АНАСЫНЫҢ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН

АНАСЫНЫҢ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН

АНАСЫНЫҢ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН
ашық дереккөзі
179

Отбасындағы төрт  баланың кенжесі Ләззат мектеп тәмәмдаған соң, «қайда барамын, қандай оқу орнына түсемін?» деп көп ойланып жатпады. Ол анасының жанында жүріп, бірден еңбекке араласуды жөн санады. 

Кен байыту фабрикасына келді. Оның жұмысқа тұрғысы келгенін білген фабрика басшысы: – Е, солай де. Өзіміздің Әзизаның қызымын де. Ол осындағы озат еңбеккерлеріміздің бірі. Ендеше, сені де келешекте озаттардың қатарынан көретініме күмәнім болмай отыр. Сондықтан, талабыңа нұр жаусын! – деді де, алдындағы көп кнопкалардың бірін басып қалып: – Маған анау флотаторлық цехтың бастығын шақырып жібер ‒ деп дауыстады. Көп күттірмей кабинетке келген кісіге: – Мына баланы жұмысқа қабылдап отырмын. Әзизаның қызы көрінеді, биыл ғана мектеп бітіріпті.Сондықтан, өзің бас-көз бол, білмегенін үйрет. Түбі сені де, мені де ұятқа қалдыра қоймас, – деген фабрика басшысының сөзінен өзіне деген үлкен үміт пен зор сенімді аңғарған Ләззат сол сәттен бастап-ақ мойнына қаншалықты жауапкершілік арқалағанын түсіне қойған. Үмітті – ақтау, сенімнен – шығу керек. Бұл – оның алдағы күндерге өзінің алдына қойған міндетіне айналды.  Міне, содан бері қаншама уақыт кейін қалды десеңізші! Ләзат Маханбетова бүгінде байыту фабрикасының мақтаулы мамандарының бірі.

«Өзіне берілген жұмысты жауапкершілікпен тиянақты атқарады. Әріптестері арасында өз орны, беделі бар. Үнемі көңілді жүреді. Осы уақыт ішінде тек жақсы жақтарымен көрінуде». Фабриканың кәсіподақ ұйымының төрағасы Майра Альбаттина Ләззат Тұрсынқызы туралы пікірлескенімізде оны осылайша мақтап, мадақтай жөнелді. Әдетте, басшылық мақтау сөздерге сараңдау келетіні де рас. Бірақ, егер соған лайық болып жатса, неге мақтамасқа, неге сондай жандарды мақтаныш тұтпасқа?!

Әрине, Ләззат ең алдымен ана. Ол жұбайы Сақтаған екеуі төрт бала тәрбиелеп, өсіруде. Үлкен қызы Венера биыл №8 қазақ гимназиясының 11-сыныбын аяқтайды. Екіншісі Дильназ осы мектептің 6-сыныбында, Гүлназы 4-сыныбында оқиды. Кенжесі Ерасыл – 2 жаста.

– Жұмыстан бос уақытымды отбасыммен өткізгенді ұнатамын. Балаларымды әртүрлі ойын орталықтарына, бассейнге апарып, кешкісін ұнатқан та­ғамдарын әзірлеп беремін. Сондай-ақ, балалардан қолым босаған уақытта кітап оқимын, тоқыма өнерімен де айналысамын, – деген оның сөзінен әйелге тән мейірім-шуақты да, шаруаға ұсынықтылықты да  аңғарғандай болдық. 

Қазақ әйелі ерге серік қана емес, елге де тірек бола біледі. Дана халқымыз: «Әйел – ақ бесіктің иесі, туған жердің киесі» ‒ дейді. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген аналардың қатарында Ләззат Маханбетова да бар. Анасының жолын жалғаған ол өмірде де, еңбекте де абыройлы, сыйлы. Мұндайда халқымыздың  «Анаға қарап қыз өсер…» деген өсиетті сөзі еске түседі. 

Шынар Саметова

Серіктес жаңалықтары