Еуропадан енген, Ресейден келген «мәдениеттің» түрі қандай?

Еуропадан енген, Ресейден келген «мәдениеттің» түрі қандай?

Еуропадан енген, Ресейден келген  «мәдениеттің» түрі қандай?
ашық дереккөзі
312

Әңгімені төтесінен бастайық.

Бір кезде Самюэль Хаттингтон: Петр патша Ресейді Еуропаның бір бөлігіне айналдыруда зор табыстарға жетті, деген екен. Біз қазір азат ел атанған Қазақ Елін Ресейдің де, Еуропаның да ортақ бір бөлігіне айналдырып барамыз ба деп алаңдаймын. 

Бүгінде тәуелді ел, отар ел деп аталатын ел жоқ, бәрі тәуелсіз, бәрі азат, бәрі отарсызданған. Біз де тәуелсізбіз. Солай бола тұра сол тәуелсіздік алған 23 жылдан бері не тарихи, не тілдік, не мәдени, не салт-дәстүрлік, не басқа да бірде-бір ұлттық құндылығымызды қалпына келтіре алмағанымыз қалай? Өйтпек түгіл, соңғы кездері баспасөз, телеарна арқылы айтылып жатқан сөздерге құлақ түрсек, қазақтардың ұлттық тағам түрлерін, ою-өрнектерін, киіз үйі мен қазы-қарта, жал-жая, қымыз, шұбат, ірімшігінің өзін, тіпті, тазысы мен төбетіне шейін Израиль мен Германия иемденіп алған көрінеді. Бүкіл ислам елдерін терроршы, экстремист атандыру «жұмысын» аяқтап болып қалған Израильді айтасыз-ау, КСРО тарап, өз алдына шаңырақ көтеріп алған қай республикаға қарасаң да, сол республиканы құрып отырған байырғы жергілікті ұлт сол елдегі өзге ұлт өкілдерін (диаспораларды) өз құрамына сіңіріп, жергілікті ұлттың салт-дәстүрін, дінін құрметтеп, сол ұлттың тілінде сөйлейтін біртұтас халыққа айналдырғанын көріп отырмыз. Ал бір бет қағазға біресе Казахстан, біресе Қазақстан деп екі түрлі жазылатын әдет біздің елімізден басқа қай елде бар. Қысқасы, біздің бүгінгі той-думанымыздан бастап, қаралы жиындарымызға дейін мәдени жағынан отарлық бодандықта жүргенімізді байқататын сияқты. Ұлтты аман сақтаудың ең басты құралы – тіл. Ел болам деген ел ең әуелі өз ұлтының тіліне заңдық күш-қуат береді. Ал біз өйтудің орнына ешбір социолингвистикада жоқ «Үш тұғырлы тіл» деген терминді жасадық. Бұл – қазақ тілін көгертпеу үшін кейбір орыстар мен керітартпа орыстілді дүбәралар әдейі ойлап тапқан ғылыми термин бе дейсің кейде! Егер қазақ басшылары Құдай бар екеніне сенетіні, одан қорқатыны рас болса, осы «үштілділік» дегенге ойлана қарар еді. Өзіңіз қараңызшы: Қазақстанда тұратын славян тектес ұлттар көбіне бір ғана тілде – орысша сөйлейді. Тек қазақтар ғана үштілді.
Бізбен көршілес тілі, діні бір елдер тіл мәселесін азаттық алған күннің ертеңіне-ақ шешіп, бүкіл іс қағаздарын, бүкіл телеарналары мен баспасөзін мемлекеттік тілге көшіріп, қазір әрбір мейрамын да, ұлттық киімін де, ұлттық тағамдарын да, ұлттық ойындары мен жер-су атауларын да, ұлттық өнері мен мәдениетін де, ән-күйімен бірге той-томалағын да ұлттық идеологияға айналдырып алды.
Ал қазақтар ұзақ уақыт Ресейдің озбыр саясатының табанында тапталған мәдениетін, өлі-тіріге жасайтын жөн-жоралғысына шейін мидай аралас бірнәрсеге айналдырды. Осының бәрі өз еліңде өз тіліңнің қадірсіз, құрметсіз болып, тек орысшаның аудармасына айналып болғанының кесірі екенін, қазақтың басына төнген қай ауыртпалықтың да себебі мен салдары тілге келіп тірелетінін жоғарыдағылар бізден де жақсы біледі. Әттең, қазақтың ұлттық уайымының құны көк тиын болып, айтқан зар-мұңы өз елінде желге ұшып жатқасын амал не? Аржағын өзіңіз түсіне беріңіз. Ал ұйғыр, өзбек, татар, әзірбайжан, башқұрт, түрік сияқты бауырларымыздың бірде-бірі қазаққа болмасын демейді. Қазақстан халқының 80 пайызға жуығы түркітілділер. Ендеше, Қазақстан билігі қалған 20 пайыз славяндардың қас-қабағына қарап, неге жалтақ-жалтақ ететіні миға қонбайтын нәрсе. Иә, тілінен айрылған, айрылмаса өз тілін орысшадан аудармалап-төңкермелеп сөйлейтін халық бірте-бірте бүкіл ұлттық үрдіс-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, тіпті дінінен, діни жөн-жоралғысынан айрылады екен. Бір ғана мысал. Қазір көшелерде, «Памятники», «Ескерткіштер» деген жарнамаларды жиі көретін болдық. Бүгінгі қазақ байғұстың өзі де, сөзі де орысшаның аудармасына айналып, дүниядан өткен ата-анасының, бауырларының Құлпытасын орысшадан аударып «Ескерткіш» деп атай бастағанынан-ақ көп нәрсені аңғара беріңіз. Осының өзі-ақ орыс не айтса соны қайталап айтып, орыс не істесе соны істейтін құлмінез қанымызға әбден сіңіп, ұрпағымыздан ұрпағымызға жалғасып бара жатқанын ап-анық көрсетіп тұр. Иә, азаттық деген алдияр тақсырдың атын айтуға қорқып, тәуелсіздік алдық деген сөзді күніге сан қайталайтын қазақтың бүкіл той-томалағынан бастап, өлікті жерлеу рәсіміне шейін орысша немесе еуропаша өтеді. Бүгінгі қазақтың бұл рәсімдері – не ұлттық, не мұсылмандық руханилықтан жұрдай! Бұл рәсімдер – бастан-аяқ «орысша ішу», грузинше, армянша анекдот аралас тост көтеру, орысша не батысша аласұрып билеу, сөзі науқас адамның сандырағы, әні ән деуге келмейтін әлденелерді әндету, орысша тілек айту, сөз сөйлеу ғана. Бұны бір ауыз сөзбен резервация мәдениеті дейді. Ал шындығына келсек, өлікті жерлеу кезінде «сөз сөйлеудің» өзі кәпірлік философияға толы келеді. Мұндай қаралы жиын кезінде кейбір ақындарымыз лепіртіп, лекітіп сөйлейтінін де көріп жүрміз.
Әрине, арақ-шараппен, «алып-қоялықпен» өтіп жатқан той-томалақтан ата дәстүр, ислами дәстүр іздеп сөзді көбейтпей-ақ қоялық. Тек осы күні үш тілде (ағылшын-орыс-қазақ!) сөйлейтін қазақтардың марқұм болған адамды о дүниеге аттандыру рәсімінің өзі ерсілікке, еліктегіштікке, өз дінін сыйламайтын тұстарға толы екеніне бірер сәт көз жүгіртіңізші. О заманда бұ заман адамды жерлеп жатып, оның моласының басында өлең оқығанды қай мұсылманнан көрдіңіз. Иә, дәл солай! Қазақтар жерлеу рәсімі кезінде марқұмға арнап өлең оқиды. Ол өлеңнің көркемдік сапасы, сыршылдығы туралы сәл кейінірек. Өлікті жерлеп келген соң жамағат кең жайылған дастарқанға, яғни, үстелге келіп жайғасады. Ол дастарқанда құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Құдды үйлену тойы дерсің. Қалтасы қалың, күйлі-жайлы шаңырақтар самаладай жарқыраған мейрамханаларда, орташалары кафелерде өткізеді. Абырой болғанда, молда әйтеуір марқұмға құран бағыштайды. Одан кейінгі «қызықты» «жүргізуші» деп аталатын адам бастайды. Қызық дейтін себебіміз, егер қайтыс болған адам жазушы не ақын болса, төрдегі молда отырған үстелдің жанына Жазушылар одағының бір-екі басшысы мен Мемсыйлық лауреаты деп аталатындар ыңыранып кеп жайғасады. Сонда бұл жерде оларға мұндай құрмет не үшін көрсетіледі деп ойланып жатқан да ешкімді көрмейсіз. Содан әлгі жүргізуші «сөз беруді» бастайды. Әрине, бақилық болған пенде туралы ондайда тек жақсы лебіз ғана айтылуы тиіс. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» жоқ, асығыс, ауызекі айтылғаннан кейін сөз арасында кейбіреулер марқұмның кей сәттегі ерсі қылықтарын аңдамай ақтара салатыны да ұшырасады. Екіншіден, қай нәрсенің де екі жағы – жақсысы мен жаманы, жарығы мен көлеңкесі, ағы мен қарасы қатар жүреді. Міне, сондықтан да дастарқан басында біреулер жапатармағай марқұмды жерге тигізбей мақтап, тіпті, жоқтан-бардан құрастырып сөйлеп тұрғанда, оның шын мәнінде қандай адам болғанын жақсы білетіндер «пау, мынау мүлде бұрмалап, басқаша айтып тұр ғой» деп күңкілдеп отырғанын талай құлағымыз шалды да. Ал өлік шыққан үй соған қуанғандай аста-төк рәсуа қып, көл-көсір дастарқан жасауы исламда да, христианда да жөнсіз дүние. Ата-бабамыз о дүниеге аттанған адамды шығарып салу сәтінде осылайша қаржы-қаражат, ырзық-несібе шашып, жаназаны, қаралы жиынды мерекеге, тойға айналдыр деп пе еді? Ата-бабамыз өлген адамға арнап өлең оқы, жиналыс өткізіп, кезекпен сөз бер деп пе еді. Ата-бабамыз өлген адамның бейітінің басына оның ескерткішін орнат, не суретін салып қой деп пе еді? Осыдан 7-8 жыл бұрын Алматыдағы бір жекеменшік құрылыс холдингі бастығының қызы көлік апатынан қаза болды. Мұсылмандық рәсімімен Кеңсай зиратына жерленді. Арада біраз уақыт өткенде сол маңға барғанда, жаңағы бейіттің басында марқұм қыздың қолына гүл ме, әлде басқа бірнәрсе ме, әйтеуір бір затты ұстап, көкке қарата самғап баратқан биік ескерткіші тұрғанын көрдік. Адам баласы қоржыным қаржыға толды екен деп ойына келгенін істей берсе, бұдан да сорақылыққа баратынына көзіміз жеткендей болды. Қазір қазақта кім көп, дінтанушы көп. Солардың айтқанын тыңдап, жазғанын оқып отырсаңыз, осы күні ата-баба дәстүріне тыйым салатын әлдебір секталар бар көрінеді. Бір-бірімен қызылөңеш, қырықпышақ боп жүрген сол қаптаған дінтанушылар көтеретін ең өзекті нәрсенің бірі осы емес пе? Ал олар оның орнына көп жағдайда саясаттың кейбір сайхали тұстарына еріп, әлдебір «террористер» мен «экстремистер» туралы күмәнді сөздердің көрігін қыздырудан әрі аспайды.
Әлгіндегі уәдеміз бойынша өлген адамға өлең арнауға сәл тоқталып өтейік. Иә, бақилық болған адам туралы «сөз сөйлегендердің» ішінде оған арнаған өлеңдердің ерсілігі, жасандылығы, тіпті, әлеуметтік тапсырыс екені көзге ұрады да тұрады. Өйткені ол өлең шын жүректен шыққан «дүние» емес. Осыдан біраз бұрын халқымыздың ардагер ұлдарының бірі, әскери қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетов қайтыс болғанда белгілі бір ақынның оған арналған өлеңі газетке басылды. Бес шумақ! Бұны өлең дегеннен гөрі қисынсыз, мағынасы бос ділмарсыған, сырты жылтыр, іші бұлдыр, бос шелектің даңғыры деуге ғана келеді. Осы «дүниенің» авторы Сағадат ағамызды мақтаймын деп бір ретте «Бүлінбеген жерім… тілінбеген төрім едің» деген елірме сөзге дейін барады. Бұл тіпті Сағадат Нұрмағамбетов сияқты батырға да, қарапайым жер жыртушы диханға да келмейтін лақпа сөз ғой! Өйткені о заманда, бұ заман адам баласын «бүлінбеген жермен» «бүлінген жерге», «тілінген төр» мен «тілінбеген төрге» теңегенді естігеніңіз бар ма?
Жақында исі қазаққа белгілі сүйікті ақын апамыз о дүниеге аттанып кетті. Қалың қазақ қара жамылды. Жаны жәннатта болғай! Бүкіл қазақы телеарна ол туралы хабар беріп жатты. Неше күн, неше түн бойы. Бәрі дұрыс делік. Бірақ сол күндері телеарналардан не ата-бабамыздың, не ислам дінінің бақиға өлік жөнелту үрдістерінің ешбіріне ұқсамайтын, ана елдің, мына елдің кейбір кәделері мен үрдістерінен алынған үзінділер көріп отырғандай болдық. Келіссеңіз де, келіспесеңіз де сол, бұны қаралы сәттерден көрініс дегеннен гөрі телеарналардан күнде көріп жүрген ток-шоудың бір түрі деуге келіңкірейтін еді. Атын атамай-ақ қоялық, Қазақстан телеарнасының апайға арналған бір жобасында жүргізуші жігіт жұртқа «бір минут түрегеп тұрып еске алу» рәсімін жасатты. Жұрт саптағы сарбаздардай қақшиып тұрды. Бұл да бізге орыстар арқылы Еуропадан келген көп «мәдениеттіліктің» бірі. Бұл не? Бұл білместік, не «көн қатса қалыбына барады» дегендей, баяғы санаға сіңіп қалған коммунистік құлмінезден арыла алмаудың бір дәлелі еді. Өйткені ол кезде марқұмның әлі жамбасы жерге тиген жоқ болатын. Яғни, жаназасы шығарылған жоқ. Демек, ол кісі әлі о дүниеге барып жеткен жоқ. Бұрын коммунистер қайтыс болғанда оның мүрдесінің қапталында қарына қызыл шүберек байланған «қарауылдар» сапқа тұратын еді. Бұл жолы қарына көк шүберек байлағандар сап түзеді. Бұл не? Сонда біз әлі де ұлттық үрдістерімізді, діни дәстүрлерімізді қалпына келтірмей, тек сырт киімімізді, қолымызға байлаған шүберегімізді ғана өзгертіп киген біреулер болғанымыз ба? Иә, сол күндері телеарналардағы қаралы сәтке арналған көрсетілімдер ток-шоу сияқты бірнәрсе болды. Онда қайтыс болған адамның ең болмаса көзге жас алдырып, «ой, дүние-ай» дегізерлік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар бір сөзін айтудың орнына біреулер өзіне ақын «Шабыт» фестивалінің дипломын тапсырғанын, енді біреу «халың қалай?», «анау қайда, мынау қайда жүр?» деп сұрағанын, үйіне барғанда тамақты мол қып пісіргені сияқты күнделікті күйкі тірліктің сәттерін термелеумен болды. Оның орнына телеарналарда әлсін-әлсін жаназа кезінде оқылатын сүрелерден үзінділер келтіріліп, «жаны жәннатта болғай» деген сөздерді айтып, жылап-сықтап тұрғандар көрсетіліп жатса, өте орынды болған болар еді. Осы шараның басы-қасында жүрген, оған қаржы бөліп жатқан қалталы қазақтардың «еуропашылдығы», «өркениетшілдігі», «современ­ный­лығы» болмағанда, Құрманғазы мен Қазанғаптың адамның іші-бауырын алай-дүлей ететін «Кішкентай», «Қайран шешем», «Домалатпай», «Көкіл» сияқты күйлерін күңірентіп қоюға да болар еді. Қайтыс болған адам менің өлеңімді мақтап еді, анау ақын қайда, мынау ақын қайда екенін сұрады деп, белгілі адамның айтқан-айтпағандарын да өз беделін көтеруге пайдаланбақшы болғандарды да көрдік, сол күндері. Темірөзек ешкім жоқ! Пенде атаулы ажалды! Бүйте берсек, мұндай ток-шоу сияқты іс-шаралар белгілі-белгілі тұлғаларды о дүниеге аттандыру кезінде телебәсекеге айналып кетуі де мүмкін. Қазір бір аяғы жерде, бір аяғы «ана жақта» тұрған белгілі-белгілі ақсақалдарымыздың күні ертең бірінің көзі тайып жатса, «ау, анау ақын қайтыс болғанда бүкіл телеарна шуылдатып, анандай қып, ана шаһардан мына шаһарға тегін ұшақ қатынатып, ұлы думан жасап едіңдер, бұ кісінікі одан гөрі қораштау болды» деп дау шығаруы бек мүмкін. Тіпті, әр аттаған адымына «гүл емес доллар біткен» шіріген байлардың не өзі, не ата-анасы, туған-туысы қайтыс болып жатса, оларға бүкіл телеарнаның эфирлік уақытын сатып алу да түк емес.Бұл да ойланарлық нәрсе. Қазір қаптап кеткен дінтанушы-философ, дінтанушы-филолог, дінтанушы-тарихшы, дінтанушы-мәдениеттанушылар жамағатқа міне, осы мәселенің дұрыс-бұрысын, түзік-бұзығын жіліктеп түсіндіріп отырса, қандай ғибрат болар еді! Әттең, олардың қазір өзге бір «өзекті» шаруалары бар сияқты.
Қазақ Елі Ресей бодандығында болған 3 ғасырға жуық аралықта, әсіресе кеңестік орыстардың 70 жылдық боданы болған кезде өзінің бүкіл ұлттық мәдениетінен, ұлттық тілінен түп-түгел айрыла жаздады. Орыстар бұл саясатты әрі ашықтан ашық, әрі сендер артта қалған мешеуліктен, ескінің сарқыншағынан құтылуларың керек деген саясатпен жүргізді. Сол орыс мәдениеті, орыс руханияты дегеніңіздің өзі де үш құрамдас. Оның біріншісі – І Петр патшалық құрған кезге дейінгі (1689-1725) Киев Русі мен Московия заманы. Сосын Петрдің орыстарға Еуропа мәдениетін сіңіруі. Міне, осы екі кезеңдегі орыстардың бүкіл орыс ілім-білімі, орыс мәдениеті деп жүргенінің бәрі Византия мәдениетінің туындысы, яғни, византиялық әкеден туған орыс баласы деуге тұрарлық қана дүние еді. Орыстың орыс болуына не католик дінінің, феодализмнің, Ренессанстың, Реформацияның, Ағарту дәуірінің, құқықтың үстем болу принципі, батыстық пікір алуандығы көп ықпал етті. Одан кейінгі Ресей Алтын Орда сияқты әлемдік ұлы империяның қоластындағы кезеңде бүкіл түркі әлемінен өзіне сіңіріп, орыс тарихы, орыс мәдениеті қып алғандары туралы біздің тарих оқулықтарында бір ауыз сөз айтылмайды да. Ал біле-білген адамға осы орыс мәдениеті, орыс өркениеті, орыс өнері дегеніңіздің бәрі будан мәдениет, будан өркениет, будан тіл, будан өнер ғана. Бүгінгі қитабан қазақтың алдында шырт түкіріп тұратын орысқұмар, дүбәра шонжарлардың біле қоюы да неғайбіл. Олар үшін қазақты адам еткен – орыс! Бірақ бұл ретте бұл орысқұмарларды кінәлаудың дұрыстығы да екіұштылау. Өйткені ол көзін ашып көргелі, аузын ашып емгелі орыс мектебінен, орысша тәрбиеден өнеге алып, орыстардың әр сөзін хадистей қабылдап өскендер.
Қорыта айтсақ, әлемде 200-дің о жақ, бұ жағында мемлекет бар. Солардың әрқайсысының кемінде 200-ге жуық әйгілі-әйгілі тұлғалары бар. Бірақ сол елдердің ешқайсысы солар қайтыс болып жатқан садаха-жаназасына шейін әр елдің салт-дәстүрінен үзіп-жұлып, орысқа, еуропалықтарға еліктеп өткізіп жатқан жоқ. Осындай ірі-ірі іс-шараларды өткізу кезінде, әсіресе, біздің қоғамның шетелдің қаңсығын таңсық қылуға бейімдігі, өлім-жітім мен той-думанның өзін солардың ыңғайына, солардың саясатына бейімдеп жасауға даяр тұратын көңіл жықпастығы көрінеді де тұрады. Қашанда ең алдымен өз ұлтыңның қадір-қасиетін білу керектігі біздің санамызға қашан жетер екен?

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, жазушы, журналист

Серіктес жаңалықтары