1042
Мұстафа Шоқай: ТҮРКІСТАНДАҒЫ БАСМАШЫЛАР ҚОЗҒАЛЫСЫ
Мұстафа Шоқай: ТҮРКІСТАНДАҒЫ БАСМАШЫЛАР ҚОЗҒАЛЫСЫ
3. Ферғанадағы басмашылық қозғалысы
Автономия үкіметінің жойылуы мен басмашылар қозғалысының шығуы тек уақыт кезеңіндегі ұқсастық. Белгілі бір дербестік, мәнді саяси топ пен басмашылар қозғалысы арасында ешқандай да байланыс болған жоқ. Автономияны қолдауға шыққан басмашылар қозғалысы кезінде оның өмір сүруі, күрестің жалауына айналуы тоқтады. Автономия өзінің саяси мәнінен айырылды. Бұл «Кеңестік отарлаушыларға» қарсы қозғалыс ішкі себептер сипатына ие болды. Бұл қозғалыстың төмен құлдыраған кезеңі еді. Көтерілісшілердің әрбір көсемі ең алдымен тек өздерінің мақсаттарын көздеді. Қоқан қабырғасында болған шайқас кезінде құрбашылар көтеріліс көсемі ретінде Эргештің өкіметі мен күшін мойындады. Қоқан құлаған және Автономия үкіметі жойылған соң Эргешке қарсы бүлік басталды. Оған Маргилан қаласы құрбашыларының бірі Мад Эмин қарсы шықты. Эргаш та, Мад Эмин де немесе басқа кез келген басмашылар көсемдерінің белгілі бір саяси бағдарлама жасауға немесе енгізуге жағдайлары болмады. Олар тек бір күндік күреспен шектелген ержүрек жауынгерлер еді. Эргаш пен Мад Эмин әуелде басмашылар қозғалысының біршама ықпалды көсемдері болғанымен қозғалыстың мәнін «түсінбейтін» жетекшілер екендігін көрсетті. Бұл барлық басмашылар көтерілісінің көсемдеріне тән болатын. Кеңес Армиясының бірқатар бөлімдерін тас-талқан етіп жеңген олар кеңес үкіметіне аянбай қарсылық танытты. Басмашылар көсемдері ретінде олар кеңес үкіметінен мұсылмандар үшін шариатты қайта өрлетуге, сауда еркіндігін беруге, «Құрбашы» шенін тануға және өз жігіттерінің арасынан сенімді оққағарларын таңдап алу құқығын талап етті. Осы талаптары қанағаттандырылған соң олар ешнәрсе ойламастан, бірден Кеңестер туы астына кіріп, өздерінің жолын қуушыларға қарсы шықты. Мад Эмин өзінің соңғы күнін кеңес тыңшысы ретінде аяқтады. Ол өте ықпалды құрбашы Шир-Мұхаммедті (немесе Kur-Muhammed) большевиктер жағына шығуға үгіттеді. Шир Мұхаммед басмашылар қозғалысының жалғыз ғана белгілі көсемі болып қалған, ешуақытта да большевиктермен ымыраға келмейтін, кеңестік режимге бас имеген және Түркістан үкіметі мұсылмандарының сенімді майдандас серіктерінің бірі болатын. Басмашылар көсемдерінің айналасына кейбір жергілікті зиялы қауым өкілдері жинала бастағанда ғана әлдеқандай саяси бағдарлама пайда болды. Өкінішке қарай, осы жағдайды толығымен жазу үшін барлық қажетті материалдарды алуға менің жеткілікті уақытым болмады. Бірақ, Түркістан большевиктерінің жазғандарынан басмашылар қозғалысының жаңғырған саяси бағдарлама идеясын көз алдыңа келтіруге болады. Ресейде жаңа экономикалық саясаттың (НЭП, 1922) енгізілуіне байланысты біруақытта дерлік Түркістандағы кеңес үкіметі айтарлықтай саяси жұмсақтыққа жол беруге мәжбүр болды. Мен тек осы шегіністі атап өтемін. Оның барлығы Скаловтың «Түркістандағы таптың теңестірілу тәжірибесі»1 мақаласында толық берілген. Олар: шариғат сотының қайта өрлеуі, мұсылман діни қауымының бұрынғы қалпына келуі, жер реформасын енгізуді тоқтату. Сірә, осы шарттардың парасатты болғандығы соншалықты «қазан идеологиясынан» шегініс зор болды, яғни Түркістандағы «Қазан революциясының» жеңісі туралы айтудың өзі қиын. Кеңес өкіметі өзінің өмір сүруін жалғастырса, ол тек басмашылар қозғалысы көсемдерінің оны мемлекеттік өкімет деп тануының нәтижесі. Әйтсе де, бұл өкімет те мұсылмандар үшін оншалықты жайлы бола қойған жоқ. Басымашылардың көсемдері шын мәнінде кеңес өкіметін таратуды емес, олармен келісім жүргізіп, оның «бағдарламасын» өзгертуді талап ете отырып, оның мұсылмандар үшін ыңғайлы болуын жақтады. Кеңес өкіметі үшін мұсылмандарға шариғат сотын, еркін сауданы енгізуге уәде беру түкке тұрмады. Сол кезде кейбір көсемдер күрестің мақсатына қол жеткізілді деп шешті. Бұл тұжырымның жасалынуына басмашылар қарсылық шеруден бас тартпағанның өзінде, кеңестер үшін уақытша болса да күресті тоқтатуға қол жеткізуді меңзеді. Көтеріліске шығушылардың нақты ұлттық идеологиясы мен Түркістанның ұлттық мемлекетін құру бағдарламасы жасалынған болса, лениндік идеологиядан шегініс жасаған большевиктерді жеңу ешқандай қиындық тудырмас еді. Басмашылар қозғалысы барлық бұқара топтардың өкілдерінен, бірінші кезекте сауда әсерінен өздерінің әдет-ғұрпын жоғалтқан жұмыссыз шаруалар мен қала кедейлерінен тұрады десек, онда бұл шындыққа сай деп білер едік. Басмашылар қозғалысы үнемі қолдау тапты, әсіресе оны қолдауда сауда буржуазиясы мен мұсылман діни қауымдары өте белсенділік танытты. Сірә, осындай үлкен көлемде жүргізілген ұлттық қозғалыс кеңес өкіметін жеңіліске ұшыратуы айқын еді десек, бұл тек алғашқы алдамшы көзқарас қана. Фактілер басқаша айтады. Бұл шын мәнінде ұлттық немесе ұлттық-саяси майдан болған жоқ. Біздің, түркістандықтар үшін қол жеткен ең ірі табысымыз 1917 жылы Автономия болып жариялануымыз еді. Автономия деп айтқанымыз болмаса, ол «бір жұтым оттегі» ғана болатын. Ол тек екі айдан сәл ғана өмір сүрді. Дербестік алу жолындағы қозғалыстар қоқандықтарды және Наманған, Марилан мен Скобелев (қазір бұл Ферғана ауданы) қалаларын қамтыды. Қалған аумақтар автономиялық үкіметке іш тарту білдіргенімен, бірақ олар барлығынан кесіліп тасталған еді. Барлық байланыс жүйелері – теміржол қатынастары, телеграф, пошта, телефон байланыстары кеңес өкіметінің қолында болды. Күрестің шын мәнінің ашықтан-ашық із-түссіз жоғалып кетуі – Автономияның құлауы, Қоқанды ерлікпен қорғағандарға саяси «шалыс жасау», яғни Эргаш пен Мад Эмин сияқты экстремистік бандалар мен авантюрист құрбашылардың соқыр құралға айналуынан болды. Олар мақсатқа жетуді тығырыққа тіреп қана қоймай, сонымен бірге елдің кедейленуіне әкеліп соқтырды. Мысалы, Ферғана облысы «ықпал өрісінен тәуелсіз» болуы үшін бөлініп кетті де, әрбір құрбашы өз қалауынша билік жүргізіп, өзінен басқа ешбір өкіметті танудан бас тартты. Осындай жағдайда басмашылар көтерілісін жеңіп, басып тастау еш қиындық келтірген жоқ. Әлбетте, мұның өзі тез арада бола қоймағанымен, оның себебінің негізінде кеңес өкіметінің халықтың большевиктерге деген өшпенділік жолын қолдаған тонаушылық сипаты жатты. Басқаша сөзбен айтқанда, өз көсемдерінің сатқындық іс- әрекеттеріне, кеңестердің саяси қуғын-сүргіндеріне қарамастан басмашылар қозғалысы 1918 және 1919 жылдарға дейін өмір сүре алды.
4. Бұхарадағы басмашылық қозғалысы
1920 жыл Түркістан басмашылар қозғалысы үшін бетбұрыс жылы болды. Бесінші қыркүйекте Бұхара Кеңес өкіметінің билігіне ауысты, одан соң Халықтық республика атанды. Сөйтіп, кеңес өкіметінің ықпалында барлық Орта Азия қалды. Бұрын басып алған Орталық Азия елдеріндегідей, большевизм басмашылар қозғалысының Бұхарада да өршуіне қозғау салды. Кеңестік «отарлаушылық саясатына» ымырасыздық білдірген бұқара халықтың жаппай қарсылық көрсету формасы ретінде басмашылар қозғалысының тұншығып қалуынан қауіптенген зиялы қауым өкілдері қозғалысқа терең қызығушылық таныта бастады. Жасырын конференциялар Ташкентте, Самарқанд пен Бұхарада өткізілді. Бұл конференциялардың мақсаты – сырттың әсерінсіз туындаған басмашылық қозғалысқа саяси сипат беру болды. Ресейдің құрамында автономия болу тиімсіз идея еді. Мұндай жағдайдағы жалғыз мүмкіндік – ұлттың тәуелсіздік идеясы болатын. Басқа ешқандай да ұран большевиктермен жүргізілген күресте табыс әкеле алмайтын. Бірақ, тәуелсіздікті жақтаушылардың жеткілікті күші, нақтырақ айтқанда, қару-жарағы да, киімдері де, материалдық жағдайлары да жоқ еді. Орталық Азияның Біріккен Ұлт-Азаттық Комитетінің Өкілдері – Садриддинхан, Керімов және басқалары 1921 жылы өздеріне көмек көрсету жөнінде Құлжадағы Британ консулына өтініш жасады. Бұл жағдай Түркістанның кеңес өкіметіне қарсы күресіндегі бірден-бір көрініс сипаты болса керек. Әйткенмен, ол өтініш өз мақсатына жетпеді. Арнайы жіберілген жаушы Құлжаға барар жолда Әулиеата қаласында большевиктер тарапынан тұтқынға алынды. Оның соңы Ұлт-Азаттық комитетінің барлық мүшелерінің тұтқындалуына әкеліп соқтырды. Кеңестік прокурор шариғатты негізге ала отырып, үкім шығарды. Исламға қарсы әрі жек көретін, мұсылмандардың Мекке мен Мәдина сияқты қасиетті жерлерін қорлаған ағылшындар елінен көмек сұрау мұсылманның шариғат нормасы мен міндетіне кірмейтін. Оларға Мекке мен Мәдина сияқты мұсылмандардың қасиетті орындарын масқара етті деген айыптар тағылды. Ұлт-Азаттық комитетінің мүшелеріне «дәлелденген кінәларына» қарамастан (кеңестік заңдарға сәйкес қозғалыстың жақтаушыларына өлім жазасы қауіпі төнген болатын) әртүрлі ұзақ мерзімді түрмеге жабу жазасы берілді. Бірақ, олар ол жерлерден қашып шықты. Осы бір сәт басмашылар қозғалысының тарихындағы бетбұрыс болып саналады. 1921 жылы көтеріліске шыққан Ферғана, Самарқанд және Бұхара облыстары, сонымен қатар Орталық Азия Біріккен Ұлт-Азаттық Комитетінің мүшелері Конгресс шақырды. Осы конгрессте Түркістанды тәуелсіз Демократиялық Республика деп жариялау жөнінде шешім қабылданды. Бұл оқиғалардың барлығы – Азат ету комитетінің қызметі мен конгресс жұмысы, өкінішке қарай, кеңестік өкіметтің «ақ» майданды жою кезеңінде болды. Халық өз ұстанымынан айрылды. Ұлттық сана әлсіздене бастады. Хандық билік ету тұсында халқымыздың ұлттық санасы күшті болғанмен, алайда құлшынысты қайта жаңғыртуға жеткіліксіз еді. Енді басмашылардың көсемдері өздерінің «ықпал өрісінен» бас тартып, жоғарғы билік пен өкіметті тануға бет бұрды. Солардың қатарында болған “Шир-Мұхаммед” үлкен беделді иеленді (бүгінде ол тірі, Кабулда тұрады).
5. Энвер мен Жемал
1921-1922 жылдар
1921 жылы Орталық Азияда басмашылар қозғалысы барысында басқа да айтарлықтай оқиға болды. Көтеріліске Энвер паша қосылды. Ол Бұхараға ойламаған жерден келіп, большевиктік ортаны үлкен толғаныста қалдырды. Шын мәнінде Энвердің Орталық Азияға ойда жоқта және кеңестік басшылардың келісімінсіз келуі большевиктер үшін ойламаған жағдай болды. Шығыс халықтарының атақты Баку конференциясынан кейін (1920 жылдың қыркүйегі) большевиктер Энверге сенімсіздікпен қарай бастады. Олар оны «өте қауіпті» деп санайтын. Сол уақытта Энвердің Бакуге келуі әзірбайжанда көптеген наразылық шеру толқынын туғызды. Шеруге шыққандар өздерінің қуаныштарын да, реніш-қайғыларын да оған жеткізуге асықты. Энвер пашаның Конгресс залында көрінуі бұрын-соңды болмаған әсер қалдырды. Мұсылман делегаттардың бар зейіні төрелік жасаған ІІІ Интернационалдың көсемдері Зиновьев пен Радекке емес, Энвер отырған жақта болды. Ол кіріп келгенде мұсылман делегаттары оны кіші түркілердің көсемі ретінде қарсы алып, төрелік етіп отырғандардың тәртіпке шақырғандарына еш мән бермей, Энверге құрмет көрсетті. Большевиктердің қоршауында қалған Энвер өз орнында емес екендігін түсінсе де, Конференцияға «Марокко, Алжир, Тунис, Триполи, Египет пен Үндістан революциялық ұйымдар Одағы атынан келген оған бұл маңызды сәт болды. Осы конференцияда Энвер түркістандық делегаттардың аузынан соңғы үш жылда большевиктердің жасаған айуандығы туралы естіп, жасаған қиянаттары жайында хабардар болды. Кеңес тыңшылары халықтың бір тобын екіншісіне айдап салып, арандатып отырғандығын, жергілікті шаруаларды қорлап, тіл тигізгенін, жерлерін тартып алып, жергілікті тұрғындарды ең төменгі тап ретінде (конгресстің стенограммасынан, 227-бетін қараңыз) қарағандығын Зиновьевтің өз аузынан естіп-білді». Әлбетте, бұл Энверді большевиктік Мәскеуден теріс айналдырып, оны Орталық Азияға алып келді. Мұнда Бұхара революциялық Үкіметі саяси басқаруда да, Мәскеуге деген өзінің көзқарастарында да белгілі бір пікірдің жоқ екендігін көрсетті. Бұхараны кеңестік әскер жаулап алған соң Бұхара қазынасындағы барлық қазына-байлықтарын Мәскеуге «Бұхара ханының ризашылығы» ретінде алып кеткен. Бір ғана осы айғақтың өзі большевиктерден билікті алған кіші бұхаралықтардың көңілін салқындатты. Бұхара Халықтық Республикасы Орталық Атқару Комитетінің Президенті Осман Ходжа Мәскеу оппозициясы қатарынан табылды. Оған Бұхараның әскери комиссары Абдулл Хамид және басқа да жергілікті кеңес өкіметінің көрнекті өкілдері кірді. Энвердің кенеттен келуінен олар тағдырдың көлеңкесінде жападан-жалғыз қалғандарын байқады. Көп ұзамай Энвер «аңға» кеткен тәрізді болып Бұхарадан аттанды. Бұдан соң Орталық Азиядағы кеңестік саясатқа қарсы шықты. Энвердің соңынан Осман Ходжа бастаған көптеген бұқара көсемдері ерді. Шығыс Бухария (Қазіргі Тәжікстан) Энвердің қимыл жасайтын алаңына айналды. Үлкен ынтамен қарсы алынған Энвер Орта Азиядағы орын алған жағдайды толық білмегендіктен орны толмастай қате жіберді. Өзінің билік құрған кезінде жауыздығымен және бүлік жасағандығымен ешкімге танымал бола алмаған бұрынғы Бұхараның әміршісі Саид-Мир-Әлім ханның қолынан Энвер «ұлы уәзір» лауазымын қабылдады. Ферғана мен Самарқанд басмашылары жексұрын Бұхара әміршісінің уәзірін танудан бас тартты. Екінші жағынан бұрынғы кішітүркілер көсеміне әміршінің өзі де сенімсіздікпен қарады. Энвердің қолға алған жоспарлары жүзеге аспады. 1922 жылдың басында ол Бандлиуван қаласы жанындағы шайқаста қаза тапты. Сөйтіп, ол өзінен кейін Орталық Азиядағы большевиктерге қарсы қозғалыс тарихында із қалдырмады. Басқа қызықты жәйт – Жемал пашаның басмашылар қозғалысын басқаруға әрекет жасауы. Оның жоспары біршама ерекше болатын. Ол басмашылар қозғалысын большевиктерге қарсы күрес деп қараған жоқ. Басмашыларды Үндістанға дейін баратын революция армиясының болашақ жауынгерлері қатарынан көрді. Мен Жемалмен кездесуімді есімде жақсы сақтап қалдым. Бұл 1922 жылдың көктемінде, осы Еуропада болды. Энвер ол кезде тірі. Өзінің ескі досына алдында күтіп тұрған жағдайларды дұрыс болжай алмайды деп, оның үстіне Орталық Азиядағы кеңестерге қарсы жүргізіп отырған саясатына қатысты ренішін білдірген еді. Ол менен Түркістандағы достарыма қазіргі саясатты өзгерту қажеттігі туралы және «барлық мұсылмандардың жауына қарсы», яғни ағылшындарға қарсы күш біріктіру жөнінде хат жазуымды өтінді. Басмашылардың көсемдері құрбашылардан да осы жағдайды өтінгені маған белгілі. Бірақ, оны ешкім тыңдаған жоқ. Керісінше, Ұлттық қозғалыс барысына араласпауына кеңес берді. Жемалдың Түркістан басмашылар қозғалысын өзінің мақсатына пайдаланғысы келген әрекеті жүзеге аспады. Осымен «Шығысты азат ету революциясы» аяқталды деуге болады.
6. Қорытынды: басмашылардың жаңа рухы
Негізгі көзқарасқа сәйкес Түркістан басмашылары қозғалысының қысқаша тарихы осындай. Бір тудың астында басталған Қоқан Автономиясын қорғау ісі мен барлық халықтық қозғалыстар Автономия үкіметі талқандалған соң ел арасында бейберекетсіздікке ұшырады. Бұл қозғалыстарды ұйымдастыратын және оның идеологиясын жүргізетін белгілі бір саяси орталық болмады. Егер салыстырмалы тыныштық жағдайында 1917 жылы автономия туы астына біз халықты жинай алсақ, ал қазір ондай мүмкіндіктер жоқтың қасы. Адамдар саяси бағдарламаны тыңдауға құлықсыз. Туындаған сезімдері, болашақ тәртіп туралы сөз таластырудан гөрі өздерінің большевиктерге деген қастық ызасын сыртқа шығару болды. Олардың пікірінше, Автономия үкіметінің жеңіліске ұшырауына қолдарына қару ұстап күреске шықпай, тек күту тактикасын ұстанып, келісімге келуге әрекеттену себеп болған сынды. Барлығы бос әурешілік деуге болады. Басмашылық қозғалыстың саяси ұйымы болуы үшін мейірімсіз қатаң жылдар керек еді. Оның үстіне өз күшімен елді азат ету мүмкін емес екендігіне көздері жетті. Сондықтан да ағылшындарға хат жолдап, лажсыздан көмек қолын беруін өтінді. Түркістандағы басмашылар қозғалысы – бұл біздің саяси әлсіздігіміздің куәсі. Халық большевизм мен большевиктерге наразылығын білдірді. Бірақ, олардың күшті ұлттық саяси санасы жоқ болатын. Адамдардың өздері шариғат сотын қайта қалпына келтіруге, еркін сауданы жүргізуге, мешіттер мен медреселерді ашуға ешқандай әрекет жасаған жоқ. Олардың орнына оны кеңес үкіметі жасауын талап етті. Басқаша сөзбен айтқанда, кеңес органдарының орнына өздерінің жеке ұлттық институттарын ұсынбады. Оның орнына үкіметтен шешім талап етті. Осындай шешімді алған соң олар тыныштанды. Басмашылар қозғалысының осыншама ұзақ өмір сүруінің қорытындысы – кеңес өкіметі Орталық Азияда көптеген қылмыстар жасады, оның ішінде қан төгуге дейін барды. Басмашылар қозғалысы кей кездері ғана бой көтергені болмаса, қазір негізінен құрдымға кетті. Түркістан тыныш, кеңес өкіметі бейбіт өмірдің дәмін татып жатыр деп айтуға болмас. Тіптен олай да емес. Оқиғаларды үнемі сырттай бақылап отырғандар үшін сірә, басмашылардың жаңа қозғалысы, кеңестерге қарсы күрес пен қарсылық таныту формасы қарсаңында екендігін көру қиын емес. Өйткені большевиктер ұлттық қарсылық көрсетуге итермелеуді жалғастыра түсуде. Әлбетте, большевиктердің ұлттың қадір-қасиет сезіміне тиіп, керек десе, өздері ұлттық жаугершіліктің тұтана түсуіне ықпал еткендігінде еш күмән жоқ. Түркі халықтарының Түркістанда ұлттық орталығын құру мәселесі 1919 жылы Түркістан мұсылман коммунистерінің ІІІ Конференциясында алғаш ұсынылғанын еш ұмытуға болмайды. Мұсылман коммунистерінің бұл бастамасына жауап ретінде кеңес үкіметі барлық Орталық Азияны республикаларға бөліп, «ұлттық-тайпалық» шекараларды жасауға ниеттенді. Бұл шара, сөз жоқ, алғашқы кезде табысты да болды, Түркістан халқының ұлттық және саяси санасының өсуіне теріс әсер еткен жоқ. Орталық Азия республикаларында Мәскеуге ұлттық оппозициялары болды. Олардың қойған талаптары біреу ғана, ол Мәскеудің саяси билеушілігінен босану. Түркістан мен Қазақстандағы сияқты Өзбекстанда да олардың айтары біреу: кеңестік Мәскеудің отары болуды қаламайды. Авантюристік элементтерден тазаланған басмашылар қозғалысының көсемдері де, сондай-ақ Түркістан коммунистері де Мәскеу мен кеңестік орталықтың басқару жүйесіне (централизм) қарсы күрестегі халықтың ерлігін ұғынып, бағалай бастайды. The Asiatic Rview. London.1928.XXIV. Садыкова Б.И. Мустафа Чокай. – Алматы:Алаш, 2004. – С.203-220. Последние новости. Париж. 1924.30.VIII (№1333).
Мақаланы орыс тілінен аударған
Есенкелді Төреқұлов