«ҚАЗАҚМЫСҚА» ҚАУІПСІЗДІК МАҢЫЗДЫ
«ҚАЗАҚМЫСҚА» ҚАУІПСІЗДІК МАҢЫЗДЫ
Нәпақа табу жолында жүрген кез келген азаматқа қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды. Ол үшін мекемелер тарапынан ғана емес, сондай-ақ, әрбір азамат өз денсаулығы мен өміріне асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс. «Қазақмыс» ұстанатын басты қағидалардың бірі – өндірістік қауіпсіздікке көңіл бөлу.
Кез келген өндіріс орнында қауіпсіздік ережелерін сақтау аса маңызды. «Қазақмыс» компаниясы Өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау күнін атап өтті. Басты мақсат – 2013 жылды қорытындылап, 2014 жылға жоспар бекіту және алдағы бес жылда басымдық беретін мәселелерді анықтау. Аталған шараға «Қазақмыс» Тобының Директорлар кеңесінің мүшелері, жоғары атқарушы лауазымдағылар, өндіріс нысандарының басшылары, кәсіпорындағы өндірістік қауіпсіздікке жауап беретін мамандар, кәсіподақ ұйымдары мен мердігерлік мекемелер өкілдері Өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау саласындағы саясат пен Өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы Ережені талқыға салды. Сонымен қатар компания қызметкерлері 2013-2014 жылдарға арналған Стратегияны қабылдады. Аталған құжат әлемдік тәжірибеде сыналған жаңалықты өндіріске енгізуге және мамандарды кәсіби тұрғыда дайындауға негізделген. Құжаттың маңыздылығы сол, өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін өзгертуге күш салады. Яғни, жұмыскерлердің өз өміріне, тағдырына жауапкершілікпен қарауын күшейтуге ықпал етеді. Осы мақсатта, былтыр 10 000 маман қауіпсіздікке қатысты арнайы сабақ алыпты.
Қызмет барысында өндірістік қауіпсіздікті басты назарда ұстайтын «Қазақмыс» компаниясы 2013 жылы осы салаға 40 миллион доллар көлемінде инвестиция салған. Соңғы төрт жылдан бері «Өмір» атты қауіпсіздік шаралары шоғырланған кешенді бағдарлама шеңберінде тәуелсіз кеңесшілермен тізе қоса еңбек етіп келе жатқан «Қазақмыс» өндірістегі тәуекел мен қатерді бәсеңдетуге қол жеткізді, сонымен қатар қайғылы жайттың санын азайтты. Қазір кәсіпорын бойынша Денсаулық сақтау және кәсіби қатерді басқару туралы бағдарлама жүзеге асырылуда. Бағдарлама денсаулық сақтау саласындағы профилактикалық және реабилитациялық шараларға бағытталған.
Шара барысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард Огай: «Біз тиімді өндірістің ең алдымен қауіпсіз өндіріс екеніне нық сенеміз. Біздің ұзақмерзімдік мақсатымыз –адам өліміне әкеп соғатын қайғылы жайтты түбірімен жою және осыған күн сайын күш салудамыз. Мақсатымызға қол жеткізу үшін «Қазақмыс» құрал-жабдықтарды, құрылғыларды жетілдіруге, жаңалауға және өндіріске енгізуге арналған бағдарламаны іске асырып жатыр. Бірақ бұл мәселеде жыл сайын қауіпсіздік шараларына бағытталатын миллиондаған инвестицияның аздық етері сөзсіз. Әріптестердің өз денсаулығы мен өміріне деген жауапкершілігін сезіну – жеңіске бастар жолдағы ең басты қағидалардың бірі», – деп мәлімдеді.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ