Мұхтар Тайжан саясаттан неге кетті?

Мұхтар Тайжан саясаттан неге кетті?

Мұхтар Тайжан саясаттан неге кетті?
ашық дереккөзі
634
Жақында белгілі саясаткер-экономист Мұхтар Тайжан саясаттан кететіндігін мәлімдеді. Арнайы баспасөз мәслихатын өткізген ол: «Саясатқа келетін заман болады, саясаттан кететін уақыт болады. Өйткені, осы жұмыспен үнемі айналысу мәңгі емес. Менің саясаттан кетуіммен біздің ұлттық демократиялық, патриоттық идеяларымыз өшіп, жұмысымыз тоқтайды деп ойламаймын. Бір адамның күші шектеулі. Қоғамдық-саяси жұмыстарда төрт жарым жыл жүрдім. Сондықтан кететін уақыт келді деп санаймын. «Халықтық альянс» ұйымымыз бар. Олар полигондар мен гептилге қарсы жұмыстар жасап жатыр. Жігіттер, әріптестеріміз еуразиялық одаққа қарсы шығуда. Мұның бәрі жұмыстың жалғаса беретінінің көрінісі. Мен жеке себептерге байланысты саясаттан кеттім. Ал, ойыммен осы бағыттамын. Әрі қарай қалай болатынын уақыт көрсетеді», – деді. Мұхтар Тайжан өзінің «Фейсбук» әлеуметтік желідегі парақшасында: «…Қоғамдық өмірге араласқан сәттен бастап айтқан әр сөзім мен әр ісіме өзім жауап беремін. Тіпті бүгінгі мәлімдемеме де ешкімнің, биліктің де, оппозицияның да, олигархтың да, қашқын саясаткерлердің де қатысы жоқ. Бала кезден бойыма сіңген өмірлік тәрбием мен білімімді және еліме деген махаббатымды ешкім өзгерте алмас. Мен не айтсам да, не жазсам да көзімді жеткізіп барып істеймін. Қазір де сол қалпымнан айнымаймын. Кез-келген нәрсеге бір сұрақпен – мұның елге пайдасы бар ма, жоқ па деп қарау керек. Сонда бәрі өз орнына келеді. Осыдан былай саясатқа белсенді түрде араласпаймын деуімнің бірнеше себебі бар. Ол жеке басыма да, қоғамдағы әртүрлі жағдайларға да байланысты. Жеке себептер – мұндай жұмыста, үздіксіз саясатта еш қолдаусыз ұзақ уақыт жүру мүмкін емес. Сөзбен емес, іспен қолдауды айтамын. Соңғы кездері өзіме және кәсіпорныма әкімшілік қысым күшейіп кетті. Ара салмаққа тура көзбен қараған жөн. Мемлекеттік машинаға төтеп беру оңай емес. Ал мен отбасыма жауап беруге міндеттімін. Басқа себептерді айтар болсам, алма ағашын қанша суарсаңыздар да, мезгілі жетпей піспейді. Халықтың санасы да, биліктің ойы да уақыты келмей өзгермейді. Күні толғанда біз суармай-ақ, өзі пісіп жетіледі. Халықты оятамын деп те қажеті жоқ. Өйткені, олар бәрін жақсы біліп отыр. Бірақ үндемейді. Күтеді. Әрі қорқады. Олар үшін басқа біреу істеп берсе екен дейді. Олай болмайды да, болған емес. Білек сыбанып, жеңді түріп, қара жұмысты бәрі бірдей істеуі керек. Басқа жол жоқ. Біз осыны жақсылап түсінуіміз тиіспіз. Сонда ғана ілгері жүре аламыз. Мен қоғамда қала беремін. Бірақ негізгі жұмысым қоғамдық өмір мен саясат болмайды. Барлықтарыңызға сәттілік тілейміндеген. Ал тәуелсіз саясаткер Әміржан Қосанов Мұхтар Тайжанның белсенді саясаттан кетуі туралы мәлімдемесіне орай былай дейді. «Осындай білімді, жан-жақты даярлығы бар, ешкімнен қаржы сұрап жалтақтамайтын, ең бастысы, ұлттық тұрғыдан тұрақты әрі тегеурінді ұстанымға ие азаматтың кезінде қоғамдық өмірге белсенді араласуы, сөзсіз, жаңалық болды. Ұлттық мүдде үшін күресті ол нақты бастамалармен байытты деп ойлаймын. Сөйтіп, Мұхтар қоғамдық өмірдің бір факторына айналып кетті. Бес жыл ішінде көптеген бастамалардың басы-қасында жүрді, елдің шынайы ілтипатына ие болды. Маңайына жақтастарын жұмылдыра білді. Ол да әркімнің қолынан келе бермейтін шаруа. Өзім де, әкесі Болатхан ағаның кезіндегі әріптес-бауыры ретінде оның ұлы Мұхтармен саяси ғана емес, адами тұрғыдан жақын болғаныма ризамын. Ал «белсенді саясаттан кетемін, бизнеспен айналысамын» деген шешімі – оның өз шешімі. Әрине, мен секілді талайжылғы оппозиционерге, арамызда Мұхтар секілді жігіттердің жүре бергені дұрыс еді. Қатарымыз көп болғанына не жетсін! Бірақ Мұхтар бауырымның шешімін түсіністікпен қабыл алайық. Не болса да, оның қай салада жүрсе де, Қазақ үшін жасар тірлігі әлі алда деп ойлаймын.

Д.Дүрмән

Серіктес жаңалықтары