Жоғалған ұшақ
Жоғалған ұшақ
Соңғы рет Малайзия жағалауында
радар көзінен таса болған ұшақтың Қазақстанға жетуі мүмкін деген болжамдар
айтылған еді. Себебі бақылаусыз екі-ақ транзит болған, соның бірі – Қазақстан кеңістігі,
алайда соңғы рет Тынық мұхиты аралдарының маңайынан байқалған ұшақтың елімізге
елеусіз жетуі тіпті мүмкін емес.
Кеше ҚР Азаматтық авиация комитеті төрағасының
орынбасары Серік Мұхтыбаев бұл болжамды жоққа шығарды. «Әуе кемесінің біздің елдің аумағына өтуі
мүмкін емес. Өйткені Қазақ көгіне жеткенше көршілес бірнеше елдің шекарасын
басып өтуі тиіс еді. Және де белгісіз ұшақ туралы ақпарат болса дереу біз
құлақтанар едік» деді ол.
Тіпті бұл түсініксіз оқиғада Қазақстанның аталуы
да миға сыйымсыз. Мәселен, малайзиялық ұшақты Қазақстан компанияларының бірі сақтандырған. Егер ұшақ табылмаса, табылған күнде де жолаушылардың аман болуы
екіталай, компанияның миллиардтаған өтемақы төлейтіні белгілі.
Әлем сарапшылары
бірауыздан ұшақтың апатқа ұшырап, мұхит тұңғиығына кеткені жөнінде болжамдар
айтуда. Оның қисыны да бар. Себебі мұхит жартастары мен қыртыстары жер бетіндегі таулардан анағұрлым биік
екені белгілі, ендеше мұхит қойнауына кеткен ұшақтың табылуы екіталай. Десе де
бүгінгі техника күші су астындағы немесе ғарыш кеңістігінде жоғалған нысанды
табуға мүмкіндік береді. Ал кейбір деректерге сүйенсек, ұшақты базбіреулер (террористер)
ұрлап кеткен. Құлауы мүмкін деген Оңтүстік Қытай теңізінен 50 кеме мен ұшақ
іздестіруге шыққан еді. Кейінірек Малайзия Премьер-министрі Наджиб Разак тағы
бір бақылаусыз дәлізбен Индонезия арқылы Үнді мұхитының оңтүстік бөлігіне бағыт
алуы мүмкін дейді. Десе де Малайзия билігі Қытай, Тайланд, Въетнам, Қазақстан
және Пәкістанның радарлары мен жерсеріктік суреттеріне сұрау жіберген.
Ең қызығы кеңістікте радар
анықтай алмайтын биіктік бар. Ұшақтың 1,5 мың метр биіктікте төмендеп, радар
көзіне түспейтін аймақта ұшқаны белгілі. Олай болса ұшақ жолаушыларының әлі де
болса аман келуі мүмкін.