Қарнымыздың ашқанына емес, қадіріміздің қашқанына жылаймыз...
Қарнымыздың ашқанына емес, қадіріміздің қашқанына жылаймыз...
«Еларна» 1-наурыздан бастап жабылады. Жыл аяғында бірнеше
газеттер жабылып, сайтқа айналды. Қазақ газеттерінің жабылғаны қазақ
журналистерінің арасында жұмыссыздық санын арттырып жіберген сияқты. Баспанасыз
жүрген қазақ журналистеріне жұмыссыз қалу үлкен қиындық тудырары сөзсіз. Жабылып
қалған газеттер мен телеарнада қызмет атқарған журналистердің көбінің мойнында
несие тұрғаны жасырын емес. Оған пәтерден-пәтерге көшіп жүрген баспанасыздарды
қосыңыз. Үйсіз-күйсіз, жұмыссыз қалған
қазақ журналистерінің тағдырын кім ойлайды?
Талғат Ешенұлы
Қазақ тіліндегі
газеттер жабылды. Бір телеарна жабылып қалды, екіншісі жабылмақшы. Жабылып соны
талқылап жатырмыз.
Әрине, ішің ашиды, жүрегің ауырады. Не үшін?
Біріншіден, бұл – енді ғана қарақанаттанып, қомдана бастаған қазақтың саяси,
әлеуметтік белсенділігінің өсуіне, қоғамдық, мәдени ой-санасының жетілуіне
көлеңке түсіретін жайт. Екіншіден, сол қазақтың сөзін ұстап, жоғын жоқтап отырған идеологиялық майдан үшін ауыр соққы.
Үшіншіден, мұның артында қаншама адамның – біздің журналистердің арман-қиялы,
мұраты, үміті, бала-шағасы мен жақын-жұрағатының нәпақасы мен тағдыры тұр. Біз әдеттегідей мәселенің себебін
емес, салдарын ғана қаузаймыз келіп. Себебі неде? Осыған қазақ ақпарат
кеңістігінің тізгінін ұстап отырған басшы ағайын кінәлі емес пе? Әйтпесе,
қызметте отырған жігіттер Назарбаевқа, билікке сөзін өткізе алмасын, тым
құрыса, құрылтайшыға сөзін өткізе алуы, тыңдата алуы тиіс қой. Ондай да
бет-беделіміз болмаса, халыққа көсемсіп үкім, шешенсіп ақыл айтуға қандай
қақымыз бар?
Онда ашық мойындауға тиіспіз: мұның бәрі қара
басымыз мен қара кресломыздың ғана қамын ойлаған жалтақтықтан, мансапқұмарлық
пен тоғышарлықтан деп; халыққа келгенде тұлғамыз, ұлыққа келгенде жорға ғанамыз
деп. Сіздерге ғана бапандаймыз, биліктің бізге түкіргені бар деп;
«Шерханмінезді» бізден күтпейсіздер, күтпеңіздер және т.т. деп. Қадіріміз
қалмады. Ал, қазақ журналистикасында қадір болмаса, қазақта қандай қадір
болады?!.