ҚАЗАҚСТАНҒА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ҚАЖЕТ СИЯҚТЫ

ҚАЗАҚСТАНҒА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ҚАЖЕТ СИЯҚТЫ

ҚАЗАҚСТАНҒА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ  ҚАЖЕТ СИЯҚТЫ
ашық дереккөзі
570

Сонымен, Путин тоқтар емес. Осы аптада, яғни сейсенбі, наурыздың 18-і күні Ресей президенті Владимир Путин Мемлекеттік Дума алдында Ресей құрамына қосылуды қалаған Қырым-Ресей келіссөзіне қол қойды. 

Мемлекеттік Дума алдында екпіндей сөйлеген Путин ешқандай заң бұзбағандығын, Қырым халқының өз таңдауын ашық және заң шеңберінде жасағандығын, Қырымның әрқашан Ресейдің бір бөлігі болып келгендігін ерекше «шабытпен» жеткізді. Жеңіске жеткендігіне масаттанғандығы байқалады. Мемлекеттік Дума өкілдері Путиннің әрбір сөзіне қол соқты. Сөйтіп өзге елдің территориясына аннексия жасап, Украинаның субьектісі болып табылатын Қырымды тартып алғандығын мақтан етті. 

Бұл процеске аса мұқият дайындалған Ресей Думасы бұның алдында Ресей құрамына өзге елдердің субьектілерін қосып алуды жеделдету және орыстілді өзге мемлекет азаматтарына РФ азаматтығын беруді жеңілдету жайлы екі заң жобасын енгізген болатын. Қырымды құрамына қосуды аса жеделдікпен іске асырған Ресейдің бұл ісін халықаралық қауымдастық қатаң сынға алып, Қырым тәуелсіздігін де, оның Ресейге қосылу жөнінде өткізген референдумын да мойындамайтындығын айтып бағуда. 

Біздің сөз етпек болып отырға­нымыз басқа. Демек, осыдан 22 жыл бұрын ядролық қарудан бас тартып, тәуелсіздігімізге кепіл ретінде ірі империялар – АҚШ, Ұлыбритания және Ресейдің кепілдік етуімен 1994 жылы қол қойылған Будапешт меморандумының құны бүгінде көк тиын болғандығы анық болды.

1991 жылы КСРО күйреп, 15 республика жеке-жеке мемлекет ретінде шаңырақ тіге бастаған сәтте, күркіреген империяның ядролық арсеналы да 15-ке бөлінген еді. Солардың ең басты бөлігі – Украинаның (ядролық қаруы жағынан әлемде үшінші орынды иеленетін), Қазақстанның (ядролық қаруы жағынан әлемде төртінші), Белорустың құрамында қалып қойған еді. Әлемдік ірі державалар әлем картасында жаңа пайда болған, жас тәуелсіз елдерді ядролық қарудан бас тартуға мәжбүрледі. Алайда, тәуелсіз мемлекеттердің де бұған қарсы қояр өз талаптары болды. Мәселен, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: 

«Тәуелсіздік алғанда біз ядролық қарудың көлемі жағынан әлемде төртінші ядролық державаға айналдық. Біздің тәуелсіз мемлекет ретіндегі алғашқы қадамымыз осы қарудан өз еркімізбен бас тарту болды» дейді. www.eurasianet.org сайтында Джон Кошуаның «Почему Казахстан отказался от ядерного оружия» деген мақаласы жарияланған. Автор Қазақстанның ядролық қарудан жайдан-жай бас тартпағандығын жазады: «Назарбаев америкалық қонақтарды ядролық державалардың милитаристік клубына қатысуға ешқандай құлқы жоқ екендігіне сендірді. Ол өз аумағындағы зымырандарды ұстау шығынын төлеу және оны техникалық қамтамасыз ету мүмкіндігінің жоқ екендігін жақсы түсінетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, ол ежелден өз елінде ядролық обьектілердің болуына қарсы. Алайда ол еліндегі ядролық қаруды жайдан-жай бере салғысы келмеді. Есесіне, тәуелсіздігіне ешкім қол сұқпайды деген кепілді талап етті», – дей келе ол көпшілікке беймәлімдеу бір ақпаратты таратады: 

«Джеймс Бейкер (АҚШ-тың сол кездегі Мемлекеттік хатшысы), Ресеймен ортақ шекарасы 5600 шақырымға созылатын бұрынғы кеңестік республиканың қауіпсіздігіне кепіл бола алмайтындығын білді. Білді де Назарбаевтан бұл талабынан бас тартуын қатаң түрде талап етті. Әңгіме өте жайсыз аяқталды. Американдық саясаткер Қазақстан аумағындағы әрбір континентаралық баллистикалық зымыран үшін үш американдық зымыран жіберетіндігін айтып, қоқан-лоққы жасады. Алайда Назарбаев бұған иліге қоймады. «Мені бұлай қорқыта алмайды, қалай дегенмен де мәселе бұнда емес. Біз барлық мәселелерді тең дәрежеде шешетін боламыз. Ең әуелі біз бұл қарудан бас тарту арқылы есесіне не алатынымызды білуіміз қажет», – деді ол» делінген мақалада. 

Демек, Қазақстанның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеу жайлы келіссөздің өзіне қол жеткізудің оңай болмағандығын болжау қиын емес. Қазақстан мен Беларусь басшылары ядролық қарудан бас тартуға аса пейілді болды және өздері бас­тама көтерді. Кейін Елбасы өз естеліктерінде сол кездегі қалыптасқан жағдайды жазған болатын. Ресей басшылығы Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуына үзілді-кесілді қарсы болса, мұсылман мемлекеттері қаруды өзіне қалдыруды өтініп, жалынып-жалпайған екен. Алайда, бұның ешқайсысын құлағына ілмеген Елбасы өз дегенінде табандап тұрды. Жоғарыдағы мақалада: «Оған халықаралық мойындау, инвестиця және қауіпсіздік қажет болды. Бұл мақсаттар ядролық арсеналды сақтаумен мүлдем қабыспайтын еді», – делінеді. 

Украина жағдайы бізден сәл өзгешелеу. КСРО-дан мұраға қалған ядролық қарудың көлемі жағынан әлемде үшінші дәрежеге жеткен Украи­наны әлемдік қауымдастық өкілдері одан бас тартуға мәжбүрледі, күшпен көндірді десе де болғандай. Осы сәтті тарихи деп сипаттаған үш мемлекеттің де қазір ойланып қалған жағдайы бар. Өйткені аталған үш мемлекеттің тәуелсіздігіне және аумақтық тұтастығына кепіл боламын деген ірі үш империяның бірі Будапешт меморандумын көзіне ілмейтіндігін танытты. Наурыздың 13-інде Нью-Йорктегі БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің мәжілісіне қатысқан Украинаның әлем мойындаған премьер-министрі Арсений Яценюк Украинаның БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесінің бірі, көрші Ресейдің әскери агрессиясына тап болғанын жеткізген: «Бұл агрессияның ешқандай себептері мен алғышарттары жоқ. ХХІ ғасырда кез келген шиеленістерді танкімен, артиллериямен және армиямен шешу мүмкін емес дүние», – деген ол. Ол Ресей Федерациясы Украина мен Ресей арасында жасалған бірқатар екіжақты және көпжақты халықаралық келісімдерді бұзып отырғанын жеткізді: «Біз БҰҰ Жарлығының 2 бабына ешкім ешуақытта шүбә келтірмейтіндігіне сенімді едік. Онда БҰҰ мүшесінің барлығы халықаралық қарым-қатынастарында кез келген мемлекеттің аумақтық тұтастығына қол сұғуына немесе сая­си тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін күшті қолданудан бас тартуы керек делінген. Қазіргі Ресейдің ісі Біріккен ұлттар ұйымының мақсаттарымен үйлеспей отыр», – деген ол Ресей Федерациясын Қырымдағы әскерилерін шығарып әкетуге және келіссөздер жүргізуге шақырған. Алайда оның да, өзге халықаралық қауымдастықтың да Путинге үндеуі аяқасты етілді.

Биыл наурыздың 4-інде Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде өткізген баспасөз-мәслихатында Ресейдің Будапешт меморандумы бойынша Украина қауіпсіздігі үшін бұдан былай кепіл бола алмайтындығын мәлімдеген еді. «Украина аумағында төңкеріс нәтижесінде жаңа мемлекеттің пайда болуы бұдан бұрынғы жағдайды өзгертеді. Бұл мемлекет алдында біз ешқандай міндеттеме алған жоқпыз және ешқандай құжатқа қол қойған жоқпыз», – деген-ді. 

 Украинаның қазіргі билігі де, бұрынғы президенттері де, шетелдегі эмиграцияда жүрген саясаткерлері де Украинаның ядролық қарудан ада болғанына өкінеді. Өйткені Ресей біртұтас Украинаны бөлшектеді, геосаяси тұрғыдан аса маңызды аймақ – Қырымды өз территориясына қосып алды. АҚШ Украинаға әскери көмек көрсетуден бас тартты. Демек, ешкім оның тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қорғамай отыр. 

Тіпті, бұл өкінішті олар 2006 жылдан бастап айта бастаған екен. 2009 жылы тағы да бейбіт төңкеріс арқылы билік басына келген Виктор Ющенко Будапешт меморандумын қайта қарау туралы мәлімдеме жасаған. «Егер, Украинаның ядролық қаруы болғанда Ресей өзін басқаша ұстар ма еді. Ол Украина территориясына көз аларта алмас еді. Демек біз ядролық ел деген мәртебемізді қайтарып алуымыз қажет», – деген ол. Украинаның екінші президенті Леонид Кучма да кезінде ядролық держава дәрежесін қайтарып алуды көздейтіндігін жеткізген. 2008 жылы Иерусалимде өткен халықаралық конференцияда Леонид Кучма Киевтің Будапешт меморандумына қол қоюы қателік болды, оның саяси тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына кепіл боларлықтай ешқандай келісімге қол жеткізген жоқ дегенді кесіп айтты. 2010 жылы Белорусь президенті Александр Лукашенко да ядролық қарудан бас тартқаны үшін бармағын тістеп жүргендігін айтыпты. Алайда ол Ресейден келетін қауіп жайында тіс жармаған, оның басын қатырып жүргені батыстық саясаткерлердің Беларусьтегі адам құқығын сылтау етіп, кейбір экономикалық санкцияларды ұсынуы – Будапешт меморандумына қайшы келетін көрінеді. Алайда көптеген саясаткерлердің пікіріне сүйенсек, ол кезде ядролық қарудан бас тартпауға мүмкін болмаған көрінеді. Қолындағы қаруын бермей бұлталақтаған Украинаға халықаралық қауымдастық саяси және экономикалық изоляцияға ұшыратамыз деген қоқан-лоққы жасаған. 

Бірақ, Украина мен Ресейдің қазіргі қарым-қатынасы Қазақстанның да қазіргі саяси ахуалын қайта қарауға мәжбүрлеуі мүмкін. Әрине, Қазақстан посткеңестік елдер ішінде көршілерімен, әсіресе, Ресеймен іргесін қымтап, шекарасын бекітіп, арнайы ресми құжатқа қол қойдырып, оны ратификациялап алған тұңғыш мемлекет. Әрине, шекара бөлісу кезінде көршілерімізге есеміздің кеткені айқын. Екіншіден, бізде субьектілер, автономиялық облыстар жоқ. Қазақстан – унитарлы мемлекет, бұл да Қазақстан аумағын бөлшектеуге мүмкін болмайтын факторлардың бірі. Үшіншіден, Ресей саясаттанушылары үнемі тілге тиек ете беретін солтүстік бес облыстың геосаяси жағдайы. 1997 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әкімшілік-аумақтық реформа жасалды. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын оптимизациялау шаралары жөніндегі» заң бойынша, Талдықорған облысы Алматы облысының, Торғай облысы Қостанай облысының, Көкшетау – Ақмола және Солтүстік-Қазақстан облыстарының, Жезқазған Қарағанды облысының, Семей Шығыс-Қазақстан облысының құрамына енді. Әрине, әкімшілік-аумақтық осы бір реформаны кезінде сынағандар аз болмады. Алайда бұл да саяси әбжілдік еді. Өйткені Шығыс Қазақстан облысының құрамына қазағы мол Семей облысын қосу арқылы, ондағы байырғы ұлттың үлес салмағы – 48,5 пайызға артып, орыстардың үлес салмағы – 45 пайызға дейін төмендеген. Солтүстік Қазақстан облысындағы орыс ұлтының өкілдерінің үлес салмағы – 65 пайыздан 49,8 пайызға дейін құлдыраса, Қарағанды және Ақмола облыстарында орыстар мен қазақтардың үлес салмағы теңестірілді. Сөйтіп, Қазақстанда орыс ұлтының өкілдері көп тұратын аймақ қалмады десе де болады. Егер де, кезінде «Нұрлы көш» бағдарламасы көбіне жемқорлардың бүйірін толтырып қана қоймай, нақты жұмыс істегенде, аталған облыстардағы қазақтардың үлес салмағы бұдан да арта түсер еді. Қазір Қазақстанда 20 жыл бойы табысты түрде жүзеге асырылып келген оралмандарды қоныстандыру саясаты тоқтап тұр. Ертең Солтүстіктегі көршіміз біздің орысы мол аумақтарға көзін алартып, орыстілді тұрғындардың құқығы дегенді желеу етіп, басып кірмес үшін, оралмандарға қатысты қазіргі саясатымызды түбегейлі өзгертіп, оларға азаматтық беру ісін жеңілдетуді қайта қарау керек. Екіншіден, Қазақстан аумағындағы Ресейге жалға берілген аймақтардың мәртебесін қайта қараған абзал. Бұл тек Байқоңыр қаласына қатысты емес, Байқоңырдан өзге Қазақстанда 11 миллион гектар жер Ресейдің әскери полигонына айналып отыр. Осы полигондарды жабу мәселесін Қазақстан қайта қарау керек немесе олардың мәртебесін өзгерту және келісім-шарттарға қайта қол қойған жөн. Үшіншіден, Қазақстанның ядролық арсеналын қайтару мәселесін күн тәртібіне шығару. Саясаткерлер бұл мәселенің оңай болмайтындығын айтады. Егер, Қазақстан атом бомбасын қайта сынауды және оны өз аумағында ұстауды қолына алса, оған қойылар талап та өзгереді, инвестицияның келуі де баяулайды, халықаралық қауымдастықтың көзқарасы да түбегейлі басқаша сипатқа көшеді. Әрі бұл мәртебені қайтару оңайға соқпайды. Ендеше Украина жағдайын сылтау ете отырып, Қазақстан Будапешт меморандумының қайта қаралуына қол жеткізгені жөн сияқты. Ірі империялардың бұл мәселеге басқаша көзқарасы керек және кепілдік шартын өзгерте отырып, басқаша талап қойған абзал. Әрі бұл істі жедел қолға алу керек. Өйткені Кедендік одақ елдерінің келесі қадамы Еуразиялық экономикалық одақты жасақтау ісі 2015 жылы аяқталмақ. Осы ретте кейбір толғақты мәселелерде келіспеушілік орын алса, Ресейдің тақымды қысуы да бек мүмкін. Бүгінгі Путин әкімшілігінің амбициясы осыны көрсетіп берді. Сол уақытқа дейін халықаралық кепіл шарты – Будапешт меморандумына қайта оралып, кепілдіктің өзгеше қырын ойлап тапқан ләзім. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары