АЗИЯ ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕ ҚОЛ СОҚПАҚ

АЗИЯ ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕ ҚОЛ СОҚПАҚ

АЗИЯ ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕ  ҚОЛ СОҚПАҚ
ашық дереккөзі
192

Қазақта ертеден бүгінге жеткен ұлттық спорт түрлері баршылық. Соның ішінде қазақ күресінің алатын орны ерекше. Ертегі кейіпкеріндей алып тұлғалы, еңсегей бойлы апайтөс батырларымызды да осы ұлттық спорттан көріп жүрміз. Бұрын-соңды ауыл халқы жиналған жерде міндетті түрде қазақ күресі майталмандарының күш сынасуын қызықтайтын болса, соңғы кезде осы дәстүр сабақтастығынан қол үзіп қалған едік. Бүгінде қазақ күресінің айы оңынан туып, асығы алшысынан түсіп келетіні қуантады. 

Алайда, бұқара арасында насихатталуының аздығынан ба, әлде сайыстар қатарында қазақ күресінің көріне бермейтіндігінен бе, әйтеуір ұлттық спорт ойынына деген қолдау кемшін сияқты көрінетін. Бірақ ұлттық спортқа жанашыр азаматтардың арқасында қазақ күресінің бағы қайта жанып келеді. Қазақ бар да, қазақ күресі өле ме?! Әрине, жоқ! Қуаныштысы сол, бүгінгі таңда да еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық қазақ күресінің тамырын үзбей жүрген балуандар баршылық екен. Олар былайғы жұртқа аса танымал бола бермесе де, өз жерінде, өз ауылында «Түйе балуан», «Піл балуан» деген аса мәртебелі атақтың иесі! Айтыңызшы, осыдан екі-үш жыл бұрын Тараз қаласының атақты балуаны Бейбіт Ыстыбаевты кім танитын еді?! Шығыс Қазақстан облысына танымал Шалқар Жоламанов пен Айбек Нұғымаровты ше? Қызылорданың атын шығарып жүрген Ұлан Рысқұлды кім білген? Ал, қазір бұл балуандарды еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біледі. Тіпті, Астанада екі мәрте дүбірлетіп өткізген балуандардың белдесуіне жиналған халықтың санында есеп болмады. Ол ол ма, көгілдір экран алдында қаншама жанкүйер жеті-сегіз сағат бойы тырп етпестен отырды десеңізші… Міне, қазақ күресінің құдіреттілігінің бір көрінісі! 

Ұлттық спорт ойынын сүйетін халықтың бар арман-тілегі – қазақ күресінің үлкен додалардан көрінуі. Ол үшін осындай республикалық белдесулерді көптеп өткізіп, болашақ «түйе», «піл» балуандардың сыналуына мүмкіндік жасау қажет. Қазіргі кезде қазақ күресі әсіресе, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облысында жақсы жолға қойылған көрінеді. Нәтижесінде ұлттық спортымыз – қазақ күресі өлмей, өшпей бүгінгі күнге жетіп отыр. Енді оны қайтадан жоғалтып алмау қажет. «Қазақстан барысы» жарысын ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жыл сайынғы өтетін дәстүрлі кездесуге айналады. Бұл арман орындалды деуге толық негіз бар. Тіпті, ұлттық спорттың темірқазығы – қазақ күресін шетелдіктер де тікелей эфирден тамашалады. Әсіресе, былтыр Тараз қаласында өткен «Еуразия барысына» алыс-жақын елдерден «сен тұр, мен атайын» деген балуандар келгенде, қазақтың жігіттері ерлеп, нағыз апайтөс екенін дәлелдеді. Бұл біздің еліміз үшін де үлкен абырой, үлкен мерей!  

Демек, шетелдіктер де қазақты ұлттық спортымыз арқылы тануы тиіс. Жақында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының кезектен тыс отырысында биылғы жылдың қорытындысы шығарылып, келесі жылдың күнтізбелік жоспары жасалды. 

Басқосу барысында «Нұр Отан» партиясының хатшысы, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Қайрат Сатыбалдыұлы баяндама жасады. Ол Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің дерегіне сүйене отырып, қазіргі таңда еліміздің 250952 азаматы ұлттық спортпен айналысып жатқанын жеткізген болатын. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көр­месіне келетін шетелдіктер біздің ұлттық ерекшелігімізге, дәстүрімізге, спор­тымызға айрықша назар аударатындығы белгілі. Осыны ескере отырып, біз жал­пыұлттық жобаға өз үлесімізді қосуымыз керек. Шетелдіктер бізді саясат, эко­номика арқылы ғана емес, ұлттық спортымыз арқылы да тануы тиіс», – деді Қ.Сатыбалдыұлы. Оның пікірінше, ұлттық спорт түр­лері қауымдастығының қазіргі тұжы­рымдамасын заман талабына жауап бере алатын дәрежеге жеткізген жөн. Сонымен қатар биыл қолға алынғаны­мен тиянағын таппай қалған ұлттық спортты дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасын біржақты қылып, Үкіметке ұсыну керек. Бұл бағдарлама көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық спорт түрлерін дамытуы тиіс. Ұлттық спорт түрлері қауым­дас­ты­­ғының алда тұрған басты міндеттері­нің бірі – ұлттық спортты Қазақстанның барлық аймақтарына таратып, оған бұқаралық сипат беру. Халықаралық спорт қозғалысымен, спорт қауымдас­тықтарымен, жергілікті билік өкіл­дерімен бірігіп, бір жүйемен, бір мақ­сатпен жұмыс істеуге қол жеткізу. 

Айтпақшы, былтыр Астанада қазақ күресінің тарихында тұңғыш рет «Қазақ күресінің өткені, бүгіні және болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, онда ұлттық спортымыздың даму тарихы мен қалыптасу кезеңі, сондай-ақ қазақ күресінің ережесі екшеліп, күрес кезінде рұқсат етілген және рұқсат етілмеген әдіс-тәсілдер тал­қы­ланды. Болашақта ұйымдас­ты­рылатын жарыстардың жос­парлары пысықталып, «Қазақтан Барысын» анықтау барысында дау-дамай тумас үшін төре­шілердің кәсіби біліктілігін арттыру туралы талап қойылды. Балуандардың шеберлігін шыңдау және бүгінгі барыстардың ізба­сарларын іздеп табу мәселесі де осы отырыста сөз болды.

«Қазақстан Барысы» жобасы шын мәнінде жалпы­ұлт­тық жобаға айналып үлгерді.   Қазақ күресінен әр құрлықта 3 – Әлем, 9 – Азия, 1 – Еуропа чемпионатының, 2 – Әлем кубо­гының ұйымдастырылуы оның танымалдығы мен беделін көр­сетеді. Биыл ұлттық күрестен респуб­лика бойынша өткен жа­рыстарға 150 мыңнан астам ба­луан қатысты. Осының барлығы қазақ күресін Азия және Олимпиада ойындарының бағ­дарламасына енгізу мақсатында атқарылып жатқаны айқын. Қазақ күресі қазақ халқының болмысын нақтылайтын мәдени құн­дылық ретінде ЮНЕСКО-ның халықа­ралық бағдарла­ма­ла­рының ті­зіміне енбекші.

 «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры Қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев газетімізге берген сұхбатында: «Қазақ күресінің басқа күрестердің кө­леңкесінде қалып қойғанын осыдан 4 жыл бұрын Моңғолияға барғанда білдім. Олардың ұлттық кү­рестеріне құрметпен қара­ған­дарына, жеңімпаздарын төбе­леріне көтергендеріне қатты қы­зықтым. Сонда маған «неге біз өзіміздің ұлттық күресімізді моңғолдарша дәріптемейміз?»  деген ой келді. Осындай ойдың жетегінде жүріп «Қазақстан Барысы» жобасын қолға алдық. Артынан «Жас барыс» жобасының тамырына қан жүгірттік. Бір қуантарлығы, қазақ күресіне жасөсіпірімдер де көптеп қатысуға ниет білдіруде. Алдыңғы буын ағаларының жолын қуғысы келген 300-ден астам «Жас барыстар» Қызылорда қаласында бақтарын сынады. Ұлттық спортымызды дамытуға жұмыла отырып атсалыссақ, Олимпиада ойындарының қатарына қосуға да мол мүмкіндік туады», – деген еді. Сәтін салса, бұл күнге де жететін күн алыс емес сияқты. Осы тұрғыда қазақ елінен сүйіншілейтін жаңалығымыз бар! Себебі, биыл Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында алауы тұтанатын жазғы Азия ойындарының бағдарламасына қазақ күресін енгізу жоспарлануда. Қазір осы мақсатта бірқатар жұмыстар қолға алынып, шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық конференция өткізу басты жоспарда. Тағы бір жағымды жаңалық – Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының президенті Серік Төкеевтің ай­туын­ша, Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясы болашақта рес­публикалық «Қазақ күресі» фе­дерациясымен бірге төл өне­рімізді Дүниежүзілік кешенді мұсыл­мандар ойындары және кешенді Спорт акорд ойындарына кір­гізуді көз­деп отыр. Мақсатқа жету үшін 2014 жылдан бастап әйелдер арасында қазақ күресін рес­публикалық һәм халықаралық ресми жарыстарға қосу жағы қарастырылуда. «Бұл – қазақ күресімен әйел­дердің де айналысуына жағдай жасалады деген сөз. Олим­пиа­далық хартия бойынша әлемнің 4 құрлығындағы 64 елде «Қазақ күресі» федерациясы болуы шарт. Төрт құрлық бойынша 80 мем­лекетте «Қазақ күресі» феде­рацияларын құрып, 2016 жылы ұлттық спортымызды Олимпиада ойындарына кіргізуге тапсырыс беруді жоспарлап отырмыз», – деді федерация президенті. Демек, ұлттық спорт ішіндегі ең әдемісі – қазақ күресі өз сара жолын тапты! Біз де сумо ойыны десе, ішкен асын жерге қоятын жапондар сияқты қазақ күресін әлемге кеңінен танытып, оны ұлттық идея деңгейіне жеткізсек, бір арманымыздың орындалғаны емес пе?!  

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары