Құпия есепшоттардың күні бітті

Құпия есепшоттардың күні бітті

Құпия  есепшоттардың  күні бітті
ашық дереккөзі
253

 Осындай сансыз сауалдардың жауабы біреу-ақ. Елімізде банктерден бүркеме атпен жасырын есепшот ашуға рұқсат берілген. Жуырда осынау жасырын есепшоттарға тыйым салу туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң жобасын таныстырған соң, бірінші оқылымда-ақ мақұлданды.
Жалпы, бұл шара көлеңкелі эко­но­миканың алдын алу үшін жасалған ал­ғы­шарттар. Дүниежүзі бойынша көлеңкелі эко­номиканың 400 миллиард доллары ай­налымда жүреді делінеді. Financial Times журналының мәліметіне сүйенсек, дүниежүзілік айналымдағы қолма-қол ақшаның 50-70 пайызы көлеңкелі экономиканың, есірткі саудасы мен заңсыз қаржы-экономикалық ұйымдардың еншісінде. Қарапайым тілмен айтқанда, көбіне қылмыстық топтардың мүддесіне жұмыс істейтін ақша. Бір таңқаларлығы, 100 долларлық купюраның 44-60 па­йызы ғана әлемдік және қаржы айналымынан табылады. Қалған қаржы әлемдік қылмыстық қаржылық топтар мен олардың шоттарында. Сондықтан Қазақстанның қылмыстық топтардың жолын кесіп, қазына қаржысын қалтаға баса қашатын кейбір байлар мен экс-шенеуніктердің санын қысқартуда банк жүйесін қайта қарауы оң қимыл. Бұл тұрғыда министр айтқан бақылау елімізде баяғыда-ақ бекітілуі тиіс еді. «Өзгерiстердiң бiрiншi мақсаты, бұл – қаржы мониторингi субъектiлерiнің тiзбесiн кеңейту. Халықаралық стан­дарт­тарға сәйкес, ҚР қаржылық қызметтер көр­сететiн барлық тұлғаларды қаржы мони­торингi жүйесiмен қамту қажет. Осыған байланысты, тiзiмге қаржы мониторингiнiң 3 субъектiсi қосылады. Олар – бухгалтерлiк ұйымдар мен кәсiби бухгалтерлер, микроқаржылық ұйымдар, банк болып табылмайтын электрондық ақша жүйелерiнiң операторлары», – дедi өз баяндамасында Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов. Заң жобасында заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимылдың құқықтық тетiктерiн жетiлдiруге бағытталған басқа да нормалар қарастырылған.

Швейцария алыс емес

Дүниежүзі бойынша бүркеме ат­пен есепшот ашып, сан қилы қаржы операция­ла­рын жүзеге асыратын Швейцария банктерінің дәурені жүріп-ақ тұр. Белгісіз жолмен түскен табысты беймәлім топтар бүркеме атпен швейцариялық банктерге салады. Банк құпиясын берік сақтайтын мызғымас банктерден 2010 жылы АҚШ үкіметі бүркеме есепшоттарды ашып, АҚШ азаматтарының құпия шоттарын әйгілеуге мәжбүрлеген. Бүркеме атпен есепшот ашу Қазақстанда да бар. Оны қалай, қанша адам, қандай мерзімге қолданатыны туралы статистика жоқ. Десе де, Қаржы министрінің айрықша көңіл бөліп, банк жүйесіне мониторинг жасауы тегін емес. Сарапшылардың айтуынша, еліміздің банк жүйесі кеңестік кезеңде қалып қойған. Үкімет мемлекеттік бағдарламалар арқылы банкке тапсырыс түсіреді. Қай банкті таңдаса да өз еркі. Банктердің барлығы қатыса алатын ашық тендер ұйымдастыру жолға қойылмаған. Мәселен, ұлттық компаниялар, яғни монополистер де дәп солай ешбір тендерсіз, қалаған банкімен жұмыс істей береді. Жалпы, осылай жұмыс істеген басқа мемлекеттердің сәтсіз тәжірибесін ескерсек, қаржы институттары біртіндеп құрдымға кетеді.
Кезінде банктерден бүркеме атпен есепшот ашу заңды түрде рұқсат етілді. Экономистер мен сарапшылар еліміздегі қаржыны сыртқа тасымалдауға осылай тосқауыл қоямыз деп ұқса керек. Жасырын есепшоттың заңдастырылуының тағы бір себебі мынада. 90-жылдары қалтасы қалың клиенттер банктерге де, құқық қорғау органдарына да сенім арта алмайтын. Расында банк құпиясының қорғанысы әлсіз болды, бүркеме есімді ашатын немесе жасырын сақтайтын заңнамалар шала-шарпы жасалғаны жасырын емес. Құқық қорғау органдары заңдық күші бар құжаттардың бар-жоғына қарамастан жекелеген салымшылардың құпиясын ашып беруді талап ететін. Өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылдары барлық заңдық актілердің шетел тәжірибесінен алынғаны белгілі. Бірақ олардың ақырғы нәтижесі мен жаңа экономикалық саясатқа сәйкестігін ескерген ешкім болмады. Елдегі капиталды шетел асырмаудың тиімді жолы бүркеме есепшот ашу, сондай-ақ ТМД-дан инвесторларға арналған ортақ халықаралық банк ашу да көзделген. Бұл батпанқұйрықың бір ғана тиімді тұсы бар еді. Бүркеме атпен ашылған есепшоттағы қаржының жартысын ғана шетел асыруға рұқсат. Өйткені бұл қаржы қалай десеңіз де, қылмыстық жолмен заңсыз келген табысқа есеп.
Міне, осы қателіктерді түзетіп, отандық капиталды шетелге шығармай, қылмыстық топтарды қаржыландыру мәселесіне тосқауыл қою үшін министр Бақыт Сұлтанов жаңа заң жобасын ұсынды. «Бүркеме банктер ашу және олардың қызметi мен олармен корреспонденттiк қатынастарға, сондай-ақ жасырын шоттар немесе бүркеме атпен банктiк шоттар ашуға тiкелей тыйым салынады», – деді. Оның жұмыс жолдары мен мониторинг, бақылау шарттары да жан-жақты қарастырылған екен. «Бенефициар меншiк иесiне қатысты тиiсiнше тексеру жүргiзу бойынша талаптар белгiленедi. Үшiншiден, қаржы мониторингi субъектiлерiнiң iшкi қағидалары мен рәсiмдерiне қосымша талаптар белгiленедi. Клиенттердi тиiсiнше тексеру және iшкi бақылау қағидалары бөлiгiнде қаржы мониторингi субъектілерiнiң мiндеттерiне бiршама функциялар енгiзiледi. Оның iшiнде, бiрiншi – iскерлiк қарым-қатынастарға дейiн немесе қатынас барысында клиенттердiң сенiмдiлiгiне көз жеткiзу, екiншi – экономикалық мән-мағынасы жоқ немесе ешқандай заңды мақсатты көздемейтiн барлық күрделi, айрықша, iрi мәмiлелерге ерекше көңiл бөлу, үшiншi – технологиялық жетiстiктердi пайдалану тәуекелiн қоса алғанда қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру мен терроризмдi қаржыландыру тәуекелдерiн басқару бағдарламасы болуы, төртiншi – ақшаны жылыстатуға және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттырудың тиiмдi жүйесi болу кiредi», – деп толықтырды министр. 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары