«СЫБАҒАНЫ» ҚАМТАМАСЫЗ ЕТПЕГЕН ӘКІМДЕР
«СЫБАҒАНЫ» ҚАМТАМАСЫЗ ЕТПЕГЕН ӘКІМДЕР
Елбасы тапсырмасына құлақ аспайтын әкімдер бар екен. Ет экспорты әлеуетін дамытуды ерен қылмаған аймақтар да біршама. Бұл мәселеге бей-жай қараған 10 аудан басшысы енді қызметімен қош айтыспақ. Апта басындағы Үкімет отырысында Премьер-министр Серік Ахметов бұл мәселеге баса көңіл бөліп, Президентке тиісті хат жолдайтынын қадап айтты.
Сондай-ақ «Сыбаға» бағдарламасының «жетістіктерін» жария еткен Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ет экспортының кенжелеу себебін байыппен түсіндірді. Ет өнімін экспорттауды жылына 60 мың тоннаға жеткізу үшін ірі қара мал басын көбейту жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасы аясында 2011-2013 жылдары жоспар бойынша 124 мың бас асылтұқымды ұрғашы алынуы керек болса, жалпы республика бойынша 166 мың бас сатып алынған. Сөйтіп жоспар 34 пайызға артық орындалыпты. Тағы да отандық көрсеткіш емес, сырттан сатып алынған малдың есебінен. Сірә, бұған дейін ірі қараны сырттан әкелу мал басын жарытпайтынын министр мырза ескермеген сияқты. Өйткені әрбір қорытындыда мал басы мен ет өнімдері көбейді деп есеп берсек те, артында шетелден пәленше мал сатып алынғаны міндетті түрде айтылады. Сонда кімді кім алдап отыр?
Министрдің айтуынша, жоспар нық бекітілген, яғни сыртқы нарыққа келісін 1000 теңгеге өткізе алсақ, отандық өндірушілердің экспорттық табысы 1 миллиард долларды құрайды екен. Бірақ былтыр еліміз шамамен 4,5 мың тонна ет пен ет өнімдерін ғана өткізіпті. Оның ішінде жоғары сапалы, «премиум» санатындағы ет экспортының көлемі небәрі 340 тоннаны ғана құраған. Енді биылғы 2014 жылға кем дегенде 10 мың тонна ет экспорттауды жоспарлауда. Айта кету керек, аумағы мен жайылымдары жағынан еліміздің мүмкіндігі анағұрлым жоғары. Республикада 180 миллион гектар жайылымдық жер бар. Бірақ мал басын көбейтуде еліміз басқа тетіктерді қолданатыны өкінішті.
– Біз барлық аудандар арасында өз рейтингімізді жүргіземіз. Онда фермерлік шаруашылықтарды аналық мал басын асылдандыру және қамту көрсеткіштері бойынша 10 үздік және 10 нашар аудан анықталған. 10 үздік ауданда бұл іске шаруашылықтардың 21 пайыздан 34 пайызға дейінгісі тартылған. Нашарларында асылдандырумен небәрі 2 пайызға дейінгісі ғана қамтылған. Бұлар – Қарасай, Зырянов және басқа аудандар, – деді ол. Олардың қатарында Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары да бар. Нағыз мал шаруашылығы дамыған облыстар осылар емес пе?
– Бұған не себеп? – деп шүйлікті Премьер-министр, – 2012 жылы Ауылшаруашылығы министрлігінің алқасына мал шаруашылығымен айналысатын барлық аудан әкімдері шақырылып, басты міндет ретінде ет экспорты әлеуетін арттыру міндеті қойылды. Осы 2 жыл ішінде олар салаға серпін берулері тиіс болатын. Қалайша осы уақыт ішінде кейбір аудандарда асылдандыру 0-ге тең болып отыр? Ол неғылған әкім сонда?, – деді ол. Іле-шала Елбасы тапсырмасын орындамаған әкімдердің жазасын да айтып салды. «Сіз Ауылшаруашылығы министрі ретінде неге ол әкімдерге шара қолдану керектігі жөнінде мәселе көтермедіңіз? Біз облыс әкімдерімен әлі сөйлесеміз. Екі жыл ішінде мал шаруашылығын дамытпаған аудан әкімдері Ақмола, Алматы облыстарының аудандары. Облыс әкімдері неге оларды осы уақытқа дейін қызметтерінен босатпаған? Мен бірден облыс әкімдері алдына мәселе қоямын: ең нашар көрсеткіш көрсеткен 10 аудан әкімін атқарып отырған лауазымдарынан босатуға ұсыныңдар! Мен тиісті жазба-хатты Елбасыға ұсынамын», – деді министрге қарап. Министр «бұл әлеует өсімдік шаруашылығының көлеңкесінде қалып, ет өндіру бойынша саланың технологиялық тізбегін дамыту жөніндегі шаралар кешенінің жоқтығына байланысты тиісті деңгейде пайдаланылмады» деп ақталғандай болды. Ол аздай, «ҚазАгро» холдингі де өз өрісін оңды пайдалана алмай отырған көрінеді. «ҚазАгро» басқарма төрағасы Дулат Айтжановтың «Қаражат бар, бірақ субсидиялау қажет» деген сылтауына Премьер-министр: «Субсидия керек болса – тартыңдар. Жеке меншіктен қаражат тарту керек, мүмкіндік көп. Тек жалқау ғана осылай отырады», – деді ызбарланып.
Сондай-ақ Ауылшаруашылығы министрі асылтұқымды және тексіз бұзаулардың өнімділігіне қатысты слайдты таныстырды. Биыл сырттан 50 мың бас ірі қара сатып алу көзделген. Сырттан мал алып, оны баптау мен жергілікті ауа райына бейімдеу біраз уақыт алады. Одан да өзіміздің асылтұқымды ірі қараны неге көбейтпеске деген сұрақ туындайды. Елбасының жыл сайынғы ет өнімін 60 мың тоннаға жеткізу туралы жоспары бар. Бірақ былтыр сайланған әкімдер бұл мәселені елең қылмаса керек. Ал оларды қадағалауға тиіс Ауылшаруашылығы министрлігі өз басшылығының мәселесімен әуре. Былтыр министрдің бір орынбасары сөгіс алып, өз бетімен қызметінен кетсе, тағы бір орынбасары пара алды деп айыпталуда. Осы ведомствоның Мал шаруашылығы департаментінің директоры Мақсұт Бақтыбаев мемлекеттік сатып алудың келісімшартына қол қоюға көмектескені үшін кәсіпкерден 720 мың теңге пара алды деп айыпталып, қозғалған қылмыстық іс аяқталмай жатып, күні кеше тағы бір айып тағылды. Қызметтік бабын пайдаланған Бақтыбаев мырза «Ветеринария және мал шаруашылығы ғылыми-инновациялық орталық» ЖШС-нан басқа компанияны 1905 миллион теңгелік табыстан қаққаны үшін айыпталуда. Басынан қара бұлт арылмаған министрлік қызметкерлерінің шаруасы шатқаяқтап жатқанда, облыстар мен аудандар қалай оңалсын?!
Ақниет ОСПАНБАЙ