ҚЫРАН БҮРКІТ ҺӘМ ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ

ҚЫРАН БҮРКІТ ҺӘМ ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ

ҚЫРАН БҮРКІТ ҺӘМ ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ
ашық дереккөзі
327

Жуырда ғана Алматы облысында құсбегілердің «Сонар-2014» республикалық жарысы өз мәресіне жетті. «Нұр Отан» партиясының он бес жылдығына арналып ұйымдастырылған чемпионатта кіл мықты құсбегілер сайысқа түсті. Көктегі қыранды баптаған айтулы құсбегілердің сайысынан ұлтымызға тән бекзаттық өнердің шынайы көрінісін байқағандай болдық. 

Республика көлемінде өткен жарыс Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Рахат селолық округінде өткізіліп, оған Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Алматы облыстары мен Алматы және Астана қалаларының бүркітшілері қатысты. Жарысты ұйымдастырған ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, «Нұр Отан» партиясы, Алматы облысының Әкімдігі, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, республикалық «Қыран» Федерациясы, «Жалайыр Шора» Құсбегілер орталығы.

Бағдарлама аясында қаршыға мен ителгілерді көгершін мен қоянға салу және бүркіт-қыран құстың шеберлігін сынау, қыран құс пен иесінің арадағы қатынасын сынау, шырға тарту, қоян мен түлкіге салу сыналды. Жарыс соңында үздіктер анықталып, жеңімпаздар арнайы сый-сияпатқа ие болды. Атырау облысынан келген Арман Қошқаров сыннан сүрінбей өтіп, бірінші орынды жеңіп алса, екінші және үшінші орындарға Алматы облысының құсбегісі Аян Сейітжан мен Ақмола облысының құсбегісі Байрақ Тастамбек ие болды. Бақыт Шәріпов пен Алмас Сейітжан да жүлдеден құралақан қалмады. Қаршыға бәйгесінде жамбылдықтардың мерейі үстем болды. Үш орын да жамбылдық құсбегішілердің қанжығасында кетті. Олар: Бағдәулет Бабажан, Абылай Үсен, Серікбол Жалғасұлы сияқты жеңімпаз құсбегілеріміз.  

18-рет өткізіліп отырған дәстүрлі бәсекеде сегіз команда қатысып, үш күн бойы өздерінің бақтарын сынаған болатын. Құсбегілердің арасында Алматы облысынан қатысқандар өте көп. Бір Алматының өзінен жарысқа 26 бүркіт қатысыпты. Ақтық сынға 38 бүркіт, 6 қаршыға шықты. 

Мақсат Құсайынов

Серіктес жаңалықтары