Қырымда референдум өте ме?

Қырымда референдум өте ме?

Қырымда референдум өте ме?
ашық дереккөзі
209

Ресейдің ендігі көздегені
не? «Украинаға әскер кіргіземін» деп алпауыт мемлекеттердің қаһарына ұшыраған
Путиннің ойында не бар?
«Көп
қорқытады, терең батырады» демекші, Ресей президенті үшін Қырымда күллі орыс
ұлтының өкілдері ғана тұратын сияқты. Ол тіпті, жергілікті украиндар мен
татарларды көзге де ілмейтінге ұқсайды.

Шынында да, ресейлік
биліктің бұл әрекеті нені меңзейді? «Қырым – біздің жеріміз» деуден жалықпайтын
империяшыл Ресейдің ойында не бар? Осетия мен Абхазияға әскер кіргізіп,
грузиндерді тырқырата қуған Путин Қырымды да тартып алмақ па? Оның «Украина
аумағындағы Ресей азаматтарын қорғау үшін осындай шара қабылдауға тура келді»,
– деуінде не гәп бар? Яғни, бұл –  Қара теңіз үшін күрес.
Ресей мемлекеті бірнеше ғасырдан бергі өзінің оңтүстік-батыстағы
стратегиялық жоспарынан айрылып қалғысы келмейді.
Ющенконың
тұсында Ресейдің Қара теңіз флотының Севастопольде қалуы жөніндегі келісім 2017
жылға дейін белгіленген. Бұдан кейін Ресей флотын Севастопольден алып кетуге
тиіс еді. Ал Виктор Янукович билікке келген соң, Украина мен Ресей арасындағы
бұл келісім 2010 жылы қайта қаралып, Қара теңіз флотының  Қырымда қала
беру мерзімі 2042 жылға дейін ұзартылды. Ал Украинаның жаңа билігі Януковичтің
тұсында жасалған келісімдерден бас тартпақшы. Олар Ресей флотын қазір-ақ
Қырымнан аластатпақшы.

Киевте өткен
«Халықтық жиында» әуелі украин тілінде сөз бастаған Грузияның экс-президенті
М.Саакашвили: «Ресейдің әскери
операциясы Қырымға ғана емес, Киевке де әсерін тигізеді. Бірақ сіздердің қандай
батыр екендеріңізді, күшті екендеріңізді білеміз. Сондықтан жаудың дөңайбаты
Киев табалдырығынан қайтады деп сенемін», – деді. Саакашвилидің бұлай дейтіндей жөні бар.
Кезінде Оңтүстік Осетия мен Абхазияда азаматтық соғысты тұтандырып, грузиндерді
қуып шыққан еді. Тіпті, Ресей осетиндер мен абхаздарға өзінің азаматтығын
беріп, Грузияны бөлгені есте. Алайда, Грузияда 4 млн., Украинада 50 млн.-ға жуық
халық тұратынын ескерсек, Ресей үшін бұл «операцияның» жүзеге аспайтыны анық.
Сондай-ақ Саакашвили Путиннің жоспарын қалай күл-талқан етуді де айта кетті.
«Украинадағы жағдайға таңқалмаймын. 2008 жылы Ресей Грузияға агрессиялық шабуыл
жасағанда, келесі кезекте Украина екенін сезіп едім. Ол бәрін дайындықпен
жүргізеді. Ол бұл тәжірибені Абхазия, Приднестровьеде, Оңтүстік Осетияда бастап
көрді, төлқұжатын таратып, арандатушылыққа жол беруде», – деді. 

Ақпарат көздеріне
сүйенсек, Ресей Қырымда референдум өткізу туралы шешім шығарыпты. Тәуелсіз мемлекеттің шекарасын бұзып кіріп, өзге елдің ішкі
ісіне заңсыз араласқан Ресей Қырымды өзіне қаратып алуды көздейді. Тіпті, олар
Қырымдағы 60 пайыз орыстың қолдайтындығына сенімді. Себебі, орыс ұлтының
өкілдері әлі күнге: «Қырымды Украинаға Хрущев заңсыз беріп жіберген…» деуден
жалықпайды. Шын мәнінде, Түркия Ресейдің
құрамындағы Татарстан мен Башқұртстанда осындай референдум өткізейік деп,
ұсыныс тастаса Путиннің жауабы қалай болар екен, а?!

Ал Украинаның жаңа билігі Ресейдің туын ұстап, Путиннен көмек сұраған «Орыс
бірлігі» қозғалысының басшысы Сергей Аксенов бастаған топты  тұтқындауға бұйрық берді. Алайда, Аксенов:
«Біз, қырымдықтар, болашағымызды өзіміз таңдаймыз. Неге біз америкалықтардың, ағылшындардың
сөзін тыңдауымыз керек? Олар автономды территориямен қалай қатынас жасауды
білмей ме?» дегенді айтады.

Динара Дүрмән 

Серіктес жаңалықтары