Депутаттық сауал: МҰҚАТЫП ҚАЛУДЫ КӨКСЕЙТІНДЕР ҚАЛҒЫМАЙДЫ
Депутаттық сауал: МҰҚАТЫП ҚАЛУДЫ КӨКСЕЙТІНДЕР ҚАЛҒЫМАЙДЫ
Биыл ұлт азаттығы жолында басын құрбандыққа тіккен Алаш арысы, ұлы қайраткер Мұстафа Шоқайдың туғанына – 124 жыл. Осыған орай ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы және Серік Ақылбай мырза Үкімет басшысы Серік Ахметов мырзаның атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда былай делінген:
«Қазақ халқының азаттығы мен тәуелсіз ел болу жолына бүкіл саналы ғұмырын сарп етіп, сол үшін өз тағдыры кешегі кеңестік саясаттың талқысы мен талауына түскен ұлтымыздың көрнекті қайраткері, ұлы тұлға Мұстафа Шоқайдың туғанына биыл 124 жыл толғалы отыр. Ұзақ жылдар бойы Мұстафа Шоқай есімінің қараланып келгендігі болды. Еліміз тәуелсіздік алып, төл тарихымыздың «ақтаңдақ» беттері ашыла бастаған шақта Мұстафа Шоқай жайындағы шындық пен ақиқат айтыла да, жазыла да бастады. Халқымыздың санасында сақталып келген көрнекті тұлғаның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында соңғы жылдары елімізде біршама игі шаралар жүзеге асырылып та келеді.
Алайда Мұстафа Шоқайдың алдындағы бүгінгі ұрпақ мойнындағы парыз түгел атқарылып болды деу әлі ертеректеу болар. Ойлана қарасақ, бүкіл түркі әлеміне танымал тұлғаның есімін өз елімізде насихаттау, дәріптеу, есте қалдыру, жас ұрпақтың санасына сіңіру сияқты істер әлі де аз көрінері бар. Егер де Алаштың көрнекті қайраткерінің ел тәуелсіздігіне жету жолындағы күрескерлік тұлғасы кеңінен насихатталар болса, егер мемлекет тарапынан осындай ұлы тұлғаларға өз тарапынан қамқорлық жасалып жатса, онда белгілі қаламгер Қасымхан Бегманов түсірген «Мұстафа Шоқай» деректі фильмінің тұсаукесері өткеннен кейін, Өскемен қаласында шығатын «Флеш» газетінде кешегі деректі фильмнің түсіріліміне, тұтас идеясына қарсы болған, тіпті Кеңестік саясаттың үрдісімен Мұстафа Шоқайды сол баяғы фашистердің құйыршығы, сатқын деп негізсіз, жаламен ғайбаттаған мақалалар жарияланар ма еді? Халқымыздың ұлы тұлғасына жала жабылып, ол негізсіз қараланып, қорланып жатқан тұста қаламгер Бегманов сотқа да жүгінген болатын. Кезінде Өскемен қалалық соты да Мұстафа Шоқайды қаралаған негізсіз үкім шығарғандығы да ұмытыла қойған жоқ. Бүкіл елді дүрліктірген соттың бұл үкімін кейін облыстық сот жоққа шығарғанын да білеміз. Бұл жай Мұстафа Шоқайдай ғазиз тұлға жайлы біздің қоғамда теріс, түбірімен қате түсінікте жүрген адамдардың аз еместігін анық көрсетті. Елім деп өткен арысымыз жайлы нендей ғайбат сөздер айтылып, жазылмады дейсіз?! Егер де Мұстафа Шоқай есімімен облыс орталықтарында көшелер аталып жатса, Астана мен Алматыда және басқа да ірі қалаларымызда ескерткіштер тұрса, ұлт қайраткеріне кім көрінген соқтығыса да бермес еді, көрінген келімсек аузына келгенін айта бермей, аяғын тартып жүретін болар еді деп ойлаймын. Ұлтымыздың Мұстафа Шоқай сынды аяулы перзенттерін бір мұқатып қалудың ыңғайлы сәтті тосып отырғандар ешқашан қалғымайтындығын да естен шығаруға болмайды.
Мұстафа Шоқай жайындағы тарихи ақиқатқа мемлекет тарапынан тұжырымды пікір айтылар, баға берілер мезгіл жетті ғой деп ойлаймыз. Мұны айту үшін биыл өз кезінде Мұстафа Шоқай оқыған, тұрған, болған, жалпы оның еңбегімен жақсы таныс басқа да мемлекеттердің тарихшылары мен саясаттанушыларын Астана қаласына шақырып, халықаралық деңгейде ғылыми конференция өткізілуін сұраймыз. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Мұстафа Шоқайдың барлық толық еңбектерін кітап қылып басып шығару ісінің қолға алынғаны жөн.
Мәңгілік ел болуды мұрат қылып отырған бүгінгі ұрпақ – біз үшін өзінің бар саналы ғұмырын, күші мен жігерін түркі халықтарының азаттығы мен тәуелсіздігіне арнап, сол жолда өз өмірін пида қылған Мұстафа Шоқай алдындағы өз парызымызды өтейтін кез де, кезең де келіп жеткендігін ұғынсақ етті. Рахмет!»
Сенат депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Серік Ақылбай
Дайындаған Ж.Баққондыұлы