Қазақтың намысының құны 3 мың 700 теңге ме?

Қазақтың намысының құны 3 мың 700 теңге ме?

Қазақтың намысының құны 3 мың 700 теңге ме?
ашық дереккөзі
274


Гүлзина БЕКТАС

Ресейлік актер Алексей Панинге 2 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) (3704 теңге)
көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Ақмола облыстық ІІД баспасөз-қызметіне
сүйене отырып, Tengrinews.kz сайты
жариялаған екен. 

Естеріңізде болса, осыдан бірер күн бұрын Көкшетауға
гастрольдік сапармен келген ресейлік әртіс араққа сылқия тойып алып, дау-дамай
шығарғанымен қоймай, спектакльдің шырқын бұзған болатын. Спектакльдің
ұйымдастырушы, актриса Марина Друцкая: «Кеше кешке «Бес в ребро» спектаклі
басталар алдында облыстық филармонияға ішімдікке тойып алып, әбден мас болып
келген ол сахна сыртында дау шығарды. Мені және филармонияның басқа да
қызметкерлерін қорлады», – дейді.

Ұйымдастырушының сөзіне қарағанда, Панин сахнаға шығудан
бас тартқан көрінеді. Өзге актерлер спектакльдің болмайтыны жөнінде хабарламақ
болғанында, Панин сахнаға шығып кетіп, көрерменнің алдында спектакльдің
жалғасатынын айтқан. Актердің арақ ішіп, мас болып тұрғанын көрген көрермендер
біртіндеп залдан шығып кетеді. Бұған ұялған оның әріптестері қалың көпшіліктен
кешірім сұрағанымен, Алексей Паниннің өзі ешкімнен кешірім сұраған жоқ.

Ресейлік әртіс бассыздыққа жол берген соң,
ұйымдастырушыларға полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Облыстық ІІД
баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, актерге қоғамдық жерде мас болғаны
үшін әкімшілік хаттама толтырылып, іс әкімшілік сотқа жіберілген еді.

Көрермендер ақшаларын төлеп, спектакльге келгенінде спектакльдің
қойылмағаны бір бөлек, оның сыртында ресейлік әртістің балағатын естуге тура
келді. Айдың-күннің аманында өзге елдің әртісінен балағат сөз есту көрерменге
де оңай тимеген шығар.  Балағат естіген
көрермендер билеттерін қайтарып, ақшаларын қайырып алыпты. Ресейлік ақпарат
құралдары Паниннің бұл әрекеті бірінші рет болып тұрмағанын жазады. Алайда,
маскүнемдікке салынып, ресейлік әртістің ашық күнде қазақты балағаттауы  «бір ұлтты ашықтан ашық қоғамдық орында
қорлауы» болып саналмай ма?

Ең қызығы, ресейлік әртістің өзі бұл оқиғаның болғанын
теріске шығарып отыр. «Айтарлықтай ештеңе болған жоқ. Қойылым қалыпты жағдайда
өтті. Ешқандай айғай-шу болған жоқ, филармонияның өзі осылай даурықтырып отыр.
Полиция мені ешқайда әкеткен жоқ», – деп ат-тонын ала қашуда.

Сонда Көкшетаудағы спектакльге жиылған қауым өтірік айта
ма? Сонда спектакльді ұйымдастырушы Марина Друцкая оқырманды алдап отыр ма?
Егер Панин айтқанындай, ешқандай дау-дамай болмаса, облыстық ІІД 2 АЕК көлеміндегі айыппұлды неге төлетеді?

Екі АЕК демекші, арақ ішіп алып, сахнада балағаттап,
жиылған көрерменді қорлаған Алексей Паниннің айыппұлы 3704 теңге ғана болыпты.
Сонда қазақтың намысының құны 3 мың 700 теңге ғана болғаны ма?  Айыппұл төлеу бір бөлек, бүтін бір ұлттан,
бүкіл Қазақстаннан ресми кешірім неге сұрамайды? Елді балағаттаушылар гастрольдік
сапармен келіп, Қазақстанда өнерлерін насихаттайды. Онымен қоса, өнерлеріне
еңбекақысын алады. Сөйте тұра, елден кешірім сұрауға бата алмайды. Бата алмайды
дегеніміз бер жағы, сұрағысы да келмейді. Бұл дегеніміз, бүтін бір ұлтты қорлау
емес пе? Олай болса, сырттан келген
әртістің елді балағаттап, қорлағанының құны 3 мың теңгеден сәл ғана асып тұрса,
ертең тағы біреудің келіп алып, ашықтан-ашық елді балағаттап кетпесіне, кім
кепілдік бере алады?!

Айтпақшы, бұл актер 22 ақпанда Қостанай театрының
сахнасында өнер көрсетуі тиіс екен. Көрермендерге сатылған билеттердің ақшасы
қайтарылып беріліпті. Көрерменнің ақшасының қайтқанына да шүкірлік! Көкшетауда
елді балағаттаған әртістің Қостанайда талтаңдап өнер көрсетуіне жол бермеуіміз
керек. 

Серіктес жаңалықтары