Қырым тәуелсіздік декларациясын қабылдады
Қырым тәуелсіздік декларациясын қабылдады
Қырым Парламенті бүгін,
яғни наурыздың 11-інде өздерінің тәуелсіздік декларациясын
қабылдады. Демек олар енді ресми Киевке бағынбайтындықтарын мәлімдеді. Бұл декларацияның қабылдануына
Қырым депутаттарының 78-і қолдап дауыс берген, барлық депутаттардың саны – 100.
Бұл құжат Қырымның
Ресей құрамына кіруіне қатысты референдум өткізуі үшін қажет. Егер ондағы
тұрғындардың басым көпшілігі – бұл бастаманы қолдайтын болса, онда Қырым Ресей
құрамына енуі әбден мүмкін. Аталған жарты аралдағы сайлау комиссиясы осы
жексенбіге, яғни наурыздың 16-сына белгіленген референдумге дайындалуда. Ал баспаханаларда
сайлау бюллетеньдері басылып жатыр. Ресми Киев Қырым басшыларының бұл шешіміне
наразы. Украинаның Жоғары Радасы наурыздың 12-сіне дейін референдум өткізу
туралы райынан қайтпаса, Қырым Парламентін таратамыз деп қорқытты. Әзірге
Қырымның тәуелсіздігін мойындаған бірден бір ел – Ресей. Өйткені, бұндай арандатушылыққа жол беріп
отырған Ресейдің өзі. Өзге ешқандай мемлекет Қырымның бұл әрекетін заңды деп
тани қойған жоқ. Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Қырым «тәуелсіздігін» заңды деп
танитындықтарын мәлімдей отырып, Қырым парламенті қабылдаған тәуелсіздік
декларациясы халықаралық құқық нормаларына сай келеді деген. «Декларацияда БҰҰ-ның Жарғысы мен өзге де
халықаралық құжаттарға, БҰҰ-ның 2010 жылдың
22 шілдесіндегі Косово жөніндегі Халықаралық сотының қорытындысына сілтеме
жасай отырып, бұл қадамның халықаралық-құқықтық негізін айқын көрсетіп отыр. Сербияның
бастамасы бойынша, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған аталған қорытындыда Халықаралық сот «жекелеген мемлекеттердің бөлігі
болып табылатын елдердің тәуелсіздігін біржақты қабылдауы қандай да бір
халықаралық құқыққа қайшы келмейді» делінген болатын. Ресей Федерациясы Қырым
халқының референдум барысындағы еркін таңдауын қолдайтын болады» делінген онда.
Қырымның «Жоғарғы
кеңесінің» негізгі мақсаты Украина құрамынан шығып, Ресей құрамына ену. Қырымның
бүгінгі қабылдап отырған декларациясы бойынша, Қырым тұрғындары алдағы
жексенбіде Ресей құрамына енуді қалап дауыс беретін болса, тәуелсіз, зайырлы,
көпұлтты, республикалық басқару формасын таңдаған автономиялы республиканы жариялауды мақсат
етеді. Қырым тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, тәуелсіз мемлекет ретінде
Ресейге өз құрамына алу жөнінде өтініш жасайды. Сейсенбіде Қырым Жоғары
кеңесінің «спикері» Владимир Константинов «Қырым Украина құрамына енді қайта
кірмейді» деп кесіп айтты.
Қырым қазір
Украина гривенінен бас тартып, рубльге көшуге кірісіп кетті. Қырым Автономиялы
республикасының Жоғары кеңесінің басшысы Владимир Константинов елде қос
валютаның бірден айналымға ену мүмкіндігі жайында сөз қозғаған. Оның айтуынша,
Ресей Федерациясының құрамына енісімен, рубльді айналымға енгізуді бастамақ.