АУРУДЫ АСҚЫНДЫРМАҒАН АБЗАЛ
АУРУДЫ АСҚЫНДЫРМАҒАН АБЗАЛ
Атам қазақ
«аты жаман ауру» атап кеткен қатерлі ісік Қазақстанда ғана емес, бүкіл Жер
шарында күшейіп барады. Оның себебі көп: дерттің асқынып кетуі, экологияның
нашарлығы, жүйкенің жұқаруы, уайым-қайғы, стресс, темекі мен арақ… Аурудың алдын қалай алуға болады? Заманауи
медициналық құрылғылардың қандай көмегі бар? Қатерлі ісікке тексерілу үшін не
істеу керек? Осы және басқа да сауалдарға 4 ақпан – Қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай өткізілген шарада Алматы қалалық
онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Диляра Қайдарова жауап берді.
– Диляра Радикқызы,
қазіргі кезде Қазақстан бойынша қатерлі ісікке қарсы қандай шаралар жүргізілуде?
– Жасалатын шаралар көп, әрине. Мысалы, биылдан бастап Қазақстан
бойынша 6 скрининг жасау енгізілген. Алматыда 3 скрининг – міндетті, ал 3-еуі –
жобалық. Міндеттелген тексерулер арасында 30-60 жастағы әйелдерге жатыр мойны
скринингін тапсырады. Кез келген әйел өзі тіркелген емханаға келіп,
онкоцитологияға анализ тапсырады. Екіншісі, сүт бездерінің қатерлі ісігі, тік
ішек пен тоқ ішектің қатерлі ісігіне (колоректальный рак) тексерілуі тиіс», –
дейді. Соңғы кездері әлемде кең тараған рак бойынша үшінші орынға шыққан тік
ішек пен тоқ ішектің қатерлі ісігін алдын ала анықтайтын тест бар екен. Оны да қалаған
адам емханадан алып, үйде тексеріле алады. Егер тест қорытындысынан көңілге күмән
келтірсе, емханаға қайта келіп, қосымша анализдер өткізеді. Бүгінде асқазан мен
өңештің қатерлі ісігі де ушыққан. Сол себепті, Алматыдағы 4 ірі ауруханада
гастрофиброскопия жасалынады. Қажет болса, биопсия алынады. Сосын бірден
диагноз қойылады. Бауырдың қатерлі ісігіне тексеру жүргізу вирустық гепатиттің
Б, С түрімен ауыратындарға арналған. Биылғы тізімге жастары 50-ден асқан ер
азаматтар үшін простата скринингі қосылған. Бұл суық тиген жағдайда ауруды ерте
анықтауға да сеп. Дерттің асқынып кетуін күтіп жүрген дұрыс емес қой.
– Соңғы 5 жылда Алматы қаласының тұрғындары арасында дәрігерге
өздігінен қаралу белсенділігі артқан көрінеді. Бұл неліктен?
– Иә, қатерлі ісікті ерте анықтауда Алматы Қазақстан
бойынша алдыңғы қатарда тұр. Соңғы 5 жылда қатерлі ісіктің алдыңғы кезеңінде
анықтау 10 пайызға артты. Ерте анықталған аурудың емделуі де анағұрлым оңайға түспек.
Әрі қайтыс болатындар саны 6 пайызға төмендеді. Бізді қуантатын да осы. Елбасы
айтқандай, медицина саласының мамандары мен азаматтардың өзара ынтымақтастығы,
яғни, адамдардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы көптеген жетістікке қол
жеткізеді. Бір жағынан алғанда, бұл бұқаралық ақпарат құралдарының қатерлі ісік
туралы халықты кеңінен құлақтандыруында және дерттен сақтанудың жолдарын
насихаттауына қатысты. Сол үшін де баспасөз өкілдеріне алғысымыз мол. Ресми
деректерге жүгінсек, Қазақстанда жыл сайын 30 мыңға жуық азамат қатерлі ісікпен
тіркеледі. Оның 16 мыңға жуығы қайтыс болады. Алматыда жыл сайын 4 мыңға жуық тұрғын
қатерлі ісікпен ауырып, оның 1300-1400-дейі көз жұмады. Ең бірінші кезекте сүт
бездерінің қатерлі ісігі тұрса, екінші орында – тері рагі. Базалиома, меланома,
мең-қалдардың дұрыс қалыптаспауы салдарынан туындайды. Сонымен қатар ішек пен
асқазанның қатерлі ісігі де өте көп кездеседі. Өкінішке қарай, қатерлі ісік уақыт
өткен сайын жасарып барады. Жастары 50-ден асқандар арасында рак жиі кездесетін
болды. Сондықтан адамдар денсаулығына, өміріне жауапкершілікпен қарап, жылына
бір рет дәрігерден тексеруден өткені абзал.
– Қатерлі ісікке қарсы күресте көп тындырдыңыздар. Алда атқарылатын
– Қазақстандағы жұмысымызды «Қатерлі ісікке қарсы бірге» қоры
арқылы 5 жыл бұрын бастадық. Ашық есік күндерінен бөлек ракпен ауыратындарды
емдеу үшін медициналық құрылғылар алу үшін қайырымдылық шараларын ұйымдастырдық.
Мамандарымызды шет елдердегі ең беделді деген ауруханаларда тәжірибе жинақтауға
көңіл бөлдік. Жыл сайын мамандарымыз бір-екі рет міндетті түрде шет елдерге шығып,
кәсіби біліктілігін жетілдіріп қайтады. Париждегі онкологиялық орталықпен,
Кореядағы 2 онкологиялық клиникамен және Германиядағы онкологиялық емханамен
арада қабылданған Меморандумымыз бар. Енді Жапониямен серіктестік орнатқалы
жатырмыз. Шетелдік мамандар біздің орталыққа келіп, тәжірибелерімен бөліседі. Қазір орталықта 110-ға жуық дәрігеріміз бар.
Емханада және стационарда жұмыс істйтін онколог-дәрігерлеріміз Алматыдағы басқа
аурухана, емханаларда кеңес береді. Сонымен қатар біздің орталықта балалар
онкологы да бар.
– Сонда қатерлі ісік балаларда да кездесе ме?
– Балалар арасында рак күшейіп келе жатыр дей алмаймын.
Бірақ жыл сайын 70-90 жағдайдың біреуінде қатерлі ісік кездеседі. Мәселен, сүйектің
рагі, мидың қатерлі ісігі, нейро, лейкоздар. Ауру балаларды біз тексереміз де,
Педиатрия институтына емделуге жолдаймыз.
– Алға қойған басқа қандай жоспарлар бар?
– Жоспар дегеніңіз өте көп. Ең бастысын айтсақ, қатерлі
ісік дерті әбден асқынғандардың үйіне барып, медициналық қызмет көрсету, дәрі
егу, система салу т.б. қолға алмақпыз. Әрбір адам өмірден қиналмай өтуге қақылы.
Сол үшін арнайы топты жасақтаймыз. Демеушілерден бізді көлікпен қамтамасыз
етуді өтіндік. Өйткені көліксіз ешқандай тірліктің бітпейтіні анық. Негізі қазір
біздің Хосписіміз бар. Ол жерде дерт әбден дендеген, ажалға мойынсұнғандар
жатыр. Алайда, кейбір аурулардың жуыстары мен жақындары Хосписке жібергісі
келмей, үйлерінде қалдыруды құп көреді. Біз арнайы жасақталған топ арқылы соларға
қызмет көрсетеміз. Сонымен қатар орталық жанынан салынатын Радиологиялық жаңа
корпустың құрылысын күтіп отырмыз. Егер жергілікті бюджет бекітсе, ғимаратты
бастап кетеміз. Бүгінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Хирургия бөлімін
іске қоссақ, сатып алған жаңа медициналық құрылығыларды орнатып, заманауи
талаптарға сай жұмыс істемекпіз. Құрылғылар орнатылғаннан кейін Кореядан
мамандарды шақырып, біздің мамандарға аталған құрылғыларды меңгертеміз. Қазір дәрігерлермен
бірге медбикелер де ағылшын тілін үйрену үстінде. Өйткені біздің орталыққа
шетелдіктер көп келеді. Бұл қызметкерлердің кәсіби біліктілігін жақсартуға сеп.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нәзия Жоямергенқызы