Мемлекеттік тілдің жырын жырлап...

Мемлекеттік тілдің жырын жырлап...

Мемлекеттік тілдің жырын жырлап...
ашық дереккөзі
401

Қоғамда мемлекеттік тілдің жағдайына алаңдап, өз еркімен күресіп жүрген
жандар баршылық. Соның бірі – Павлодар қаласының тұрғыны Руза Бейсенбайтегі. Ол
бұдан бұрын қазақ тіліне мұрын шүйіре қарап, аты-жөнін бұрмалаған «Павлодар
лифт» ЖШС-ін де сотқа беріп, жеңіске жетіп, тілге деген нағыз жанашырлығын
көрсеткен. Бұдан соң «Павлодар лифт» бұрынғыдай орыс тілінде ғана емес, қазақ
тілінде де қызмет көрсететін болған. Сол сияқты Руза Бейсенбайтегінің қоғамдық
орындардағы мемлекетттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге де еңбегі өз алдына.

Енді ол бұл жолы «Цесна» банкті
сотқа берді. Бүгін Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында банкке қарсы
шағымы қаралды. Тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі банкпен 10 айдан бері алысып
келеді. Былтыр көктемде ол «Цесна» банктің жергілікті бөлімшесінен салық
төленгенін растайтын түбіртекті алғанда аты-жөнінің қате жазылғанын аңғарады.
Түбіртекте тұтынушының тегі мен хат мәтінінде қазақ әріптерінің орнына түрлі
тыныс белгілері түсіп кеткен. Содан тіл жанашыры дереу кемшілікті түзеу
керектігін айтып, банк қызметкерлеріне шағымданады. Бірақ банк қазақ әріптерін
оқитын бағдарламалардың жоқтығын желеу етіп, тұтынушының талап-тілегіне
немкетті қарайды. Бұдан соң Руза Бейсенбайтегі 
сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

 «1997 жылы аты-жөнімді қазақ тілінде жазылған
куәлікке ауыстырдым. Содан бастап әртүрлі кедергілерге кезігіп келемін. Не
қазақ тілінде бағдарламалар жоқ, не барған жерлерімде фамилиямды қате жазып,
келемеждеп қояды. «Цесна» банктің Павлодардағы бөлімшесіне барып жеке кәсіпкер
ретінде салық төлемек болғам. Олар: «Біздің бағдарламамызда қазақша әріптер
жоқ. Сондықтан басқа жерге барыңыз» деп кеңес берді. Мен сол жолы салықты
«Қазпоштаға» төлеуге келістім. Бірақ банк қызметкерлеріне үш айдан кейін келіп,
тағы салық төлейтінімді ескертіп кеттім. Уәделі уақытта келгенімде бағдарлама
өзгертілмеген болып шықты», – дейді 
ашынып. 

Астананың Сарыарқа аудандық
сотында өткен отырысқа банк өкілдері келмеген. 
Сол себептен де Сарыарқа аудандық сотының судьясы Ләззат Баян бұл іске
қатысты  шешімді сырттай шығарды. Ол банк
тарабы қайта шағымдануға құқылы екендігін, сот шешімі 5 күннен кейін ғана
күшіне енетінін мәлімдеді. «Сот «Цесна Банк» АҚ бағдарламаларын Қазақстан
Республикасының заңнамалық нормаларына сәйкестендіруді міндеттейді.
Республикалық БАҚ арқылы Бейсенбайтегі Руза Зәйкенқызынан кешірім сұралсын.
Моральдық залал келтіргені үшін «Цесна Банктен» 50 мың теңге өндірілсін. Сот
шығыны ретінде 2597 теңге қайтарылсын және жол шығын ретінде 4 мың теңге
өндірілсін», – деді судья.

Динара Дүрмән 

Серіктес жаңалықтары