«КҮН КӨСЕМНІҢ ҚҰШАҒЫНДАҒЫ» ҚАЛА

«КҮН КӨСЕМНІҢ ҚҰШАҒЫНДАҒЫ» ҚАЛА

«КҮН КӨСЕМНІҢ   ҚҰШАҒЫНДАҒЫ» ҚАЛА
ашық дереккөзі
334

Тәуелсіз Қазақстанның картасындағы қара дақ сияқтыКүн көсемнің еңселі ескерткіші жалдық сипаттағы жұлдызды Байқоңырдың орталық алаңында өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері жарты ғасыр бойы тапжылмай тұр. Бұл жерде бұрын әскерилер салтанатты сап құрса, кейінгі кезде қалалық деңгейдегі әртүрлі мәдени көпшілік іс-шараларды тұрақты өткізу үрдіске айналған.

Ресей коммунистік партиясы жергілікті ұйымының мүшелері дәуір алмасқан шақта осы маңайға жиналып, өздері табынатын тарихи тұлғаның қола ескерткішіне гүл шоқтарын қойып құрмет жасайтын. Тіпті шағын жиналыс өткізіп, түрлі талқылаулар жүргізгендерін де көз көрді. Бірақ белсенділері өз отанына көшіп кеткелі, ат ізін салатындар саны күрт азайған. 
Қаншама жылдардан бері қарапайым халықтың көзі әбден үйренген болар, әйтеуір келмеске кеткен кеңес заманының қаңсығына қарсылық танытар жан жоқ. Байқоңырдың күн көсем құшағындағы жалғыз қазақ қаласы ретінде тәуелсіздігіміздің жиырма үшінші жылы ерекше дараланып тұрғаны желкілдей өскен жастарымыздың алдында аға буын өкілдерін үлкен ұятқа қалдыратыны хақ.
Евгений Осташев, Алексей Ниточкин, Георгий Шубников, Михаил Янгель, Владимир Бармин және артиллерия маршалы Митрофан Неделин мен генерал-полковник Александр Максимов сынды басқа да кеңестік ғарышнама ғылымының көрнекті өкілдеріне ресейліктер соңғы уақыттарда қаптаған қола бюстілерін орнатып, қоршаулы қаланың көшелерін ерлік пен еңбектің ерен ерлерінің еншісіне бәсіреге байлап берді. Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев сынды қазақ ғарышкерлерінің бағына бір бұрыш бұйырмағаны өкінішті. 
Сәкен Сейфуллин мен Жанқожа батырдың есімдері қаладағы елеусіздеу екі көшеге таңылғанымен, әлі күнге шейін шағын мемориалдық тақта орнатылған жоқ. Көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттардың қабырғаларына қағылған кішкентай қаңылтырға жазылған әріптердің өше бастауынан қонақтардың көбі діттеген тұсын таба алмай әуреге түседі. 
Осындай олқылықтарды түзетуге талпынғандардың бастамасы бойынша біраз жыл бұрын қала әкіміне жергілікті жамағаттың атынан Жанқожа батырға орнатылатын ескерткіш белгінің жобасы жолданғанымен билік өкілдері тарихи тұлғаға құрмет көрсету ұсынысын қабылдамады. Бұл бағыттағы жұмыс­тарды ұтымды үйлестіруге тиіс жергілікті өзін-өзі басқару қоғамдық кеңесінің құрамындағы ел азаматтары қауқарсыз күйде. 
Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық мерейлі мерекесіне орай Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Болатбек Қуандықов мырза алты алаштың арыстары аңсаған азаттық пен ұлттық ұстындарымызды ұлықтайтын еңселі ескерткіш белгі орнату қажеттілігіне назар аударып, құзырлы орын басшылары мен жауапты тұлғаларға арнайы тапсырма жүктеген еді. Алайда аймақ жетекшісінің бұл бастамасы әртүрлі себептермен сағызша созылып, құнттаусыз қалды. 
Құлыптаулы қаланың қақпасынан кірген кез келген қазақстандық жат жұртта жүргендей мемлекеттік рәміздеріміз бен елдік нышандардың бірде-бірін кездестіре алмай аңтарылатыны айдан анық. Әлемге әйгілі алып айлақты адамзаттың игілігі үшін ұтымды пайдаланудың тиімді тетіктерін бірлескен түрде бағамдайтын мемлекет көшбасшыларының қатар түскен фотосуреттері мен көршілес екі елдің стратегиялық әріптестігіне қоса халықтар достығы жайындағы мәлімдемелерін тіпті таппайсыз. Байқоңырдағы ұлықтарымыздың үнсіздігі енді қанша уақытқа созылары бізге беймәлім. 
Юрий Гагарин мен Сергей Ко­ролевтің еңселі ескерткіштері Ресейдің әрбір мерекесі мен ғарышнама ғы­лымының атаулы күндерінде гүл шоқтарымен көмкеріліп, арнайы келген ресми делегация өкілдері тарапынан тағзым жасалады. Абай Құнанбаевтың жансыз бейнесі мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы келіп кеткенен кейін мәртебелі мырзалардың құрмет көрсетуін күткендей тұнжырап тұрғаны. 
Президентіміздің ғарыш кешеніндегі арнаулы өкілдігі мен жергілікті атқару билігі саналатын ресейлік қала әкімшілігін айтпағанда ресми тіркелген республикалық партиялардың байқоңырлық жетекшілері мен аудан, облыс мәслихаттарына осы өңірден сайланған депутаттар жұмған ауыздарын ашпайды.
Жалдық сипаттағы өңірдің жұрт­шылығын жабырқататын жай­сыздықтарға жайбарақаттықпен қарау қисынсыз көрінері хақ.

Нұрлан МЕРАЛЫ,  журналист

Серіктес жаңалықтары