796
МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫНЫҢ РӨЛІ ҚАНДАЙ?
МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫНЫҢ РӨЛІ ҚАНДАЙ?
Бүгінде Қазақстанның идеологиялық кеңістігі бос тұр. Бұған дейін Мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Марат Тәжиннің елшілік қызметке ауысып, оның орнына Мемлекеттік хатшы қызметін Президент әкімшілігінің жетекшісі Кәрім Мәсімовтің уақытша атқарғанына да бір жарым айдай уақыт болды.
Алғашқы кезде саясат тақтасындағы бұл өзгеріс біршама талқыланғаны мәлім. Ал әзірге бұған дейін жасалған болжамдар да, сараптаулар да сап тиылды. Сонымен Мемлекеттік хатшының орынтағы әлі бос тұр. Марат Тәжиннің орнын басатын, мемлекеттік хатшылыққа лайық ешкімнің болмағаны ма? Ол жағын түсіндіріп айту қиын. Кейбір болжамдарға назар аударсақ, Қазақстанның Мемлекеттік хатшы лауазымы алынып тасталуы мүмкін екен. Алайда бұл сыбыстың шыққанына да екі айдай уақыт өтсе де, оның растала қоймағаны анық. Ендеше егер бұл лауазым сақталатын болса, оған кім лайық? «Мемлекеттік хатшы» дегеніміз кім? Оның лауазымына қандай міндеттер кіреді?
Қазақстанда ең алғаш осы лауазым 1996 жылы пайда болған. 1996 жылдың наурыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР Мемлекеттік хатшының дәрежесі мен уәкілеттігі туралы» Қаулы шығарды. Және тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Мемлекеттік хатшысы бүгінгі Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов болған еді. Сол кездегі Мемлекеттік хатшының уәкілеттігі өте ауқымды болғаны айқын. Ол әлеуметтік-экономикалық, аймақтық бағыттағы, құқықтық саясаттағы негізгі бағыттарды ұсынып отыруды, биліктің барлық бұтақтарының құрылымын келісуді, сыртқы саясаттағы стратегияны айқындауды мойнына алды. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшының мүддесін Парламент, Үкімет, Конституция және Жоғарғы сотта барын салып қорғауға тиіс болды. Әрі ол Ұлттық банк, республикалық бюджетті орындауды бақылау жөніндегі Есеп комитеті, Бас Прокуратура, ҰҚК, тіпті сол кездегі Баспасөз және бұқаралық ақпарат жөніндегі ұлттық агенттіктің (бүгінде Байланыс және ақпарат агенттігіне айналды) жұмысын қадағалауға міндетті болды. Демек, оның өкілеттігі елдің Премьер-министрінен де жоғары болды деуге болады. Олай дейтініміз, ол елдегі тек Президентке ғана бағынатын – ҰҚК, Бас Прокуратура, Ұлттық банк, Есеп комитетінің де жұмыстарын бақылай алды. Алайда Ахметжан Есімовтің басқа қызметке ауысуына орай, Мемлекеттік хатшының бір басындағы бұл өкілеттіктердің барлығы алынып тасталды.
Келесі Мемлекеттік хатшы ретінде Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбіш Кекілбаев тағайындалғанда, таңданғандардың көп болғаны жасырын емес. Алайда зиялы қауым бұл бастаманы жапатармағай қолдады. Мемлекеттік хатшы лауазымына лайықты адам отырды десті. Өйткені көпшіліктің түсінігінде баяғының идеологиялық хатшысының орнын – бүгінгінің мемлекеттік хатшысы басып отыр. Қазақстан – идеологиядан бас тартқан мемлекет. Алайда бұрынғы партия қызметкерлеріне бұны түсіну қиын. Сол себепті де болар жазушы, ғалым Мырзатай Жолдасбеков жақында «Жас қазақ» апталығына берген сұхбатында: «Бұрын КПСС-тың пәленбай хатшысы болса, солардың біреуі идеологиямен айналысатын. Қызметінің аты да идеология жөніндегі хатшы болушы еді. Қалғандары әр салаға қарайтын. Ал қазір бізде ондай нақты идеологияға жауап беретін тұлға жоқ. Негізі мемлекеттік идеологиямен мемлекеттік хатшы айналысуы керек еді, бірақ ол қызмет орынтаққа кім отырса, соның ыңғайына кетіп жүр. Сондықтан, бізде мықты идеологтар болғанымен де, нақты қызметтің өзі жоқ. Соның салдарынан бәріміз шөре-шөре болып жүрміз», – деген.
Әбіш Кекілбаев бұл орынтақта отырған кезде идеологиялық маңызды мәселелерді шешуге талпынды және Президентке осы тұрғыдан ақыл-кеңестер беріп тұрды. Әбіш Кекілбаев осы лауазымда 2002 жылдың қаңтарына дейін отырды. Әрі ол Мемлекеттік хатшының рөлін шын мәнісінде идеологиялық хатшыға айналдыра білді. Ол билік пен халық арасындағы, шығармашылық зиялы қауым арасындағы көпір бола білді. Дәл осы уақытта билік бұтақтарына ғылым мен мәдениет қайраткерлері көптеп келді және мемлекеттік идеологияның қалыптасуына айтарлықтай ықпал етті.
Кекілбаевтың орнына кәнігі саясаткер, Сыртқы істер министрі, Премьер-министр қызметтерін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Ол бұл лауазымды Сыртқы істер министрі қызметімен бірге атқарды. Алайда ұзаққа бармады, 2003 жылдың жазында оны Иманғали Тасмағамбетов алмастырды. Тасмағамбетов Мемлекеттік хатшы қызметін атқарып тұрғанда ел идеологиясын қалыптастыруға бірнеше нақты қадам жасағаны мәлім. Олардың ең бастыларын атар болсақ, «Мәдени мұра» бағдарламасының өмірге келуі, Күлтегін жазуларының көшірмесін Моңғолиядан алдырып, ашық аспан астындағы мұражайды жасақтауы, т.т.
2004 жылы Мемлекеттік хатшы қызметіне Оралбай Әбдікәрімов жайғасты. Алайда Оралбай Әбдікәрімов өзге қызметтері секілді бұл лауазымын да үнсіз атқарды. Елдің есінде қалатындай елеулі іс тындырмады дейді көптеген сарапшылар. Алтыншы Мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ төрағалығын және жетінші Саммитін өте тыңғылықты атқарып, абыройға ие болғанымен, үнемі орыс тілінің Қазақстандағы мәртебесі үшін күресіп, елдегі негізгі ұлт өкілдерінің сынына жиі ұшырағаны мәлім. Оның Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында «Орыс тілінің мәртебесі сақталатын болады» деуі біраз уақыт әңгіме өзегіне айналған еді.
Қанат Саудабаевты алмастырған Мұхтар Құл-Мұхамедтің де бұл лауазымда ұзақ отырмағаны белгілі. Мұхтар Құл-Мұхамед Арқанкерген шекара заставасында қаза болған 15 сарбаздың өліміне орай Қазақстанда тұңғыш рет «қаралы күн» жариялауға ықпал етті. Содан бері, осындай төтенше жағдайда мерт болған қарапайым халық өкілдері үшін «қаралы күн» жариялау дәстүрге енді. Оның алдындағы Қызылағаштағы топан судан көз жұмғандардың аруағын еске алып, қаралы күн жариялау үрдісі бізде болмаған еді.
Марат Тәжиннің Мемлекеттік хатшы қызметіне келуі де біраз талқылауларға мұрындық болды. Біріншіден, Марат Тәжиннің сыртқы және ішкі саясаттағы салмағы мен ықпалы басым еді. Ол Сыртқы істер министрі қызметін атқарып тұрғанда да, өзінің ешқандай кландармен, рулық байланыстардан ада, нағыз кәсіби дипломат екенін таныта білген сияқты. Марат Тәжин Мемлекеттік хатшы орынтағына жайғасуымен, Президенттің талай жылдан бергі саяси кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың Грузияға елші болып аттануы тұспа-тұс келді. Сол кездегі болжамдарға көз жүгіртсеңіз, Ермұхамет Ертісбаевтың Грузияға кетуінің өзі Мемлекеттік идеологияның Марат Тәжиннің қолына өтуімен тікелей байланысты делінеді. «Енді Президентке Ермұхамет Ертісбаев секілді кеңесші қажет болмай қалды», – десті саяси сарапшылардың біразы.
Марат Тәжин екі істі қолға алуымен ерекшеленеді. Оның біріншісі, тарихи сананы жандандырып, тарихи жадыны қалыптастыру. «Тәуелсіз елдің азат ойлы ұрпағын қалыптастыру үшін санасында тарихи төңкеріс жасау керек. Сол арқылы қазақ халқының рухын аспандату лазым», – деді ол. Марат Тәжиннің бұл бастамасын әсіресе қазақтілді БАҚ қуана қарсы алды. Науқан өте қызу басталған кезде, неге екенін қайдам бұл іс аяқсыз қалған сияқты. Сөйтіп, жақсы басталған істің соңы сұйырқұйымшақтанып жоғалды дейді кейбіреулер.
Марат Тәжиннің тағы бір ісі – еліміздің идеологиялық алаңы – баспасөзге төңкеріс жасау, оның бір сарындылығын түбегейлі өзгертіп, шын мәнісіндегі тәуелсіз ақпараттық кеңістікті құру мәселесін күн тәртібіне қоюы. Бұл ретте Марат Тәжин «азаматтық журналистиканы» дамытуды көздеді және блогшыларды қолдайтындығын танытты. Кейін бұл «Тәжин тізімі» деп үкіленіп, ақпарат саласында да ірі сілкініс болады деп болжанған. Алайда бұл істің де аяқсыз қалғаны айқын. Екі бірдей бастамасы жол ортада қалғаннан кейін, Марат Тәжиннің де ісі мандымады, үні құмыға берді. Демек, оның идеологиямен қарқынды айналысуы кейбіреулерге ұнамағаны анық.
Жалпы бүгінгі Мемлекеттік хатшының уәкілеттігіне не кіреді? Ол 1996 жылғыдай өте ауқымды өкілеттерге ие ме? Осы тұрғыдан келетін болсақ, бүгінде оның міндеті – шетелдік елшілерден сенім грамотасын қабылдау, еңбек озаттарына орден және медальдер тапсыру, әртүрлі меретойлар мен мерекелік салтанаттарда сөз сөйлеу секілді өкілдіктері ғана сақталып отыр. Алайда ол – президенттiң iшкi және сыртқы саясаттағы iс-әрекетiнiң негiзгi бағыттарын көрсететiн ақылшы. Қысқасы, мемлекеттiк хатшы – iшкi-сыртқы саясаттағы барометр.
Бұл лауазым – Қазақстанда бесінші деңгейдегі лауазым. Дегенмен оның салмағы мен ықпалы – бұл орынтаққа отырған адамға байланысты болып келді. Демек – тұлғаға байланысты. Ол қандай да бір саяси шешімдерге ықпал ете білетін, мәртебелі адам болса, бұл лауазымның да мәртебесі бір саты жоғары тұрды. Марат Тәжиннің Мемлекеттік хатшы болуы – оның салмағын арттырғаны да рас.
Ал енді екі айға жуық бос тұрған бұл лауазым кімге бұйырады? Саяси сарапшылар бірнеше үміткердің атын атайды. Олар – Президент әкімшілігінің орынбасары Бағлан Майлыбаев, Астана қаласының әкімі – Иманғали Тасмағамбетов, Грузиядағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Ермұхамет Ертісбаев. Ал тағы бір гу-гуге сенсек, бұл лауазымның мүлдем алынып тасталуы мүмкін дейді. Кейбір саясаттанушылар бұл лауазымның бізге мүлдем қажеті жоқ деген пікірде. Өйткені Қазақстан секілді унитарлы мемлекетте Мемлекеттік хатшының рөлі төмен. Еуропа елдерінде бұл лауазымды Сыртқы істер министрлері атқарады. Біздегі екі мемлекеттік хатшының – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қанат Саудабаевтың осы лауазымды Сыртқы істер министрі лауазымымен бірге атқаруы да тегін емес. Ал Америкадағы Мемлекеттік хатшының негізгі міндеті – өзге мемлекеттермен байланыс мәселелеріне жауап беру. Қалай десек те, Мемлекеттік хатшының бос тұрған орынтағына кім келерін болжаумен біраз уақыттың өткені анық.
Есенгүл Кәпқызы