Мемлекеттік тіл: Қорлаушы көп, қорғаушы жоқ
Мемлекеттік тіл: Қорлаушы көп, қорғаушы жоқ
Жаңа жыл қарсаңында корпоративтік банкеттер өткізу бұл күндері
дағдыға айналды. Өткен жылдың соңында сондай екі банкетке қатыстым.
Сонда байқағаным, тағы да сол – асабалар кешті орыс тілінде өткізіп, Дед
Мороз бен Снегурочка (Аяз ата мен Ақша қар) келіп, бастан аяғына дейін
репертуарын ресми тілде, яғни орыс тілінде жүргізді. Сол сәттерде, қай
мемлекеттің азаматы екенің, қай елде тұрып жатқаның есіңе түсіп, жүрегің
қан жылап, тіпті, езіліп, санаңа салмақ түсіп, намысың қан қысымыңды
көтереді. Неге қазақ актерлары осындай кештерге арнайы бағдарлама
дайындап, әлгі орыс актерлары қалталарына басқан қаржы қазақ жігіттері
мен қыздарының қалтасына түспейді? Қашанға дейін өзімізге-өзіміз ие бола
алмай жүре береміз? Қазақ жігіттері қашан сілкінеді дейсің?
Толқынды
толқын, ойды ой, сөзді сөз қуады. Таяуда Алматы қаласына белгілі
хирург-профессор ағамыз 80 жасқа толуына арналған тойына шақырды. Тойда
жүзге жуық қонақтар, олардың арасында елімізге есімдері жақсы таныс,
«зиялы қайраткерлер» деп жүрген бірнеше ағаларымыз да болды. Бір
өкініштісі, той асабасы қазақ бола тұрып, тойдың басым бөлігін орыс
тілінде өткізді. Жан-жағыма зерделей қарасам, жиылғандардың арасында
өзге ұлт азаматтарының саны 4-5-тен аспайды екен. Тілек, құттықтау сөз
айтқандар да көбіне орысша немесе жартылай дүбәра тілде сөйлеп, шынымды
айтайын, тойдың берекесін кетірді.Орыс тілінде сөйлегенді біразы
өздеріне дәреже, мәдениеттіліктің белгісі деп санайтыны қынжылтты. Елдің
мақтанышы, ел тұтқасы болып жүрген зиялы қауымның ешбірі асабаға «тойды
қазақша жүргіз, қарағым» деп ескертіп, ұсыныс жасамады. Өз тілімізді
өзіміз қадірлемесек, кім қадірлейді? Содан кейін кімге өкпелейміз?
Қазақша сөйлеуден неге қаймығамыз? Неден қауіптенеміз? Алматыда қазақ
бола тұра қазақ тілін білмейтін, сөйлемейтіндер көп екеніне налып,
олардың санасы оянбай отырғанына қынжылдым. Тойдың соңын күтпей,
орнымнан тұрып кетіп қалдым.
Менің есіме журналист Жарылқап
Қалыбайдың төңірегінде өткен жылы болған дау-жанжал түсті. Ұшаққа
отырған журналист стюардессаға қазақ тілінде сұрақ қояды. «Мен сенің
тіліңді білмеймін, білуге міндетті емеспін,–деп стюардесса жанына
бататын сөз айтады. Сұрағына ана тілінде жауап ала алмаған жолаушы реніш
білдіреді. Содан жанжал басталады. Аяғы сотпен бітеді. Авиация туралы
заңның 56-шы бабының, 6-шы тармағында «Азаматтық ұшақ бортындағы
қызметкерлердің барлығы мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі керек» деп тасқа
басқандай етіліп жазылып тұр емес пе? Ендеше неге ұшақтың қызметкері
заңды орындамайды? Ал ұшақтағы қызметкер, демек ұлттық әуе компаниясының
басшылығы бұл іске ешқандай да назар аудармайды. Бізде заңдық тетіктер
баршылық, бірақ соны іске асыру, жұмыс істеткізу, орындау биліктің ғана
емес, қоғамның да міндеті емес пе? Әрбір саналы, ойлы жанның заңды
орындау міндеті деп түсінгеніміз жөн.
…Бірде облыстық аурухана
жанындағы кітапханаға бас сұқтым. Келер жылдың газет-журналдарына жазылу
қызу жүріп жатыр екен. Өзіме керекті газет-журналдарға жазылып болып,
кітапханашы Ләззатқа:
– Қызметкерлеріміздің 90 пайызынан астамы
өзіміздің қаракөз қазақтар. Қазақ газеттерінен орыс тілде шығатын
республикалық «Казахстанская правда», «Время и люди», облыстық «Знамя
труда», қалалық «Жамбыл-Тараз» газеттеріне жазылуы едәуір көп. Оған не
себеп? Сол газеттер тау-тау болып аурухана бөлімшелерінде ешкім оқымай
бұрқырап бос жатыр емес пе? Неге осыған көңіл бөлмейсіздер? – деп сұрақ
қойдым.
– Ағай-ау, ол барлығымызға мәлім. Бірақ бізге тапсырыс
жоғарыдан, яғни әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінен келеді. Оны
орындамасаң әжептеуір сөз болады. Содан, үндемей берілген тапсырманы
(разнарядканы) орындаймыз. Құлаққа тыныштық керек, – деп жауап берді
Ләззат ағынан жарылып.
Сонда, кімнің не оқуын, қай тілде оқуын ішкі
саясат бөлімінің қызметкерлері реттеп отыруы керек пе? Газет пен
журналдарға жазылу неге бұрынғы компартия заманындағыдай ескі үрдіспен
жүргізілуде? Бұл саясатпен қазақ газеттерінің тиражын және оқушыларын
қайтіп көбейтеміз? Жасанды түрде орыс тіліндегі басылымдарды қолдап
отырғаннан не ұтамыз? Кімнің, не үшін өзге ұлттың «кетпенін шауып»
жүрміз? Демек, құлдық сана бойымызға әбден сіңіп, құлдық психологиялық
жүйеден кетпегеніміз рас екен ғой. Кейде маған бізді әлі де орыстар
билеп отырған сияқты көрінеді.
Түркі халқының мақтанышы, елжанды
Ататүрік: «Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық
бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезіміміз, ақыл-ойымызбен,
іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба
алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн», –
деп қадап айтқан екен.
Қазіргі қазақ ұлттық мінезден айрылды.
Бойымызда жағымсыз қасиеттер пайда болды. Шындықтың бетіне тура
қарауымыз керек, ежелгі грек, қытай жылнамаларынан бастап өткен
ғасырдағы тарихи зерттеулерде ержүрек, қонақжай, мәрт, шешен мінезімен
танылған қазақ ұлтының бойына қазіргі таңда жағымпаздық пен жалтақтық,
жалпақшешейлік, жалқаулық сияқты дерт жабысты.
Осы жерде әнші Саят
Медеу бауырымыздың ой толғауына көңіл аударайық: «Ана тіліміздің мүшкіл
хәлі жүрек ауыртады. Үкімет тілді дамытуға жыл сайын қыруар ақша бөліп
жатыр. Керегі бар ма осының? Халқыңды құрметтеп, тіліңді үйреніп
алмағандарды ақшамен сатып алмақ па? Бос әңгіме. Ақшаны желге ұшыру,
жеу. Кейде «осы біздің Қазақстан деген мемлекет әлі бар ма, қалды ма?» –
деп ойланып қалам. Көшеге шығып қараңыз. Қазақша, тіпті, орысша да
емес, бір жазулар қаптап кеткен. Қытай, ағылшын… Мен өзім Тараз
топырағында туғанмын. Бірде достарыммен туған елге барып, қаланың
шетіндегі бір мейрамханада бас қостық. Сол ауылдық асхана әжетханасын
ағылшын тілінде жазып қойыпты. Содан әлгі жердің әкімшісін шақырдым.
«Мына жерде қай ағылшын сенің дәретханаңды таба алмай адасып жүр, қай
ағылшын сенің асханаңның табалдырығын тоздырды?» дедім. Қазақша жазса,
қара жер қақ айырылып, жұтып қоярдай күйде жүр бәрі. Әлгі дәмхана
әкімшісі «Бастық мен емеспін» деп құтылды. Бұдан бөлек біз сауда
дүкендеріне, дәмханаларға «халал» деп жазғанды сәнге айналдырып алдық.
Қазақтың «адал» деген сөзін қолдансақ, мәртебеміз төмендеп қалатындай
жағдайға жеттік. Санасыздығымыз сонша, араб, орыс, кәріс, қытайдың
сөздерін жазып, өзіміздікін өзекке тепкенді жетістік санайтын болдық.
Менің ойымша, қазақтың тілін үйрену қиын емес. Тек жоғарыдан төменге
қарай бағытталған нақты іс-шаралар керек. Елімізде тұратын өзге ұлт
өкілдеріне де, шетелден келетін азаматтарға қазақ тілін мәжбүрлі түрде
үйретейік. Көшедегі жол белгілерін, дәріхана, мейрамханалардың аттарын
қазақша жазып қойсақ, өздері-ақ лезде біліп алады. Жан бағу үшін
үйренеді. Ал біз… Жалпақшешейміз. Бізде намыс оянбай, жоғарыдағылар қара
қазақтың перзенттері екендіктерін түсінбейінше, тіліміз көгермейді. Өз
тілін, мәдениетін қадірлете алмаған ұлтты ешкім сыйламайды. Тіліңді
менсінбегендер төріңді де, тұтас еліңді де қадірлемейді. Мысалы, біз
кейбір тамаша орыс әндерін тыңдай береміз. Себебі мағынасын түсінеміз.
Ал, орыстар қазақтың әні түгілі, сөзіне де пысқырмай келеді. Енді
тіптен «керемет» болмақ. Орыс мектептеріндегі қазақ тілінің саны
қысқарғалы жатыр. Шіркін, сол бастаманы көтерген министрді ойланбастан
қызметтен босатса ғой. Ол ұлтына, халқына опасыздық жасады. Ондайлардың
көк тиын құны жоқ. Бірақ ол министр де, оның жанындағылар да бұны
түсініп отырған жоқ. Олардың пайымынша бұл мемлекетте тұтас қазақтың
құны жоқ. Өмір осыны көрсетті. Орыс қазақты боқтаса да, шешен мен қазақ
төбелесіп жатса да, тек қазақ сотталады. Неге? Себебі, Қазақстанда
қазақтың ғана сұрауы жоқ. Бір спортшы азаматымыз шетелде айыпталып
жатыр. Ол дүбірлі додада алтын алса тұтас елі қуанады, тоқпақтай
галстугы бар ағалары арқасынан қағады, ал спортшы жапа шексе, ешкім
пысқырып та қарамайды. Неге? Басқа ұлттың бәрінің құқы бар, өз
қазағымызда ештеме жоқ. Орыс маған «орысша сөйле» десе оныкі дұрыс, мен
орысқа барып, «қазақша сөйле» десем сотталып кетемін… Қазақстан
Конституциясы қазақтан басқаның бәрін қорғайды. Тым бейшара халге
түстік. Мен «Қазақстанда қазақтың мәртебесі өзгеден бір елі биік болса!»
деп армандаймын. Айтқанның аузы, жылағанның көзі жаман. Мен министрді,
басшыны сынасам, келесі бір концертке себепсіз шықпай қалам. Бірақ,
айтуға, жазуға міндеттімін. Өйткені, дер кезінде айтылмаған сөз – жетім.
Саясаткерлеріміз осы жағын неге түсінбейді? Қазақтың сөзін қазақ
перзенттерінен басқа кім сөйлейді? Кей тірліктеріне қарап қазақтың саяси
элитасын сырттан біреу мәжбүрлеп отырғандай көрінеді. Біреудің
қолындағы қуыршаққа айналып, өз ұлтына қарсы жұмыс істеуде…
Қазақтың
басына бұғалық түскен… Бар қазақ басын ғана шайқап отыр, еркіңді
бұғалық буындырған. Не бұғау, қайдан келді? Шынымды айтсам, жалпы қазақ
қартайды ма деймін. Санасы езіліп, көресіні көре-көре шаршаған сияқты.
Өзгелердің езгісіне түсіп, ары, намысы тапталып, жанышталып бара жатыр.
Өз алдымызға ел болатын күн қашан туар екен?! Біреудің қолтығынан шығып,
біреудің қолтығына кіру саясаты бізге опа бермейді. Қолтықтың қолаңса
иісіне биліктегілердің тұмсығы үйренген шығар, ал халық азаттықтың саф
ауасын бір сәт болса да жұтты ғой. Бізді енді бір сақтаса – Құдай ғана
сақтайды. Бір Алла қолдасын Қазақты!.. Кейде санымыздың аздығына да
күйінемін. Қазағым алпауыт елдердің бір қаласының тұрғынындай-ақ. Неге
екен? Қазақты көбейте көр деп мың жалбарынғанымызды Алла Тағала
көргендей болып еді. Шетелдегі қандастардың бері ағылған көшіне билік
саясаты тосқауыл қойды. Алла бергенді адам тоқтатты. Астапыралла! Ал
басқалар өсіп жатыр. Көрші өзбек ағайындарды айтпағанда, еліміздегі
дүнген мен ұйғыр ұлттарының саны тез өсіп келеді… Жаны қазақ түсінбейтін
осындай қарама-қайшылықтар өте көп. Жаныңды жегідей жейді… Дәрмен жоқ!»
(«Парасат», 2013, №11).
Тәуелсіздік алдық, егемендікке ие болдық деп
бөркімізді аспанға атамыз. Бірақ, жиырма екі жыл өтсе де сөз, әрекет
тәуелсіздігіне қол жеткізбей келе жатқанымызды мойындауымыз керек.
Парламент және Сенат отырыстары, әр дәрежедегі республикалық алқалы
жиындар, конференциялар мен конгресстер осы күнге дейін тек орыс тілінде
өтіп жатқаны барлығымызға аян. Қанша айтылса да, басылымдарда ұлтжанды
азаматтардың жан айқайы мезгіл-мезгіл жарияланып жатса да, әйтеуір, ана
тіліміз өз дәрежесінде қолдау таппай-ақ қойды. Соны ойлайсың да,
жүрегіміз жылап тұрып «Қашан осы бойымыздағы селқостықтан,
тоғышарлықтан, енжарлықтан, жалтақтықтан, бодандық құрсауынан арыламыз?
Сырттан кім келіп біздің ана тілімізді мемлекеттік дәрежеге көтереді?
Бодандықтан арылар күн қашан туады?» деп намыс оты ойнап,
қапаланатынымыз рас.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Тараз қаласы