 16 жылын жеке баспанасыз күн кештік. Үш баламен, пәтерден пәтерге көшіп жүріп, қиындық пен қызыққа толы күндерді де бастан өткердік. 

Сол кезеңде Мемтелерадиокомитеттің Алматы шаһарының өзінде ғана осы салада екі жарым мыңнан астам адам қызмет істейтін. Ал, оларға жыл сайын қалалық атқару комитеті тарапынан бөлінетін пәтер саны небәрі 1015 ғана еді. Соның өзіне де “тәуба” дейтінбіз!

Қазір уақыт өзгерді, заман да кезең де басқаша. Алайда, журналистер қауымының “Арқалағандары алтын болса да”, үйсіз жүрген “үндемес” “төртінші билік иелерін” көргенде, әріптестің аянышты халіне қабырғаң қайысып, жүрегің сыздайды. Себебі, республика аумағында 100 000-ға жуық журналист қауымы бар екен. Ал, соларға мемлекет не өздері қызмет атқарып жүрген сала басшылығы тарапынан жасалынып жатқан “әлеуметтік жағдай” қандай дегенде, аузың ашылмай, бармағың бүгілмей қалады. 

Жақында Астанаға барып, “Қазмедиа” орталығына бас сұғып, өткен жылдардағы әріптестерімен кездескен танысым айтқан бір әңгіме еріксіз қолға қалам алғызды. Оған себеп, орталықта республикадағы электронды БАҚ саласының ірі алпауыттары “Қазақстан ТРК”, “Хабар” АҚ және соларға қарасты телерадиоарналар орын тепкен. Техникалық жабдықтар түгелдей соңғы үлгідегі сандық технологиялар. Ал, осы жабдықтардың өздігінен жұмыс істемейтіндігі бесенеден белгілі. Оларға өз ісінің шебері, кәсіби мамандар керек. Әрі көпшілігі үй-күйлерін, отбасы мен немерелерін Алматыда қалдырып, өздері табыс табу үшін әрі сүйікті кәсібінен ажырмауды ойлап Астанаға барғандар. Қаралары да қомақты. Оның үстіне жыл сайын республика аумағындағы 30-дан астам ЖОО-ны бітіріп, үлкен өмірге жолдама алып жатқан 2000-дай жас маманды қосыңыз. Әрине, жұмысқа жаңа тұрғандар басшылықтан үй-жай мәселесі туралы әңгімені алыстан айналып өтеді. Ол түсінікті де. Алдымен, олар көрермен мен тыңдарманға өздерінің таланты мен білімін мойындатып, аяғынан нық тұрулары тиіс. Әйтпесе, әрең дегенде қолы жеткен жылы орнынан айырылып қалуы да кәдік емес. Ал әңгіме, ұзақ жылдар істеген ару Алматыда не соған жақын аудандарда үй-күйлері бар, кәнігі мамандар туралы. Олар, күндердің күнінде сыпайылап болса да, баспана мәселесін қозғайды ғой. Бірақ бұл мәселені шешу мүмкін емес екенін үй сұраған да, үй бере алмаған да біледі. 

Сонда қалай, жыл сайын мемлекеттік бюджеттен 45 миллиард теңгеден қаржы алатын, әрі оған қосымша жарнамадан түсетін қаражаты және өзге де табыс көздері бар мекеменің жылдық жоспарында қызметкерлерге тұрғын үй мен жатақхана тектес әлеуметтік жағдайдың қарастырылмағаны ма! Өз ісіне жаны ауыратын басшы қарамағындағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын ойласа болмас па! Кәсіби маман, өз ісінің білгірі бір күнде не бір жылда өсіп шықпайды, оған кем дегенде, ондаған жылдар керек. Кез келген кәсіп иесіне де қолжетімді тұрғын үй – қажет. Телеарна басшылығы да көрермен көңілінен шығатындай бағдарлама жасаймын десе, жыл сайын кем дегенде кәнігі мамандардың 1015-ін пәтермен қамтамасыз етсе, экран да шырайланып, қосшы да көңілденіп, жұмыс та жанданып, орта да толып, ұжымда жылы ахуал орнар еді.

Тәуелсіздік туын тіккелі де жиырма жылдан асты. Осы мерзім аралығында жұмыстан пәтер алдым деп, бөркін аспанға атып жатқан әріптестерді сирек көреміз. Ұлт пен өнер жанашыры Иманғали Тасмағамбетов кезінде Алматыда әкім болып тұрғанда Қазақ теледидарының 50 жылдық торқалы тойына арнап танымал әріптестерге үш пәтер бергенде, қуанышымызды жасыра алмағанымыз рас. Жақында “КТК” телеарнасының тілшісі, шәкіртім Нартай Аралбайұлы айтқан бір әңгіме есімнен кетер емес. “Заң” газетінде сұхбат бергенде әңгіме ауаны журналистердің әлеуметтік жағдайына ойысқанда, Нартай “Біреулер мемлекеттік бағдарламамен үй алып жатады. Оларға әкімдер салтанатты түрде пәтер кілтін табыстағаны жөнінде хабар дайындап, соны эфирден әдемілеп көрсетіп болып, өзің жалдамалы пәтеріңе қайтып келе жатып, кейде, тіпті, жылағың келіп кетеді. Бізге неге осындай жағдай жасалмайды деп күйінесің”, – деген-ді. Бұл, жалғыз Нартайдың ғана зары емес, осы кейіптегі Нартайлар жүздеп, мыңдап саналады. Әкімдердің бәрі Иманғалидай бола алмас, десек те жыл сайын журналистердің айтулы мерекесінде, топтан оза шауып, суырыла шыққандарға шоқ гүл мен конверт сыйлағанша, “Нұр Отан” не өзге де тиісті министрлік пен ұйымдар пәтер кілтін салтанатты жағдайда тапсырып жатса, қаламын қару еткен журналистің еңсесі биіктеп, қату қабағы ашылып, бетіне шуақ қонақтар еді. Өткен жылы Әзірбайжан президенті Ильхом Әлиев республика журналистерінің күніне орай, оларға мың жарым пәтердің кілтін табыстағанда, біздің талай журналистер қайғының күйігіне шарпылғанын неге жасырамыз. 

Сондықтан, аға буын журналистер, ісімізді жалғап, жолымызды кең айдынға бастап келе жатқан әріптестеріміздің бүгінгі әлеуметтік жағдайлары мемлекеттік деңгейдегі шенеуніктер мен БАҚ саласының басшылығына да ой салар деген үміттеміз. Журналистер қауымының да баспана және қызметтік салада “Мемлекеттік бағдарлама” және “Мемлекеттік қызметші” санатына қосылғылары әрі тұрмыс-тіршіліктерін жақсартқысы келетіндігі де ақиқат. Осы бір толғақты мәселе Сенат пен Парламент қабырғасында көтеріліп, баспасөз бетінде әңгіме өзегіне айналса да, кейін ол жабулы күйінде аяқсыз қалды. Осыны Парламент Мәжілісінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитеті қолға алып, ширатылған түйінді шешуге бастамашы болса дейсің! Үйсіз-күйсіз жүрген журналистен сапалы материал, салиқалы ой күту де – қиянат. Ол алдымен, қарадомалақ бала мен баспананың қамын ойлайды. Ал, жұмыс болса, екінші кезекте. Демек, БАҚ бетіндегі толғақты әрі толымды ой мен парасатты пайым кейінгі орынға ысырылып қалуға мәжбүр. Осыдан кейін, сан мыңдаған газетжорнал мен жүздеген электронды БАҚ-тағы өрнекті ой мен тегеурінді қимыл шаршаңқы кейіп пен сылбырлыққа орын босатады. 

Ақпарат әлемі – қай кезеңде де орасан зор ауқымды мәселелердің бел ортасында. Журналистердің әрбір қадамы, эфирден берген материалдары миллардтаған адамдардың көз алдында. Себебі, олардың істерінде ұсақ-түйек, үлкен-кіші деген мәселе болмайды. Әрбірінің эфирден сөйлеген сөзі, газет бетіндегі материалдары – көпшіліктің көкейінде жүрген отты ойлары мен жүректерін сыздатқан дертіне ем іздеген жандардың хабаршысы. Арпалысқа толы әрбір күннің жаңалығы жақсылықпен басталып, қуанышпен аяқталғанға, не жетсін!? 

Құдайберген ТҰРСЫН,                              

профессор, телезерттеуші

Серіктес жаңалықтары