АСТАНА АРАҒАЙЫНДЫҚ ЖАСАУЫ МҮМКІН
АСТАНА АРАҒАЙЫНДЫҚ ЖАСАУЫ МҮМКІН
Ресей мен Украинаның ортасында қалған Қырым қырықпышақ. Саяси мүдделер қақтығысында беделіне нұқсан келтірмеуді ойлаған тараптар Қазақ президентін арағайындыққа тартты. Тығырықтан шығар жолды қарастырып, шекара тұтастығын, халықаралық құқықтарды сақтай отырып, бітімгершілікке келуде ықпал етуге Елбасы тас-түйін дайын отыр.
«Украинаның тұтастығы сақталады»
Үстіміздегі жылдың 10-11 наурызы аралығында ҚР Президенті Н.Назарбаев Ресей Президенті В.Путинмен кездесуі тиіс блатын. Бірақ Кремльдегі кездесу сәуірге шегерілді. Есесіне, екі ел басшылары телефон арқылы сөйлесіп, Украинаға қатысты мәселелерді талқыға салды. Қазіргі ахуал жайлы ой бөліскен ресейлік әріптесіне Н.Назарбаев Қазақстанның стратегиялық серіктес ретінде Украинадағы аз ұлттар құқығын, сондай-ақ, өз қауіпсіздігінің мүддесін қорғайтын Мәскеудің ұстанымына түсіністікпен қарайтынын айта келе, Украина мен Ресей мәселесінде барлық мүдделі қатысушылар байыптылық танытатынына және келіссөздер жолымен жағдайды тездетіп қалпына келтіру шараларын қабылдайтынына үмітті екенін жеткізді. Елбасы Путинге украиндар еліндегі дағдарысты егемендікті сақтай отырып, халықаралық құқық нормаларына сәйкес бейбіт жолмен реттеуді ұсынды. Елбасының бұл сөзінің астарында басқыншылық әрекетті құптамайтынын ашық байқатты.
Путинмен сөйлескен күні Н.Назарбаев АҚШ президенті Барак Обама мен Германия канцлері Ангела Меркельмен де телефон арқылы сөйлескен болатын. Обама Қазақ әріптесімен бірге Қазақстан-Америка арасындағы екіжақты байланыс, келешектегі жоспарлары, сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 24-25 наурызда Гаагада өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке дайындық барысын талқылады. Әңгіме барысында әлбетте, Украинадағы ішкі жағдайдың дамуы, Ресей ұстанымы да шет қалған жоқ. Екі президент те Украинадағы дағдарысты осы елдің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін және барлық мүдделі тараптарды жақындастыруға септігін тигізетін дипломатиялық әдістерді пайдалана отырып, бейбіт жолмен реттеу қажеттігін қуаттады.
Еуропалық Одаққа мүшелікке өтуді, жалпы батыстық бағытты таңдаған Украинаға Ресей қарсы. Әп дегеннен-ақ кремльдік саясатқа кетары емес Януковичтің қолтығына су бүркіп, Майданға датын айтып шыққан азаматтардың талап-тілегін ескерудің орнына, күш қолданып, оның соңы адам өліміне, қантөгіске әкеп соқты. Ашулы халықтың тегеурініне шыдай алмаған ол бүгінде баспасөз мәслихаттарын шекара сыртында өткізіп жүр. Ал еуропалық және ресейлік бағытты ұстанған халық екіге жарылды. Соның салдарынан бүгінде Қырым да қырықпышақ. Анығы, алғашқыда 30 наурызда жалпыхалықтық референдум өткізбек болған Қырым билігі көп ұзамай, бұл шараны 16 наурызға ауыстырған. Сағат санап емес, сәт санап өзгерген саяси оқиға соңы Қырымның Тәуелсіздік деклорациясын жариялауға ұласты. Алайда Қырымның ежелгі тұрғындары – татарлар Ресейге қосылуға үзілді-кесілді қарсылық білдіріп отыр. Әлемдік қауымдастықтан, сондай-ақ, бауырлас Қазақстан, Түркия, Әзірбайжаннан көмек сұрады. Түркия билігінің осы мәселеге орай ұстанымын білдірген түріктердің сыртқы министрі Ахмет Дауытоғлы татарларды өзекке теппейтінін айтты: «Қырымдағы 300 мыңнан астам татар бауырлар автономия алған жағдайда Түркияның қамқорлығына өтетінін мәлімдеді. Бірақ Қазақ президенті Қырымның ғана емес, жалпы Украинаның тұтастығын сақтап қалуды мақсат етіп отыр».
Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында «Назарбаев Украина мен Ресей арасындағы дауды бейбіт жолмен шешуге ықпал етуі мүмкін» деген хабар тарауда. «Независимая газета» жариялаған мақалада «Өткен аптада Назарбаев, Лукашенкомен Мәскеуде кездескен Путин Украинаның Кедендік одақ бойынша серіктес екенін, сондықтан, одақтастарынан Украинаға қатысты мәселеде тығырықтан шығар жолды қарастыруға өтініш айтты», – делінген. Путиннің де, Обама мен Меркельдің де Назарбаевқа үміт артуы, өтініш айтуы тегін емес. Ресейдің Ұлттық стратегиясы институты халықаралық бағдарламалар директоры Юрий Солобозовтың пікірінше, «Қазақстан президенті танымалдығы мен белсенділігі жағынан алғанда, әлемдік көсемдердің ондығына кіреді. Ол – Батыс пен Шығыс арасындағы мінсіз бітімгер. Қазақстанның дағдарысты қару-жарақсыз әрі шекара тұтастығын сақтай отырып, шешуде тұрақты ұстанымы бар».
Қазақ президентін арағайындыққа тартқан тараптар тығырықтан абыройына нұқсан келтірмей шығуға мүдделі. Өйткені әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен Интернетте Украина мен қырымға қатысты жөнсіз пікір айтып, талайдың жүйкесін «қытықтаған» ресми мәлімдемелер болды.
«Қазақстан сабақ алуы тиіс»
Қырықпышақ болған Қырым туралы әңгіме қозғалған сәтте Қазақстанның солтүстік аймағындағы облыстар, яғни, еліміздің территориялық тұтастығына қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелердің шеті қылтиды. Орталық Азия мен Орта Шығыс жөніндегі сарапшы Александр Князев: «Қазақстан – Кедендік одақтың мүшесі, Еуразиялық экономикалық кеңістік құруға бастама көтергендердің бірі. Назарбаев батыстық сценарийді Қазақстанда қайталамау үшін араағайындықта аса белсенді. Себебі, оның Ресеймен бірігуге ұмтылған қадамын Батыс та, АҚШ та аса жақтырмайды», – дейді. Сонымен, бітімгершілікке бел буған Елбасы Украина мен Ресей арасындағы дауда қандай қағидаға сүйенгені жөн? Тәуелсіз саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, Қазақстанның осы екі елмен өзіндік байланыста дербес-дербес төл мүдделері бар екендігін ескеруіміз керек. «Олар кей кезде бір-бірімен қабыспауы да мүмкін ғой. Иә, Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасағандай болды. Иә, президент Мәскеуге барып, осы бәленің басы боп отырған Путинмен сөйлесіп те қайтты. Бірақ осы жағдайға біздің биліктің беріп жатқан бағасында үш нәрсе жетіспейді. Біріншісі сол, Ресейдің «орыстар мен орысша сөйлейтіндердің мүддесін қорғау үшін әскери күш қолдануға да барамыз» деген мәлімдемесін мейлінші қатты сынға алу керек еді. Өйткені, сол фактор бізде де бар. Сондықтан қауіптің алдын алғанның еш әбестігі жоқ. Және де Кремль Ақордаға «Қазақстандағы орыстардың жағдайына қатысты біз дәл осындай қадамдарға бармаймыз!» деп ашық та мығым түрде кепілдік беруі керек еді. Әзірше ондай ниет, ондай қадам сезілмейді. Екінші жайт әскери сипатқа ие. Өткен жылы Қазақстан Ресеймен бірлесе ортақ Әуе шабуылға қарсы қорғаныс жүйесін құру туралы шартқа қол қойды. Яғни, біздің әуе кеңістігіміз толығымен көрші елдің қарауында. Жаман айтпай, жақсы жоқ, ал егер де ертеңгі күні Ресеймен арамыз суып кетсе, біздің қорғанысымыздың жайы не болмақ?! Оның үстіне ОДКБ аясында біздің өзара міндеттеріміз бар. Мәселен, соғыс жағдайында бір-бірімізге әскери көмек беру деген сияқты. Бұл өзі өз алдына бөлек үлкен әңгіме… Үшінші жайттың таза экономикалық сипаты бар. Қазір Батыстың дамыған елдерінің дені Ресей Украинаға басқыншылық жасаса, Ресейге қарсы қатаң санкциялар қолданатынын айтып жатыр. Ол санкциялардың арты қиын болмақ. Онсыз да даму қарқыны тым төмендеп кеткен Ресей экономикасы жаңа қиындықтарға душар болары хақ. Соның бәрі Ресеймен бірге Кеден және Еуразиялық Одақтарына мүше болып отырған біздің елдің экономикасына да өзінің теріс әсерін тигізері тағы да анық. Осы жағдайда біз өзіміздің отандық экономикамызды қалай қолдаймыз? Осы бағытта өкіметтің арнайы жоспары бар ма? Бар болса, оның мән-мазмұны қандай? Осы жағын да мықтап ойластыруымыз керек сияқты», – дейді.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ