294
ТЕҢГЕ ТЕҢСЕЛГЕНДЕ, ҚЫРҒЫЗ СОМЫ СОЛҚЫЛДАДЫ
ТЕҢГЕ ТЕҢСЕЛГЕНДЕ, ҚЫРҒЫЗ СОМЫ СОЛҚЫЛДАДЫ
Ақпан айының бірінші аптасының аяғында бір жыл бойы Қырғызстанның Жоғарғы Кеңеші мен Үкіметі өзара тартысып, бір бітімге келе алмай жатқан «Құмтөр» кенішінің мәселесі шешілді. Жоғарғы Кеңештің тапсырмасымен Үкімет кеніштің бас операторы канадалық «Центерра Голд Инк.» компаниясымен келіссөздер жүргізіп, енді компанияны біріккен кәсіпорынға айналдырып, алтын кеніндегі Қырғызстанның үлесін 33 пайыздан 50 пайызға жеткізуге мақұлдасты.
Парламент депутаттары қырғыз тараптың үлесін 67 пайызға жеткізуді талап еткен болатын. Бұл шек туралы сөз 2026 жылы қозғалатын болды. Премьер-министр бастаған үкімет мүшелері қатысқан парламент мәжілісінде депутаттар ары-бері шайқалып, әзер дегенде, үкіметтің жобасын көпшілік дауыспен қолдады. Шынтуайтына келгенде, бұл өлке үшін әжептеуір алға ілгерілеу, жетістік болатын. Дегенмен, парламентке кірмеген оппозициялық партиялардың өкілдерінің кейбіреулері мұны Қырғызстандық депутаттардың осы ғасырдағы «опасыздығының» бірі деп бағалады.
Сонымен, «Құмтөр» мәселесі бір жақты болған соң көп ұзамай, 11 ақпандағы қазақ теңгесінің құнсыздануы қырғыз бауырларды да біраз абыржытып тастады. Ертеңіне Бішкектегі ақша ауыстыру түйіндерінде доллардың бағасы бір күнде 1,5 сомға қымбаттап, 1 доллар 53 сомға дейін көтерілді, ал енді теңге 6 пайызға арзандап, 100 теңге 32 сомның орнына 26 сомға түсті. 12 ақпан күні Қырғызстанның Ұлттық банкінің жетекшілігі баспасөз мәслихаттарын өткізіп, халықты ұлттық валюта – сомның құнсыздануы басталады деп үрейленбеуге шақырды.
Қырғызстанның ұлттық банкі осы күні алдын-ала шаралар қабылдап, дүрбелеңге түсіп, сомын долларға ауыстыра бастаған халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында айналысқа 27 миллион долларды шығарды. Негізі, Қырғызстанда үстіміздегі жылдың басынан бері доллар қымбаттау үстінде еді. Оны ауыздықтау үшін Қырғызстанның ұлттық банкі 21 қаңтарда 9,9 миллион доллар, 24 қаңтарда 17,5 миллион доллар, 5 ақпанда 7,25 миллион доллар қаражатты айналысқа шығарған. Сөйтіп, Ұлттық банк биыл, жылдың алғашқы 40 күнінің ішінде-ақ былтырғы жылды тұтас алғандағыдан 5 есе көп «жашылбайды» сарптауға мәжбүр болып отыр. «Экспорттаушы өлкелерге ақшасын бір сәттік құнсыздандыру мүмкін өзін-өзі ақтайтын шығар, бірақ бізге бұл қадам оншалықты түсінікті емес, бізге бұлай етуге болмайды. Біз импорттық саудаға сүйенген өлкеміз. Доллардың күрт секіріп кетуі, біздің экономикамызға соққы болып тиеді. Біздің экономикамыздың 70 пайыздан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі. Олар тосын жағдайға тез бейімделе алмайды». Айналысқа доллар шығаруды Қырғызстанның Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Сүйерқұл Абдыбалытегін осылайша түсіндірді.
Қазақстан теңгесінің құнсыздануын, Қырғызстанда доллардың бағасының күн сайын өсіп бара жатқанын қырғыз экономистерінің көпшілігі долларға сұраныстың артуынан деп есептейді. Мысалы, белгілі экономист Жұмақадыр Акенеев: «мемлекеттер аралық дәрежедегі сауда-саттықты былай қойғанда, ең қымбат, әрі қажетті дүние болып саналатын жерді, үйді, автокөлікті алуда не сатуда елдің бәрі сауданы доллармен жүргізетін болды, доллар қымбаттамай қайтеді?»,– деп пұшайман күй кешуде.
Қырғыз қоғамында теңгенің құнсыздануын Қазақстанның Кеден одағына кіруімен байланыстырғандар да аз емес. Өйткені теңгенің рубльден кейін арзандауы осы ойға жетелейтіні хақ. Бұған орай, бүгінгі күнде Қырғызстанның Кеден одағына кіруін талдап жатқан арнайы құрылған жұмысшы топтың ісіне де мәселенің бұл жағы әсерін тигізбей қоймайды.
Сочи олимпиадасының ашылу рәсіміне барған сапарының аясында, 11 ақпанда РФ Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведевпен кездескен сәтінде Президент Алмазбек Атамбаев Қырғызстанның Кедендік одаққа және Біртұтас экономикалық ынтымақтастыққа кіру мәселесінің жай-жапсарын сөйлескен болатын.
Оның алдында, 10 ақпанда Бішкекте «Қырғыз Республикасының Кедендік одаққа қосылуы: артықшылығы және кемшіні» деген бизнес-форум өтіп, қырғыз кәсіпкерлері Кедендік одаққа кіру бойынша мемлекет басшысының және Үкіметтің саясатын қолдайтындықтарын білдірген.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
«Түркістанның»
Қырғызстандағы тілшісі