ҚАПЫДА ҚАЛДЫРҒАН ҚИТҰРҚЫ КЕЛІСІМ

ҚАПЫДА ҚАЛДЫРҒАН ҚИТҰРҚЫ КЕЛІСІМ

ҚАПЫДА  ҚАЛДЫРҒАН  ҚИТҰРҚЫ  КЕЛІСІМ
ашық дереккөзі
236

Он алты жыл бұрын қаржылық қиындықтардың кесірінен біржолата жабылған байқоңырлық телекомпанияның тағылымды тарихы тереңнен тамыр тартады. Телеорталық пайдалануға берілген алғашқы күннен басшылық жасаудың барлық тетігі түгелдей мансапқор мәскеуліктердің билігіне көшті. Шовинист шенеуніктер техникалық құралдар мен жасау-жабдықтарды жергілікті студияға жалға ұсынып, қазынаның қыруар қаржысын қымқыруға көндірді. 

– Ол кезде жұмысқа орналасу оңай емес еді, – дейді монтаждаудың майталман маманына айналған Ғазиз Мұратов. – Қажетті құжаттар көптеген құрылымдардың құзырында қаралып, түп-тұқияның түрлі тексеруге түсетін. Еңбек кітапшамыз 2557 шақырым қашықтықтағы сейфке салынып, жалақы жоғарғы жақтан жіберілетін. 
Абдул Сермағанбетов есімді жас журналисті республика орталығындағы басшылар арнайы жіберсе керек. Жолдамамен келген ол жанына жиналған жанашырлардың қолдауымен қалың орман орыстың ортасында жүріп, жедел ақпараттарға қоса басқа да хабарларды қазақы қисынға келтірген-ді. Кезекті сапары барысында кенеттен қайғылы қазаға ұшыраған орда бұзар отыздағы аға редактордың асқақ армандары, әттең, аяқсыз қалды. 
– Жақсылық Бекқожаев марқұм сол кездері облыстық телевизия және радио хабарларын тарату комитетінің төрағасы еді. 1981 жылы ардақты ағамыз әскерилер шаһарына қызмет бабымен бару жөнінде ұсынысын айтып, нақты тапсырмаларын жүктегені әлі есімде. Әбдіжәлел Бәкір жолдама беріп (сол тұста облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі), кеңестік кезеңнің күн көсемі атындағы құпия қаланың телестудиясына ауысып келдім, – дейді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қарт қаламгер Темірхан Әбзейітов. – Бұл студия ғарыштық кешенде орналасқандықтан тікелей эфир арқылы немесе алдын-ала әзірленген бейне материалдарды республикалық және орталық арналар арқылы таратуға мол мүмкіндік берілген ерекшелігімен республиканың аумағында дара саналатын. Темірдей тәртібі мен ережелері бар беймәлім ортаға сіңісіп, жоспарлы жұмыстарды жүйелі жүргізу әсте оңайға түскен жоқ. Жергілікті тұрғындардың арасында ана тіліміздегі хабарларды кәсіби тұрғыдан сауатты әзірлейтін мамандар тапшы еді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін облыс пен аудандық газеттің қарымды қызметкерлері шақырылды. Ұлдай Ибадуллаева, Жеткерген Әбдіреев пен Шолпан Битенова, Қайрат Исаев және Сара Нұрғалиева мен Олег Ахметов сынды жүйрік журналис­тер аз уақытта қалың қауымға тез танылды. 
Жаңашыл жастардың батыл бастамасымен халқымыздың мәдени мұрасы мен салт-дәстүрі және таным-түсінігін танытуға бағытталған бағдарламалары (“Күмбез” бен “Дидар”) қалыптасты. Жауынгер ақын Әбзали Егізбаевтің сексен жылдығы мен қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіровтің алпыс жастағы мерейтойы және шайыр Нұртуған Кенжеғұлұлын еске алуға арналған шығармашылық кештің қайталанбас қолтаңбалардың қазіргі кезде қайда қалғаны күмәнді. Алтын қордың мұрағатында сақталуы тиіс тарихи таспаны көрермендерге қайталап көрсетсек, қанекей?! 
Рахима Келмағанбетова мен Лариса Коноваленко және Шакизада Әбдікәрімов сынды білікті басшылар ұйымшыл ұжымның бұқара мен билікті байланыстыратын беделін биіктете білді. 
– Шәкең арқалы ақын, жүйрік журналист ретінде елімізге етене танылған талантты тұлға. Ол сексенінші жылдардың соңында кез-келген хабарды қазақы құндылықтармен толықтыруға құлшына кірісті, – дейді сол кездің шуақты шақтарын сағынышпен еске алған бұрынғы редактор Керейтбай ақсақал Дүйсенов. – “Шаңырақ” бағдарламасында тіл мен ділдің мәселелерін тереңнен қозғап, “Шарайна” арқылы ғарыштық құдіреттің көлеңкесіндегі қиындықтар мен кедергілерді таразылайтын. Көптің көкейінде жүрген маңызды жәйттерді ауырсынбай арқалаған өткір тілді сюжеттерін республикалық арна арқылы жоғары басшылардың назарына жеткізуді бірінші бастаған батылдығы бір бөлек. Ол әркез ағымдағы ақпараттарды жедел ұсыну барысында қолданылатын соны әдіс пен тың тәсілдерді үйретуден жалыққан жоқ. Түрлі тақырыпта авторлық хабарлар жасауды тапсырып, орындалуын қатаң қадағалады. Жергілікті радиода аға редакторлықтан бастап, қалалық телекомпанияның бөлім меңгерушісі, бас редактор, төрағаның орынбасары, телекомпания төрағасы сынды биік белестерді бағындырған білікті басшының ерекше екпіні елдің есінде. Шығармашылықпен алаңсыз айналысу үшін аптаның бір күнін демалыс түрінде жариялап, мамандардың кәсіби шеберліктерін шарболаттай шыңдады. Жаңа жобалар жүзеге асқанда алар асуымыз алда еді, әттең… 
Аға буын өкілінің өкініш білдіретін себебі бар. 1996 жылдың қаңтарында тұтас телекомпанияны қамтамасыз ету рес­публика теледидар мен радиокорпорациясы мен ресейлік теле-радио хабарларын таратудың федеральдық қызметі және қала әкімшілігінің басшылығы бірігіп, үш жақты мақұлдаған уағдаластықтарға сәйкес басқару билігі жергілікті атқару құрылымына берілді. Телеорталықтың тізгіні техникалық жабдықтар мен басқа да құнды дүниелерді уысына шоғырландырған телекоммуникация және пошта мекемесіне (қазіргі “БайконурСвязьИнформ” муниципалдық біртұтас кәсіпорны) тиді. 
Қаржылық қиындықтардың кесірінен уақытша жалға берсе де, тәуелсіздігіміздің тұғырын тіктеген тұста бұқаралық ақпарат құралдарының басын біріктірген салалық министрлік пен ұлттық телеарна басшылары байқоңырлық бауырлардың талап-тілегін ескеріп, нақты шешім қабылдайтындығына сенген жанашыр жандар жоғарғы жаққа өтініш-тілектерін жолдағаны бар. Алайда олардың ресми жауаптары қазақы көрермендердің көңілінен шыққан жоқ. 
«Қазіргі таңда Байқоңыр қаласын “Қазақстан” ұлттық телеарнасы мен Қазақ радиосы бағдарламалары толық қамтыған, – дейді жауап хатының (17.02.2004 ж, №8-7/270) басында республикалық телерадиокорпорациясы жабық акционерлік қоғамының сол кездегі басқарма төрағасы Ғалым Дос­кен. – Сол үшін Қазақстан республикалық телерадиокорпорациясы ЖАҚ Россия Федерациясының Муниципалды унитарлы телекоммуникация және пошта кәсіпорнынан қуаттылығы 100 Вт.-тан жалға (мемлекеттің мүлкін өзге жұртқа жалға беріп, артынша олардан қажетті құрылғыларды субарендаға алғанымыз үшін бюджеттің қыруар ақшасын есепсіз шығындайтын уағдаластық кімге пайдалы? – Н.Т): теледидарға – РТЦА, радиоға – ЧВС, екі таратқыштарын алды. 
Хатта көрсетілген 1996 жылғы келісім-шарт “Қазақстан теледидары мен радиосы республикалық корпорациясы мен Ресейдің теледидар мен радиохабарлар таратудың федеральдық қызметі және Байқоңыр қалалық әкімшілігі бірлесіп үш жақты қол қойған Байқоңыр ғарыш кешенінің жалдық жағдайында Байқоңыр телекомпаниясының жұмыс жүргізу тәртібі туралы“ – “Қазақстан“ республикалық телерадиокорпорациясы ЖАҚ архивінде тіркелмеген (мемлекеттік мекеменің мұрағат қорында халықаралық деңгейдегі құжаттың табылмауы тараптардың қолы қойылмастан қабылданғандай күдік-күмәнді көбейтеді – Н. Т). 
Құрамында қазақ және орыс бөлімдерінің журналистері бар үлкен шығармашылық ұжымды еріксіз таратқан қала әкімшілігі (№138а қаулысына 13.04.1998 жылы қол қойған бұрынғы басшы Геннадий Дмитриенко болатын) кейіннен қарамағындағы бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жасайтын бөлімнің құзіретін орыс тілді журналистер есебінен қайта кеңейтті. Және коммуналдық кәсіпорындарға бюджеттен қыруар қаржы бөліп, жаңадан баспасөз орталықтарын ұйымдастырған соң бос жүрген жұмыссыздарды кәсіби қызметтермен қамтығанын көрдік. Ал қос қолын қусырып қалған қандастарымыздың көбі мамандықтарын еріксіз ауыстырып, тұрмыс-тіршілігі үшін бағы мен бабын басқа салаларда сынауға мәжбүр болды. 
Ресейдің құзырындағы жұлдызды шаһар мен іргелес (Төретам кенті мен Ақай ауылы) екі елді мекендегі қандастарымыздың саны соңғы халық санағынан бері сексен мыңға жуықтаған. Отанынан оқшау аймақтың ақпараттық ахуалы аянышты әрі алаңдатарлықтай. Себебі бұл өңірде ресейлік ресми және бейәдеп басылымдардың шектеусіз сатылатындығын айтпағанда теріс тәрбиелейтін татымсыз телеөнімдерге толы көптеген арналар көрсетіледі. Еліміздің азаматтары дүние жүзі мен алыс-жақын көршілеріміздегі жайсыз жағдайларды ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының орыстық мүддеге сай бұрмаланған мәліметтері арқылы бағалайтын болды. Украина мемлекетіндегі қазіргі кезде қалыптасқан тұрақсыздық ақуалына алаңдайтын ағайындардың ресейлік ұстанымды жақтап, америкалықтарды айыптауы бұған дәлел. 
Құдай сақтасын дейік, елімізде саяси дағдарыс иектесе солтүстіктегі көршілеріміз ұзақ мерзімге жалға алған ғарыш кешені мен әскери сынақ алаңдарында қызмет атқаратын азаматтарының (бүгінгі есеп бойынша ресейліктер – басқа да шет елдіктерді қосқанда 30 000-нан әрең асады) амандығына алаңдайтындығын алға тартып, құпиясы көп стретегиялық нысандарды біржола басып алуға кірісері хақ. Ұлан-ғайыр жеріміздің қақ ортасындағы қазақы қалаларға қарумен кірген әлеуетті әскердің ұлтаралық жанжалдарды қоздырмасына кім кепіл? 
Әзірге ақпараттық қауіпсіздігі мемлекеттің сындарлы саясаты арқылы жеткілікті түрде сақтандырылмаған жергілікті қазақстандықтар бірнеше отандық арналардың бағдарламаларын амалсыздықтан қанағат тұтып отырған жайы бар. Жергілікті билік жүзге жуық каналдары бар Ресейдің спут­никтік құрылғыларын қосатындарға кедергі келтірмесе де, еліміздің жерсеріктік теледидар жүйесіне жалғанатындарды жатсынғандай жақтырмайды. 
Республикалық радио хабарларын мемлекеттік тілде тыңдау мүмкіндігі болмағандықтан жұрттың дені шет елдіктердің жаңалықтарымен сусындауға мәжбүр. Бұл олқылық, әсіресе, аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының біржақты ұйымдастырылуынан айқын көрініп отыр. Себебі, бұл бағыттағы жергілікті жұмыстарды үйлестіретін салалық құжат қабылданбаған. Бірақ ресейлік кәсіпкердің жеке иелігіндегі коммерциялық (1994 жылғы мамыр айының 11-інде ҚР бұқаралық ақпарат құралдары Министрлігіне тіркеліп, №1313 куәлігін иеленгенімен қазіргі кездегі лицензиясы ресейлік) “Виза” телекомпаниясы орысша хабарларын жиырма жыл үзбей таратып келеді. Жалдық сипаттағы қарбалас жұмыстар басталған сонау 1995 жылдары ешкімге елеусіз қалған тиісті жиілікті ешқандай тендерсіз жеке-дара иеленіп алған жеке кәсіпкердің құжаттарын да тексеріп көретін кез келгендей. 
Байқоңырдың босағасын бекітіп, шаңырағын шайқалтпаған қалың қазақ көрермендерін қапыда қалдырып, талай тағдырды тұқыртқан қитұрқы келісімге қол қойған кімдер? Қазақстандықтардың қорғаусыз қалған конституциялық құқықтарын қайта қалпына келтіретін қуанышты күн қайда? 

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ,  Астана қаласы 

Серіктес жаңалықтары