2116
ҚЫЗ ҰЗАТУ
ҚЫЗ ҰЗАТУ
Қашаннан елдің көркі болған қыз баланың басты міндеті – жар сүю, ана атану, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру. Теңін тауып, құтты орнына қонатын қыз бала – отбасының, туғандарының мақтанышы, кір шалмаған ары. Сондықтан қыз баланы төбесіне хан көтерген әрбір қазақ қыз балаға ерекше көңіл бөлген.
Қыз ұзату – қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерінің бірі. Отау құратын екі жас бұрын құдаласу арқылы танысқан. Қазақтың құдаласуы да қызық, жолы әртүрлі. Мәселен, бел құда, бесік құда, қарсы құда (сары сүйек), жаңаша құда, құрсақ құда деп кете береді. Бұл әлбетте, екі жас тек құдаласу арқылы ғана шаңырақ көтереді деген сөз емес. Бірін бірі ұнатқан қыз бен жігіттің бас қосуға қатысты арман-тілектерін үлкендер жағы қолдаған жайттар да жиі кездескен. Мұны «Қыз Жібек», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр» сияқты басқа да эпостық жырларымыздан байқаймыз. Сондай-ақ, егер қыздың әке-шешесі батасын бермесе, яғни, қосылуға қарсы болса, кейбір жігіт сүйген сұлуын алып қашуға дейін барған. Мұндайда төленетін айыппұлдың жүгі ауыр. Егер қашып кеткен қыз біреудің жесірі не қалыңдығы болса, жағдай тіпті, қиын. Өйткені қазақта жер дауы мен жесір дауынан үлкен дау болмаған. Ең бастысы, қай жолмен үйленсе де, жігіт қызға құда түсіп, қалыңмал төлеп үйленеді. Ерте заманнан үзілмей келе жатқан салт-дәстүрдің бояуы бүгінде айтарлықтай өзгерген. Әйтсе де, ең негізгі өзегі сол күйінде бабадан балаға мирас боп, ұрпақтар сабақтастығымен бірге сақталып келеді.
Шаңырақтың иесі атанатын жігіт алдымен өзіне тең келетін болашақ жарын іздейді. Қазақта бұл дәстүрді «қыз көру» деп атаған. Ауыл ауылды жағалайтын жігіттермен кездесуге, танысуға, Алтыбақан теуіп, айтысып, көңіл көтеруге қыздар жағы да кетары болмайды. Ал «аяғын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал» қағидасына сүйенетін жігіттер жағы өзіне ұнаған қызын таңдағаннан кейін қызға құда түсуге бел байлайды.
Құда түсу. Қазақ қыз баланы қонақ деп ерекше күтіп сыйлаған, төбесінен құс ұшырмай, мәпелеп өсірген. Балиғатқа толған қыз балаға көзі түскен жігіттің әкесі «Құдалықтың басы болсын» деген ырыммен болашақ құдасының үйіне қамшысын іліп, бір жорға байлайды екен. Төрдегі қамшы құда түсу тойы болғанша ілулі тұрған. Ал келешек күйеу жігіт қызға шешесі берген тақия, сырға, сақиналарын сыйлайды. Қыздың әкесі шамамен 1-1 жарым жыл жігіт жақтан хабар, яғни, жаушы күтеді. Осы уақыт аралығында ешқандай хабар келмесе, қамшыны кері қайтарады. Бұл «қамшы қайтару» салты бойынша «қызымның басы енді бос» дегенді білдіреді. Егер қыз жақ жігіттің үстінен билерге шағым түсірсе, онда ол ат-шапан айыбын төлеуге мәжбүр.
Жаушы жіберу. Үйленуге талаптанған жігіт ұнатқан қызының үйіне жаушы жібереді. Жаушы – қыз айттыруға баратын өкіл. Сөзге шешен, әзіл-қалжыңға жүйрік, ата-баба тарихынан, салт-дәстүрден, ішкі және сыртқы жағдайлардан жақсы хабардар өкіл қыз әкесін құдалыққа көндіріп, құда түсіп келетін күнді белгілеуі шарт. Жаушыны аттандырып жіберіп, жақсы хабар күтетін жігіт жағы өкіл таңдауға аса жауапкершілікпен қараған. «Жаушы сөзі тіліміздегі ең көне сөздердің бірі. Савчы – «ұлы тәңір жіберген елшілердің бірі». Түбі бір түркі тілдерінде, мәселен, шағатай тілінде саучи, сабшы. Қазіргі тілмен айтсақ, «хабар», «сөз», «мақала» мағынасында. Бір қызығы, болашақ құдалармен келіссөзге аттанатын жаушы атқа қонбас бұрын бір балағын етігінің қонышына кіргізсе, екіншісін шығарып қойған. Бұл сапарым сәтті болсын деген ниеттен. Құдалық мәселесі шешілгеннен кейін болашақ келіннің отбасы қыз ұзату тойына дайындыққа кіріседі.
Қыз ұзату тойының да өзіне тән салты мен дәстүрі, ырымдары бар. Солардың бірі – көпшік қыстырар. Күйеуді алып келу үшін барған жеңгей күйеудің атына мініп, ат көрпенің астынан көпшік қыстырарын алады. Бұл кем айтқанда көйлектік пұлдан аз болмауға тиіс. Екіншісі – шашу. Қайынжұртқа күйеу келісімен, ауылдағы ең сыйлы бәйбіше табаққа құрт, ірімшік, тәтті қосып шашу шашады. Тойға жиылған жұрт жас-кәрісі аралас, жапа-тармағай таласа, теріп алады. Үшіншісі – ілу, кей жерде киім ілу. Құда-құдағилар келісімен алдын ала дайындалған адам (көбінесе әйел) олардың киімдерін іліп, кетерде киіндіреді. Осыған байланысты киім иелері зат не ақша береді. Тағы бір салт – табалдырық кәдесі. Құда-құдағилар құданың үйіне кірерде бір әйел олардың жолын бөгеп, қашан кәдесін алғанша көлденең тұрып алады. Мұны «табалдырық аттар» деп атайды. Құдаларға қатысты салттың бірі – сыбаға асу. Құдалар той болатын үйге келіп жайғасқан соң, алдымен «есіңе алсаң, ескіден сақта» деп сұр еттен сыбаға асады. Мұнда құдалардың сыбаға жамбасы міндетті түрде болады. Соғымнан құдаға, басқаға сыбаға беру қазақта өзгермейтін заң. Сыбаға аталған адам егер қыста құдалар жаққа жолы түспесе, оған аталған сыбаға күн жылынып, ел жайлауға көшкенге дейін ұнның арасында сақтаған. Ал малға бата жасату кәдесінде сыбағадан ауыз тигеннен кейін арнайы мал әкелініп, бата жасалады. Малға бата жасаған адам бұл ет әкелінген соң тағы да бата жасап, табаққа кәде (ақша) салады. Оны табақ таратушы әйелдер бөлісіп алады. «Құда, құда дегізген, құйрық-бауыр жегізген» деп әндететін салтта құдалар сойылған малдың етін жеместен бұрын құйрық-бауыр асатады: үстіне айран құйылған құйрық-бауырды уыстап асатады. Құйрық-бауыр желінген соң, құдалар жағы табаққа кәде (ақша) салады. Бұны табақ әкелгендер тағы да бөліп алады. «Суға тоғыту» деп аталатын аса қызық бір кәдеде құйрық-бауыр асатылғаннан кейін ауылдағы келіншектердің бірі: «Ойпырмай, біздің құдаларға не болған? Құдағи, құдашалары қайда жүр? Неге құдаларды шомылдырып, тазаламайды?» – дейді. Қызықтың көкесі содан кейін басталады, анығы, құдашалар құдаларды бөгенге (суға) құлату басталады. Мұндайда құдалар жағы өздерін құлатуға келгендерді суға ала түсуге қақылы. Қарулылары сұлу құдағи не құдашаны бірге ала түседі. Бұл көбінесе жазда, өзен-көлді жерде қолайлы. Құдалар суға тоғытылып болған соң ертеңінде киіт беріледі. «Өткенде артық ауыз айтылған сөз болса шомылған сумен тазарды, мына киіттей таза болып, қатынасымыз жаңадан басталсын» дегені бұл. Қазақ салтын сақтаған құда-құдағилар келген түні мүлдем ұйықтамауға тиіс. Егер ұйықтап қалса құдалардың бірі киімін тігіп тастап, айып төлеттіреді. Сол үшін ішіп-жеуге де, ұйқыға да, өлең айтысуға да шыдаулары керек. Көңілі дариядай, дастарханы мол қазаққа мұндайда іркілу, есеп деген болған емес. Одан кейін келін болатын қыз балаға қатысты басқа да кәделер бар: босаға аттар, неке оқу, қыз қашар – түндік жабар, қоржын сөгу, сәукеле кигізу, босағаға ілу. Сондай-ақ, қалыңдығын алып кетуге келген күйеу жігітке қатысты басқа да кәделер бар: ұдай жолы, кереге керер, шаңырақ көтерер, уық шаншар, туырлық жабар, түндік жабар, үзік жабар, бау-шу байлар, отау байғазысы, мойын ұсынар. Қыз ұзатудағы ең әсерлі де маңызды салттардың бірі – сарын (аужар, сыңсу айту). Шыр етіп дүниеге келген шаңырағынан, қызғалдақтай мәпелеп, әлпештеген әке-шешесінен, құлын-тайдай тебісіп бірге өскен бауырларынан, туған-туыстарынан жыраққа кетіп бара жатқан бойжеткеннің қоштасу өлеңі. Қайынсіңлілерінің жанында отырған жеңгелері де сыңсуға сыңсу қосады. Мұндай сыңсу көбінесе өз теңіне бара алмай кеткен қыздарға көбірек айтылады екен. Ал аужар – көбінесе кетіп бара жатқан қызды жақсы көретін жігіттер, күйеуді жақтырмаған қайын сіңілісіне жаны ашыған жеңгелер айтатын сыңсу. Бірақ барлығы да отбасын құрып, шаңырақтың түтінін түтететін азаматын тапқан қыз балаға шын ниетімен ақ жол тілері анық.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ