Се ля ви, Своик мырза!
Се ля ви, Своик мырза!
Қазақ жерінің ауасын жұтып, біздің елден нанын тауып жүрген кейбір азаматтардың «су ішкен құдығына түкіретіні» бар. Бұл қазір үйреншікті жағдайға айналғандай. Бәзбіреулер мұны елемегенсіп, өткінші жағдай деп қарап, жан жарасын жеңілдетіп жатады. Бірақ мемлекеттік тіл – қазақ тіліне қарсы шығатындарға қашанғы немкетті қарай береміз?
Жарық көргеніне 20 жыл толып отырған «Түркістан» газетінің сонау егемендік алған тұстағы мақалаларын шолып отырсақ, қазақ тілінің жағдайы қаз-қалпында сияқты көрінеді. Сол кезде көтерілген мәселе әлі шешімін таппағандай әсер қалдырады. Еліміз кеңестік саясат бұғауынан шығып, шаңырағын көтерген жылдары ана тілі халінің мүшкіл болғаны айтпаса да түсінікті. Алайда, бүгінгі таңда да мемлекеттік тілдің жырын дәл солай жырлап жатқан жоқпыз ба? Неге?
Мәселен, «Түркістан» газетінде 1994 жылы (№23, 28 қазан, авт. О.Өмірбек) жарияланған «Ана тілімізді ардақтайық» атты мақалада: «… Мемлекеттік тіл мәртебесін иемденді. Енді сол заң бүкіл өміріміздің, іс-қимылымыздың берік қағидасы мен өлшеміне, қан тамырының соғысына айналуы тиіс емес пе?! …Республикалық «Лад» славян қоғамдық қозғалысының төрағасы Олег Попов пен оның орынбасары Александра Докучаева өздерінің наурызда өткен сайлау алдындағы бағдарламаларын қазақ радиосы арқылы жария етті. Сөздерінен байқағанымыз орыс тілі де мемлекеттік тіл болуға тиісті! Екі азаматтық берілуі қажет! Конституциямызды қайта түзетіп, редакцияламақ. Қашаннан таныс ескі әуен. Бұрын тіл деп келсе, ал енді оған қос азаматтық дегенді жамап, қомақтандырып, дабырайта түскен. …Ол аз десеңіз, өз қандастарымыздың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанын, ана тілінде жақ ашпайтынын қосыңызшы. Сонда қазақтың өзі керек етпеген тілді мемлекеттік мәртебе алыпты деп басқа кім үйренуге құлшынбақ?» деп тебірене толғаған автордың пікірі 20 жыл өтсе де, әлі күнге маңызын жойған жоқ. Қазір де қоғамдық орындарда қазақ тіліне мұрын шүйіре қарайтындар жетерлік. Тіпті, егемен ел атанып, тіліміз мәртебесіне қонды дегеннің өзінде екі қазақтың бір-бірімен орысша шүйіркелесетіні бүгін де кездеседі. Бұған не деуге болады?
Бір кезде қазақтың шамына тиетін, қазақ тілін кемсітетін мәлімдеме жариялаймын деп көптің наласына ұшыраған Петр Своик: «…Бұл тұрғыда қазақ элитасының орыстiлдi екенiн мықтап ескерген жөн. Қазақ тiлiн, әрине, ерте ме, кеш пе, орыс тiлiнен кейiнгi екiншi мемлекеттiк тiлге айналдыруымыз керек. Бұл үшiн қазақ тiлiн мектеп қабырғасынан оқытып, министрлер мен депутаттардан, мемлекеттiк органдар басшыларынан қостiлдiлiктi талап ету қажет. Осылай еткенде ғана қазақ тiлiн екiншi мемлекеттiк тiл деңгейiне көтеруге болады», – деп ескі әуенге басқан еді. Бұдан соң ЖСДП атынан сөйлеген Своик үшін партия кешірім сұрағаны жұрттың есінде.
Ал жақында саясаткер Петр Своик «R-студиясына» берген сұхбатында мемлекеттік тілге байланысты біраз түйткілдің басын ашып айтыпты. Кейбір ақпарат құралдары кінәні тағы да Своиктің өзіне тағыпты. Алайда, оның журналистке берген жауабының астарына үңіліп көрейікші. «Жалпы, өзім қазақ тіліне қашан қарсы болдым? Заңда әр азамат мемлекеттік тілді білу міндетті делінген. Тілі басқалай шыққан адамды оқытуға мемлекет жағдай жасауы керек. Қазақ тілін түсінемін. Егер бір айға ауылға барсам, сөйлеп кетуім де мүмкін. Бірақ бұл неге, кімге керек? Бұл арқылы нені дәлелдей аламын? Алғаш «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына 25 жылға жуық уақыт өтсе де, мемлекет, Үкімет мүшелері, шенеуніктер, депутаттардың барлығы дерлік орыс тілінде сөйлейді. Мұның бәрі бір ғана Своиктің тілді білмейтіндігінен бе?!» деп жан-жақты жауап беріпті.
Әрине, Своиктің айтып отырғаны рас. Заңның орындалуын әуелі биік креслода отырғандардан талап ету керек. Осы уақыт аралығында мемлекеттің саясатын жүзеге асыру үшін талай шенеунік креслоға отырды. Соның ішінде бірен-сараны ғана болмаса, көбісі орыс тілінде сөйлеуге құштар. Мәселен, Парламент алдына есеп беруге келетін кейбір министрлер мен олардың орынбасарларының өзі қазақ тіліне шорқақ. Сонда тәуелсіздік алғалы бері тұғырына қонбай тұрған мемлекеттік тілдің мәселесі әлгіндей шенеуніктерге әсер етпей ме? Әрбірден соң олар Конституциядағы шегелеп жазылған бапқа құрметпен қарамай ма?
Кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Гүлжан Қарағұсова баспасөзге: «Қазақ тілін үйреніп жатырмын. Болашақта мемлекеттік тілде жетік сөйлейтін министрлердің бірі боламын», – деп жиі сұхбат беретін. Әйтеуір, қазақ тілін білмесе де, білуге ниеті барына қуанатын жұрт. Алайда, креслоға ұзақ отыру ешкімге бұйырмаған бақ екенін ескерсек, сол таққа кімдер келіп, кімдер кетпеді. Дегенмен, министр кезінде уәдені үйіп-төккен Қарағұсова қазір Парламент мәжілісінде депутат. Таяуда қазақтілді журналистің сауалына баяғы әдетіне басып орыс тілінде жауап берді. Сонда оның осыдан он жыл бұрынғы «Қазақ тілін үйреніп жатырмын» деген уәдесі қайда қалды? Әлде, министрліктен кеткеннен кейін қазақ тіліне күнім түспейді деп ойлады ма екен, кім білсін?! Бір белгілісі, атқа қонып, ел басқаруға кіріскен шенеуніктердің көбі әлі күнге қазақ тіліне самарқау қарайды.
Ол ол ма, Қаржы министрлігінің тізгінін талай жыл ұстаған Болат Жәмішевтің де мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшынысы байқалған емес. Қандай ортада болсын, ресми тілде сөйлеуге бейім. Ол тіпті мұнысына өкінбейтін де сияқты. Қайта уақытында президенттің көмекшісі болған Ермұхамет Ертісбаев «Қазақ тілін ақша төлеп үйреніп жатырмын» деп, мемлекеттік тілге мойын бұрып жатқанын аңғартып еді. Тіпті, ол ақпарат құралдарында тәп-тәуір сөйлейтінін көрсетіп, жұрттың ықыласына бөленген. Жоғары шенділер өздерін еліміздің нағыз патриоты санаса, қазақ тілін қалтасынан ақша төлеп те үйренер еді ғой. Бірақ Своик айтпақшы, «оларға қажет емес қазақ тілі кімге керек?». Бұл тек Своиктың басындағы ғана ой емес. Мемлекеттік тілді меңгермеуге сан түрлі сылтау ойлап тауып жүрген қаншама өзге ұлт өкілдерінің дәл осылай ой түйетіні заңдылық. Мемлекеттік тіл – елді басқарып тұрған шенеуніктердің негізгі сөйлейтін тіліне айналмаса, кімге керек? Керісінше, Своик мырза Қазақстанда қалыптасқан шындықты шырылдатып айтып беріп отырған жоқ па? Ащы да болса айтылуға тиіс шындық.
Шынтуайтында, Тәуелсіздікке қол жеткізген 22 жылда қазақ тілінің көсегесін көгертуге қыруар қаражат бөлінген. Қайда сіңді сол ақша? Мысалы, мемлекеттік тілді дамыту мен қолданудың алғашқы бағдарламасы 2001-2010 жылдары, ал келесі кезеңі 2011-2020 жылдар аралығын қамтыды. Нақтырақ айтсақ, тіл саясатының көздеген мақсаты – 2020 жылы ел тұрғындарының 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттік жоспар бо-йынша бөлінген қаржы ауқымы да жылдан-жылға еселеніп отырды. Атап айтқанда, 2001-2003 жылдары тілге 100 миллион теңге қаржы бөлінсе, бұл сан 2006 жылы 560 миллион теңгеге ұлғайып, 2007 жылы бөлінген қаржы 3 миллиард теңгеге жетті. Ал 2008 жылы мемлекеттік тілге 5 миллиард теңге бөлінді. Тіпті, Елбасының Жарлығымен мемлекеттік тілге көшудің кестесі бекітіліп, соған сәйкес республиканың орталық және жергілікті атқарушы органдары іс-қағаздарын кезең-кезеңмен мемлекеттік тілге көшіруі тиіс еді. Бұл кесте бойынша 2010 жылға дейін барлық мемлекеттік органдар мемлекеттік тілге толықтай өтуі қажет болатын. Алайда, көптеген мекемеде бұл сөз жүзінде ғана жүзеге асуда.
Ал республикалық бюджеттен 2012-2014 жылдары мемлекеттік тілді дамытуға 12,9 млрд. теңге қаражат қарастырылғанын айту керек. Үш жылдық бюджетте мемлекеттік тілді дамытуға 12,9 млрд. теңге қаражат қарастырылса, оның ішінде 2012 жылы – 2,8 млрд. теңге, 2013 жылы – 5 млрд. теңге, 2014 жылы – 5,1 млрд. теңге көзделген. Тізе берсек, бөлінген ақшаның есебінен бас айналады. Демек, сонау 2001 жылдан бері бюджет қазанының жартысы мемлекеттік тілдің өрге жүзуіне бөлінген сияқты. Бірақ бұл саясат тиімді түрде жүргізілді ме? Қыруар қаржыға не жасалды? Нәтиже қайсы? Егер талай жылғы еңбектің жемісін көрген болсақ, бүгінгі биліктегі атқамінерлерден бастап, қоғамның әрбір мүшесіне дейін қазақ тілінде еркін сайрайтын еді. Тіпті, Своик сияқтылардың өзі амал жоқтықтан тілін қазақша сындырар ма еді?!
Әрине, мұның бәрі көптеген азаматтарымыздың намыссыздығынан. Әсіресе, кейбір лауазымды тұлғалардың туған тілге жаны ашымайтындығынан. Бірақ жылдар өтер, мемлекеттік тіл жұрт күткен биікке көтерілер. Француздар айтатындай «Се ля ви!». Өмір солай, Своик мырза!