САНТЕХНИКТЕН ТАБЫСЫ АЗ ӨНЕР САҢЛАҚТАРЫ

САНТЕХНИКТЕН ТАБЫСЫ АЗ ӨНЕР САҢЛАҚТАРЫ

САНТЕХНИКТЕН ТАБЫСЫ АЗ  ӨНЕР САҢЛАҚТАРЫ
ашық дереккөзі
188

Иә, олар патшадан да паң жандар. Тіпті, олар біреулерге арман да. Өнерлеріне жарты әлемді сыйдыра алатын сол паң жандардың бүгінгі тұрмыс-тіршілігі қоғамды алаңдата ма? Жартыкеш ғұмыр кешіп, айлығы шайлығына жетпей жүрген әртістер туралы бір сәт толғанып көрдік пе?

Кешкісін сахнада ойнап, театрдан кейін тойға шапқылап, кеш жүргізіп, азды-көпті ақша тауып жүрген әртістерді көбіміздің кінәлайтынымыз анық. Өнер адамы неге өнерді сүймейді дейтініміз де жоқ емес. Сахнада өз ролін кібіртіктеп әзер ойнап тұрса, өз көрерменін сендіре алмаса да, актерге кінә артамыз. «Той тойлап жүрген әртістен бұдан артық не күтеміз?» деп, шешім шығара салатынымыз да бар. Расында да, сол өнер адамының өлместің күнін кешіп жүргенін біреуміз білсек, біреуміз білмейміз. Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының белді актерлерінің бірі Жандарбек Садырбаев өзінің сұхбатында төрт баласының бар екенін, бір шаңырақта анасы мен қарындасы тұратынын, соның бәрінің ас-суын жалғыз өзі айырып жүргенін айтып мұңын шаққан еді. Театрдан алатын азын-аулақ ақша әртістің жыртығын жамамайтыны белгілі. Одан бөлек, баспананың зарын қосыңыз. Осының бәрі айналып келгенде, өнер адамының құнын түсіріп жіберді.

Мәдениет ошағы саналатын Алматыдағы әртістің жайы мынадай, сонау шалғайдағы облыс орталығында ғұмыр кешіп жатқан әртістердің хал-ахуалы қандай? Олардың әлеуметтік жағдайын ескерген біреу бар ма? Жоқ. Театр тарландарының алатын 30-40 мың теңгесіне әлеуметтік жағдайы дұрыстала қояды дегенге сене қою мүмкін емес. Отыз-қырық мың теңгеге он пайыздық үстемақы қоссаңыз да, ешкімнің жыртығын жамамайды.

Өткен жұмада ел Үкіметі барлық облыс әкімдерінің қатысуымен алғаш рет отандық театрларымыздың көкейкесті проблемаларын талқыға салған арнайы жиын өткізді. Жалақысы мардымсыз әртістің жайын сол кезде ғана еске алды қоғам. Тіпті, болар-болмас жалақы алып отыратынынан министрдің өзі де хабардар екен. Министр шұрайлы қазақ тілінде қалыптасқан ауыр ахуалды биік мансапты шенеуніктер ғана емес, бүкіл қоғам алдында ашып айтты.

«Облыстық театрдың әртістері негізінен 30-40 мың теңге ғана жалақы алады. Ал кейбір театрлардағы слесарь, сантехник, электрик сияқты жұмысшылар әртістерден әлдеқайда көп жалақы алып отыр», – деді ҚР мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. 

Демек, әртістің жалақысын көбей­тудің жолын табу керек. Министр бұл орайда жалақыны жергілікті бюджет есебінен 1,4 немесе 2 есе өсіруді сұрайтындығын айтады. «Үлкенді-кішілі мерекелерде, саяси шараларда ел алдына шығып сөйлейтін осы зиялы қауым өкілдері емес пе? Ендеше, мәдениет майталмандарының жалақысы олардың халық алдындағы беделіне сай болғаны жөн деп білемін», – дейді министр.

Министрдің сөзінің жаны бар. Өнер адамы, ең алдымен ұлттың зиялысы. Қара бұқара зиялының сөзіне құлақ асады. Жалақысы жыртығын жамамаған әртістің күйін көрген қарапайым халық оны қадірлей ала ма? Мәселе осында. «Көппен көргенді ұлы той» санайтын, өнерді өзінің қара басынан артық қадірлейтін, өнерімен бірге өмірі біте қабысқан жандар да көп. Солай бола тұра, өнер адамының сыртқы тұрпаты, киім киісі, жүріс-тұрысы, кескін-келбеті ерекше болуы қажет емес пе? Оның бәрі азын-аулақ жалақымен жасала ма? 

Тіпті, театрларда қойылатын жаңа спектакльдерге бөлінетін қаржы да көңіл көншітпейді. Министрдің сөзіне сүйенсек, республика театрларында бір спектакльді сахналауға небәрі 2 млн. теңгеден жоғары қаражат жұмсалады екен. Бұл көрші Ресеймен салыстырғанда 10-15 есе аз көрсеткіш. 

Мәселен, Жетісай театрында төрт қойылымға 1,1 млн. теңге жұмсалған, яғни әр спектакльге небәрі 275 мың теңге, ал Павлодар облыстық қазақ театрында 6 қойылымға 1,4 млн. теңге, яғни әр спектакльге 293 мың теңге ғана қаражат бөлініпті. Бір спектакльге бір әртіс ғана қатысып қоймайды. Ондаған әртіс қатысып, оларға арнайы костюм тіккізіп, бірнеше рет көрініс ауысатын, арнайы декорациялар жасалатын спектакльге небәрі 2000 доллар көлемінде қаражат жұмсалса, ол спектакльдің деңгейі қандай болмақ?! Министр өз сөзінде бұл мәселені де қадап-қадап айтты. 

«Тіпті, сол шенеуніктердің ара-тұра болатын той-томалағына қатысатын кейбір эстрада «жұлдыздарына» бұдан әлдеқайда көп қаламақы берілетінін олар жақсы біледі. Ендеше, олар бүгінгі айтылған сыннан тиісті қорытынды шығарады деп сенемін», – деді министр. 

Кейбір әншілердің тойда табатын табысы спектакльде ақ тер-көк тер болып, роль ойнайтын әртістен әлдеқайда жоғары екенін қарапайым халық та біледі. Әншінің табысында шаруамыз жоқ, өнерді құрметтейтін, өнерді сүйетін, өнер деп туған адамдардың қадірінің қашқанына қынжыламыз. 

Әртістің жалақысының аздығы бір бөлек те, баспанасының жыры бір бөлек. Мардымсыз жалақыға бүгінгі таңда пәтер сатып алу мүмкін емес. Соңғы екі жылда облыстық театрларға бірде-бір пәтер бөлінбегенін айтады министр. Тіпті министр олардың қай облыстар екенін де атап айтып берді. Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында өнер адамдарына бірде-бір пәтер бұйырмаған. Астана, Ақтөбе, Батыс пен Шығыс Қазақстан облыстарында ғана әртістердің жай-күйі ескеріледі екен. 

Үкіметте өткен жиында мәдениет үйлерінің жетіспеушілігі мен 9 театрдың бас режиссерсіз жұмыс істеп жатқаны да сөз болды. Демек, тоғыз театрда қойылатын спектакльдерге жауапты адам жоқ деген сөз. Режиссер болмаған деген сөз, спектакльге жауапты адам жоқ деген сөз. Ал кейбір театрларымыз бас ғимаратсыз отыр. Соның бірі Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры. Бас шаһардағы ғимараттың сиқы жоғарыдағыдай болса, өзге өңірлерден не күтеміз?!

«Сол себепті, құрметті Серік Нығметұлы, алдағы уақытта кез келген облыстың басты Мәдениет сарайы, басты Өнер ордасы болып саналатын облыстық театр ғимараттарын салдыруға да ерекше көңіл бөлуіңізді сұраймын! – деді Үкімет басшысына жүгінген министр. – Сіз облыстарды аралағанда осы мәселеге айрықша назар аударатыныңызды және кейбір облыс әкімдерінің жаңа театр ғимараттарын салу жөніндегі ұсыныстарын қолдап жүргеніңізді білемін. Осы бір игілікті іс алдағы уақытта жалғасын тапса деймін. Проблеманың тағы бір үлкені – «театрға қажетті арнайы сахналық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі» көрінеді. «Республикалық театрларда, бұл мәселе, атап айтқанда, М.Әуезов атындағы, М.Лермонтов атындағы, Н.Сац және Ғ.Мүсірепов атындағы жетекші театрларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенде біршама шешілді. Облыстық театрларда сең қозғала қойған жоқ! Сахналық құрылғылары 30 жылдан бері ауыстырылмаған, жаңартылмаған театрлардың жалпы саны барлық облыстық театрлардың 80 пайызын құрайды. Сондықтан жаңа театр ғимараттарын салу көзделмеген облыстардағы облыс әкімдеріне Үкімет ұсынып отырған «Жол картасы» бағдарламасы бойынша тиісті қаражат бөліп, осы мәселені қамқорлыққа алуды сұраймын!», – деді Мәдениет және ақпарат министрі.

«Сантехниктің еңбекақысы әртістен жоғары болса, өнерге деген бағамыз осы болар. Әрине, біреуінің пайдасы, екіншісінен кемшін деп айтудан аулақпыз. Дегенмен ұлттық өнер мен мемлекеттің атын әлемге паш ететін құбыр жөндеушісі емес, сахна саңлақтары екені шындық». Бұл Мұхтар Абрарұлының сөзі. Министр қатты айтса да, шындықты айтып отыр. Қазақтың мәдениеті мен дүлдүл өнерін әлемге танытып жүрген әртістеріміз осыншама «бейшара» күй кешіп жүрсе, мәдениетімізді дамытамыз деп қалай айта аламыз?

«Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнердің» дәріптеушілері асқақтай алмаса, ел болып, қоғам болып, біз оларды асқақтата алмасақ, қазақ өнерінің күні қараң деген сөз.

Қазақ өнері – адамзатқа керек. Ұлттың өнерін жасайтындар сара саңлақтар, өнер деп туған бекзаттар ғана. Бүгінгі билік мөлдірлікті, биіктікті сөз етті. Енді мәдениеттің ең үлкен саласы, театр өнері үкіметтің назарында. Театр өнерінің өрге жүзуі үшін министр көтерген мәселелердің көбі оң шешімін табуы тиіс. Сонда ғана рухани мөлдірлікті, рухани тазалықты сақтай аламыз. 

Дулат Исабеков, жазушы,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Адамдар қалай? Біз соны көбірек айтуымыз керек. Репертуар мәселесі тыс қалмаса дейміз. Жалпы бұрынғыдан гөрі қозғалыстың бар болғанына, пайда болғанына қуанып отырмын. Бұрын қараусыз қалған еді ғой. Алабота басып кететін жерлер болушы еді ауылда. Сол сияқты қараусыз қалған қара жер еді өнер ұжымдары. «Өз күніңді өзің көр» деген саясат салдарының ауыр соққысы осы өнер адамдарына, оның ішінде театр ұжымдарына қатты тиді. Бұл жайында талай рет айтылған, талай рет шырылдаған. Бірақ оны ешкім естімей жүр еді. Шын мәнінде, осындай үлкен дәрежеге көтерілуі мені қуантып отыр. Үкімет басшысы Серік Ахметовтің алдында театр туралы үлкен мәселелердің көтерілуі, оған Үкіметтің «қолдаймыз, жүзеге асырамыз, актерлердің жалақысын жақсартамыз» деуі, актерлерді де қуантып тастады. Театрларға да ерекше қанат бітіріп жатыр. Мен мұны үлкен бір жақсылықтың басы деп бағалаймын. 

Әшірбек Сығай, театр сыншысы:

– Министр мырзаның айтқанының бәрі дұрыс. Шындық. Рас. Бұл ғасырлар бойы деп айтпай-ақ қояйын, жыл сайын айтылып жүр. Талай рет жазылды да. Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың кезінде бұл туралы Ашық хат та жазғанмын. Бұл мәселені айтып-айтып, шаршағанбыз. Осы жолы Үкімет арнайы қарады. Енді тек жақсылық болғай деп тілейміз. Осыны ары қарай жүзеге асыратын Үкімет керек. Рычаг керек. Теориялық жағынан айтылды бәрі, практикалық жағынан жүзеге асыруымыз ғана қалды. Соны тосудамыз. Айтуы жетті, енді орындалуын күтеміз. 

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары