БИЛІКТІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?

БИЛІКТІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?

БИЛІКТІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?
ашық дереккөзі
169

 Бір-ақ күнде 20 пайызға құнсызданды ұлттық
валютамыз. Осыдан төрт жыл бұрын 25 пайызға девальвацияланған. Енді инфляция деңгейі
өсіп, тауар мен қызмет көрсету ақысы қымбаттайды. Бүгін қазақстанның төл
теңгесінің 1 долларға шаққандағы бағамы 155 доллардан 185 теңгеге бір-ақ
көтерілді. 

ҚР Ұлттық банкінен жеткен ресми мәлімдемеде соңғы жылдары Ұлттық
Банктің валюталық саясаты оның деңгейінің 145-155 АҚШ доллары көлемінде сақтап
келгенін, осының арқасында экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз
етуге мүмкіндік бергендігі айтылады. 2013 жылы
Қазақстанның ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) 6
пайызға артып, инфляция 4,8 пайызға азайғаны айтылыпты. Қысқасы, теңгенің
құнсыздануын әлемдік нарықтағы жағдайдың қиындауы, Ресей рублінің
девальвациялануы, еліміздегі импорттың өсуі, қаржы нарығындағы алыпсатарлықтың
кесірінен мемлекеттің шетелдік валюта бағамына жиі араласуы, отандық тауар
өндірушілерді қолдау және инфляцияны 3-4 пайызға төмендету үшін бағамды өсіруге
тура келгені… Қысқасы, біраз жайтты тізбектепті. Әлбетте, болары болып, бояуы
сіңді. Өйткені, Алматы мен Астанадағы валюта айырбастайтын дүңгіршектерде 1
долларды 210 теңгеге сатып жатыр. 

bfa7e14d88e56a95ffb9bb71e1696862.jpg

Ал ірі дүкендердің есігі тарс жабық. Өйткені,
азық-түлік бағасын бір-ақ демде 30 пайызға сылқ ете қалған құнсыз теңгемен
сәйкестендіруі тиіс. Ал кейбір пысықайлары барлық тауардың бағасына 3 мың
теңгеден қосып қойған. Әлеуметтік желілерде теңгенің құнсыздануына қатысты
ашу-ыза мен наразылыққа толы жазбалар жариялануда. Кейбір отандас тіпті,
Үкіметті отставкаға жіберуді талап етті. Өйткені девальвацияның соңы инфляцияға
кері әсер етіп, дүкен мен базарлардағы бағаның құтыратыны сөзсіз. Бұл қарапайым
халықтың қалтасына салмақ түсіреді. Құнсыздануға қатысты
тұщымды пікір айтқандар аз. Көпшілігіне кездейсоқ болғаны
белгілі. 

Тіпті, Ұлттық банктің кеңесшісі, макроэкономист Олжас Құдайбергеновтің
әлеуметтік желілердегі парақшасына: «Қазір маған адамдардың көпшілігі
хабарласып, хат жазып жатыр. Бірақ девальвация қалай тосыннан келсе, мен үшін
де күтпеген жайт болды. Сіздер сияқты мен де жағдайды түсіндіріп бере
алатындармен хабарласа алмай отырмын. Ұлттық банк пен kurs.kz сайттары ашылмай
тұр», – депті. Ал «VISOR Holding» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Айдан Кәрібжановтың
пікірінше, девальвация ең алдымен теңге түрінде шығын шығарып, кірісті
доллармен кіргізетіндер үшін тиімді. Мәселен, мұнай, металл, астық
экспорттайтындарға пайдалы. Керісінше, импортерлардың жоғалтатыны көп. Бірақ
алғашқы таңғалу сезімінен арылғаннан кейін қайта қалпына келеді. Өйткені импортқа
балама жоқ. Тек тұтынушының өмірі қымбаттайды. Ал Қазақстан экономикасына
пайдалы ма? Анығында, мемлекеттік қаржыға қалай? Ұлттық банк теңгенің бағамын
күшпен ұстап тұру үшін валютаны биржада сатып әлекке түспейді. Тығырықтан
осылай шықты. Табиғи монополиялар зардап шегеді. Олар девальвацияда кеткен
есесін тарифті көтеру арқылы қайтарады. Бірден емес, біртіндеп. Олардың қолынан
келеді. Әлбетте, бұл тұтынушыларға тиетін соққы. 

Банктер ше? Сірә, олар үшін жағымсыз
жаңалық болды. Қарыздың басым бөлігі доллар түрінде ғой. Жергілікті несиелер
теңге түрінде, бірақ долларға тәуелді. Қайтарылмаған қарыздар саны өседі, әсіресе,
ипотекалық несие мен тұтынушылық несие», – депті. Сарапшының сөзі рас,
Қазақстанға сырттан келетін тауар көп, өндірісі дамымаған. Бірақ биліктің
«теңгені отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында құнсыздандырдық» дегені
қисынсыздау. Өйткені, Тәуелсіздік алған 23 жылдың ішінде экономикасы шикізатқа
байланып қалған мемлекетте қандай отандық өнім болуы
мүмкін? Өндірісі дамытылмаған, әлі күнге мұнай мен газдың, көмірсутегілердің,
табиғи ресурстарды сатумен шектелетін елде 23 жылда салынбаған өндіріс енді
қашан салынады? 

Әрі экспортынан импорты басым Қазақстанда Сарапшылар қауымы
Кедендік одақ пен ресейлік рубль теңгені құнсыздандыруға ықпал еткенін жоққа
шығармайды. Бірақ бәріне АҚШ доллары кінәлі көрінеді: доллардың теңге, рубль,
үнді рупийі мен басқа да валюталардың девальвациясына әсері бар. Айдан
Кәрібжановтың айтуынша, ұлттық валютаны техникалық тұрғыда долларды 100
теңгемен де шектеуге болады екен. Бірақ Үкімет тұрақтылықты қамтамасыз ету
мақсатында бірнеше пайызға бір-ақ өсірген. Бүгін Үкімет үйінде жиналған
шенеуніктер қауымы «теңгенің долларға шаққандағы бағамының көтерілуі ішкі
нарықтағы қымбатшылыққа әкеп соқпауы керек» деген қорытындыға келіп үлгермей
жатып, кейбір ірі дүкендердегі баға бірнеше есеге шарықтап үлгерді. Үлгермеген
сауда орындарының есіктері тарс жабық. Ал әлеуметтік желілер арқылы наразылық
білдірген жұрт теңгенің құнсыздануы күнкөрісті қиындата ма деп алаңдайды. 


Нәзия
Жоямергенқызы

Серіктес жаңалықтары