ЕЛ МАҚТАНЫШЫ – АЙЗАДА

ЕЛ МАҚТАНЫШЫ – АЙЗАДА

ЕЛ МАҚТАНЫШЫ –  АЙЗАДА
ашық дереккөзі
271

Түркі әлеміне жақсы таныс Ахмет Яссауи университетінен шыққан талантты жастар көп. Түркия мемлекетімен бірлесіп ашылған бұл білім ордасында ел намысын қорғап жүрген жас дарын иелері жеткілікті. Спорт және өнер саласында қазақ елінің мерейін үстем етіп жүрген аталмыш оқу орданың түлектерін бүгінде халық таниды. Бекарыс Шойбеков, Нұржан Төлендиев, Алтынай Жорабаева, Нұржан Қалжан, Ақжүрек Таңатаров, марқұм Бекзат Саттарханов сынды біртуар азаматтардың есімін естімеген қазақ жоқ шығар. 

Осындай дара тұлғалардың ізін жалғап жүрген Айзада жастайынан спортпен әуестеніп, дзюдо мен самбо күрес түрлері бойынша талай рет жеңіс тұғырынан көрінді. 1992 жылы Түркістан қаласында дүние есігін ашқан Шалапова Айзада 14 жасынан бастап дзюдо күресіне ден қойды. Дзюдо күресінен 1990-1991 жылғы жасөспірімдер арасындағы Жамбыл облысының біріншілігінде 44 келі салмақ дәрежесінде І орын алды. Бұл оның ең алғашқы жетістігі болатын. 2005 жылы Тараз қаласында облыстық, республикалық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді. Өзінің тынбай жаттығуының арқасында Айзада 2009 жылы дзюдо күресінен қоғам қайраткері Болатбек Сүлейменов атындағы жасөспірімдер арасында республикалық турнирде жүлделі І орынды жеңіп алды. 2009 жылы Орал қаласында қыздар, әйелдер мен ардагерлер арасында самбо күресінен өткен республикалық жарыста ІІ орынға ие болды. Дәл осы жылы Семей қаласында болған жастар арасындағы республикалық жарыста І орынға қол жеткізді. Бұдан бөлек 2010 жылы Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен самбо күресінен Азия чемпионатында І орынды иеленді. Тек мұнымен шектелмей, 2010 жылы Грузияның астанасы Тбилисиде болған әлем чемпионатынан ІІІ орынды олжалап, осы жылы спорт шебері атанды. Сондай-ақ, 2011-2012 жылдары өткен Азия чемпионаттарында ІІІ орын иегері атанды. Ал, 2013 жылғы Корея астанасы Сеулдегі Азия чемпионатынан ІІ орынды олжалап қайтты. 

Бұл жеңістер – оның тек бүгінге дейін жеткен жетістіктері. Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-де білім алып жүрген жас спортшы Айзаданың бағындырар биіктері әлі алда. 

Ерсұлтан Махамбетәлиев

Серіктес жаңалықтары