«ТОҒЫЗЫНШЫ ТЕРРИТОРИЯ» ТОЛҒАТЫП ЖАТЫР...

«ТОҒЫЗЫНШЫ ТЕРРИТОРИЯ» ТОЛҒАТЫП ЖАТЫР...

«ТОҒЫЗЫНШЫ ТЕРРИТОРИЯ»  ТОЛҒАТЫП ЖАТЫР...
ашық дереккөзі
228

Бүгінде әлем жұртшылығының беймаза күй кешіп отырған жайы бар. Халықаралық уағдаластық дегенің адыра қалып, амбициясы асқақ елдер өзімбілемдікке салып, басқа мемлекеттердің аумақтық тұтастығына қауіп төндіре бастады. Тіпті ядролық қарудан бас тарту арқылы берілген кепілдіктің де құны көк тиын екеніне Украинаның мысалы айқын дәлел бола алады. Әйтпесе, осы Украинаға: «Ядролық қарудан бас тартсаң, елдің басына қауіп төнген жағдайда қасыңнан табыламыз»,– деп, АҚШ, Ресей бастаған алпауыт мемлекеттер кепілдігін берген жоқ па еді?! 

Шығыс Еуропамен шекарасы шендесіп жатқан Украинадағы ахуалдың ТМД елдеріне үлкен әсері бар екендігі бұрыннан белгілі. Сондықтан да Киев төрінде қабылданған шешімдерге бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігіндегілер бей-жай қарай алмайды. Әсіресе, соңғы он жыл бедерінде Украинаның Брюссельге қарай бет бұра бастауы Мәскеудің көңілінен шықпағаны анық. Сол себепті Ресей «Киев-қалыңдықты» қолдан келгенінше «қарт Еуропаға» ұзатпауға кедергі жасап, жанталасып-ақ бақты.

«Украинадан кейін Ресейдің саяси элитасы қандай шешімге келетінін білмеймін. Мәселеге терең үңілсе, ТМД мемлекеттерінің барлығымен тең қатынас ұстауы тиіс. «Таз ашуын тырнадан алады» демекші, егер Ресей «Украинадан айрылдық, қалғанын қамтып қалайық» десе, бізді үлкен сынақтар күтіп тұр». Алтынбек Сәрсенбайұлы кезінде осылайша тұжырым жасаған еді. Бұл – осыдан сегіз жыл бұрын Украинадағы президенттік сайлаудан кейін айтылған сөз. Сегіз жыл бұрын. Сарабдал, семсер жүзді саясаткердің болжамы ақиқатқа айнала бастаған тәрізді. Әйтеуір, Ресей мемлекеті соңғы кезде айналасындағылардың апшысын қуырып әлек. «Тырна» кейпі біздің басымызға төнбесе болғаны да… 

«Мысқалдап кіріп, батпандап шығатын» ахуалды бастан өткізгенбіз сан мәрте. «Өз еркімізбен қосылып», ат құйрығын кесісе алмай қаншама ғасыр бойы тепкіде жүрдік. Задында, тәңір жарылқаған жұрт едік, көппен бірге іргемізді ажыратуға мүмкіндік алдық-ау ширек ғасырдан кейін. Әйтсе де, ендігі жерде экономикалық одақтың аясында тізгінімізден қайта айрылып қалмаймыз ба деген қауіп те жоқ емес. Ортақ валюта, ортақ шекара, ортақ әскер болса, өзіміздің байлығымыз да ортақ қазанға түспей ме? Ортақ қазаннан қай елдің шөмішіне несібе көбірек ілінеді? Экономикалық одақтың ақыры тәуелділікке апарып соқтырмай ма?

Айтпақшы, өткен мен бүгінгінің өзара байланысын бекер саралап отырған жоқпыз. Бұрынғы ел тізгінін ұстаған бабаларымыз бодандықтың құрсауына қалай түсіп қалғандарын өздері де аңдамай қалған. Сол себепті өткен кезеңдегі қиыс басқан қадамдарды таразылай отырып, «жеті өлшеп, бір кесетін», «жүз ойланып, мың толғанып» барып шешім қабылдайтын мәселе – осы Еуразиялық Одақ мәселесі. Керек десеңіз, бұл халықтың талқысына салатын, ара-жігі референдум арқылы анықталатын күрделі мәселе. Өткен тарихтың ащы сабақтары осыған үндейді!

Мемлекет басқару ісін ешкім де жеңіл деп айта алмайды. Тарих қатпарына көз салсақ, ел басқарғандардың ішінен ердің ері ғана тарих сахнасында абыройлы болғандығын әйгілейді. Ұлтын ұятқа қалдырып, халықтың наласын арқалап, жеке амбицияның жетегінде кеткендері қаншама?

«Қай заманда да болсын, ел басқару, мемлекет басқару ешкімге де оңайға түскен емес. «Абылайдың жолын ұстанып», соның саясатын басшылыққа алып отырмын деуге аузым бармайды. Әруағынан қорқамын. Әрі десе, Абылай заманы бір басқа, қазіргі заман бір басқа. Абылайдың тұсында Қазақстан жерінде 10 миллион өзге ұлттардың өкілдері отырған жоқ еді. Рас, жан-жағынан, қос өкпеден қысып тұрған империя­лар бар еді. Солармен тіл табысып, қиыннан қиыстырып, қияннан жол табу Абылайдай айбындының ғана қолынан келеді. Біз сияқты отты заманда тұрған ұрпағын рухы қолдай жүрсін.

Ал Әбілқайыр… Жоқ, мен Әбілқайыр емеспін!» («Егемен Қазақстан», 14 ақпан 1992 жыл).

«Мен Әбілқайыр емеспін!» дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бірақ, Әбілқайырдың да әу басындағы ой-ниеті дұрыс-тұғын. Тарихшылардың айтуынша, тіпті Ресей империясымен тең дәрежеде одақтасу, бір-біріне қолдау көрсету деңгейінде келіссөздер жүргізіпті. Құдды біздің қазіргі Кедендік одақ іспетті, орыс еліне жол тартқан сауда керуендерінің Қазақ даласы арқылы тоналмай жетуіне кепілдік беретіндігін де жеткізіпті. 

Әбілқайыр қазақ хандары мен сұлтандарының алауыздығы артып, сыртқы қауіп күшейген шақта Ресей империясына арқа сүйеуді ойлаған. Ханның Сейітқұл Құндағұлов пен Құтлымбет Көштаев бастаған елшілігі Петербургке барып (1730), Ресей сыртқы істер министрлігі коллегиясының М.Тевкелев бастаған елшілігі қазақ даласына келген (1731). Елшілік қазақ ұлысын Ресейдің қарамағына алу туралы келіссөз жүргізген. Әбілқайыр 1731 қазанда Ресей империясының қарамағына кіргендігі жөнінде ант береді (Бұл антты 1738, 1740, 1742 жылдары қайталайды). Ант беру арқылы ол Ресеймен тату тұруды, оның қарамағына өткен башқұрт пен Еділ қалмақтарының қазақ қоныстарына шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғар қалмақтарының қол астында қалған қазақ жері мен қалаларын қайтарып алуды, империя әкімшілігіне сүйеніп, қазақ арасындағы беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп өзі билеуді, хандықты мұрагерлік жолмен қалдыруды көздейді… 

Алайда, Әбілқайыр қалай бодан болғанын байқамай қалған… Өйткені, Ресейдің қитұрқы саясаты тым тереңде жатқан-ды. Империя қазақ жерін бүтіндей отарлауды ойлады. Осы сұрқия саясатты кеш түсінген Әбілқайыр Петербург сарайы мен оның Орынбор әкімшілігінің әрекетіне қарсы ештеңе істей алмай, дәрменсіз күй кешті. Ханның өз ұлы Қожахметті аманаттан қайтарып алудағы Ресей әкімдерімен тартысы, патшайымдар Анна Иоановнаның, кейіннен Елизавета Петровнаның талаптарына мойынсұнбауы, ел тәуелсіздігін сақтау бағытындағы шаралары отаршылдықтың барлық көріністеріне қарсылығын байқатады. Бірақ, бұл қарсылықтың барлығы қақпанға түскен арланның соңғы арпалысы сияқты қарекет еді… 

Нұрсұлтан Әбішұлының «Мен Әбілқайыр емеспін!» дегені көңілге сенім ұялатады. Өйтпегенде ше, өткеннен сабақ алуымыз керек қой. Билік айтқан тұлғаның байламы тұтас елдің кейінгі тағдырына үлкен әсер етеді емес пе?! Сол себепті де мемлекет алдына «Мәңгілік ел» туралы асқаралы амбиция қойған Елбасы ендігі жерде алаштың еркіндігін орыстың қазығына байлап береді дейсіз бе! 

Біз Еуразиялық одақ туралы мәселені қозғағанда жұртшылық көкейіндегі күмән-күдік сейілсе екен деген ниетпен айтып отырмыз. Әйтпесе, биліктегілер туған жұртының тағдырына жаны ашымайды деп күнәһар болмай-ақ қоялық. Оның ішінде Мемлекет басшысы халқының қамын басқалардан көбірек ойлайды емес пе?! «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп бұрынғылар бекер айтқан дейсіз бе. Біздікі, өткен кезеңдерде «осындай болған екен, сол трагедиялық жағдай қара басымызға қайта туып жүрмесін» деген миымыздың бір шетінен қылаң берген толғақ күдік қой. Осы толғақ ой біздің ғана емес, қазір қалың бұқараның да жанын жегідей жеп, мазалап жүргені анық. Оның үстіне Қырым мәселесі Қазақ елінің тұтастығы мен тәуелсіздігі төңірегіндегі күмәнді ойды одан сайын қоздатып жіберді. Қысқасы, бүгінде «тоғызыншы территория» тұтастай дерлік толғатып жатыр. Біз осы «территорияның» бір тұрғыны ретінде өз пікірімізді ортаға салғанды жөн көрдік. Биліктегілер «бізге сенбегендей мұнысы несі?» деп шала бүлінбес. Біздікі – бір сәт біздің «датымызға» да құлақ түрсе екен деген ниет. Басқалай айтқанда, Қадыр ақынның «дегеніне» қосыламыз.

Гүлге де бөлер келешек ұрпақ құмайтты

Замана бірақ біздерді бұрын мұңайтты.

Президенттің жүгі қашан да ауыр – білеміз,

Перзенттік парыз одан жеңіл деп кім айтты?!

Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекет басқару оңай шаруа емес. Бірақ та, перзенттік парыздың да орны бөлек емес пе?! Президенттен бастап әрбір қарапайым қазақ осы парызды өз деңгейінде түсіне білсе, алаш баласын ұлттық қауіпсіздік төңірегінде ауыр ойлар осыншалықты мазаламас па еді.

Ал Еуразиялық одақты таза экономикалық тұрғыдан қарастырған күннің өзінде де оның бізге берер пайдасы шамалы екендігі тайға таңба басқандай көрінеді. Қазақстанның КО елдеріне экспорт көлемі 2011 жылы – 7,1млрд., 2012 жылы – 6,2 млрд., 2013 жылы 5,8 миллиард доллар шамасында болып, жыл өткен сайын құлдырай түскен. Керісінше Кедендік одақ елдерінен Қазақстанға импорт көлемі артқан: 2011 жылы – 15,9 млрд. 2012 жылы – 17,6 млрд., 2013 жылы 18,3 миллиард долларға өскен. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттықтағы пайда да соңғысының үлесіне тиеді. Ресей тауарларының экспорты: 2011 жылы – 16 млрд., 2012 жылы – 17 млрд., 2013 жылы 18 миллиард долларды құрайды. Ал Қазақстанның Ресейге экспорт көлемі құлдырап келеді: 2011 жылы – 6,9 млрд., 2012 жылы – 6,1 млрд., 2013 жылы – 5,8 миллиард доллар. Ендеше, елімізге пайдасы жоқ одаққа не үшін ұмтыламыз?

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ басқарушы директоры Ғазиза Шаханованың сауда саласындағы алыс-беріс туралы деректері осыған саяды. Білікті маманның Еуразия Экономикалық Одағы төңірегіндегі пікірі де назар аударарлық:

«Учитывая форсирование в обществе со стороны политических кругов, идеи о создании Евразийского Экономического Союза, по моему убеждению, нужно приостановить. Таможенный союз показывает то, что сейчас Казахстану стало труднее торговать с Россией и Белоруссией, нежели это было до создания Таможенного союза. Это парадокс, но этот парадокс нужно изучать. А не сломя голову, стремиться в новое объединение, на которые нас накладывают новые обязательства.» Сыртқы экономикалық байланыстардың ұңғыл-шұңғылын терең білетін экономистің өзі осылай деп отырса, біз басқа не айта аламыз? 

«Мың өліп, мың тірілген қазақтың» шежіресі оған ендігі жерде «мың бірінші мәрте өлуге» мүмкіндік бермейді. Тарихтың ащы сабағы осыған мәжбүрлейді. Кезекті «өлімге» бет бұрған күннің өзінде «мың бірінші рет тірілуіне» ешқандай кепілдік жоқ» деп жазған болатынбыз «Соңғы мүмкіндік» атты мақаламызда («Нұр Астана» апталығы, 2005 жыл). Ендеше, Қазақ елінің арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек, Еуразиялық одаққа кіру мәселесі де атүсті қабылдай салатын шешім емес екендігі айқын аңғарылады.

Ғабит МҮСІРЕП,

«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары