Бюджет қаржысы қайда кетеді?

Бюджет қаржысы қайда кетеді?

Бюджет қаржысы қайда кетеді?
ашық дереккөзі
226

Білім саласын дамытуға қазынадан
биыл 1,5 триллион теңге бөлінді. Алайда үш ауысымда оқытатын және апатты
жағдайдағы білім ошақтары әлі жетіп артылады. Бұл  мәселені Елбасы Білім және ғылым министрін
қабылдау кезінде тілге тиек етті. 

Мемлекет басшысы жергілікті жерлерде ірі компаниялар демеуші ретінде
бөлетін қомақты қаржының ұқсатылмай жатқанына да тоқталды. Мектептері әбден
ескірген Шығыс Қазақстанда 1,5 млрд. теңге “Бокс сарайын” салуға
жұмсалған. Ал 48 апатты мектебі бар Оңтүстікте 500 миллион теңге “Салтанат
сарайы” құрылысына кетіпті. Тозып тұрған 25 мектебі бар Қызылордада 1
млрд. 300 миллион теңге “Мұз айдынын” соғуға бөлінген. Сондай-ақ,
Президент заманауи мектептермен қамтудың маңыздылығын ескерте келе, автономды университет
ұғымын “бөліп ал да, билей бермен” шатастырып жүрген ректорларды
жөнге салуды тапсырды.

«Автономды болу оқу бағдарламаларына, біліктілікті арттыру мәселелеріне,
білім сапасына, тәжірибелі оқытушы-профессорлық құрамды тартуға қатысты. Алайда
кейбіреулер автономдылықты жоғары оқу орнының дербестігі, ректорларының
өзгермейтіндігі, одан әрі жекешеленуі деп түсінуде. Сондықтан жоғары оқу
орындарының автономды болуының мақсаты, міндеттері және шарттарына қатысты
нақты бағдарды айқындап берген жөн. Апатты мектептер бар. Үш ауысымды мектептер
бар. Соларды шешудің орнына әр нәрсені жасайды. Қаржыны үнемдеп, сонда жіберу қажет», – деген
пікір айтылды
.


12 жылдыққа қашан көшеміз?


  Білім және
ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Парламентке
2015 жылдан бастап іске асырылатын 12 жылдық білім берудің стандартын
жасап әкелді. 1-сыныптан бастап «ағылшын тілін оқыту керек» дегені сол-ақ еді,
депутаттар өре түрегелді. Олар: «Ағылшын тілін 3-ші сыныптан
үйренсе де кеш емес», – дейді. Оның үстіне жаңа бағдарламада қазақ тілі 7 сағатқа
қысқарып қалған. Мәселен, Мәжіліс
депутаты Алдан Смайыл: «Бірде бір
әлемнің дамыған мемлекеттері бірінші сыныпта, екінші немесе үшінші сыныпта
 шетел тілдерін оқытпайды. Олардың бәрі ақымақ па сонда?» деген пікірін
жеткізді.

Ал Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев: «Жаңа стандарт оқушыларды өз бетінше ізденуге, қоғамда
еркін қарым-қатынас жасауға үйретеді. Бұл бағдарлама арқылы болашақта үш тілді
ұрпақ тәрбиелеп шығамыз», – десе, ұстаз қауымы өкілдері: «Бірінші сыныпта үш
тілді қатар меңгеру оқушылардың қабылдау мүмкіндігіне қайшы келеді. Үш тілді
әліппе оқушылардың сауатты ойлап, сөйлеуге үйретпейтіні анық» дегенді ашып
айтты.

Бұл аздай Білім министрлігі алты
жасар балаға информатика пәнін де үйретпек. Оңы мен солын танымайтын оқушы
кесте, диаграмма, слайдпен жұмыс істеуге тиіс. Ал, жеткіншекке жол сілтеуші
«Әліппе» оқулығы бағдарламадан мүлдем түсіп қалыпты. Жаңа стандарттың тағы бір
түсініксіз тұсы – кейбір пәндер бірігіп кеткен. Бұған дейінгі реформаларды сан
рет сынаған депутаттар бұл жолы да Білім министрлігін түк түсіне алмады.

Мәжілістің
вице-спикері Дариға Назарбаева: «Елімізде
қазір Американың, Англияның жүйесімен оқытатын мектептер бар. Солардың бірінде
менің қызым оқиды. Бірақ, осы күнге дейін пәндерді біріктіріп оқыту дегенді
естімеппін. Оның үстіне «жаңа стандарт батыс елдерінің үлгісі бойынша
жасалды»  дейсіздер. Ол қандай мемлекеттер екені түсініксіз?» деді. 

Реформа енгізуден еш жалықпайтын
министрлік 12 жылдық білім беруге
қатысты жаңа стандартты оқу бағдарламасына келесі жылдан бастап  енгізуді
жоспарлап қойған екен. Бірақ мына түрімізге қарағанда, 12 жылдық білім беру
жүйесі 3 жылға шегерілетін түрі бар.

Динара Дүрмән

Серіктес жаңалықтары