ДАҢҚТЫ РЕЖИССЕРДІҢ ҒҰМЫРЛЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ

ДАҢҚТЫ РЕЖИССЕРДІҢ ҒҰМЫРЛЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ

ДАҢҚТЫ РЕЖИССЕРДІҢ  ҒҰМЫРЛЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ
ашық дереккөзі
304

 Қазақ киноөнерінің дамуына үлкен үлес қосқан, даңқты кинорежиссер және ұлы суреткер Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл. Қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасуы жолында көп тер төккен атақты режиссердің зиратына гүл шоқтары қойылып, рухына құран бағышталды. 

Осы орайда «Арман» кинотеатрында ұлттық кинематографияның негізін қалаушы, дарынды өнер иесі Шәкен Аймановты еске алу кеші өтті. Кино саласында атқарған көп жылдық ерен еңбегін бағалаған киностудия өкілдері мен ұлттық кинематография қауымы шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Кешке сондай-ақ, КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстан халық артисі Нұржұман Ықтымбаев бастаған өзге де танымал киногерлер, сонымен қатар, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арын Орсариев қатысты. Салтанатты кешке 1968 жылы жарыққа шыққан «Тақиялы періште» фильмінің басты кейіпкерлері – Әлімғазы Райымбеков (Тайлақ) пен Шолпан Алтайбаева (Айша) келді. Кеш соңында 1957 жылы жарық көрген Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» фильмі көрсетілді. Кино өнерінің айтулы ұйымдастырушысы – Шәкен Аймановтың 100 жылдығына орай «Қазақфильм» киностудиясы көптеген салтанатты жиындар мен іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлауда. Айтып өтер болсақ, Астана, Алматы қалаларында және режиссер дүние есігін ашқан Павлодар облысында Шәкен Аймановты еске алу кештері, қызметі мен шығармашылығына арналған дөңгелек үстелдер өтеді. Сонымен бірге, режиссердің шығармашылығын зерттеп, талдау жүргізген эсселер мен монографиялардан және естеліктерден тұратын кітап; Шәкен Кенжетайұлының даусы жазылған үнтаспасы бар фото-альбом; дарынды режиссердің өмірі мен шығармашылық жолын бейнелеген деректі фильм (режиссері Болат Нүсіпбеков) жарық көрмек. Сондай-ай, елімізде және шетелде Қазақ киносының күндері, ғылыми-тәжірибелік конференция­лар, Шәкен Аймановтың шығармашылық жолына арналған көрмелер өткізіледі. Айта кетер тағы бір жаңалық, «Қазақфильм» киностудиясы режиссер түсірген фильмдерді қайта өңдеп, оларды сандық нұсқада шығаруды қолға алуда. Биылғы Х Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі Шәкен Аймановтың ғасырлық мерейтойы аясында өтеді. Одан бөлек, «Қазақфильм» киностудиясында Қазақ киносының мұражайы ашылады, ол мұражайға ұлы режиссердің есімі берілмек. 

Ерсұлтан Махамбетәлиев

Серіктес жаңалықтары