Білгірлердің біліктілік отауы
Білгірлердің біліктілік отауы
Өткен жылы тұсауын кесіп, өз аудиториясына жол тартқан бағдарламалардың бірі – «Білгірлер отауы». Ұлттық арнада қыркүйек айынан шыға бастаған бұл жобаның басты ерекшелігі – зияткерлік бағдарлама болып табылатыны. Зияткерлік бағдарлама уақыт сұранысынан туып отырған соны бағыт дер едік. Өйткені көрермен әртүрлі шоу деңгейіндегі түрлі-түсті бағдарламалардан жалыққан кезде, интеллектуалдық деңгейдегі бағдарламаларды іздейтіні анық. Көрерменнің де талғам-талабы, өре өлшемдері бөлек. Сол өре-өлшемге лайық бағдарламалардың қатарынан «Білгірлер отауын» көретініміз жасырын емес.
«Бұған дейін «Қазақстан» ұлттық арнасында танымдық бағыт ұстанған бағдарламалар болмады деп айтуға келмес. Бірақ телеарналардағы бағдарламалардың басым бөлігі эстрада жұлдыздарын ғана қатыстырып қояды да, қарапайым адамдар, басқа саланың өкілдері ұмыт қалып жатады. Қарап отырсақ, әрбір саланың өз жұлдыздары бар, көрінбей жүрген таланттары жеткілікті», – дейді аталмыш бағдарламаның авторы әрі продюсері Ұлпан Құрайысова.
Аптасына бір рет экранға шығып жүрген бір сағаттық тележоба қазақ тілінде жүреді. Тележобаның жүргізушісі белгілі актер әрі композитор Нұрлан Әлімжан. Нұрлан Әлімжанның жүргізушілік шеберлігіне тәнті болып жүргендер де жоқ емес. Бойында ұлттық намысы бар, ана тілінің тұнығын қанып ішкен, әрі шешен, әрі кез келген тақырыпқа да сөйлей білетін актерді бұл бағдарламаға таңдап алуының да өзіндік сыры бар.
Бағдарламаның басты мақсаты – интеллектуалды, жан-жақты жетілген тұлғаларды қалыптастыру. Жастарымыздың бойында адамгершілік болса, мейірімділік, әділдік орнар еді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алар еді. Бұл бағдарлама көрермендер мен қатысушылар арасында азаматтық, патриотизм, белсенді өмірлік позиция, ұйымшылдық, адам құқықтары сынды қасиеттерді дарытуға тырысады.
Ойын-сауық түрінде құрылған жобада қатысушылар сұрақ-жауап бойынша сайысқа түседі. «Білгірлер отауында» қатысушылар өздерінің білгірліктерімен қатар, табиғи жылдамдықтарын да көрсетеді. Бір топ пен екінші топ арасындағы сайыста оза шапқандар ғана мәре сызығына жетеді. Ойын тәртібіне орай, төрт сынақтан сүрінбей өткен топ жеңімпаз атанады. Ең қызығы, қызықты мәліметтер мен сан түрлі сауалдардан сүрінбей, білімі мен жылдамдығын көрсеткен топ жеңіске жетіп, шетелге де барып-қайту мүмкіндігіне ие болады.
Төрт сынақ демекші, әуелі қатысушылар «деректер» айналымында сынға түседі. Әрбір топ жүргізушінің тарихи деректерге негізделген белгілі бір сала бойынша берілген сауалдарына жауап беруге тиіс. «Дәлелдер» кезеңінде жүргізуші сұрақ қояды, ал ойыншылар сол ақпараттың анық-қанығына көз жеткізуі қажет. Үшінші сынақ – «Бедерлер» айналымы. Бұл айналымда қатысушыларға экранға жиналмаған пазл түріндегі сурет беріледі. Онда суреттің бірнеше бөлігі көрсетілмеген. Ол белгілі адамдардың фото суреті болуы да ғажап емес. Әрбір топ экранда берілген бейнені табуға тиіс.
Соңғы сынақ – «Жеделдер». Бұл сынақ та күлкілі деректерге құрылуы да ғажап емес. Әрбір команда жұмбақта кім жасырылғанын табуы керек. Бағдарлама соңында жинақталған балл бойынша жеңімпаздар анықталып, арнайы сый-сияпатқа ие болады.
«Білекті бірді, білімді мыңды жығады». «Білгірлер отауында» біліктілер ғана жеңіске жетеді. Білімі мен білігі қатар шапқан топтың ғана мерейі үстем болады. Телеарналарда көрерменнің біліктілігін арттыратын танымдық бағдарламалар саусақпен санарлықтай ғана. «Қазақстан» ұлттық арнасы осы орайда бұл олқылықтың орнын толтырып, «Білгірлер отауын» дүниеге әкелді. Мұндай бағдарламалар көрерменнің танымын арттырудың негізі дер едік.
Елбасымыздың «Интеллектуалды ұлт – 2020» ұлттық жобасын қолдау негізінде дүниеге келген жоба «Білгірлер отауы» – жан-жақты дамыған білімді, мәдениетті, отаншыл, ұлтжандылықты қалыптастыратын білікті бағдарлама.