672
ЖАЛЫНДАҒАН ҒҰМЫР, ЖАРҚЫЛДАҒАН ЖЫРЛАР
ЖАЛЫНДАҒАН ҒҰМЫР, ЖАРҚЫЛДАҒАН ЖЫРЛАР
Үш жыл болды, жігіттер,
Отырғалы тұтқында.
Ұшты талай үміттер
Жолдас болған тұтқынға.
Үш жыл болды, ағайын,
Жай болғалы абақты.
Сыннан өттің талайың,
Талайың бердің сабақты.
Үш жыл болды, достарым,
Отырғалы түрмеде.
Азап шекті жас жаным,
Керек дейсің кімге де?!
Үш жыл болды, жан жарым,
Көрмегелі жүзіңді.
Мүмкін сен де шаршадың,
Үмітің де үзілді?!
Алда әлі – жиырма екі,
Көз жетпейді шетіне.
Болар бірақ бір реті,
Бекіне түс, бекіне! – деп, өзіне өзі қайрат берген қайраткер, ұлтының азаттығы мен тәуелсіздігі жолында басын тәуекелге тіккен, қыршын ғұмыры қызыл империяның азапты абақтыларында өткен ақын Бүркіт Ысқақовтың есімі көзі қарақты оқырман қауымға белгілі болса керек. Ақын – Арқа топырағының тумасы: 1924 жылғы 4 қарашада қазіргі Нұра ауданының Көкмөлдір деген жерінде кіндік қаны тамыпты. Ақын қозы-лақ қуалап, табанына қараған кірген, балтырын қияқ кескен балғын шағы өткен атажұртқа деген іңкәрлігін:
Жағасында Нұраның
Жер бар,
Аты – Көкмөлдір.
Болғанмен бірі жыраның,
Суы қандай мөп-мөлдір!
Бойы – бітік бетеге,
Жасыл құрақ – жағасы.
Төскейі – гүл текемет,
Балдан тәтті – ауасы.
Халық сүйген қарт Қайып,
Осы жерде туыпты.
Ақын Сәкен жантайып,
Суына бет жуыпты.
Атам соны қоныс қып,
Мен де сонда туыппын.
Сонан маған ол ыстық,
Сондықтан, ол – сүйіктім!
– деген жыр шумақтарымен береді.
Нұра бойының құнарлы жағалауын, сулы-нулы өңірлерді қазақтардан тартып алған орыс отаршыларының озбырлығы көз алдында тұрған, халқының ауыр жағдайына тумысынан қанық бозбала Бүркіт ойранды отызыншы жылдардың дабыры басылмай жатып-ақ ұлттық сананы серпілту, азаттық аңсаған Алаш арыстарының ұлы мұраттарын насихаттау жолын таңдайды. Талапты жас кеше ғана қуғын-сүргін құрбаны болып, атылып, айдалып кеткен Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сәкен, Әлімхан сынды асылдардың ұшқынын зердесіне тұтып қалып еді. Сондықтан, Қарағанды оқытушылар институтының тіл-әдебиет факультетінде оқып жүрген кезінде-ақ халқының тағдырына немқұрайды қарамайтын дос-жар қауымның, ниеттес студенттердің басын қосып, «Елін сүйген ерлер партиясы» /ЕСЕП/ деген атаумен саяси ұйым құрады. Осынау бастаманың басы-қасында болған досы, ниеттес, пікірлес серігі, қарт ұстаз, қаламгер Махмет Темірұлы:
«Елімізді коммунист партиясы емес, Алаш партиясы билесе, қазақ халқы ешқандай күйзеліске ұшырамаған болар еді. Қазақтар аштықтан жаппай қырылып жатқанда компартия ешқандай назар аудармай, «Біздің елде бәрі де бар, бәрі де тамаша» деп жүре берді. Қазақтар біржола құрып кетсе де қиналып, қайғыратын түрі болмады.
Келешекте елін шексіз сүйетін, тек қана халықтың қамын ойлайтын, халық үшін жан аямай қызмет ететін партия керек. Ендеше, ондай партияны өзіміз құрып алуымыз керек дестік. Ондай партияны қалай атауымыз керек деген ой көп толғандырды. Әуелі «Жас Алаш» деп атамақ болдық. Мұны қойып, «Жас қазақ» демек болдық. Ақыры «Елін сүйген ерлер партиясы» /ЕСЕП/ деп атадық.
– Өзінің аты көрсетіп тұрғандай-ақ, біздің партия, біздің ұйым нағыз халыққа қызмет ететін партия болмай ма? – деді Бүркіт маған күлімдеп қарап», – деп жазады «Азаттық аңсап азап шеккендер» /Алматы, «Арыс», 2013 ж., 13-14 беттер/ атты естелік кітабында. Бұл Бүркіт Ысқақовтың:
Уа, Азия, ұлысың!
Ұлылығың құрысын.
Құрысын демей не дейін,
Еуропаның құлысың!
– деп, от шайнап, аузынан жалын бүркіп тұрған жастық шағы еді. Алғашқы курста оқып жүрген шағынан бастап оғаш ой, оқшау жүріс-тұрысымен көзге түскен, ұлт мүддесін бәрінен де жоғары қойған студент жасы кәмелетке толған шақта бірден әскер қатарына шақырылып, майдан даласынан бір-ақ шығады. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен өледі» дейді халық даналығы. Фашистік һәм коммунистік державалар арасындағы қанды қырқыстан 1946 жылы аман-есен оралған ол аз ғана ай халық ақыны Доскей Әлімбаевтың әдеби хатшысы міндетін атқарыпты. Сол жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетіне түсіп, оны тәмамдағаннан кейін «Советтік Қарағанды» /қазіргі «Орталық Қазақстан»/ газетінде әдеби қызметкер, республикалық «Пионер», «Білім және еңбек» журналдарында бөлім меңгерушісі, «Лениншіл жас» /қазіргі «Жас алаш»/ газетінде жауапты хатшы болып, қазақ журналистикасының өсіп-өркендеуіне үлес қосады. Елуінші жылдардың басында тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «ХІХ ғасырдың 20 – 40 жылдарындағы Қазақстан» монографиясы жарияланған соң, «Правда» газетінде Шойынбаев, Айдарова және Якуниннің осы еңбекті мансұқ еткен «Қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деген мақаласы басылып, қазақ зиялыларының жаңа толқынын саяси сүзгіден өткізу науқаны қайта басталғанда бұрынғы-соңғы ұлтшылдық көзқарастары мен пікірлері үшін тұтқындалған Бүркіт Ысқақов бас еркінен айрылып, ширек ғасырға еңбекпен түзету лагеріне айдалып кеткен дүр. Оның бес жылын өтеп, КПСС ХХ съезінен кейін саяси тұтқындарға жасалған кеңшілікке іліккен ақын 1956 жылы ақталып шыққан екен. Сөйтіп, қоғамдағы орнын қайта иеленген соң, әдебиеттану саласында іздену-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, алпысыншы жылдардың аяғынан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болады. 1970 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған Бүркіт Ысқақовтың шығармашылық еңбегі өрістей түседі. Айдаудан оралысымен «Сенің Отаның», «Москваны тыңдаймын», «Өнерпаз болсаң…» сияқты «бейкүнә» кітаптар шығарған ақын енді «Жылдар жырлайды», «Шабыт шуағы», «Жеткіншек», «Әлімнің әлегі», «Өлеңді жылдар», «Шындық даусы» тәрізді соқталы жыр жинақтарымен қатар балдырған оқырмандарға арнап «Кішкене театр», «Кішкене көмекші», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген еңбектерін жариялайды. Сонымен қатар, әдебиеттану саласында жүргізген жұмыстарының нәтижесінде «Қазақ – татар әдеби байланысы», «Қазақ – башқұрт әдебиет қатынастары тарихынан» атты монографиялары мен ғылыми мақалалары жарық көрді. Оның құрастыруымен «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары» атты жинақ шықты. Ұлты азаттық алып, рухы асқақтауын мұрат тұтып, ғұмырын осы мақсатқа арнаған асыл аға қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, ғылымының мәртебесін асқақтатады деген талантты інілерінен қолдан келер жәрдемін аямаған екен. Бүкеңнің шапағаты тиген сондай азаматтардың бірі – қазіргі танымал жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин. Қазақ әдебиетінің тарихын үш жүзжылдыққа тереңдеткен «ХV-ХVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» /кейін «Қобыз сарыны» деген атпен шыққан монография/ атты диссертациясын жекелеген тақырыпшаларға бөліп, жариялау кезіндегі бір эпизод жайлы Мұхаң былай дейді: «Әуелгісі – Асан Қайғы. Қисығын, қырсығын сыпырып тастап, – таптық тұрғы әзелден жоқ, – шағын, әдемі мақала жасадым. Үйде өз қолыммен мәшеңкеге түсіріп, «Білім және еңбек» журналына апардым. Мұнда бөлім бастығы болып, ол кезде жасы қырықты алқымдаған Бүркіт Ысқақов отыр екен. Сыртынан ғана білем, кейін жақынырақ таныстық, ақын әрі әдебиетші, туа біткен ұлтшыл, сол ұлтшылдығы үшін жиырманың ішінде ұсталып, жиырма бес жылға каторгаға айдалған, одан замана кеңейген кезеңде ғана шыққан, сонша талқыдан өтсе де, әуелгі мұратынан айнымаған абзал адам еді. Мақаланы жақсы құптап қабыл алды, «Асан Қайғы» деген тақырыптан соң қолма-қол, жіті шолып шығып, үкімін айтты, жақсы екен, осы жаңа жылдың ар жақ, бер жағында шығарамыз деді. Менің жайымды сұрап, қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет тарихынан көлемді зерттеу жазып біткенімді естіп, риза болып қалды, тілектестік білдірді. Бүркіт аға қабыл алған «Асан Қайғы» деген мақала «Білім және еңбек» журналының 1966 жылғы 2-санында басылған еді. Мен үшін кезеңдік мәні болған, қуаныш әкелген мақала» /Мағауин М., Мен: Роман-эссе, Алматы, 1998ж., 413-414 беттер/. Халқының тәуелсіздігі жолында бойындағы күш-қуатын, білімі мен білігін, қажет болса, қаны мен жанын да құрбандыққа шалуға әзір болған Бүркіт Ысқақовқа тағдыр ұдайы дәл өзіндей мәрт ерлерді кездестіре бермепті. Мәселен, пайғамбар жасына жеткен шағында жазылған «Қазақ және Еділ бойы халықтары әдебиеттерінің идеялық-творчестволық байланыстары» атты докторлық диссертациясы осының бір мысалы. Енді қорғауға дайындалып жүргенде бірегей еңбектің қолды болуы ғалымның ажалын жақындата түспегеніне кім кепілдік бере алады?! Кейін монографияның қолжазбасын ақынның қызы Айгүл Ысқақова тауып алып, «Арыс» қоры мен баспасының көмегімен 2007 жылы жарыққа шығарды.
Алаш азаттығының игілігін көре алмаса да, ұлтының тәуелсіздікке қол жеткізетін сәті, адамзат өркениетінің ұлы көшінен өзіне лайықты орын алатын уақыты тақап қалғанын айқын сезген ақын ғұмырының соңғы кезеңінде жыр сүйер қауымға ерекше тарту жасады. Ол – «Тас еденнің ызғары» атты өлеңдер циклы. «СибЛаг» пен «СтепЛаг» абақтыларында азап шеккен жылдарында жазылған, тұтқынның жаны қиналған, ар-намысы тапталған сәтіндегі көңіл-күйін қаны сорғалаған қалпында көрсеткен бірнеше өлеңі отыз жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет, 1987 жылдың соңында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Үзілмей жібі үміттің…» деген тақырыппен жарық көрген еді. Осы шығармаларға қатысты кезінде академик Мұхамеджан Қаратаев: «Сәкеннің сыры, Бейімбеттің мұңы, Ілиястың үні естілгендей» – десе, әйгілі ғалым Рахманқұл Бердібаев: «Б.Ысқақов бұл өлеңдерімен қазақ совет поэзиясында бұрын болмаған «Тұтқын жыры», «Лагерь өлеңдері» деп аталатын поэзияның жаңа түрін, жаңа жанрын бастады. Сондықтан, бұл өлеңдер қазақ совет поэзиясына қосылған жаңа бет болып табылады» – деп, аса жоғары баға берді.
Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ халқының отарлық езгіден құтылуын армандап, осы мақсатқа жету үшін рухани тәуелсіздікке ұмтылудың жолын іздеп, «Елін сүйген ерлер партиясын» («ЕСЕП») құрған күрескер тұлға, ақын, ғалым Бүркіт Ысқақов Алаш жұрты азаттықтың ақ таңы атқанын жариялаған жылы бақиға аттанды. Жалындаған ғұмыры, жарқылдаған жырлары текке кетпегеніне, халқының игілігіне қызмет атқаратынына кәміл сеніп, жарық дүниемен ризашылықпен қоштасқан болар. Міне, осынау ардақтымыздың, нұрлы Нұраның нән перзенті Бүркіт Ысқақовтың туғанына биыл 90 жыл толады. Тойдың дабырасымен тон тігіледі, сондықтан, Алаш жұртшылығы, оның ішінде қарағандылықтар, ұлт азаттығы жолында азап шеккен арыс ақынның ұлт азаттығы жолында атқарған еңбегін бүгінгі ұрпаққа әйгілеп, соңында қалған рухани мұрасын оқырман қауымға кеңінен насихаттауы – қасиетті парыз. Бұл әсіресе, білім беру және мәдениет салалары қызметкерлерінің, әдебиетшілер мен журналистер қауымының айрықша міндеті болса керек.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері