Талғат Мұсабаев: «АРМАНЫМ – ҚАЗАҚСТАНДЫ ҒАРЫШТЫҚ ДЕРЖАВАҒА АЙНАЛДЫРУ»

Талғат Мұсабаев: «АРМАНЫМ – ҚАЗАҚСТАНДЫ ҒАРЫШТЫҚ ДЕРЖАВАҒА АЙНАЛДЫРУ»

Талғат Мұсабаев: «АРМАНЫМ – ҚАЗАҚСТАНДЫ ҒАРЫШТЫҚ ДЕРЖАВАҒА   АЙНАЛДЫРУ»
ашық дереккөзі
703
            Қазір Қазақстан қоғамында ең көп талқыланып жатқан тақырыптың бірі де, бірегейі – «Байқоңыр» ғарыш айлағы және осы кешен төңірегіндегі әңгімелер. Байқоңыр немесе ғарыш тақырыбы қозғалғанда біздің көмейімізде бүлкілдейтін алғашқы есім – «Қаз ғарыш» ұлттық агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев.                                                                                       МІНЕЗІ ШАЛТ, АЙТУЫ ДА, ҚАЙТУЫ ДА ТЕЗ… f444eaf7372dbdefa31ddb96ef003d2d.jpg Баспасөздегі ақпараттардан байқағанымыз, мінезі шалт, телеарна журналисін қалай, қайда тұрып сұхбат беруін сұрағаны үшін сыбап алған, «Болашақ» бағдарламасының түлектерінің біліміне күмән келтіремін деп, басы біраз дауға қалған, «Антигептил» қоғамдық қозғалысының белсенділерін «ауруға» теңеймін деп әлеуметтің қатаң қарсылығына ұшыраған ғарышкер, запастағы РФ ӘӘК генерал-майоры, ҚР авиация генерал-лейтенанты (2007 жылдан), ҚР «Халық қаһарманы» Талғат Мұсабаев кей сәтте өзіне-өзі қайшы келіп те қалады екен. Былтыр жыл басында Талғат Мұсабаевты ақпарат құралдары қазақтың ұлттық батырына теңеуге дейін барды. Оған себеп – 2012 жылдың соңында Талғат Мұсабаевтың «Роскосмосқа» күтпеген жерден шүйлігуі еді. Сол сәтте, Ресейдің алдында бүгежектеп тұратын қазақ шенеуніктеріне ұқсамайтын мінез танытқан ғарышкерден үміт күткеніміз де рас. Алайда, осы мәлімдемесінен кейін бір жыл өтпей жатып, Талғат Мұсабаевтың пікірі 360 градусқа кері айналды. Ендеше, оқырмандарға бәрі түсінікті болуы үшін басынан бастайық. 2012 жылы желтоқсанның 10-ында Парламенттегі Үкімет сағатында депутаттар алдында есеп берген Талғат Мұсабаев Қазақстан «Байқоңырды» Ресей арендасынан біртіндеп шығаруды көздейтіні жайлы мәлімдеме жасаған еді. Дәп осы мәлімдеме «Роскосмостың» төбесінен жай түсірді деуге де болады. Ресей тарапы өте шұғыл әрекетке көшіп, бірден қарсылық нотасын жолдады. Дәл осы әңгімеден соң сырт көзге Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасына әжептәуір селкеу түскен сияқты көрініп, араға екі елдің басшылары мен Сыртқы істер министрлерінің түсуі арқасында ғана мәселе өз арнасына түскендей болып еді. Ал биыл жыл басында ресейлік «Извес­тия» газетіне сұхбат берген Мұсабаев осыдан бір жыл бұрынғы ойына мүлдем кереғар пікір айтты. Сөйтіп Ресейдің Байқоңырдан кетпеуін өтінгендей кейіп танытты. Көпшілікке ұнамағаны оның: «Біздің еліміз ғарыштық держава болуды жоспарлап отыр. Қазір біз Ресеймен бірге зымырандар жасайтын боламыз. Алдағы уақытта да солай болғанын қалар едім. Мен және Қазақстандағы саналы азаматтар Ресейдің Байқоңырдан кетуін қаламайды. Біз Ресейдің Байқоңырда мәңгі қалуын қалар едік» дегені. Сөйтіп ол былтырғы мәлімдемесі мен биылғы мәлімдемесінің арасында мүлдем қабыспайтын ой айтып отыр. Жалға алушы тарап Ресейге Қазақстанның ресми өкілінің бұлай жалынып-жалпаюы тіпті этикаға да қайшы көрінеді. Ел арасында «Гептил ісі» аталып кеткен «ПротонМ» зымыран тасығыштарына қатысты мәселе былтыр шілденің 2-сінде Байқоңырдан әуеге көтерілмей жатып, апатқа ұшыраған кезекті ғарыш кемесіне байланысты өрбіді. Өзге түгілі ресейлік ғалымдардың өзі «химиялық шабуылға» теңеген бұл апатта тағы да қазақ есесін жіберіп алды. Қазақстанның қоғамдық күштері «Қазақстан билігінің осы апатты сылтау етіп, улы гептилі бар зымыран тасығышын ұшыруға мүлдем ты­йым салуға мүмкіндігі бар еді ғой» дейді. Сол себепті де елімізде «Антигептил» қоғамдық қозғалысы құрылды. Сол қозғалыс өкілдері күн сайын «Қазғарыш» агенттігінің алдында жекелеген пикет ұйымдастырып келеді. Осы кезде Талғат Мұсабаевтың жүйкесі тағы да сыр берді. Противогаз киіп, Парламентке келгендерді де, «ПротонМ» зымыран тасығышын ұшыруға қарсылық акциясын ұйымдастырып, рұқсат етілген шерушілерді де көзіне ілмеген оның жүйкесіне күн сайын кеңсесінің алдында ереуіл ұйымдастырып, өз адресіне талай сөзді боратып жатқандар тиген секілді. Сөйтіп, ереуілшілерді ол «ауру» адамға теңеді. Жақында Парламент депутаттарының алдына тағы келген Талғат Мұсабаев 63-ке келсе де, күшінің мығым екенін мәлімдеп, жекпе-жекке шығуға құлшыныс танытты. Әрі өзі «ауруға» теңеген жастарды жеңетініне кәміл сеніп, желпініп қойды. «ЖУРНАЛИСТЕР ЖҰМЫСЫМА КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕДІ» Талғат Мұсабаев шын мәнісінде мемлекетшіл тұлға. Оның мемлекетшілдік тұлғасының өзі осы Ұлттық ғарыш агенттігіне төраға болып келген кезден айқындалды. Агенттік алдында шеруге шығушыларға байланысты ресми мәлімдеме таратқан Ұлттық ғарыш агенттігі Талғат Мұсабаев осы агенттік басшылығына келгеннен бері қандай шаралар атқарып, қандай игіліктерге қол жеткізгенін тәптіштепті. «Талғат Мұсабаев «Байқоңыр» ғарыш кешенін тиімді пайдалану туралы 2004 жылдың 9 қаңтарындағы келісімнің орындалу мәселесін 2012 жылы тұңғыш рет көтеріп, «ПротонМ» зымыран тасығыштарының санын азайтуды көлденең тартты. Осыдан кейін Ресей тарапы Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне екі рет нота жіберді. Талғат Амангелдіұлының бастамасымен және жеке талпынысының арқасында ол Қазақстан ғарыш агенттігіне төраға болып келгеннен кейін, 2008 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан гептил отынымен ұшырылатын «Циклон-2» зымыран тасығыштары, 2011 жылдан гептил отынымен ұшырылатын МБР РС-20 зымыран тасығышы ұшырылмайтын болды. 2012 жылдан «Протон-К» зымыран тасығышын пайдаға беру тоқтатылды. «ПротонК» зымыран тасығышы біраз модернизацияланған «ПротонМ» зымыран тасығышына ауыстырылды», – делінген онда. Шын мәнісінде Талғат Мұсабаевтың 2012 жылғы атышулы мәлімдемесінен кейін «Байқоңыр» қаласының да дәрежесі қайта қаралды. Бұрын қаланың юрисдикциясы тек Ресейге қарасты болып келген болса, 2014 жылдан бастап, Байқоңыр Қазақстан заңдарымен өмір сүре бастайды. Мұндағы Қазақстан азаматтары бұрынғыдай қағажу көрмейді, мектеп оқушылары Ресей оқу стандарттарымен білім алмайды. Алайда мемлекетшіл тұлғаның былтыр шілденің 2-сінде «ПротонМ» апатқа ұшырағанда жасаған мәлімдемесі талайды таң қалдырды. Ол «ПротонМ» зымыран тасығыштарының Қазақстан аумағына емес, Ресей жалға алған аумаққа құлағанын және бұның Ресейдің ішкі ісі екендігін баса айтты. Үкімет басшысы Серік Ахметовтің апат зардабын тексеру үшін комиссия құру қажет дегеніне ол «комиссия Байқоңыр аумағына ене алмайды» деп үзілді-кесілді қарсы уәжін білдірді. Талғат Мұсабаевтың бұл уәжінің астарында да ащы сарказм жатқан секілді. Ақпарат құралдары ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасын осы сөздері үшін біраз сынға алды, Талғат Мұсабаевты қазақ мүддесін ойламайды деп айыптады. Алайда 2012 жылдың аяғында «Байқоңырдағы» қазақ құқығы мен мүддесі жайында әңгіме көтеремін деп Ресей тарапынан мүйізделген ол өз жоспарының іске аспағандығын осы ашуы арқылы жеткізген секілді. Сол секілді ғарышқа ұшырылған «ҚазСат» жерсерігінің алғашқысының бірден көзден ғайып болуы, екіншісінің де ғұмырының ұзақ болмайтындығының және оның 46 пайызы ғана пайдаланып отырғандығының себебін де ол Қазақстанда ғарыш саясаты дұрыс жолға қойылмағандығынан іздейді. «ҚазСат» жобасында Қазақстан тағы да оңбай сүрінді. Миллиондаған қаржы жұмсады. Көзден бірден ғайып болған «ҚазСАТ-1» жерсерігін ұшыру үшін Қазақстан тарапы 65 миллион доллар төлегені айқын. Алайда жоба сәтсіз болған жағдайда сақтандыру қаржысы төленуі тиіс еді. Талғат Мұсабаев қазақ газеттерінің біріне берген сұхбатында «ҚазСатты» ұшырудан бұрын Қазақстанда ғарыш саласын түсінетін нақты мамандардың болмағанын айтады. Сұхбатта: «Үлкен өкінішке қарай, ғарыш саласы мамандарының пікірінше, «ҚазСат» тәрізді ұлттық спутник жасаудың міндеттерін шешу стратегиясы дұрыс таңдалмаған. Біріншіден, сол уақытта елде кәсіби (ғарыштық) мемлекеттік орган болған жоқ. Соның әсерінен спутник жасаудың қате жолы таңдалған. Техникалық мәселелерді айтпағанның өзінде, «ҚазСат-1» спутнигін жасау шартына (контрактісіне) Қазақстан тарапынан «Ұлттық инновациялық қор» (ҰИҚ АҚ) қол қойған, яғни ғарыш қызметінің кәсіби мамандары емес, ал Ресей тарапынан Хруничев атындағы ФГУХ ГКНПЦ (өте мықты зымыран-ғарыштық фирма, алайда оның әлгіндей спутниктік жүйе жасау тәжірибесі болмаған). Нәтижесі бірден көрінді. «ҚазСат-1» спутнигі кепілдік берілген мерзімнен айтарлықтай аз уақыт (2 жылдан аз) жұмыс істеді. Ал, белгіленген мақсатта жұмыс істеуге сол күйі жарамсыз болды. «ҚазСат-2» спутнигін жасау жұмыстары да кәсіби мемлекеттік орган (Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігі) құрылғаннан біршама уақыт ерте басталғаны жағдайды одан сайын қиындатып отыр. 2006 жылы келісімшарт тағы да Хруничев атындағы ФГУХ ГКНПЦ фирмасымен жасалған. Сондықтан, «ҚазСат-2» құрылысын түбегейлі өзгерту мүмкін емес. Бірақ, осыған қарамастан, мүмкіндігінше «ҚазСат-2» спутнигін басқару жүйесінің сапалық маңызын арттыру мақсатында «Қазғарыш» тарапынан ұсыныстар жасалды. Ресейлік ОКБ «Марс» кәсіпорыны жасаған борттағы сандық есеп жүйесінің (БСЕЖ) орынына «ЕADS – Astrium» компаниясы жасаған батысеуропалық баламасын орнату мәселесі қаралуда. Осы кезде Ресей жағы спутник құнын арттыруды және жасау мерзімін екі жылға дейін ұзартуды талап етті. «ҚазСат-1» спутнигінің сәтсіздікке ұшырауына кінәлі кім екенін тергеуге менің өкілеттігім жоқ. Менің міндетім басқа — кәсіби еместер жасап қойған дүниені мүмкіндігінше түзету. Теориялық жағынан желге ұшқан ақшаны қайтарып алуға Қазақстанның мүмкіндігі бар және бұл мәселемен Республикалық ғарыштық байланыс орталығы шұғылданып та жатыр. Бірақ, мұнда да, былайша айтқанда, трагикомедиялық жағдай қалыптасып отыр: ақшаны қайтарумен, яғни сақтандыру пұлын алумен Қазғарыш бөлімі, яғни «РЦ КС ЭМС РЭС» АҚ айналысуда, бірақ ақшаны «ҰИҚ» АҚ алмақ», – деген ол. Яғни, «ҚазСАТ» спутнигін ұшырардан бұрын жүйелі ғарыш саясаты қолға алынбаған. Тіпті онымен айналысатын арнайы мамандар да болмаған. Талғат Мұсабаевтың тағы бір сұхбатында Ресейдің қазақтарды ғарыштың маңына жолатпағандығы, тіпті ғарыш айлағы бізде орналасса да, ешкімнің мұрнына оның иісі бармағандығы жайында ашына айтыпты. «Бізде әлемдегі ең жақсы ғарыш айлағы бар, алайда КСРО басшылығы кезінде Қазақстанның негізгі ұлтын ғарыш саласына жақындатпаған да. Біздің ұланғайыр территориямызда осы саладағы мамандарды даярлайтын не жоғары оқу орны, не кафедра болмаған. 1991 жылдан 2007 жылға дейінгі аралықта ғарыштық қызметпен ешкім айналыспады, сөйтіп қаншама жылдар текке өтті», – дейді ол «Караван» газетіне берген «Меня обвиняют, что я продался россиянам» атты сұхбатында. Оның айтуынша, қазір ғарыш мамандарын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Гумилев атындағы Еуразиялық университет, Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университет, Алматы энергетика және байланыс институты, Азаматтық авиация академиясы секілді оқу орындары даярлауды өз мойындарына алған көрінеді. Сондай-ақ, соңғы үш жыл қатарынан Білім және ғылым министрлігінің квотасымен 45 білім гранты иелеріне Байқоңыр қаласындағы «Восход» Мәскеу авиация институты филиалына түсуге жағдай жасалған. Аталмыш филиал ғарыш техникасын сынауға қатысты инженер мамандарын даярлауда.                                         ҚАЗАҚТЫҢ ҒАРЫШҚА ЖОЛЫ ЖАБЫЛДЫ МА? fc05aab63e58c443586ac6e210d59b94.jpeg Талғат Мұсабаев – ғарыш әлемінде жалпы ғұмырының 1 жылға жуық (342 күн) уақытын өткізген тұңғыш қазақ. Алғаш 1994 жылы ғарышта (Союз ТМ-19) 126 күні, 1998 жылы (Союз Тм-27) 208 күні өтіпті. Гиннестің үздік табыстар кітабына бір айдың ішінде 5 рет, барлығы 30 сағат 8 минут ашық ғарышқа шыққаны үшін есімі айшықталып жазылған. Биыл шілде айында оның ғарыш орбитасына көтерілгеніне тура – 20 жыл толады екен. Талғат Мұсабаев ғарышқа алғаш самғаған кезде Қазақстан азаматы дәрежесінде, алайда Ресей Федерациясының әскери қызметкері болатын. Дәл осындай шешімді екі ел президенттері – Н. Назарбаев пен Б. Н. Ельцин қабылдаған екен. Алайда ол 1998 жылы ғарышқа Ресей азаматы ретінде ұшуға мәжбүр болады. Өйткені Талғат Мұсабаев бұл жолғы сапарында экипаж командирі болуға міндетті еді. Ресейдегі «Ғарыш туралы» заңға орай экипаж командирі Ресей азаматы ғана бола алады делінген. Сөйтіп оның алдында таңдау тұрды. Баспасөзге берген сұхбатында ол Қазақстан азаматтығын Ресей азаматтығымен алмастырудың қиын болғанын айтады. Алайда бұған жауапты өзге емес, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев береді. Оның «Қазақстан жолы» атты кітабында: «Қазақ, ол ғарыштағы жұмысын жалғастыру үшін Ресей азаматы болуға тура келді. 1994 жылы Т. Мұсабаев борт­инженер ретінде ғарышта жартыжылдық зерттеу жұмысын жасап қайтқаннан кейін, ол ресейлік ғарышкер Юрий Маленченкомен бірге Ресей және Қазақстанның ең жоғарғы марапатымен марапатталды. Екінші рет ғарышқа самғар алдында менімен ақылдасты. Ол экипаж командирі болуды қалады. Бірақ, бұл үшін ол РФ «Ғарыш туралы» заңына орай Ресей азаматтығын қабылдауы тиіс еді. Оның алғашқы ұшу кезінде жасаған ғылыми эксперименттерін жалғастыру қажет болды. Аргументтер аз емес-тұғын. Алайда Талғатты азаматтығын ауыстырудың этикалық сәттері қинады. Мен оның сол күдіктерін жоюға тырыс­тым. «Сен қазақсың және қазақ болып қала бересің. Ал Қазақстанның ғарыштық бағдарламасын жүзеге асыруы үшін бұл шартқа да мойынсұнуға тура келеді» дедім» делінген онда. Талғат Мұсабаев ғарышқа жол тартқан соңғы екі сапарында да Ресей азаматы ретінде және Ресей ғарышкерлерінің құрамында ұшты. Оның Қазақстан азаматтығын қайта алуы соңғы жылдардың еншісінде. Алайда, ол ғарышқа ұшу арманын жүзеге асыру мақсатында Ресей азаматтығын қабылдаған Мұхтар Аймахановтың қылығын құптамайды. Оны мемлекет мүддесінен гөрі өз мүддесін жоғары қойды деп айыптайды Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы. Әуелі журналистердің Аймаханов туралы сауалына ондай адамды танымайтындығын және оның Ресей азаматтығына өткендігінен бейхабар екендігін айтқан ол кейінгі сұхбаттарында Аймахановтың Ресей азаматтығын қабылдауда ешкіммен ақылдаспағандығын, «Қазғарыш» агенттігімен де, Үкіметпен де өзінің арманын жүзеге асыру үшін өз елінің азаматтығын тәрк етпектігін сөйлеспегендігін айтады. «Қазақпарат» агенттігіне берген «Мұхтар Аймаханов өз арманын мемлекеттік мүддеден жоғары қойды» атты шағын сұхбатында: «Мұхтар Аймахановтың өз арманын мемлекеттік мүддеден жоғары қоюын түсіне алмаймыз», – дейді ол. Мұхтар Аймахановты сынақшы-ұшқыш ретінде дайындау үшін Қазақстан тарапы қыруар қаржы бөлген. «Оның немесе бірін-бірі алмастыру үшін бірге дайындалған екінші сынақтан өтуші – ғарышкер Айдын Айымбетовті ғарышқа ұшырудың мәні ҚР Ғарышкері мәртебесінде ұлттық ғарыш бағдарламасын орындау еді. Қазір бұл жүйе бұзылды. Мұхтардың өз арманын мемлекеттік мүддеден жоғары қоюын түсіне алмаймыз. Ол бұл әрекетімен өзінің досы Айдынды ғарышқа аттану мүмкіндігінен айырып отыр. Айтқандай, оның дайындығы да Мұхтардан кем түспейді. Бұл жерде үлкен ұждан мәселесі бар. Аймаханов бұл шешімді «Қазғарышпен» де, Үкіметпен де келіспей, өзі қабылдаған. Қазақстан оның ресейлік Ғарышкерлерді дайындау орталығында білім алуын ұйымдастырып, ақысын төлеген. Бұл – қайталап айтайын, мемлекет қазынасының миллиондаған қыруар қаржысы…» – деген-ді Ұлттық ғарыш төрағасы. Мұхтар Аймаханов биыл Ресей командасымен бірге көкке самғамақ. Ресей тарапы оны ресейлік ғарышкерлер қатарына қосып та үлгерді. Бізді толғандырып отырған өзге мәселе. Сонда қаржының жоқтығын сылтау етіп, Қазақстан атынан даярланған ұшқыштарды ғарышқа ұшыру мүмкіндігінен айрылғанымыз ба? Өйткені халықаралық ғарыш агенттігінен рұқсат алу үшін, бір ғарышкерге төлейтін қаржымыз – 300 миллион АҚШ доллары көлемінде екен. Ондаған жылдар бойы Қазақстан қаржысын шашып дайындаған қос ғарышкердің екеуі де бозбала емес. Мұхтар Аймаханов Айдын Айымбетовты орта жолда қалдырып, өзге елдің азаматтығына өтіп кетті. Ал Айдын Айымбетовты ғарышқа ұшыру мүмкіндігі қандай? Ол жағы әлі белгісіз.                                          ҚАЗАҚСТАН ҒАРЫШ ДЕРЖАВАСЫНА АЙНАЛА АЛА МА? 4ec186c0a57d6b098262947e80db8a57.jpg Ақпарат құралдарындағы сұхбатында Талғат Мұсабаев осы өмірде өзіне қажеттінің бәріне қол жеткізгенін, тек Қазақстанның ғарыштық бағдарламаларын жетілдіріп, оның ғарыштық державаға айналғанын армандайтынын айтады. Ол 2007 жылға дейін Қазақстанда ғарыш саласына байланысты ешқандай жұмыстардың қолға алынбағанын жасырмаған екен. Содан бергі жеті жыл ішінде Қазақстан ғарыш саласында Ресеймен арадағы келіссөздерді қайта қарауда алғашқы қадамын биыл жасады. «Байқоңыр» қаласы бойынша үкіметаралық деңгейде Жол қартасын қабылдау – әріптестік қарым-қатынастарды дамытудағы зор қадам. Бұл қадамды жасау бізге оңай болған жоқ. «Роскосмостың» бұған дейінгі басшыларымен қарапайым мәселелердің өзін келісуге мүмкіндік болмады. Бұған дейін әңгіме өте қысқа болушы еді: «Байқоңырға» жібермейміз, құпия нысан», – дегеннен өзге әңгіме естімедік. Ал қазіргі басшы Олег Остапенко келгеннен кейін, біздің талабымызға құлақ асылды» деген ол Ресейдің Федералдық ғарыш агенттігінің басшысы Анатолий Перминовтің «Байқоңырды» меншіктей сөйлегеніне орай: «Ресейдің ондай құқы жоқ. Өйткені Байқоңыр – Тәуелсіз Қазақстанның жері. Ол тек жалға берілген!», – деп батыл жа­уап та қата білген. Бұл жолғы «Жол картасы» «Зенит» зымыранын тасушы кешен мен «Байқоңыр» қаласына қатысты. «Бәйтерек» зымыран ғарыштық кешенін құру жобасы «Зенит» зымыран-тасығыштарын пайдалану арқылы жүзеге асырылатындығы жөнінде келісімге келдік және оны қағазда бекіттік. 2015 жылдың қаңтарына дейін бұл кешен Ресей арендасынан шығарылып, Қазақстанға берілетін болады. Ал Қазақстан оны қаржыландыруды өз мойнына алады. Сондай-ақ, тараптар «Байқоңыр» жеңіл зымыранын бірге ұшыруға келісті», – дейді. 2004 жылғы келісім бойынша, «Бәйтерек» зымыран-ғарыштық кешенін құру туралы келісілген. Бұл кешен арқылы «Ангара» зымыран тасығышын ұшыру көзделіп отыр. Бірақ атышулы «Протон» зымыран тасығыштарын алмастыратын бұл зымырандардың қашан пайда болатыны беймәлім. Талғат Мұсабаев «Протондардың» санын азайту мәселесін, мүлдем ұшуына тыйым салу мәселесін жыл сайын көлденең тартатынын айтады. Алайда, «Протонды» өзге зымыранмен алмастыра алмағандықтан, оған мүлдем тыйым салу мүмкін емес екен. «Мен – «Протондарды» ұшыруға мүлдем қарсымын. Бірақ, мәселенің кәсіби түрде шешілгенін қалар ем. Біз «Протонсыз» Байқоңыр Ресей үшін ешқандай маңызға ие емес екенін түсінуге тиіспіз. Өйткені Ресейге ғарыштан түсетін негізгі пайда осы «Протондардан» келеді. Ресей «Байқоңырды» қазір тастап кетеді. Егер, олар кетсе, Байқоңыр шөл далаға айналады», – дейді ол. Ол «Известияға» биыл жыл басында берген сұхбатында: «Протондар ұшса ұша берсін, тек құламаса болғаны», – деп айтқан еді. Бұл да шарасыз адамның «пұл болмаса, күл болсын» дегені сияқты естілгені күмәнсіз. Ғарыштық державаға айналуды басты мақсат тұтқан Қазақстанның алғашқы қадамы Ресеймен бірге зымыран тасығыштарды ұшыру, бұдан соң ұлттық ғарыш бағдарламасы негізінде KazSat жер серіктерін пайдалана отырып, байланыс және тарату жүйесін құру. Қазіргі сәтте «Решетнева» атты станцияда «KazSat-3» жер серігінің жұмысы аяқталуда. Ол биыл сәуір айын­да ұшады деп жоспарланып отыр. Бұл аппаратпен жұмыс істеуде «Решетневада» қазақстандық мамандар оқу және іс-тәжірибеден өтетін болады. «KazSat-3» жер серігін ұшыру арқылы біз өзіміздің телекоммуникациялық және спутниктік жүйемізді қалыптастыру кезеңін аяқтаймыз» деген Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы. Алайда, ғарыштық держава болуға тағы да қаражаттың тапшылығы қолбайлау болып отырғандығын айтады ол. «Бұл саланы көтеру үшін жылына кем дегенде 300 млн. АҚШ доллары қажет болады. Ал биыл бөлінгені 103 миллиард теңге ғана», – деген баспасөзге берген бір сұхбатында. Бірақ, «Байқоңырды» жалға беру құнын 1994 жылғы 115 миллион доллардан асырмай отырғандығымыз жайлы пікіріне құлақ түрсек, Қазақстан үшін маңыздысы жал құны емес, ғарыштық бағдарламаларды игеру, сол себепті де оның құнын көтермеген де дұрыс шығар», – дейді. Жалпы, бір сөзін бір сөзі жоққа шығарып отыратын «Халық қаһарманының» көздегені – Қазақстанның өз алдына дербес ғарыштық держава атануы. Бірақ бұған Ресейсіз қол жеткізе алмайтынына сенімді. Сол үшін Ресейдің алдында біраз бүгежектеп алатыны бар. Айтпақшы, сол «Протоннан» келген апаттың өтемақысы жөнінде, Ресей Қазақстан тарапы қойған талапты әлі күнге дейін қабылдаған жоқ. Қазақстанның Экология және қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров Ресей тарапының бұл ретте үнсіз екендігін бірнеше мәрте қайталағаны Талғат Мұсабаевқа ешқандай әсер етпеді. Ал өзіне тікелей қойылған сауалға, бұл менің құзырымдағы мәселе емес деп бақты.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары