ТОЛЫМБЕК АҒА, ХАЛЫҢЫЗ ҚАЛАЙ?

ТОЛЫМБЕК АҒА, ХАЛЫҢЫЗ ҚАЛАЙ?

ТОЛЫМБЕК АҒА, ХАЛЫҢЫЗ ҚАЛАЙ?
ашық дереккөзі
522
Сықақшы Толымбек Әлімбек ағаның қалжыңын, әдемі әзілін жақсы көреміз. Редакцияға келгенінде үлкен-кіші демей, тең дәрежеде қалжыңдасып, бәріміздің көңілімізді көтеріп кетуге тырысады. Жақсы мақалаң нөмірге шықса, хабарласып, ақкөңіл, ақжарқын мінезімен қалжыңдап алып, шынайы пікірін білдіретін де Толымбек аға. Қабағын шытып, қамығып жүргенін көрген емеспіз. Үнемі жайдары қалпында, езуінде күлкісі, аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдақ ағамыздың  сол байырғы әдемі күлкісі жанымызды жадыратады. Жуырда алпысты алқымдаған Толымбек ағамен сыр шертісудің сәті түсті. Толымбек аға мен Гүлнәр апайдың шаңырағында болып, сықақшы ағамыздың өмірі туралы сырласқан едік. – Толымбек аға, «Тоқалдан туған баламын» деп жиі айтушы едіңіз. Әкеңіз сізді неше жасында көрді? – 60-тан асқан кезінде әкем менің анамды алыпты. 64 жасында мен дүниеге келдім. Әкем төрт жасымда қайтыс болып кетті. – Қанша жасыңыздан жазуға ден қойдыңыз?  – Төртінші сыныпта алғашқы мақаламды жазғаным есімде. Кіп-кішкентай дүние болатын. Өзіммен бірге оқитын балалардың үлгерімі туралы жазғам. Сол алғашқы дүниемді «Қазақстан пионері» басты. Сол кезден бастап, «Қазақстан пионерінің» жас тілшісі атандым. – Жазсам деген құлшыныс сізге кімнен дарыды? – Нағашым бар еді. Шешемнің ағасының баласы Шыңғыс Қонысбаев деген кісі. Ол кісі аудандық газетте жұмыс істейтін. Өлең жазушы еді. Кілең балаларды отырғызып қойып, өлеңдерін оқып беретін. Сол кісінің өлең оқығаны бәрімізге ұнайтын. «Шіркін-ай, біз де өлең жазсақ қой» деген ой сол кездері пайда болған шығар бізде. Әйтеуір, алғашқы тырнақалды дүниемді нағашыма еліктеп жазғаным рас. – Сатира жанрына қалам тартып, сықақ жаза бастаған кезіңіз ше? – Әзіл әңгімелер, сықақ өлеңдер, пародиялар жазғаным бертінде ғана. Университет қабырғасында жүргенімде басталды. Оған дейін жазған емеспін. Ауылда жүргенімде аздап, шимай-шатпақ жазғаным бар. Бірақ олардың ешқайсысын ешкімге көрсеткем жоқ. Сол бойы жыртып тастадым. – Мақала жазып жүрген келешек жур­налистің сатираны таңдауының сыры неде? – Мектепте жүрген кезде бір-бірімізбен қалжыңдасып, әзілдеп жүруші едік. Бір-бірімізді қағытып, бір-бірімізді әзілдеп, сықақ-өлеңдер айтатынбыз. Шындап сатира жазғаным жоқ. Алғаш рет Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетіне мақала жаздым. Ол кезде Талғат Сүйінбай сол жерде жұмыс істейді. Талғат менің жазғандарымды газетке жариялап жіберді. Газетке мақалам шыққан соң, жазуға деген құлшынысың оянады екен. – Сізді сатираға алып келген не құдірет? – Мені сатираға тартқан, еліткен Оспанхан Әубәкіров. Оспанханды оқыдық, өлеңдерін жаттап өстік. Шона Смаханұлы екеуінің шығармаларын сахнада орындаған кездерім де көп. Жаңа жылдық шыршаларда әзіл-сықақтарын, пародияларын жиі сахналайтын едік. – Алғаш жазған сықақ өлеңдеріңізді кім оқыды? – Қалтай Мұхамеджанов – менің ең бірінші шығармаларымды оқыған адам. «Қазақ әдебиетіне» әңгімелерім шыққанда, алғашқы алғысөзді жазып берген де Қалағам болатын. – Студент кезіңізде не жаздыңыз? – «Тойдан кейінгі бой» деген бірдеңе жазғаным бар. Студентпіз. Балалармен бірге бір досымыздың тойына қатыстық. Достарымыздың көбі қызып қалған. Солардың бәрін тиеп, көлікпен салып алып қайтқаным бар. Сол күнгі көрініс есімнен кетпей қалыпты. Содан кейін оны бейнелеп, «Тойдан кейінгі бой» деп сықақ жаздым.

Мұқабасы сан түске өзгерген дәптер

Осы тұста әңгімеге Гүлнар апай араласты.  – Толымбек екеуміз бірге оқыдық. Біздің курсымыздан алты жұп шықты. Әлі күнге дейін отбасымызбен араласып тұрамыз. – Толымбек ағаның қандай қасиеті ұнады сізге? – Толымбек ағаң қандай қасиетімен мені баурап алғанын білмеймін, әйтеуір, ерекше қадір тұттым. Ол кездері Толымбек керемет қалжыңдап, әңгіме де айтпайтын. Ең есімде қалғаны, ағаңның алдыңғы тістері жоқ болатын. Күлсе, тілі көрініп тұратын. Алғаш көргенімде, алдыңғы тісі жоқ, бір қызық көрінетін еді. – Студент кезде Толымбек ағаның жазған мақалалары газет-журналдарға жиі шығатын ба еді? – Жоқ. Көп шықпайтын. Достарының бәрімен ішектері қатып-күліп, қалжыңдасып жүретінін білем. Екі аптадан кейін Алматы облысына жүзім жинауға бардық. Бір жүйекке бір қыз, бір жігіт түседі. Өйткені жинаған жүзімді көтеріп жүретін бір адам болу керек. Қыз балаға оны көтеру қиын тиетіні рас. Орынбасар Дөңқабақ деген кісіні білесің ғой. Сол кісі Толымбек екеумізді бір жүйекке түсірді. Содан бері екеуміз бір жүйектің екі жағында келеміз. Екеуміздің арамыздағы достық сол жерде басталды ғой деймін. Ең қызығы, Толымбек ағаң өте жолы болғыш адам. Семинарда мұғалімдер үй тапсырмасын береді. Әсіресе, том-том КПСС тарихынан конспекті жазамыз. Ділдар екеуміз күні-түні кітапханаға барып, жазып келеміз. Бұл кешкісін есіктің алдына келіп, менің дәптерімді сұрап алып кетеді. Көшіріп алады деп ойлаймыз. Сөйтсек, бұл менің дәптеріммен емтиханға кіріп кетеді екен. Толымбек бірінші топта, мен екіншідемін. Ертесіне қарасам, менің дәптерім мұқабасы түрлі-түрлі болып, ауысып келеді. Экономикадан берген ағай емтиханда: «Мына дәптер кеше маған келді», – дейді. «Ағай, бұл менің өзімнің дәптерім, өзімнің жазуым», – деп шыр-пыр боламын. «Жоқ, бұл дәптер кеше маған бір емес, екі рет келді», – дейді. Сөйтсем, Толымбек сыртқы мұқабасын ауыстырып, сол дәптермен кіре береді екен ғой. Саяси экономикадан төртінші курста емтихан тапсыратын болдық. «Маған билет дайындап қойшы» деп айттым. Ертесіне мұғалім біліп қойып, әбден ренжігені бар еді. Біз күні-түні дайындалып, әзер төрт-бес алсақ, бұл емтиханға кіріп шығатын да, төрт пен бесті оп-оңай қонжитып шығатын еді. Бізге Райхан Ғабитқызы Мүсірепова сабақ беретін еді. Біздің киім киюімізге, жүріс-тұрысымызға сол кісінің үлкен әсері болды. Концерттерге бірге ертіп баратын. Театрға да жиі бірге бардық. Екеуміздің бірге жүретінімізді бүкіл курс біледі. «Халық достығы» деген болды. Айына бір рет сонда барамыз. Бәріміз баруымыз керек. Бірде Толымбек екеуміз ғана барыппыз. Ертесі сабақта Темірбек Қожакеев «кеше ешқайсың бармапсыңдар» деп ұрсып жатыр. Ана топтан Толымбек, мына топтан мен орнымнан тұрдым. Бәрі ду күліп жатыр. Декан ештеңені түсінбейді. «Неге күледі?» деп ойлап тұрған шығар. «Отырыңдар», – деді. Барған екеуміз. Ұрысты да екеуміздің естігеніміз бар. – Темірбек Қожакеев сіздің сатираға қалам тартып жүргеніңізді білді ме? – Толымбек аға газетке шыққан әңгімемді оқыпты. Әрі ол менің дипломдық жетекшім болды. Маған деген ықыласы ерекше еді. Бірақ, оқу бітіретін жылы Темкең бізді «Торғайға барады» деп шешіп жіберіпті. Содан кейін, ол жаққа бармастан, бірден ауылға кеттік. Әуелі ұшаққа билет алып, Торғайға бармақшы болғаным бар. Торғайдың жағдайын біліп қайтайын деп ойладым. Күн суық кез еді. Самолет ұшпай қалды. Өзім екі ойлы болып тұрғам. Ұшақ ұшпай қалған соң, мүлдем барғым келмеді. Гүлнәр апай: – Темірбек аға екеумізді әбден іздеген. Біз болсақ, Таразға кетіп қалғанбыз. Университет жолдамасымен кетсең, алпыс-жетпіс рубль береді. Соны алмай кетіп қалғанбыз. Темірбек аға студенттердің бәрінен сәлемдеме айтып жібереді. «Әлімбеков Рысбекованы қолтығына қысты да, жоқ болды» деп айтады екен. Кейін әріптестеріміз қалжыңдап айтып жүрді. Біз сегіз жылдан кейін Алматыға қайтып келдік. – Толымбек аға, көп пародия жазғаныңызды білеміз? Олардың арасында елімізге танымал тұлғалар бар ма? – Исраил Сапарбай, Иран-Ғайыпқа арнап, пародия жаздым. – Сол пародияларды сахнада өзіңіз оқыдыңыз ба? – Жоқ. Пародия жазғаным үшін маған ренжігендер де көп болды. Тіпті, біреулер қарсы пародия жазып, газет-журналдарға жариялады да. – Баласының қалам ұстап, елдің алдына шыққанын анаңыз көре алды ма?  – Анам өмірден қайтқанда, 26 жаста едім. Ол кезде әлі ештеңе жаза қоймағам. Аудандық газетте жұмыс істейтін едім. Ең бастысы, анам менің университет бітіргенімді көріп кетті. – Аудандық газеттен кейін бірден Алматыға ауыстыңыз ба? – Жоқ. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде (қазіргі «Ақ жол») жұмыс атқардым. Облыстық газетте жүргенімде мені аудандық газетке редактор етіп жіберді. «Красный горск» ауданына бардым. (Қазіргі Отар ауданы) Редактор болу оңай екен деп келдік қой. Сөйтсек, қиын екен. Келе салып, сынды көбейттік. Екінші хатшы Прилуцкий деген менің соңымнан түсіп алды. Ауданның екі хатшысы да орыс болатын. Екіншісі ұлтшыл біреу еді. Екеуміз ерегісіп қалдық. Бірінші хатшы Клачков деген жақсы кісі болды. Сол кісі мені шақырып алып: «Ештеңе бүлдіріп жүрген жоқсың ба?» – деді. «Жоқ», – деп едім, «Онда барып, жұмысыңды істей бер», – деді. – Екінші хатшының сізге тағатын айыбы қандай? – Өзінің достарын, сыйлас адамдарын сын садағына алмаңдар дейді. Оған көзге көрініп отырған дүниені жазбай отыра алмайсың. Әсіресе, газетте фельетон жанры жақсы дамыды. Ол кездері фельетонға ілігу деген сұмдық. Басшылардың көбі сын тезіне ілінуден қорқады. Біздің бұл жазғандарымыз екінші хатшыға ұнамайды. Содан екеуміздің арамызда реніш туды. Бір күні «Известия» газетінің Алматыдағы бір тілшісі мені тексеруге келді. Пленум болып жатқан. Пленумға шығып сөйледім. Әлгі журналист тексере келіп, өзінің пікірінен айнып, менің жазып жүргенімнің бәрінің дұрыстығына көз жеткізіп, риза болып кетті. Сөйтіп, екінші хатшының арызы аяқсыз қалған еді. Одан кейін «Ара» журналына ауыс­тым. Ол кезде «Араның» редакторы Қалдарбек Найманбаев. Мені журналға шақырған Көпен Әмірбек. Көпеннің ықпалымен, Алматыға қоныс аудардым. – Бұл қай жылдары еді? – Желтоқсан оқиғасынан кейін болатын. Жұмысқа келдім. Қалдарбек Найманбаев мені жақтырмайтын сияқты. Біртүрлі жылышырай танытпайды. Әуелде өзім де түсінбей жүрдім. – Тіке айтатын шығарсыз? – Тіке айтқандықтан емес. Әуелде неге бұлай болғанын ойлап, ұқпай жүрдім. Оның себебін кейін ұқтым ғой. Сөйтсем, Қалекеңнің пьесасын Жамбыл облыстық театры қойған екен. Оны мен облыстық газетте жүргенімде сынап жазыппын. Өзім солай жорамалдадым. Бірақ кейінірек Қызылордаға бірге іс-сапарға барып келдік. Алыс сапар адамды жақындатады ғой. Сол кезден бастап, бір-бірімізді жақынырақ таныдық. Ақын-жазушылардың жинағы шыққан кезде, алғаш рет менің шығармаларымды жинаққа енгізген де Қалдарбек Найманбаев.

Қалтай атаның «Ақмылтығы»

 

– «Арада» қанша уақыт қызмет атқар­дыңыз? – Бес жылдай жұмыс істедім. Қалдарбек Найманбаевтан кейін, журналға Қалтай Мұхамеджанов келді. Ол кісімен тіпті жақын араластым. Өте дос болдық. Бірде жұмысқа баламды ертіп келгем. Қалағаңның маған пәтер алып берем деп жүрген кезі. Баламды іздесем, жоқ. «Қайда кетті?» деп қоям. Бір қарасам, Қалағаңның бөлмесінен шығып келеді. «Мынау сенің балаң ба?» деп сұрайды Қалағаң. «Иә, менің балам». «Бұған неге қатын әпермейсің?» дейді Қалағаң қалжыңына сүйеніп. «Кім айтты?» десем, «Өзі айтты. Әкем қатын әпермейді деп айтты», – дейді. «Әкесінің өзі қайда тұрарын білмей жүр. Бұл бала үйленсе, оған да үй керек», – дедім. Қалағаң: «Өзіме де обал жоқ» деп, санын бір соқты. – Кітаптарыңызды қарап отырсам, ат­тарының көбі «Ләм-мим», «Ым-жым», «Аһ-үһ», «Қалай болса солай» деп аталады екен. Сіздің негізгі тақырыбыңыз – сыннан тұрады. Ащы сарказмға толы фельетондар жаздыңыз. Қоғамның ащы шындығын шығармаңызға арқау еттіңіз. Сіздің сыныңыздың жақпаған кезі болды?  – Бірде Түркістандағы тауық фабрикасын тексеріп бардым. Былықтар көп екен. Артымнан қуып, алдымнан шықса да, қарамай кеткем. Бір аптадан кейін, соңымнан арыз келді. Ең қызығы, Шымкенттен Алматыға жеткенімше, арыз келіп қойған. Сондағы арызда жазылғаны менің тексерісімнің дұрыс болмағаны. Мұндай жағдай, кейін Ақмола облысына барғанымда да қайталанды. Колхоздың бастығы орыс екен. Сол туралы «Ара» журналына жаздым. Кейінірек, сол материалыма байланысты арыз келді. Ол арызды да хаттар ретінде жарияладық қой. «Арада» жүргенімде Қалтай ағам мені «Ақ мылтығым» деп атаушы еді, жарықтық! – Ел тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жекеменшік әзіл-сықақ театрлары көбейді. Сондай театрдың бірін ашуды өзіңіз де ойлап көрмедіңіз бе? – Ондай ой болған да жоқ. Бір мақаламда: «Театр ашу – салон ашу емес, аша салып жаба салатын. Бұралқы күлкіні сахнаға алып шығу ұят нәрсе ғой» деп жазғаным бар. «Тамашадан» бастап, көптеген театрлар сықақтарымды, пародияларымды сұрайтын. Кейін театрлар тым көбейіп кетті де, өздері жазып, өздері ойнайтын болып алды. Анекдоттардың өңін айналдырып алады да, сахнаға шыға береді. – Гүлнәр апай, Толымбек аға ауырып, сонау Германияда жатқанында жаныңызға демеуші болған кімдер? Кімдердің көмегі көп тиді? – Толымбек ағаң Алматы облысының, Жамбыл ауданында «Құлан сазы» атты ансамбльді Ержан Қосбармақов екеуі қайта түлетті. Сол ансамбль бірқатар шет елдерді аралап қайтты. Толымбек ол ансамбльдің көркемдік жетекшісі. Ансамбль гастрольдік сапармен Германияға баратын болды. Толымбек те бірге барамын деп шешті. Ансамбльдің қыздары Толымбектің жүрегі ауыратынын білмейді. Бұған дейін де жүрегіне операция жасатқан еді. Ұшатын күні Таразға барып келді. Сол күні екі-үш сағат ұйықтап алды да, түнде Германияға ұшып кетті. Ертесіне маған хабарласып тұр. «Маған дәрігерімнің телефонын берші. Қандай дәрі ішуім керек еді. Мен дәрілерімді ұмытып кетіппін», – дейді. Ол кісінің нөмерін жібердім. Қалған әңгіменің бәрін кейін қыздардың айтқанынан естідім. Сол күні жағдайы болмай, қысыла бастаған екен. Қала аралаған. Мұражайларға барған. Қала аралап жүргенде, Толымбек жиі шаршап, кез келген жерге отыра беріпті. Түрі шаршаңқы болыпты. Жеті-сегіз сағат жолда ұшқан. Соның әсері де болды-ау деймін. Дәрігер шақырса, «Мен ауылға жетіп аламын. Укол салып беріңдер» деп айтыпты. Қызымыз Мәскеуде тұратын еді. Күйеубалам хабарласып: «Әке, Германияда медицина жақсы дамыған. Мүмкіндік болса, толығымен қаралып алыңыз», – деп айтыпты. Елшіліктегі жігіттердің бәрін таниды екен. Өзі де сыртқы істер министрлігінде жұмыс атқарады. Содан жолдастарына хабарласады. «Әкем ауы­рып қалыпты. Жедел жәрдемді шақыртып, тексеріп алсыншы» деп айтады. Тексеріп көрсе, дәрігерлер: «Шұғыл операция жасамасақ болмайды», – депті. Өйткені жүректің тамырлары әлсіз болған да, қан бір жерге жинала бастаған екен. Егер кешіксе, жарылып кетуі мүмкін. Жарты күннің ішінде бүкіл анализдерді тексеріп, операцияға дайындапты. Операция­ны он екі сағат жасапты. Бір ауысым ауысып, екінші ауысым операцияны жалғастырған екен. Герт деген профессор жасапты. Он екі сағат бойы операция жасағанда, дәрігерлер тек қана жүректі аман алып қалуды ғана көздеген екен. «Бауыр, бүйрек, асқазан, өкпе дегендерге қараған жоқпыз» дейді дәрігер. Жиырма күн ес-түссіз жатты. Бүкіл дәрілердің бәрі жоғарыда ілініп тұрады. Дәрі бітсе, белгі береді, соны дәрігер келіп, ауыстырады. Дәрілері өте қымбат тұрады екен. Үш күннен кейін менің қолыма чекті ұстатты. Отыз үш мың еуро деп тұр. Не істерімді білмей қалдым. Ол ештеңе емес екен. «Төлеңдер» деді. Бірақ далаға тастаған жоқ. Елшіліктегі жігіттердің бәрі қасымызда болды. Аудармашыны да тауып берген солар. Дәрігерлер біздің ақша төлеуімізді күтті. Тіпті, операция жасаған профессорға «Клиентіңнің ақшасы жоқ» деп, айлығын төлемей қойыпты. Ол кездегі бастан кешкен жағдайларды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Күннен күнге ақша өсіп жатыр. Ақырында сексен сегіз мың еуро болды. Бір жарым ай жаттық. Ешқандай ақшамыз жоқ. Бүкіл таныс жігіттер, туған-туысқандар қолдарынан келгенінше, алғашқы соманы жинап берді. Қолдарындағы барын берді. Ағаңның елге сыйы бар екен. Барлық ағайынға рахметім шексіз. Менің жатын орныма дейін төледі. Содан кейін Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтің арқасы деп білем. Сол кісінің бір ауыз сөзінің арқасында, бүкіл әкімшілік қолдарынан келген көмектерін аямады. «Пәтерімді сатамын ба?» деп ойлаған едім алғашқыда. Өйткені ақшаны төлей алмайтын түріміз бар. Германиядан келгеннен кейін, жүгіріп жүріп, ақша табуға тырыстық. Алпыс екі мың еуроны Алматы облысының арқасында таптық. Махаббат Бигелдиев деген кісі бар. Аудан әкімі. Ауыра бастағанда, Толымбек сол кісіге хабарласып үлгеріпті. Махаббат аға он мың доллар жіберген екен. Ол кісіге де алғысым шексіз. Алла разы болсын! Барша ағайынның, дос-жаранның, туған-туыстың, Толымбекті сыйлайтын жандардың арқасында аман-есен ақшасын төледік. Құдайға шүкір, қазір ептеп болса да, денсаулығы қалыпқа түсіп келеді.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары