Жадымызды жаңғыртқан тұлға
Жадымызды жаңғыртқан тұлға
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университеті (ҚазҰТУ) институттарының бірі Қазақстанның қоғам және мемлекет қайраткері Қаратай Тұрысұлы Тұрысовтың есімімен аталады. Ол – Геология және мұнай-газ институты (ГжМГИ). Оқырмандардың көпшілігі Қаратай Тұрысұлын белгілі қоғам және мемлекет қайраткері ретінде білуі тиіс, алайда оның геологиямен байланысы жайлы мүлдем бейхабар болуы да ықтимал. Ал шын мәнінде Қаратай Тұрысұлы өзінің кәсіби мамандығы бойынша инженер-геолог болып табылады, оның көрнекті қайраткер ретінде қалыптасуына бірден-бір себепкер болған да дәл осы инженерлік қызметі.
Қаратай Тұрысов Мәскеу геологиялық барлау институтын 1956 жылы тәмамдағаннан кейін, өзінің геологиялық қызметін Орталық Қазақстанның Қарқаралы өңірі аумағындағы Көктасжал геологиялық барлау партиясында аға инженер болып бастады. Геологиялық тұрғыдан мыс рудаларына, пайдалы қазбалардың өзге де түрлеріне деген мүмкіндігі мол Спаск белдемі ауқымында геологиялық партия жүргізген іздеу-бағалау шаралары жас маманның мол тәжірибе жинақтауына, геолог өміріне тән қиын да қызғылықты дала жұмыстары барысында шыңдала түсуіне, сөйтіп қалыпты маман болып қалыптасуына айтарлықтай әсер етеді. Аталмыш партияда жұмыс істеген екі жыл ішінде жас маман кен орындарын зерттеу мен бағалау әдістерін толығымен меңгерді, геологиялық барлау ісінің техникасы және технологиясымен етене танысады. 1958 жылы Қаратай Тұрысұлы көршілес орналасқан Қарағайлы экспедициясына ауысып, мұнда жұмыс істеген үш жыл ішінде ол геолог қызметінің аса маңызды бағыттарының бірі болып табылатын геологиялық карта түсіру ісінің жетік маманы болып қалыптасты. Өзінің геологиялық қызметінің соңғы жылдарында, яғни 1961-1962 жылдарда ол Ағадыр экспедициясында геологиялық партия бастығы болып қызмет етіп, геологиялық зерттеулердің басты бағыттарының бірі болып есептелетін іздеудің геофизикалық әдістерін толықтай меңгерді. Тек 1962 жылдың аяқ шенінде ғана ол партия-совет қызметіне шақырылды, өмірінің аяғына дейін осы жүйеде тапжылмай еңбек етіп, ірі мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді. Қаратай Тұрысұлының ұстазы әрі жақын жолдастарының бірі Ғинаят Рахметоллаұлы Бекжановтың пікірінше, оның ерен ұйымдастырушылық және жолбасшылық қабілеттері нақ осы жылдары жарқырай көрініп, осы жайт оның мемлекеттік қызметке шақырылуына бірден-бір себепші болып қана қоймай, оның бүкіл өмір жолында айнымас серігі болып қалған көрінеді.
Қаратай Тұрысұлының есімі осыдан бес жыл бұрын Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың Геология және мұнай-газ ісі институтына берілген. Бұл іс-шара оның 75 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға геологияға еңбек сіңірген аға ұрпақ өкілдері, Қаратай Тұрысұлының мемлекеттік қызметтегі әріптестері мен үзеңгілестері, Республика Мәжілісінің депутаттары, белгілі ғалымдар, достары мен жолдастары, шәкірттері қатысты. Мерейтойға қатысқан кейбір қонақтармен институт студенттерінің кездесуі ұйымдастырылды, осы салтанатты мәжіліс барысында Қаратай Тұрысұлының тұстастары мен көзкөргендері белгілі қайраткердің өмір жолы жайында әңгімеледі, біртуар тұлға хақындағы естеліктерімен бөлісті. Осы алымды да алғыр тұлғаның бүкіл рухы мен арман-тілектерін бүкіл болмысымен жете сезінуге мүмкіндік бере отырып, оның елі мен ұлтына жан-тәнімен берілген тұлға екендігін, сондықтан да оның бүкіл болмыс-бітімі патриоттық сезімнің, ізденімпаздықтың, шынайы адамға ғана тән ізгілік пен адалдықтың, адамдықтың символы бола білгендігін паш етті.
Жас жеткіншектерді бірінші кезекте тәнті еткен нәрсе – Қаратай Тұрысұлының алуан түрлі оқиғаларға толы өмірі. Ол өзінің еңбек жолын 22 жасында геологиялық барлау партиясының аға геологы болып бастап, 71 жасында Қазақстан Республикасы Мәжілісі жанындағы Экономика, қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып тұрған кезінде, 2004 жылы өмірден озды.
Жас жеткіншектердің Қаратай Тұрысұлының қайраткерлік бейнесімен жете танысуына мүмкіндік берген тағы бір мәселе – ол кісінің адамдық қасиеттері жайлы аға ұрпақ өкілдері әңгімелеген естеліктер. Кездесу барысында сөз алған ғалымдардың бәрі де ол кісінің биік адамгершілігін тамсана әңгімеледі, оның мемлекеттік мәселелерді шешудегі ымырасыздығын, қарапайым азаматтардың проблемаларына қатысты мәселелерді шешудегі парасаттылығын, кеңпейілділігі мен адалдығын сөз етті.
Қаратай Тұрысұлын қарапайым адамдар өз өтініштерімен жиі-жиі мазалайды екен. Әрі олардың Қарекеңе артқан үміттері үнемі ақталып отырған. Қаратай Тұрысұлы өтініш иесін мұқият тыңдап, мәселені оң шешіп береді екен. Ал кез келген мәселені табысты шешуге септігін тигізетін жайттар ретінде Қарекең иеленген биік лауазымдарды ғана емес, оның кез келген мәселе бойынша өз позициясын ақтап шығуға деген орасан қабілеттілігін, өз принципінің дұрыстығын кез келген аудиторияда, оның ішінде жоғарғы органдарда да дәлелдеп шығуға деген табандылығын айтуға болады. Солай бола тұрса да, Қаратай Тұрысұлы жекелеген тұлғалардың мүдделерін, бірінші кезекте өз басының мүддесін ешқашан да мемлекеттік мүддеден жоғары қоймаған. Оның бүкіл бомыс-бітімі мен іс-әрекеті, ой-армандары мен атқарған қызметі республикамыздың қарыштап дамуы мен жарқырап көрінуіне, ал өмірінің соңғы жылдарында Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігінің іргесін одан әрі бекіте түсуге арналған.
Институт қабырғасында Қ.Т. Тұрысов атындағы аудитория ашылды. Тамаша жабдықталған осы аудитория содан бері тұрақты түрде жұмыс істеуде. Бұл аудитория студенттер қауымына елімізді дамытуға айтарлықтай үлес қосқан, өз Отанына адал қызмет етудің тамаша үлгісін көрсеткен Қаратай Тұрысұлы сияқты аға ұрпақ өкілінің рухымен күнбе-күн табысуға мүмкіндік беретін ең сүйікті, ең киелі орталықтардың біріне айналып отыр. Бұл жылдар ішінде институт Қаратай Тұрысұлы отбасымен толассыз байланыс орнатып келеді. Қарекеңнің отбасы оқуда үздік және институттың қоғамдық өміріне белсене араласатын екі студентке Тұрысов атындағы арнаулы шәкіртақы тағайындады. Сол сияқты, геология кафедрасының педагогикалық жұмыста табыстарға жеткен және Қаратай Тұрысұлы қалдырған мұрасын студенттер арасында ұдайы насихаттап отыратын бір оқытушысына Қ. Тұрысов атындағы арнаулы сыйақы табысталып, жыл сайын марапатталып отырады.
Қаратай Тұрысұлының кезекті мерейтойы жақындап келеді. Үстіміздегі жылдың 2 қаңтарында ол кісі 80-ге толған болар еді. Өз қабырғасында Қ.Т. Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ институты жұмыс істейтін Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ бұл жолы да айтулы датаны салтанатпен атап өтті. Бұл мерекелік іс-шараларға мемлекеттік орган өкілдері, белгілі ғалымдар, сол сияқты республиканың кейбір өндірістік мекемелерінің өкілдері шақырылды. Осы іс-шаралар аясында «Геологиялық кластерді дамытудың проблемалары мен әлеуеттері: Білім-ғылым-өндіріс» деп аталатын Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысы кең ауқымда өткізілді, оған алыс және жақын шет елдердің кейбір ғалымдары да тартылған. Конференцияның бағдарламасы республикадағы геологиялық білім мен ғылымды, сол сияқты өндірістің тау-кен-геологиялық кешенін дамытуда шешуші рөл атқаратын мәселелерді қамтитын алты секцияға топтастырылған 150-ден астам баяндамаларды біріктіреді. Конференцияға қатысушылар ауқымы мейлінше кең, онда әйгілі академиктерден бастап студенттерге дейінгі аралықтағы өкілдер баяндама жасады; баяндамашылар арасында алыс шет елдерден шақырылған бірнеше ғалымдар мен өндіріс өкілдері де бар. Салтанат ауқымында ұйымдастырушылық және мәдени іс-шаралар өткізу мәселесі де ойластырылды. Бүкіл өткізілген іс-шаралар жастарды патриоттыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеудің баға жетпес мысалы екені даусыз. Қаратай Тұрысұлының өмірімен және қызметімен жақынырақ танысу арқылы жастар адам өмірінің мән-мағынасы айналадағы адамдарға жақсылық істеу ғана екендігін қапысыз ұғынатын болады, оларға адамның өз өмірінде істеген жақсылығы, оның көзі тірі кезіндегі сый-құрметі мен абыройының ғана кепілі емес, оның рухының да мәңгілік сақталатындығы, сөйтіп әрбір келесі ұрпақ жадында үнемі жаңғырып отыратындығының да кепілі екендігін ұғынуға мүмкіндік береді.
Н.Сейітов,
ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі