АБЫЛАЙ ӘМАНДА АСҚАҚ

АБЫЛАЙ ӘМАНДА АСҚАҚ

АБЫЛАЙ ӘМАНДА АСҚАҚ
ашық дереккөзі
221

Құрметті редакция!

«Түркістан» газетінің 6 наурыздағы 9-санында Өскенбай Құлатайұлы дейтін журналистің «Абылай хан: Ақиқаты қайсы?» деген мақаласы беріліпті.

Мақаланың қорытындысы: «жазушы Софы Сматаев Абылайды қарадан шыққан сұлтан дейдіге» тіреледі екен.

Әу, газеттегі тілші ағайындар-ау! Әлдебіреудің шығармадағы кейіпкердің аузымен айтылатын алыпқашпа әңгімесін контекстен жұлып алып, сенсация туғызбақ болып па, әлде әлдебір өзіндік себеппен алаңғасар жұртты елең еткізбек болып па, жарапазандатып ала жөнелгеніне неге мән бермейсіздер? 

Абылай ханды жөнді-жөнсіз сілкілей беруге ұрынғанша, осы келеңсіз пікірді анықтап алайық деп авторы менімен хабарласып, әйтпесе кітапты парақтап қарап, анық-қанығына жетуге болар еді ғой. Сонда Абылай сұлтанның ат-атағын қызғанған жасөспірім Тіленшінің – Қазыбек бидің немересінің осынау пікірдің «рас-өтірігін атамнан сұраудан қорқам» деуінен-ақ аңыз-әңгіменің жалғандығын байқауға болар еді ғой.

Мен романға материал дайындау барысында Қазақстанның бар аймағын аралап шыққан едім. Абылайдың шарықтаған ат-атағын бүркемек болған өз бақас, күншіл төрелерінің ханның түп-тегіне байланысты әртүрлі кемсіту, мұқатуға толы осындай жапсырма, жадағай аңыздарды қаптатып жібергенін еліміздің әр түкпірінен сол кезде-ақ естіген де, байқаған да болатынмын.

Ал Абылай ханның Шыңғыстың ұрпағы екеніне де, асыл сүйегі төреден тарайтынына да тарих куә.

Ал өз басым төре Абылайды – Алаштың ең абзал Оғланы, қазақтың нағыз қазағы деп әруағына бас ұрам. Өйткені екі ғасыр бойы айқасып, шайқасып келген екі көшпелі халықтың ақыры бірі өліп, бірі қалды. Жер бетінен мүлде жоғалып кеткен ойраттай қылмай, қазағын, халқын тарихтан біржола жойылудан сақтап қалып, бүгінгі күнге аман жеткізген Абылайға баршамыз борыштымыз. Хандығымыздың шаңырағын шарықтатып, керегесін кең жайып, іргесін бекітіп, мемлекетіміздің шекарасын шегендеген Абылай хан екенін ұрпағымыздың ұрпағына уағыздап отыруымыз керек. Сол уағызымыз азайғандықтан «қазақ ұлт болып қалыптаспаған… хандық болып орнықпаған… шекарасы болмаған!» деп жынды Жириновскийлердің сандырағын көбейттіретін өзіміз.

Әулекілердің өңезе өсегіне бола, әлде­кім­дердің өзімшіл есебіне бола құдіретті Абылайды құлдыратып қолжаулық ете беруді тыю қажет. Абылай менің ғана емес, бүкіл алаш жұртының киелісі, қасиеттісі һәм пірі!

Ет қызуымен екпіндеп кетсем, кешірім өтінемін. 

Софы Сматаев, 

жазушы 

Серіктес жаңалықтары