Қазақтың қайсар жігіті

Қазақтың қайсар жігіті

Қазақтың қайсар жігіті
ашық дереккөзі
814
Серік Жұмағалиұлы Сәпиев 1983 жылдың 16 қараша күні Қарағанды облысы Абай қаласында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, «Парасат» орденінің (2008 жыл), «Отан» орденінің иегері (2012). Спорт бойынша ЮНЕСКО чемпионы атанған әлемдегі 13-ші спортшы. Қазақстандық ең танымал боксшылардың бірі. Олимпиада ойындарының чемпионы (2012), Баркер кубогының иегері (2012), әлемнің екі дүркін чемпионы (2005, 2007), күміс (2011) және қола (2009) медальдардың иегері. Алғашқы қадам 1983 жылдың қараша айының ортасында Қарағандының іргесіндегі Абай қаласының тұрғыны Жұмағали ағамыздың үйінде  үлкен қуаныш болды. Дәл сол күні Сәпиевтер шаңырағында шекесі торсықтай ұл бала дүние есігін ашты.  Жұмағали ағамыздың қуанышында шек жоқ.  Салт-дәстүріміз бойынша, сәбиге есім таңдауда біраз талас туындағаны бар, әркім өзіне ұнаған есімді ұсынады. Алайда, Жұмағали аға ұлына Серік деп ат қояды. Алла тағала келешекте  ұлының Серік Қонақбаев сияқты шаршы алаңда атой салатынын сездірген болар, кім білсін?! Оның үстіне ағасы Бақытай Сәпиевтің де  еліміздегі талантты боксшылардың бірі болғанын спорт сүйер қауым жақсы біледі. 70-жылдары шаршы алаңның шаңын қаққан Бақытай Сәпиев жастар арасында КСРО чемпионы, ересектер арасында КСРО чемпионатының екі дүркін жүлдегері, социалистік елдер арасында өтетін «Достық» ойындарының жеңімпазы атанды. 1972-1976 жылдар аралығында Одақ құрамасының сапында болып, тоғыз бірдей халықаралық турнирде топ жарды. Сәпиевтер отбасының спортқа ерекше құштарлығы да осында болса керек. Абай ауылындағы мектеп қабырғасында бокс үйірмесі бар еді. Жылдар өтіп, Серік мектеп табалдырығын аттайды, бастауыш сыныпты ойдағыдай аяқтап,  кезекті демалысқа шығады. Сол уақытта Жұмағали аға Серікті бокс үйірмесіне апаруды жөн санайды. Сөйтіп, Серікті білікті бапкер Александр Стрельниковке табыстайды.  «Серік менің алдыма келгенде 11 жаста еді. Өзі нәзіктеу, тұйық болатын. Бірақ көзіне қарап-ақ тегін бала еместігін аңғардым. Жанарында бір ұшқын бар. Уақыт оза байқасам, өнері аздап ағасына келіңкірейді. Бақытай да техникалық арсеналы өте бай, жылдам боксшы болатын. Сондай қасиеттер Серіктің де бойынан табылды. Сол кезде мен бұл жігіттің шабысы ширақ болатынын байқадым», – дейді бапкері Александр Стрельников. Бір жылдай Стрельников бапкерден тәлім алған Серікті әкесі Қарағандыдағы Ә.Молдағұлова атындағы дарынды балаларға арналған спорт интернатына әкеледі. Серік  білікті бапкер Сайын Аратаевтың  тәрбие мектебіне жазылады. Интернат қабырғасында жүріп, Серік біраз шыңдалады, көптеген айла-тәсілдерді игерді. Кейінірек, өзін алғаш баптаған бапкері Александр Стрельниковке қайтып келді.
Жеңіспен басталған жол
 
Шеберлігі шыңдалып, сенімді де, сергек қимылдайтын деңгейге жеткен сайыпқыранымыздың шаршы алаңдағы кездесулері де сәтті басталды. Осыдан дәл 10 жыл бұрын, яғни  2004 жылы қарағандылық боксшы әскерилер арасында әлем чемпионы атанып, өзінің алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді. Сол жылы Серік 60 келі салмақ дәрежесі бойынша Қазақстан чемпионы атанды. Жеңісті жолмен басталған жарыс  талантты боксшыны қанаттандырып,  жігеріне жігер қосты. 2005 жылы Серік Сәпиевтің жұлдызы жарқырай жанды. Ол 64 келі салмаққа ауысып, Қытайдың Миньян қаласында өткен әлем чемпионатында ел намысын қорғады. Сол жылы Сәпиев әлем кубогы бәсекесінде  жанкүйерлерді теңдессіз өнерімен тамсандырды. Әлем чемпионатының алтын алқасы да қазақ баласының кеудесінде жарқырады. Алматыда өткен оқу жаттығу жиынында Сәпиев сол қолынан жарақат алған. Алайда жарақаты жайында бапкерінен басқа ешкімге тіс жарған жоқ. Себебі, бақталастары немесе дәрігерлер біліп қойса, жарысқа қатысуға рұқсат бермейтін еді. Мұның бәрі Серіктің ерекше намысқойлығын білдірсе керек.  Ал  әлем чемпионатында қазақтың намысын қорғау – Серіктің басты арманы болатын. Жарақаты жанына батса да, Сәпиевтің сағы сынбады. Айтулы жарыста словакиялық спортшы  Тибор Главацкиді (37:13), америкалық Карл Даганды (37:26), украиналық Николай Семенягуды (27:15), әзірбайжандық Эмиль Магеррамовты (41:23) және өзбек спортшысы Ділшот Махмутовты (40:21) жеңіп, алтыннан алқа тақты. Ал  2006 жылы Дохада жалауын көтерген Азия ойындарында қолаға қол созса, 2010 жылғы Гуанджоу қаласында ұйымдастырылған Азия ойындарының алтын алқасын уысына түсірді.
Олимпиадаға жол ашқан алтын
Араға екі жыл салып, яғни 2007 жылғы Әлем чемпионатында да  Серіктің жұлдызы ерекше жанды. Алғашқы кездесуде Милан Пипескиді 26:6 есебімен ұтты. Одан кейінгі үш айқасты мерзімінен бұрын аяқтады. Никарагуалық Мендоза Мендес, канадалық Кевин Бизер, ирандық Мұртаз Сепахванд, жапондық Масатусид Каваши қандасымызға еш қарсылық көрсете алған жоқ. Серік оларды арбап та, алдап та ұрып, айласын асыра білді. Ал, финалда Геннадий Ковалевты 20:5 есебімен еркін еңсерді. Талай дүбірлі додаларда алдыңғы қатарда жүрген,  өзге мемлекеттердің сайыпқырандарымен санаса бермейтін ресейлік мамандар қазақ ұланының өнеріне құштарлана қол соғып, таңдай қағысты.  Олардың: «Бұл бәсекеде Генадий өзінің талассыз жеңілгенін мойындауға тиіс. Ол қазақ жігітінің тау қопарарлық қарқынына қарсы еш тосқауыл қоя алмады. Серік Сәпиев Олимпиадаға дәл осындай бабында келсе, бас жүлдеден басты үміткер болатыны даусыз», – деген пікірі көп нәрсені аңғартса керек. Сөйтіп, мұхиттың ар жағындағы АҚШ елінде алтын медальді жеңіп алған Серіктің есімі спорт шежіресінде екі мәрте әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ бокс­шысы ретінде тіркелді. Қазақтың қайсар ұлы Чикаго төрінен үлкен олжамен еліне оралды. Дәл осы жылы Ұланбатырда және 2009 жылы Қытайдың Джухай қаласында өткен Азия чемпионаттарында да Серіктің бағы жанды. Алтыннан алқа тағынды. Олжа салмаған Олимпиада АҚШ-елінен оралған соң саңлағымызды спорттағы ең ірі дода – Олимпиада ойындары күтіп тұр еді. Әрбір спортшының бас­ты арманы төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарына қатысып, Олимп шыңын бағындыру. Міне, біздің тарланбозымыздың да бас­ты арманы осы. Әлем чемпионы атағын еш кедергісіз жеңіп алған жеңімпаз Бейжің Олимпиадасына аттанды.  Қазақстанның қоржынына алтын медаль салады  деген үкілі үміттеріміздің бірі де бірегейі осы Серік еді. Ел үмітін арқалап аттанған боксшыларымыз шетінен елге ерте орала бастады. Кейбіреулерінің бабы келіспесе, бәзбіреулері қолдан жасалған қиянаттың құрбаны болды. Міне, сол кесірдің бірі Серіктің де жолын байлады. Сәпиевтің Олимпиада ойындарында жолы болмады. Нақтысы болдырмады. Әлем чемпионатында топ жарған Серік 1/16 кезеңіне қатыспай, шаршы алаңда өнер көрсетуін бірден 1/8 бастады. Алғашқы қарсыласы венесуэлалық Джонни Санчесті 22:3 есебімен тізе бүктірді. Келесі кезеңдегі  жекпе-жекті  2004 жылғы Афина Олимпиадасының жеңімпазы, таиландтық Манус Бунджумнонгпен  өткізді. Қарсыластарына әдетте жеңісті оңайшылықпен бермейтін Серік Сәпиев Манус Бунджумнонгтан айласын асыра алмады. Таиландық спортшы 7:5 есебімен жеңіске жетіп, әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиевтің жүлдеге барар жолын кесті.
Алтынға бергісіз қола
Италия. Милан. 2009 жыл. Әуесқой бокстан әлем чемпионаты. Италияның Милан қаласында өткен әлем чемпионатында Серік Сәпиев жартылай финалға дейін шашасына шаң жұқтырмады, қарсыластарын еркін еңсерді. Габондық Уго Миеникуені, әзірбайжандық Емил Махаррамовты айқын басымдықпен тізе бүктірді. Серіктің 1/8 финалда украиндық Тарас Шелестюкке қарсы өткізген ойыны біраз қиындық туғызды. Бірінші раундта сауатты қарсы шабуылдаған Тарас Шелестюк 2:5 есебімен жеңеді, алайда қалған раундтарда Серік қарқынын үдете түсіп, Тарас Шелестюкті жойқын соққылардың астына алды. Сөйтіп, Серік екінші раундты 9:4 есебімен, ал үшінші раундты 5:4 есебімен жеңді. Келесі қарсыласы қырғыз елінің өкілі Абадулла Баймұратовтың секунданты екінші раундта-ақ ойыннан бас тартты. Алайда, жерлесіміз жартылай финалда ресейлік Андрей Замковойдан 10:16 есебімен жеңіліп қалды. Көп соққылар жіберіп алған Серік бірінші раундта 2:8 есебімен жеңілді. Екінші раундта Серік өзінің ойын өрнегін тапқандай болып еді. Сауатты шабуылдап, сауатты қорғана білген Серік екінші раундты 5:3 есебімен  жеңгенімен, шешуші раундта 3:5 есебімен жеңісті қолдан жіберіп алды. «Мен қатты жеңіске жеткім келді, кей тұстары асығыстық таныттым, оңай соққыларды көп жіберіп алдым. Әдетте, бір-екі соққы жіберіп алсам, келесі жолы сол соққылардан қалай қорғану керек екендігін тез ұғатынмын. Бұл чемпионатта, өкінішке қарай, бұлай болған жоқ. Бейне бір гипнозда жүргендей болдым», – дейді Серік әлем чемпионатынан кейін баспасөзге берген сұхбаттарында.  Бәзбіреулер жеңілістен соң түрлі сылтау айтатынын білесіздер. Алайда, Серік қазаққа тән қасиеті арқылы өз жеңілісін мойындай білді. Ал Бакуде өткен Әуесқой бокстан әлем чемпионатының финалында украиндық Тарас Шелестюкке ғана есе жіберіп, күміс медальді қанағат тұтты.
Олимп шыңын бағындыру
 
«2008 жылы Бейжіңде өткен олимпиада да жанкүйерлердің бәрі менің алтын алатыныма сенді. Бірақ таиландтық Манус Бунжумнонгтан ұтылғанымды жақсы білесіздер. Күтпеген жеңіліс болды. Сол жеңілістен кейін көпке дейін өз-өзіме келе алмадым. Одан кейін Миланда өткен әлем чемпионатындағы жеңілісім де қатты соққы болды. Италияға алтын аламын деп барып, қоланы қанағат тұттым. Былтыр Бакуде өткен әлем біріншілігінде алтынға жақын қалғанда жеңілдім. Міне, осы жеңілістердің жарасын жазар кез келгендей. Лондон шаршы алаңында барымды саламын, жеңіс үшін барамын».  Бұл Серіктің Лондонға  – Олимпиадаға  аттанар алдында әуежайда айтқан сөзі еді. Жаттығу залына Серікті іздеп барғанымда Алматыға өз шәкірттерін бастап әкелген Үндістан құрамасының  бас бапкері Гурбакшсингх Санду мырзамен кездесіп қалғаным бар. Журналистік әдет бойынша үндістандық бапкерден біздің Серік жайлы пікірін сұрағанымда, «Серік Сәпиевтің жекпе-жектерін Гуанчжоудағы Азия ойындарында, Баку мен Миландағы әлем чемпионатында көрдім. Техникасы өте мықты. Азияда бұл боксшыға қарсылас жоқ. Біздің боксшылардың да бұл спортшыдан үйренері көп. Менің ойымша, биылғы Лондон олимпиадасында сіздердің боксшыларыңыз алтын алуы тиіс. Оған күші де, техникасы да жетеді», – деген еді Гурбакшсингх Санду. Бакуде өткен Бокстан әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған Серік Сәпиев Лондон олимпиадасына жолдама алады. AIBA рейтингісінде өз салмақ дәрежесінде жоғары орында тұруына байланыс­ты Серік Олимпиада ойындарын 1 айналымнан емес, 2-айналымнан бас­тады. Жапондық Ясухиро Сузукиді 25:11 есебімен оңай жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Ширек финалда вэнесуелалық Габриэль Маэстре Перезпен кездесу аса қиынға соққан жоқ, қарсыласын 20:9 есебімен ойсырата ұтты. Жартылай финалда Серік Миланда өткен әлем чемпионатында жеңіліп қалған ресейлік Андрей Замковоймен кездескен еді. Миландағы жеңілісінің есесін алған қазақ оғланы Замковойды жойқын соққының астына алып, өзінің күшін дәлелдеп берді. Финал. Бәріміз де дәл осы сәтте демімізді ішке алып, қатты қобалжығанымыз рас. Себеп те жоқ емес, қарсыласы алаң иесі. Өз жерінде тұрып, өз шаршы алаңында жүріп, алтынды оңайлықпен бермесі анық. Дегенмен, сайыпқыран Серік шаршы алаң иесі Фредди Эвансті 17:9 есебімен тізе бүктірді. Серік бұл жеңіске қол жеткізу үшін 17 жыл аянбай тер төкті. Қазақ боксының ғана емес, әлем боксының жарық жұлдызына айналды. АИБА-ның шешімімен Серік Сәпиев Олимпиаданың ең үздік боксшысы атанып, Баркер кубогын қанжығасына байлады. Ел үмітін ақтады. Жоғарыда үндістандық бас бапкер Серікке Азия елінде ешкім тең келмес десе, Серік күллі әлемде өз салмағында тең келер қарсылас жоқ екенін дәлелдеп берді.
Серік – ЮНЕСКО Чемпионы
Бұл құрметті атаққа ең алғаш «Формула-1» чемпионы неміс Михаэль Шумахер, 1994 жылдан бергі ізгі ниет елшісі Эдсон Арантис ду Насименту –  атақты Пеле, әлемдік додалардың және Олимпиадалардың чемпионы, француз дзюдошысы Давид Дуйе, сырықпен секіруден әлемдік рекорд орнатқан Украина спортшысы Сергей Бубка, аты аңызға айналған хоккейші, екі дүркін олимпиада чемпионы Вячеслав Фетисов, ауыр салмақтағы әлем чемпиондары, ағалы-інілі боксшылар Виталий және Владимир Кличко, WTA теннисшісі, «Үлкен Дулығаның» жеті рет жеңімпазы, олимпиада чемпионы Жюстин Энен, екі дүркін олимпиада чемпионы, литвалық жеңіл атлет Виргилиус Алекна, белгілі ямайкалық жеңіл атлет, Олимпиаданың үш дүркін чемпионы Вероника Кэмпбелл-Браун, моңғол сумо балуаны Хакухо Сё, жағажай волейболынан олимпиада чемпионы бразилиялық Жаклин Сильва, белгілі уругвайлық футболшы және жаттықтырушы Оскар Табарес сынды спортшылар қол жеткізген. Бұл қатарды Серік Сәпиев толықтырып отыр. Біз мұны қазақ елін әлемге әйгілеп, Олимп шыңын бағындырып, көк туымызды сан мәрте желбіреткен алаштың бір туар  ұлына берілген құрметті атақ деп білеміз. Бақтияр ҚАБАСОВ

Серіктес жаңалықтары