ҚОБЫЗ БЕН ҚЫЛҚЫЯҚ
ҚОБЫЗ БЕН ҚЫЛҚЫЯҚ
Жақында Бішкек қаласындағы өнер ордаларының бірі Қалый Молдобасанов атындағы Қырғыз ұлттық консерваториясында «Музыка – халықтың жаны: Қазақстан» атты лекция-концерт болып өтті. Концерт Қырғызстанның экс-президенті Роза Отынбаеваның бастамасы халықаралық қоғамдық қорының «Музыка – халықтың жүрегі» бағдарламасының аясында Қырғызстан халық Ассамблеясының қолдауымен өтті.
Әр ай сайын өткізіп келе жатқан 11 сериялы лекция-концерттердің бұған дейінгі үшеуін ұйымдастыруға Ассамблеяның құрамындағы корей, Солтүстік Кавказ халықтары және украин диаспоралары қатысқан болатын. Бұл жолы тізгінді Қырғызстан қазақтарының қауымдастығы алды.
Қырғызстанда тұрып жатқан халықтардың этнографиясына, музыкалық мәдени мұраларына арналған бұл іс-шаралар шаһардың өнер сүйер қауымының зор қызығушылығын туғызуда. Ал енді қазақ халқының дәстүрлі музыкасымен айшықталған бұл концерт бәрінен де асып түсті.
Концерт «Қара жорға» биімен басталып, одан әрі қазақ әндеріне, күйлеріне орын берілді. Бішкектегі №6 мектеп-интернаттың «Жас қанат» би ансамблінің жасөспірім өнерпаздары мың бұралған биімен де, құлпырған киімдерімен де көрушілерді тәнті етті. Қырғызстандағы талантты хореограф Қанат Фаткуллин жетекшілік еткен осы ансамбль өткен жылдың қыркүйек айында Ақтөбе қаласында өткен «Ұлы мұра» халықаралық фестиваліне қазақ диаспорасының атынан қатысып, сынақтың Гран-При сыйлығын жеңіп оралған еді.
Концерттік бағдарлама лекцияларға жалғасты. Оны орыс тілінде өнертанушы Светлана Лундгрен, қырғыз тілінде консерваторияның аға оқытушысы, Қырғызстанға танымал әнші, қандасымыз Ержан Мусин жүргізіп отырды. Ержан Мусин пианиноның қостауымен нәшіне келтіре айтқан ұлы ақынымыз Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні тыңдармандардың жадында ұзақ уақытқа сақталатын шығар деген ойдамыз.
№6 мектептің оқушысы Айбек Бақытұлы қобызда қазақтың көне күйлерін күңірентті. Күй аяқталған соң жүргізуші Светлана Лундгрен «Айбек бұл күйді қырғыздың қылқыяқ аспабында емес, қазақтың қобыз аспабында орындады» деп жарияламаса, залдағылар қобыз бен қылқыяқты бір музыкалық аспап деп қалар ма еді. Содан кейін қазақстандық күйші Қуаныш Ахметов домбырада асқақтатып күй шертіп, қырғызстандық сазгер Жусуп Айсаев жетігенде «Бозінгенді» боздатты. Светлана Лундгрен концерттік нөмірлердің арасында Жошы ханға ұлының опат болғанын естірткен домбыраның көмейіне қорғасын құятын «Ақсақ құлан» күйі туралы аңызды да айтып берді.
Концерттің ең шұрайлысы қазақ диаспорасы көркемөнерпаздарының күшімен қойылған «Келін түсіру» қойылымы, ондағы «Жар-жар» және «Беташар» болды. Бауырлас қырғыз халқының салт-дәстүрінен шығып қалған, кейінгі жарты ғасырда мүлде көмескіленген, қазақтың үйлену тойларының ықпалымен енді-енді қайта жаңғыра бастаған «Жар-жардың» айтылуы көрермендердің қызу құлшынысын туғызды. Ақ отауға «келін түсіріп жатқан бәйбіше» роліндегі қазақ диаспорасы төрағасының орынбасары Тілеухор Бошымова шашу шашқанда, залдың алдыңғы қатарларында отырған көпшілікпен жарысып, экс-президент Роза Отынбаева, АҚШ-тың елшісі Памела Спратлен, қазақ елшілігінің және басқа да дипломатиялық корпустардың өкілдері шашуды қағып аламыз деп орындарынан өре түрегеліп кетті.
Сондай-ақ, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Қырғызстанда құрылған «Отан» ұлттық-мәдени қоғамның белсенді мүшесі болған Мәруән тәтей іс-шараға арнайы келіп, Мәриям Жагор қызының «Дудар-ай» әнін орындап, Қырғызстанның өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, репертуарында бір топ қазақ әндері бар ұйғыр әншісі Сұлтан Каримов қазақша әуелете ән шырқап, концерттің көркіне көрік қосты.
Қырғызстанға шекаралас қордайлық белгілі төкпе ақын Күмісай Сәрсенбаева қырғыз ақыны Азамат Болғанбаевпен «23 ақпан – Қырғызстанда Отанды қорғаушылар күні» тақырыбында айтысып, түркі халықтарының ішінде, негізінен, қазақ пен қырғызға тән айтыс өнерінің ғажабын көрсетті.
Іс-шараның сәтті өтуіне Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Исабаев бастаған елшіліктің қолқабыс жасағанын да атап өткеніміз абзал.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі