БОЗ БЕН ТОЗДЫҢ АРАСЫ

БОЗ БЕН ТОЗДЫҢ АРАСЫ

БОЗ БЕН ТОЗДЫҢ АРАСЫ
ашық дереккөзі
279

Қазақстандағы барша халықтың жиынтық саны бір Каир тұрғындарының санына жетпейді. Ресми ақпаратқа жүгінсек, Мысыр астанасында 8 миллион халық тұрады делінгенімен, қала маңындағы халықтың саны 17 миллионнан асады. Демек, Каирде 25 миллионнан көп адам тұрады десек, асыра айтқандық емес. Кей мәліметтерде мұндағы тұрғындардың саны 30 миллионға жетеді деп те айтылады. Халық санының орналасу тығыздығы әрі демографиялық мәселелерді бақылаудағы мемлекеттің әлсіздігі ресми ақпараттан гөрі ауызша хабарлардың шынайылығына сенуге жетелейді. Мұның бәрі Каирдегі қарапайым халықтың тұрмысындағы кереғарлықтардан айқын аңғарылады.

«ӨЛІЛЕР» ҚАЛАСЫ


fc9daf1dadf3a7a5179ae7b063e85c36.JPG

Каир – барлық мегаполистер сияқты ішкі қарама-қайшылығы мол, құпиясын ішіне бүккен үлкен қала. Африкадағы ең ірі қала саналатын көне шаһар отыз ауданнан тұрады, қысқа мерзімде оны түгел аралап шығып, егжей-тегжейлі танып-білу қиын. Дегенмен, африкалық елдердің көбіне тән байлық пен кедейшілік, тоқшылық пен жоқшылық, бар мен жоқ, тіпті… өлілер мен тірілер қатар салтанат түзген қым-қиғаш тірліктің көрінісі мұнда айрықша көзге түседі. 

Өлілер мен тірілерді бекер қатар қойып отырған жоқпыз. Мұнда «Өлілер қаласы» бар екенін ғаламтор арқылы оқып-білгенбіз. Келе сала, жергілікті тұрғындардан молаларды мекен еткен бір қауым ел бар екенін естігеніміз де рас. Қандай да бір деректің нақтылығын тексеруге әдеттенген журналистік машық «Өлілер қаласын» іздеп табуға жетеледі. 

Әрине, «Өлілер қаласы» деген атауды берген сырт көз екені анық. Каир 1100 жылғы тарихы бар ежелгі шаһар болғандықтан, тұрғындары ескі қорымдардың үстіне үй салып, тарихи ғимараттардың жанынан бей-берекет қоныс теуіп, құлауға айналған ескі үйлер заманауи биік ғимараттардың көлеңкесінен сая тауып, өз тіршілігін жалғастыра беруі заңды да шығар. 

«Өлілер қаласы» деген шартты атау қаланың орталығында, шет жағында, кейбір аудандарда қалған ескі қорымдарға қатысты қойылған. Қала қанатын жайып өсе түскен сайын, бұрынғы күмбезді мазарлар, отбасылық қорымдар шаһардың ішінде қозғаусыз, қараусыз қала берген сияқты. Бай мысырлықтардың тастан қалап салынған отбасылық қорымдары биік дуалдармен қоршалып, түзу көшелердің бойында сән түзеп тұр. Бір қарағанда елсіз мекен, үнсіз тылсымға ұқсаған жерде тіршілік демі бар екені арнайы аралағанда ғана білінеді. 

Біз осындай «Өлілер қаласы­ның» бірі саналатын Зарайф қо­рым-қалашығына бет түзедік. Менің жанымдағы аудармашы жер­гілікті такси жүргізушісімен ұзақ сөйлесіп, тірілер мекендейтін мұндай қорымдардың қала ішінде көп екенін жеткізді. Жергілікті тұрғындар үшін бұл тіршіліктің еш әбестігі жоқ сияқты, Каир тұрмысының кәдуілгі сипаты ретінде қабылдаған жайлары бар. 

Биік дуалдармен қоршалған, тас төселген көшелерге түскенде, әуелгіде ескі шаһарға тап болғандай әсерде болады екенсің. Тек дуалдардың ар жағындағы күмбездер ғана бұл жердің шын иелері әлдеқашан фәниден бақиға озғанын әйгілеп тұр. 15-18 ғасырдағы архитектуралық стильде салынған қорымдар базбір «Мың бір түннің» кейбір көріністерін көзге елестетіндей… Әрбір қоршаудың есігінің маңдайшасында не арнайы тақтайшада араб өрнегімен сол жерде жерленген адамдардың аты-тегі жазылған. 

Көше бойлап келе жатып, осы мекеннің бүгінгі тұрғындарын да кездестірдік. Бір топ ер адам бір қиылыста әңгіме-дүкен құрып отыр. Одан әрі ескі көліктің тесік-құтығын бітеумен әлек болған жас балалар жүр. Әне бір жерде мұсылманша киінген орта жастағы әйел адам әлденені күзеткендей жайғасып отырып алыпты. 

Бізбен сөйлескен Махмуд атты жігіт ағасы бірден ашылып әңгіме айтты. Тіпті мына қорымда тұратын адамдардың тұрмысымен таныстыру үшін өзі жол бастады. Біздің сұрақтарымызға берген ұзын-сонар жауаптарына қарағанда, журналист қауымды оғаш көрмейтіні байқалады. Шынында да, телекамерасын көтерген, фотоаппаратын асынған, Каирді танып-білуге ынталы жатжұрттық тілшілердің ішінде мұнда бас сұқпай өтетіні сирек.

Махмудтың айтуына қарағанда, мұнда 5000-ға жуық халық тұ­рады. Әйткенмен, ресми-бейресми ақпараттар Каир халқының ша­мамен 5 миллионы осындай қо­ры­мдарда тұрады дегенді растайды. Шын мәнінде, бұл адамдарды есепке алып, тіркеуге тұрғызып, санақ жүргізіп жатқан үкімет жоқ. Мұндағы тұрғындардың дені осы жерде туылғандар, тіпті бұл жерге қай ата-бабасының тұрақ тапқанынан бейхабар. Тумысынан мола көрген ел осы тұрмысынан басқа тіршілік түрі бар екені жөнінде ойланып, қамыға қоймайды.

Моланы мекен еткеніне қарап, мүлде жабайы тіршілік етеді деп ойлап қалмаңыз. Тұрғындардың қажетіне арналған перзентхана, мектеп сияқты әлеуметтік мекемелер бар. Бала дүниеге келгенде, оның кіндігі перзентханада кесіліп, аты азан шақырып қойылып, төлқұжаты беріледі. Білім алатын жасқа жеткенде оларды арнайы медреселерде оқытады. Жұмысқа жарамдысы қол қусырып отырмай, «екі қолға бір күрек» деп, тіршілік қамы үшін жанталасып еңбек етеді. Көбісі, әрине, Махмуд сияқты көр қазушы. Одан кейін көлік жөндеушілер, үй әрлеушілер, түрлі қол еңбегімен айналысатындар да осында. Күндік нан табудың қамымен жас балалар бұғанасы тез қатайып, шаруаға ерте араласуға мәжбүр. Жеті-сегіз жасар баланың жеңіл көліктің моторын жөндейтін шебер екенін осы жерде естідік. 

3a0f108cbcf638622226e6c37069ad8c.JPG

 Бұл қорымдар бір кездегі бай мысыр­лықтардың сатып алған жері. Қараусыз қалған молаларды үйсіз-күйсіз жалаңаяқ кедейлердің қашаннан бастап мекен еткенін ешкім айтып бере алмайды. Қорым иелерінің ұрпағы бұл жерлерге жылына бір-ақ рет келеді екен. Ата-бабасының моласын паналап, ұрпақ өсіріп, көбейіп, өзінше тіршілік етіп жатқан момындарға олардан келетін зиян жоқ. Керісінше, анда-санда келгенде кедей-кепшікке ақша ұстатып, қуантып қоятыны бар. 

Бұл жерден жарлы-жақыбайды үкімет те қумайды. Қуғанда да олардың басар жер, барар тауы жоқ екені тағы белгілі. Сондықтан өздерінше тіршілік етіп, күнін көріп жатқан халықты көрмегенсіп отыра беретін сияқты. Махмудтан су, электр жарығы сияқты тұрмысқа қажетті түйткілдердің қалай шешілетінін сұрадық. Каирдың орталығында орналасқан қорымдар үлкен көшелерге жақын, осы жолдардың бойындағы электр бағаналарына сым жалғап алса да, оларға «Мұның қалай?» дейтін билік жоқ. Суды мола тұрғындары қолдап ыдыспен тасиды. 

Мұсылман зираты болғандықтан ба, әлде ата-бабасынан бері осы жерді мекендегендіктен бе, мұндағы тұрғындар Ислам дінін ұстанады екен. «Құран оқимыз, намаз оқимыз» дейді. Бірақ Исламдағы басты шарттың бірі – тазалықтың мұндай жағдайда қалай сақталатыны өте күмәнді.

Махмуд бізге өзінің үйін көрсетуге ықыластана келісті. Темір қақпаны кілтпен ашып кіргенде, қыш дуалмен қоршалған кәдуілгі аулаға кіргендей боласың. Бірақ аумағы жеті-сегіз шаршы метрден аспайтын ауланың оң жақ түкпірі кәдімгі моланың орны екені байқалып тұр. Махмудтың айтуынша, беті топырақпен жабылған осы жерде жер астына түсетін басқыш бар. Жер астындағы молада осы ауланың түкпірінен біз жаңа ғана енген қақпаның астына дейін қатар-қатар жиырма әлде отыз адамның мүрдесі жатқанын естігенде, еріксіз төбе құйқаң шымырлайды екен. Ал Махмуд бұл сүйектер шіріп біткенде, олардың орнына басқа мәйіттерді әкеліп көметінін тәпіштеп түсіндіріп тұр…

Махмудтың жанынан бірінші сыныпқа енді барған баласы бір елі қалмайды. Бұдан үлкен екі баласы бар екен, екеуі де білім алып, қызметке тұрып, бұл жерден көшіп кеткен. Бірі – заңгер, екіншісі – әскери қызметкер. «Неге балаларыңызбен бірге тұрмайсыз?» деген сұраққа ол «Мен онда тұра алмаймын» деп күмілжіп қана жауап берді…

Не дегенмен де, мына қараң­ғы­лықтан шығар сәуле бары көңілде үміт­ті оятты…


«ҚОҚЫС ЖИНАУШЫЛАР» ҚАЛАСЫ


23a00a443d9b44db5abae9f6dd0ec244.JPG

Каирдегі тағы бір одағай көрініс – қала ортасындағы қоқыс жинау­шылар ауданы. Мұны өзінше бір қалашық деуге де болады. Кей мәліметтерге қарағанда, мұнда тұратындар негізінен христиан дініндегі копт қауымы. Аты айтып тұрғандай, негізгі кәсібі – қоқыс жинау. Каир көшелерінен есек жеккен ескі ағаш арбаға мінгендерді күн сайын кездестіресің. Қымбат көліктермен еш қымсынбастан қатар жүретін бұл арба иелері де осы тірлікке әбден еті үйренген, әлдеқашан мойынсұнған кейіп танытады…

«Қоқыс жинаушылар» қаласына емін-еркін кіру, алаңсыз аралау мүмкін емес. Қолқаңды атқан қолаңса иіс ат шаптырым жерден-ақ сезіледі. Білетіндердің айтуынша, күн ысыған кезде бұл жерге бас сұғу тіпті мүмкін емес. Бірақ мұнда да бір қауым ел өмір сүріп жатыр…

«Өлілер қаласындағыдай» емес, мұндағы тұрғындар сырттан келгендерге сескене, тіпті сұстана қарайды. Біз фотоаппаратты шығарып, бір-екі кадр түсіргенше болған жоқ, «Болмайды!» деп ескерту жасап та үлгерді. Ата-бабасынан келе жатқан кәсіп болса да, коптардың өздері оны жария етуге бейіл емес.

Қоқыс жинаушылар көше бойындағы шашылып жатқан қоқыр-соқырдан өздеріне керектісін ғана іріктеп алады екен. Кейбірі тек шыны шөлмек пен желім бөтелке жинап өткізсе, кейбірі тек картон жинайды. Ескі жиһаз, тұрмыстық техника, әйтеуір қажетке жарайтын дүние болса, жерге тастамайды. Қалашыққа кіре беріс тұста аузы-мұрны шыға қоқыс толтырған есек арба да, жеңіл көлік те көп. Тапқандарын үйлеріне тасып, бала-шағасымен бірге сұрыптап болған соң, артығын үйдің төбесіне жинай береді екен. 

Каир көшелерінің көбінде не­ге­­ тазалық жоқ екенін енді түсін­ген­дейміз. Қоқыс жинаудың өзін кәсіп еткен, нан тапқан халық барда жергілікті әкімшілік бұл жағдайды түзеуге қауқарсыз, әлде құлықсыз. Әрине, арнайы қоқыс жинайтын көліктер бар, қала тазалығына жауап беретін мекеме бар. Бірақ әлде қала тұрғындарының көптігінен, әлде басқалай себептермен Каирдің тазалығы әлеуметтік жағдайдың көтеремдігінен хабар беріп тұр…


БАЙ-БАҒЛАНДАР МЕКЕНІ


d111708d87520e1e9a556a1fae6a9a80.JPG

Бірақ Каир тек моланы мекен еткен жарлы-жақыбай мен қоқыс жинайтын кедей-кепшіктің мекені десек, жаңсақ болар еді. Каирдің Рихаб, Гарден-Сити, Гиза аудандары тек байлар мен ауқаттылар тұратын аймақтар саналады. Бір ғажабы, бұл аудандар да өзінше қоршалып, оқшау тіршілік етуде. Заманауи ғимараттар, қызылды-жасылды ғұмыр, қым-қуыт тіршілікке құрылған өркениетті өмір де осында. Мұнда есек арба түгілі, ескі маркалы темір тұлпарды көрмейсің. Түп-түзу, тап-таза көшелерді бойлай зулаған қымбат-қымбат көліктер ғана…

Айтпақшы, Қазақстанның Мысырдағы елшілігінің ғимараты Каирдің осындай тұрмысы орта, таза аудандарының бірінде орналасқан. 

 «City Star», «Ganina» т.б. ірі сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарында сайран салып жүргендер – осы аймақтардың тұрғындары.

Кей деректерге қарағанда, Мысырдың бай тұрғындарының саны 2-3 пайыздан аспайды. Есесіне, олар ел байлығының басым бөлігін уысында ұстап отыр. 

Күндік табысы 2 доллардан аспайтын 40 пайыз халықпен бір елде, бір қалада қатар тіршілік етіп жатса да, тұрмыстық салты да, өмірлік мұраттары да еш қабыспайды. Боз бен тоздың арасы жер мен көктей…

Бір ғажабы, осыншама қарама-қайшылықтарға қарамастан, Каирде бай мен кедей, бар мен жоқтың тартысы байқалмады. Мұнда «байдың баласы бай болады, күзетшінің баласы күзетші болады, қорымшының баласы қорымшы болады» деген түсінік басым. Тайқы маңдайға жазылған тағдырға нала айтып, басқаның тұрмысын қызғанған қалып көрмейсің. Арғы бабасынан мойынға киілген қамытты үзуге ұмтылатын арын аз…

85 миллионның үстінде халқы бар Мысыр осындай кереғарлықта өмір сүріп жатыр. Жер аумағы шағын, халқының саны шамалас Түркия, Вьетнам елдері мұндай келеңсіздіктерге ұрынған жоқ.

Оның үстіне, Мысыр ауыл шаруашылығында жылына екі рет өнім алады. Мақта өндірісі жолға қойылған. Газ экспорты жөнінен әлемде алтыншы орында тұр. Мемлекеттік бюджетке айтарлықтай түсім беріп отырған әйгілі Суэц каналы да осында. Соңғы үш жылғы көтерілістерге дейін Мысыр халықаралық туризм ошағы саналып келді. 

Ендеше, жергілікті халықтың мұндай пұшайман халге жетуінің жөні жоқ. Мемлекеттік басқарудағы осалдықтар әлеуметтік-эконо­микалық қабілеті жоғары елді осындай олқылықтарға ұрындырған…

Гүлбиғаш ОМАР

Суреттерді түсірген автор

Серіктес жаңалықтары