Ұлыстың ұлы күнін неге тасада қалдыра береміз?

Ұлыстың ұлы күнін неге тасада қалдыра береміз?

Ұлыстың ұлы күнін неге тасада қалдыра береміз?
ашық дереккөзі
229

Біздің қаңтарда келетін жаңа жылға екі ай бұрын
дайындалып, он күндей думандатып өткізетініміз бар. Тіпті, пәленбай ақшаға
шырша тұрғызып, салтанатты түрде шамын жағып жатамыз. Мұның өзіне қаншама
шығынның кеткенін естіп, білдік те.

Ал күн мен түннің
теңелуі, Ұлыстың ұлы күні ­– Наурыздың да табалдырықтан аттауына аз ғана уақыт
қалса да, қала көшелерінен мейрамның белгісін байқай алмайсыз. Кейбір мүйістерден «Наурыз
құтты болсын!» деген жазуларды көзіміз шалып жатса, қуанасыз. Әшейінде маңдайшасына
«Жаңа жыл құтты болсын!» немесе «С новым годом!» деп үлкен плакатқа құттықтау
жазып қоятын мекемелер мен дүкендер де тым-тырыс. Білуімізше, оларға қараша
айынан бастап мекеме айналасын жылтыр әшекеймен безендіруді әкімшіліктің өзі
тапсырады екен. Егер оны орындамаса, айыппұл да төлейтін көрінеді. Жаттың
мерекесін тойлауға құлшыныс танытатын әкім-қаралар неге Наурыз тойы кезінде
осындай міндет жүктемейді? Қазақтың төл Жаңа жылы ­– Ұлыстың ұлы күнін неге
тасада қалдыра береміз?

Әрине, күнтізбенің жаңа
парағы қаңтар айынан басталатыны анық. Бұл мерекені әлем халықтарының да
тойлайтынын білеміз. Алайда, қазақ ежелден күн мен түннің теңеліп, Жер ананың
бусанып, табиғаттың ерекше құлпыратын кезі Наурызды жылдың басы деп есептеген.
Осы күндері жеті түрлі дәмнен наурызкөже пісіріп, қыстан аман-есен шыққан халық
бір-бірімен көріскен. Бұл – дәстүр. Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып
келеді. Шынында да, біз тілімізбен ғана ұлтты сақтай алмаймыз. Ұлттың ұлт
екендігі – салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы анықталатыны әу бастан белгілі.
Осы жерде тағы бір «әттеген-айдан» тұратын ой туады. Неге біз Наурыз күні
бір-бірімізге сыйлық табыстамаймыз? «Жаңа жыл келді» деп қаңтарда дос-жаранға,
туған-туысқа сыйлық сатып алып, бәйек боламыз ғой. Тіпті, сол кезде отбасылық
бюджеттің жартысынан көбі дастарханнан кейін сыйлыққа жұмсалады. Осы дәстүрді
Ұлыстың ұлы күнінде де ұтымды пайдалансақ болмай ма? Онсыз да «ұйқы ашар»,
«селт еткізер» деген дәстүр бар емес пе? Оған бір-бірімізге игі жақсылық тілеп,
азғантай ғана сый-сияпат көрсетуді енгізсек, нағыз мерекенің көркі сонда қызбай
ма?! 

Иә, кей аймақта
қаһарлы қыстан есен шыққан жұрт бір-бірімен көрісіп жатады. Әсіресе, Батыс
өңірінде 14 наурызды – «көрісу күні» деп атап кеткен. Кей жерлерде
«амал» деп те атайды. Таң атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір
отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ
пісіріп, тәтті-пәттісін салады.  Отбасының
кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір-біріне «Бір
жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!»
дегенді білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші
отбасы мүшелері жасы үлкендерге кіріп, көрісіп шығады. Жәй ғана емес, арнайы
сый-сияпаты болады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни
түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек. Кішкентай балаларға аналары
шағын пакет ұстатып қояды. Бала қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің
дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Қазақ қашан да
дастарханын айрықша қастерлеген. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін,
дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен
туған.

Біреуге реніші бар адамдар бұл
күні өкпесін ұмытып, ренжіскен адамына кіріп көріседі. Сөйтіп, арадағы суық
қарым-қатынастың жібі үзіліп, көрісу күні адамдар бір-бірімен қайта табысады.
Көрісу күні кіріп-шықпаған жасы кіші туған-туысқан, көрші-қолаңға жасы үлкендер
«көрісіп шықпады» деп ренжиді. Сондықтан бұл күні әр адам мүмкіндігі болса,
бүкіл ауылдың табалдырығын аттап шығуға тырысады.

1918 жылдың 24-қаңтарында «Батыс
Еуропа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И. Ленин қол қойған
декрет қабылданды. Бұл кезде юлиан және григорий күнтізбелерінің арасындағы
алшақтық 13 күнге жеткен еді. Декретте көрсетілгендей 1918 жылдың 31 қаңтарынан
кейінгі күн: 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Соның әсерінен бұрын
1-наурызда Жаңа жыл – Ұлыс күнін тойлайтын қазақ елі, 1918 жылдан бері қарай
14-наурызда көрісіп келеді деуге болады. Бұрын көрісу дәстүрі тек батыста емес,
барлық жерлерде де болған екен. Тек бертін келе отаршыл саясат ұмыттыруға
тырысқан. Бірақ, неге екені белгісіз, Батыс аймақ халқы арасында сақталып
қалған. Ай мен Үркердiң қиылысып өтуiн көшпелi жұрт тоғыс атаған ғой. Наурыз
айында тоғыстың келетін тұсы да осы күндерге келетін болса керек. Халық
сенімінде 14-нен 15-іне қараған күнi қой құмалағы қарға батып кетсе, жақсылыққа
санап, ырым еткен. 15-i күнi халық қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды деп
есептеген екен.

Ендеше, көрісу күні құтты болсын!
Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз елімізге береке, ынтымақ, байлық әкелсін!

Динара Дүрмән 

Серіктес жаңалықтары