ТҮРКІ ЖАСТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙЫ

ТҮРКІ ЖАСТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙЫ

ТҮРКІ ЖАСТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙЫ
ашық дереккөзі
167

 

  Тұңғыш рет өткізілген Түркі жастарының
құрылтайында түбі бір түркіге ортақ мәселелер мен рухани құндылықтар сөз
болды. ХХІ ғасырда түркі елдерінің күшті болуы олардың қаншалықты
ауызбіршілік танытуына байланысты.
Интеграциялық процестерге бой
ұрған әлем өзара мүдделес, мақсаттас, тарихы мен тамыры жақын елдермен
бірігуге ұмтылады. Қазақстан үшін түрік, әзірбайжан, түркімен, қырғыз
сияқты түбі бір түркімен бірігу тиімді. Осы орайда, ҚР Президенті
Н.Назарбаев: «Біз, түркі халықтары – бауырлас елміз, әрдайым тату болып,
бір бірімізге көмек қолын созып, ынтымақтастықта өмір сүруіміз керек.
Түркі халықтары жұмылған жұдырықтай болып біріккен кезде геосаяси өмірге
тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара
қарым-қатынастарда қайдағы бір енжар, ынжық элемент ретінде емес,
өзгелермен терезесі тең тұлға ретінде бой көрсете алады», – деді. Өткен
сенбіде Алматыда ұйымдастырылған Қазақстандағы Түркі халықтары
жастарының  І Дүниежүзілік құрылтайында түбі бір түркіге ортақ мәселелер
талқыланып, түркі әлеміне ортақ тұлғалар насихатталды. Түркі
халықтарының мәдени қоры ұйымдастырған бұл шараға еліміздегі түркітілдес
ұлттардың өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Әнұранымен
салтанатты түрде ашылған шарада Түркі халықтары мәдени қорының жетекшісі
Ахмет Дағдуран мырза: «Келешек жастардың қолында. Жер шарының
түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып кеткен түркінің 100 миллионнан астам
жас жеткіншегі бар. Сол жастардың білімді, өркениетті, күшті болғанын
және береке-бірлігі жарасқанын қалаймын. Біз, түркілердің бүгінгі
ұрпағы, тізе қоса отырып, тер төгуіміз керек», – деді.

Тағдыры,
тамыры, тілі мен ділі, діні, түбі бір түркіге ортақ құндылықтарды
ұлықтауды мақсат ететін Түркі халықтары мәдени қорының құрылғанына биыл
15 жыл толмақ. Осы уақыт ішінде қыруар шаруа тындырған Қор жыл сайын аса
маңызды шаралар ұйымдастыруда. 250-300 жас Түркия, Румыния, Кипр,
Қырымда өткізілетін түрлі өнер байқауларында бақ сынасу мүмкіндігіне ие
болды. Қордың мұрындық болуымен, «Түркі халықтарының бүгінгі таңдағы
өзекті мәселелері», «Әлемдік деңгейдегі түркі халықтары құқығының
қорғалуы», «Түркі әйелдерінің құрылтайы» сияқты халықаралық деңгейдегі
95 шара ұйымдастырылыпты. Бұлардың барлығы түркі бірлігін нығайтуға сеп.
Қордың тағы бір жетістігі: Қазақстанның мемлекеттік тілін үйрету үшін
арнайы курстарды қолға алған. Мәселен, Қор жанынан құрылған «Түркі
әлемі» газетінің ұйымдастыруымен, «Қазақстан, қазақша сөйлейік!» деген
шара барысында еліміздегі кәріс, неміс, грузин, орыс, ұйғыр, өзбек т.б.
ұлыстардың 25 мыңнан астам өкілінен қол жинаған. Бұл да қазақ тілінің
қолданыс аясын кеңейтуге үлкен үлес қосары анық. 

Құрылтайда
қазақ, қырғыз, әзірбайжан, Қырым татарлары, түркімен, хазар, өзбек,
ұйғыр, Ауғанстандағы түркілердің өкілдері баяндама жасады. Әр ұлттың
жастары түбі бір түркінің бірлігі жолында тер төккен қайраткерлері,
ғұлама ғалымдары, шайырлары мен ұлттың ұлы болған батырлары туралы
ақпарат берді. Құрылтайда әсіресе, Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік
мансап университетінің өкілі, профессор, ақын Мұхтархан Оразбай сөзі
жастарға рух берді. Тәуелсіздік туралы, Атажұрт жайлы толғаулары
көпшіліктің көңілінен шықты. Түркі халықтары мәдени қорының жұмысына
белсене араласып жүрген мүшелерге арнайы марапаттар тапсырылды.
Концерттік бағдарламаны қоса қамтыған құрылтайда «Гүл-Бану», «Томирис»
би ансамбльдері өнер көрсетті. Сондай-ақ, әр халықтың ұлттық әні, биі,
күйімен көмкерілген шараның басты мақсаты – Қазақстандағы түркі
жастарының басын қосып, келешекте атқарылуы тиіс шаруаны пысықтау.
Құрылтай сол мақсатына жетті: жастар бір-бірімен танысты, білісті,
келесі кездесулерді жүйелі түрде өткізіп отыруға келісті. Басқосуда
айтылған түркі бірлігіне қатысты талап-тілек, ұсыныстарды арнайы топ
Қарар ретінде қабылдамақ.

Түркілердің бірлікке ұмтылуы
тегін емес. Ұлы дала әлемді өзгертуге қауқарлы талай ұлы тұлғаны
тәрбиеледі. Осыдан 1200 жыл бұрын Жер мен көкті тітіреткен Түркі
қағанатының орны бір бөлек. ХХІ ғасырдағы түркі мемлекеттердің әлемдік
саясатқа ықпал етуі олардың жұмылып жұдырық бола білуіне тікелей
қатысты.        

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары