Қысқы Олимпиада қазақ баласына қол емес пе?
Қысқы Олимпиада қазақ баласына қол емес пе?
Бүгін Сочиде
алауын тұтатын Ақ Олимпиадаға елімізден елуден астам спортшыларымыз
аттанды. Олардың арасында шаңғы
спортынан, биатлон, мәнерлеп сырғанау, фристайл-могул, фристайл-акробатика,
шорт-трек, конькимен жүгіру, сноуборд, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан
секіруден, шана спортынан спортшыларымыз бақ сынамақ. Биылғы жылы Қазақстан қысқы
Олимпиадада алғаш рет сноуборд пен шана
спортынан жарыстарға қатысқалы отыр. Сноубордтан тұңғыш рет Олимпиада ойындарына
Валерия Цой қатыспақ. Валерияның бапкері өз әкесі. Бұған дейін де Валерия Цой
бірқатар биіктерді бағындырған үздік спортшы.
Олимпиада күндері үкілеген
үміткеріміз Алексей Полтаранин жекелеген бәсекеде бақ сынап, өз қабілет-қарымын
байқатпақ. Шаңғы спортынан елімізден
Ердос Ахмадиев, Николай Чеботько, Евгений Величко, Денис Волотка, Марк
Старостин, Роман Рогозин, Сергей Черепанов қатысады.
Конькимен жүгіру сайысында Денис Кузин, Дмитрий Бабенко, Федор Мезенцев,
Александр Жигин, Роман Креч, Екатерина Айдова сияқты спортшыларымыз бар.
Фристайл-могул мен фристайл-акробатика сайысында Дмитрий Рейхерд, Юлия
Галышева, Дарья Рыбалова, Дмитрий Бармашов, Павел Калмаков, Жібек Арапбаева,
Жанбота Алдабергенова, Бағлан Іңкәрбек, Сергей Берестовский сияқты өрендеріміз
барын салады.
Шорт-трек сайысы бойынша Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев,
Абзал Әжіғалиев, Аслан Даумов, Денис Никиша, Инна Симонова болса, тау шаңғысынан
Игорь Закурдаев, Дмитрий Кошкин, Мартин Хубер, Екатерина Черепанова сияқты
спортшыларымыз сынға түседі. Шаңғымен тұғырдан секіруден Алексей Пчелинцов пен шана спортынан Елизавета Аксенова қатысады.
Мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен мен Абзал Рақымғалиевті қосыңыз.
Үкілеген үміткерлеріміз Сочиден жүлделі орындарға қол жеткізеді деп сенеміз. Әрине,
Қазақстанның көк байрағы биіктен көтеріліп, әнұранымыздың шырқалғанына не
жетсін, шіркін! Спортшыларымыз 25-ші орыннан көрінеміз деген сенімде. Алғашқы
жиырмалыққа ілінсе, онда біздің спортшыларымыздың биікке жеткені. Әсіресе, қысқы
олимпиада да қазақ спортшыларының биіктерді көп бағындыра алмай жүргені жанымызға
бататын жайт.
Қысқы олимпиада жылына төрт рет өткізілетін дүбірлі дода.
Ел тәуелсіздігін алғанына 23 жылға жуықтапты. 23 жылда Ақ Олимпиадаға қатысатын
қазақ спортшылары неге саусақпен санарлықтай ғана?! Шаңғы спорты, мәнерлеп сырғанау, шаңғымен тұғырдан
секілу, конькимен жүгіру, биатлон сияқты спорт түрлерін қаракөздеріміздің
арасында дамытуға мүмкіндік болмады ма? Қысқы спорт түрлеріне қазақ балалары
неге көбірек қатыспайды? Әлде, шаңғы тебуден, конькимен сырғанаудан қорқамыз
ба?
Сочи олимпиадасына аттанған спортшыларымыздың тізімін қарасаңыз,
қазақ спортшылары тіптен аз. Аз деген былай тұрсын, кейбір спорт түрлерінде мүлдем
жоқ. Бұған дейін спорттық үйірмелерді көбейтіп, неліктен қысқы спорт түрлеріне қазақ
балаларын дамытпағаны түсініксіз. Елдің атын шығаратын спорт десек, қазақтың қара
баласының ұлтының намысын қорғайтын күні туған жоқ па?
Неліктен біз әлі күнге сырттан легионерлер алып келуге құмармыз?
Шаңғы тебу мен конькийде сырғанаудың соншалықты машақаты көрінбейді. Шымбұлақ
пен Медеу мұз айдыны қазақ балаларын спортқа баулуға таптырмайтын орын.
Ендеше, бізге болашақ олимпиада чемпиондарын дайындауға мүмкіндік мол. Бастысы,
қазақ баласының спортқа деген құмарлығын оята білу.
Тіпті, қысы қалың
аймақтарда да, яғни Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында қысқы спорт түрлерін неге дамытпасқа?! Ел тәуелсіздігін алғанда туған балалардың өзі
бүгінде ат жалын тартып, атпал азамат атанды. Тіпті, бірі әке атанып, енді бірі
ана болып жатыр. Демек, 23 жылда тау қопарар толағайларды да, желаяқтарды да,
шаңғышыларды да, шанамен сырғанайтын жүйріктерді де, мұз бетінде ойнақ салатын
конькишілерді де дайындап шығуға болатын еді. Әттеген-ай, дейсің, кейде осындай
олқылықтарды көргенде. Қазақтың бір баласы шаңғы теуіп, елінің атын аспандатып
жатса, қазақтың бір баласы мәнерлеп сырғанаудан үздік атанып жатса, қәнеки!
Дегенмен, Сочиден кейін әлі де бізге төрт жыл бар. Оңтүстік
Кореяда өтетін Қысқы Олимпиадада қазақтың қаракөздері көбірек топ жарса деген
ойымыз бар. Сочи Олимпиадасы қазақ елін биікке көтеретін
тағы бір жеңісті жол болсын деп тілейік!
Айна
Хасанова