ТөЛ ТЕҢГЕМІЗ ҚҰНСЫЗДАНЫП ТЫНДЫ

ТөЛ ТЕҢГЕМІЗ ҚҰНСЫЗДАНЫП ТЫНДЫ

ТөЛ ТЕҢГЕМІЗ   ҚҰНСЫЗДАНЫП   ТЫНДЫ
ашық дереккөзі
141

Сейсенбі күні Қазақстанның төл теңгесінің 1 долларға шаққандағы бағамы 155 доллардан 185 теңгеге бір-ақ көтерілді. ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, соңғы жылдары Ұлттық Банктің валюталық саясаты оның деңгейінің 145-155 АҚШ доллары көлемінде сақтап келгені, осының арқасында экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. 2013 жылы Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі 6 пайызға артып, инфляция 4,8 пайызға азайғаны айтылыпты. Қысқасы, әлемдік нарықтағы жағдайдың қиындауы, Ресей рублінің девальвациялануы, еліміздегі импорттың өсуі, қаржы нарығындағы алыпсатарлықтың кесірінен мемлекеттің шетелдік валюта бағамына жиі араласуы, отандық тауар өндірушілерді қолдау және инфляцияны 3-4 пайызға төмендету үшін бағамды өсіруге тура келген: «Бұған қоса Қазақстан экономикасының ғаламдық экономикамен тығыз байланысты екенін ескерген жөн, Ұлттық Банк әлемдік қаржы және тауар рыноктеріндегі жағдайды қаперден шығара алмайды. Біріншіден, жетекші дамушы елдердегі, оның ішінде БРИКС елдеріндегі жағдай. АҚШ-тағы «сапалық жұмсару» бағдарламасына сәйкес, қаржы дамушы елдерден дамыған елдерге ағылады, бұл осы елдердің валютасына қысым жаса­умен жалғасты. Әлемдік экономиканың кейінгі дамуындағы белгісіздіктің әсерінен әлемдік қаржы және та­уар рыноктеріндегі өзгерістер артты. Екіншіден, Ресей рублінің курсына қатысты белгісіздік орын алып отыр. РФ Орталық банкінің Ресей рублін еркін айналымға жіберуінен соң 2013 жылы ол АҚШ долларына деген курсы бойынша 7,1 пайызға әлсіреді. Биыл қаңтар айында Ресей рублінің әлсіреуі жалғасты. Үшіншіден, бұл ҚР төлем балансының жағдайы. Ағымдағы операциялардың жағымды болуы­на қарамастан, пайдаланылатын тауарлардың импорты есебінен импорт өсуде. Төртіншіден, спекулятивті операциялардың өсуінің әсерінен Қазақстан Республикасы экономикасында девальвацияның болу қаупі күшейді. Алыпсатарлықтан туындайтын абыр-сабыр бен айырбас бағамының өзгерістерін болдырмау үшін Ұлттық банкке валюталық рынокке жиі енуге тура келеді. Бесіншіден, болашақта инфляция­ны 3-4 пайызға төмендету үшін Ұлттық Банк инфляциялық шектеуге өтуді жоспарлап отыр, ол дегеніміз – айырбас курсының қатаң қадағалауынан бас тарту. Теңгенің айырбас курсының сыртқы бәсекеге қабілеттілігін орнына келтіру, ҚР экономикасы сыртқы сауда балансын және отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдау – Ұлттық Банк валюталық саясатына өзгерістер енгізуді қажет етеді».
Бүгінде теңгенің бір-ақ күнде 20 пайызға құнсыздануына байланысты қызу пікірталас толас­тар емес. Әлеуметтік желілер арқылы наразылығын білдіргендер қымбатшылық қалтамызға салмақ салып, күнкөрісті қиындатады деп алаңдайды. Азаматтардың кейбірі тіпті, Үкіметті отставкаға жіберуді талап етті. Ал Министрлер кабинетінің мүшелері болса, Үкімет үйіне жиналып алып, девальвацияның бағаға кері әсер етуіне жол бермеу керектігін айтты. Бірақ еліміздегі бірқатар ірі сауда орталықтары мен дүкендер бағаны көтеріп үлгерді. Алматы мен Астанадағы валюта айырбастайтын кейбір дүңгіршектерде 1 долларды 210 теңгеге сатқаны анықталды. Ал ірі дүкендердің есігі тарс жабық. Өйткені азық-түлік бағасын бір-ақ демде 30 пайызға сылқ ете қалған құнсыз теңгемен сәйкестендіруі тиіс. Ал кейбір пысықайлары барлық тауардың бағасына 3 мың теңгеден қосып қойған.
Осыдан бес жыл бұрын 25 пайызға дейін құнсыздандырылған теңгенің 20 пайызға тағы да девальвацияланатынын көпшілік білген жоқ. Журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген Ұлттық банктің жетекшісі Қайрат Келімбетов те девальвациядан хабарсыз болғанын айтты. Елімізге танымал экономист Ораз Жандосов теңгенің құнсыздануына Ұлттық банктің экс-басшысы Григорий Марченко кінәлі деп отыр: «Марченко Ұлттық банктің тізгіні қолында отырған 4,5 жылдың ішінде теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін сая­сатты қалыптастырмаған. Есе­сіне, кетерден бұрын, соңғы 12 айда 5 млрд. долларды сатып үлгерді. Бұл кезде Ресейдің Ор­талық банкі рубльдің еркін жүзуіне мүмкіндік беретін жолды біраз еңсеріп үлгерген еді. Қайрат Келімбетов 4,5 айдың ішінде Ұлттық банктің басшысы бола алмады немесе бұл түйткілге баса назар аударып, саяси тұрғыда аса күрделі, бірақ аса қажетті шешімді қабылдауға ниет танытпады. Сірә, шешімді «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» қабылдағысы келген шығар. Мұнай бағасы тағы да өседі, Қашағанды тез арада жөндеп бітіреді деп үміттенді ме? Таңғалдыратыны басқа: айырбастау бағамының алыс­ты көздейтін саясаты тағы да түзілмеді». О.Жандосовтың айтуын­ша, 185 теңге деген соманың қайдан алынғаны да белгісіз: «Оның үстіне, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бері теңге бағамы 3,5 пайызға дейін өскен. Сонда кешегі девальвацияны қосқанда – 24 пайыз. Ал былтыр жыл басынан бері Ресейдегі инфляцияның жоғарылығына қара­мастан, рубльдің құнсыздануы шамамен 11 пайызға жеткен. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасы төмендеген жоқ, демек, макроэкономикалық тұрғыда түсіндіру қиын. Егер алдағы бірнеше айда теңгенің долларға деген бағамы 185 доллардан асатын болса, бұл үшін міндетті түрде жазалау керек».
Соңғы күндері девальвацияның кімге тиімді, кімге тиімсіз екені жайлы әңгіме өрбуде. Бірақ биліктің «теңгені отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында құнсыздандырдық» дегені қи­сынсыздау. Өйткені Тәуелсіздік алған 23 жылдың ішінде экономикасы шикізатқа байланып отырған елімізде қандай отандық өнім болуы мүмкін? Өндірісі дамымаған, әлі күнге мұнай мен газдың, көмірсутегілерді, табиғи ресурстарды сатумен шектеліп келген Қазақстанда өндіріс орындарын салу енді қолға алына бастады. Бір анығы, экономикалық өсім импортқа тәуелді болса, отандық өндіріс орындары дамытылмаса, ұлттық валюта үздіксіз құнсыздана беретініне күмән жоқ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары