ФАРИЗА-ҒҰМЫР ҮЗІЛДІ

ФАРИЗА-ҒҰМЫР ҮЗІЛДІ

ФАРИЗА-ҒҰМЫР ҮЗІЛДІ
ашық дереккөзі
710
Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 75 жасқа қараған шағында қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова дүниеден озды. Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 25 желтоқсанда қазіргі Атырау облысының Новобогат ауданындағы Манаш ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын бітіргеннен кейін әуелі мектепте мұғалім, кейін облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің әдеби қызметкері болып еңбек етті. 1968-1970 жылдары республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі, ал 1970-1978 жылдары республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бас редакторы, 1978-2000 жылдары «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналының бас редакторы қызметтерін атқарды. 1996-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Тұңғыш өлеңдер жинағы – «Сандуғаш» 1966 жылы жарық көрді. «Маңғыстау маржандары» (1969), «Мазасыз шақ» (1972), «Асау толқын» (1973), «Мен сенің жүрегіңдемін» (1975), «Шілде» (1978), «Сенің махаббатың» (1979), «Сұхбат» (1983), «Дауа» (1985) т.б. өлең кітаптарымен қатар күрескер ақын Махамбет Өтемісұлы туралы «Алмас қылыш», қазақтың өнерлі қыздары Майра, Сара жайында «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Қарғыс», «Қасірет пен ерлік жыры», сондай-ақ, «Дала тағдыры», «Ақбөбек жырлары», «Жантолының монологы», «Мүшәйра», «Мен өмірді сен деуші ем», «Интервью», «Қырдағы айқас», т.б. поэмалары жарияланды. Фариза Оңғарсынова – әйел тақырыбын шығармаларына негіз еткен ақындардың бірі, оның «Дыбыстар әлемі» дастаны қазақтың композитор қызы Ғ.Жұбановаға, күйші Д.Нұрпейісоваға, «Бибігүл-ән» жыры әнші Б.Төлегеноваға, «Назқоңыр» Р.Бағлановаға, «Жыр анасы» М.Хакімжановаға, «Тыңдаңдар, тірі адамдар!» топтама өлеңдері қос батыр Әлия мен Мәншүкке арналған. Сондай-ақ, «Қыз махаббаты», «Қыз сөзі», «Шығыстағы ару қыз», «Парсының сұлулары», «Әйел тілегі», «Әйелдің монологы», «Қызыл тымақты қыз», «Қыз-ғұмыр» атты жырлары ақынды әйел адамының жиынтық бейнесін сомдаушы қаламгер ретінде танытады. Фариза Оңғарсынова қазақтың сөз өнерін биік белеске шығарып, поэзияға жаңа леп әкелді. Махамбет жырларынан нәр алған ақын өр мінезімен, өршіл жырларымен дараланды. Ол ерекше дарыны мен үздіксіз ізденісінің арқасында бүкілхалықтық шығармашылық тұлғаға айналды. Ақынның К.Дөнентаева жөніндегі «Біздің Кәмшат» атты деректі повесі (1966) мен «Шашы ағарған қыз» (1990) және «Сыр сұхбат» (2013) атты прозалық туындылары сөз өнерінің рухани қазынасына қосылды. Оның көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылды және ақынның өзі де әлем классиктерінің бірқатар туындыларын қазақ тіліне аударды. Ол «Құрмет белгісі», І дәрежелі «Достық», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Фариза Оңғарсынова халық қалаулысы, қоғам қайраткері ретінде мемлекеттігімізді нығайтып, тәуелсіздік мұраттарын орнықтыру ісіне үлкен үлес қосты. Қазақтың өр мінезді, асқақ рухты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі

 

Бағдаршам

«Бағдаршам» десек, біздің ойымызға алдымен көшелердің қиылысындағы көлік қозғалысын реттеп тұратын көк, жасыл, қызыл көздері бар, жүруге рұқсат беруші, абайлаушы, тыйым салушы жоғарыдан төмен орналасқан шамдар түседі. Бірақ, бағдаршам деп теңіздің қақ ортасында, әрлі-берлі өтіп жатқан кемелерге жарқыраған жарығымен бағдар беріп тұратын шамды да айтады. Ол шам «жақын жерде елді мекен бар, адассаң, қиналсаң тоқтап өт» – деп белгі беріп тұрады. Сөйтіп маңынан өткендерге қуатты жарығымен мәңгілік жол көрсетушідей әсер береді. Енді осы екі атауды адамдарға қатысты алсақ, көп адам (масса) – әлгі әр көш қиылысында реттеуші рөлін атқарады да, ал бірер адам ғана теңіздегі бағдаршамдай ұлтқа, елге бағыт көрсетіп, адаспауын қалап тұрады. Ондай адамдар  өте аз, сирек. Біз сөз еткелі отырған Фариза Оңғарсынова осы соңғы, сирек, бірегейлердің бірі және олардың да ішінде біріншілері қатарында. 1963 жылдан бастап отбасымызда «Лениншіл» жас газетін жаздырып алып оқыдық. Фариза ақынның өлеңдерімен алдымен сол газет арқылы таныстым. Кітаптарынан ең бірінші сатып алғандарым «Мазасыз шақ» пен «Асау толқын». Ауылдық жердегі кітап дүкендері мен кітаханаларда Алматыда кездесе бермейтін кітаптар жата беретін. Институтты жаңа бітіріп, ауылға келген соң, өз кітапханамды құрай бастадым. Институтта оқып жүрген кезімде жинаған жүз шақты Пушкин, Лермонтовтан бастап, Есенин, Блок, Евтушенколардың кітаптарына қазақ авторларының кітаптарын қоса бастағанымда алдымен таңдаған авторым Фариза ақын болатын. Бірақ, ақынның бүкіл кітаптарының ішінде ерекше әсер еткені 1982 жылы шыққан «Сұхбат» кітабы болды. Әсіресе соның ішіндегі «Мүшәйра». Оның ішіндегі сол кездегі үкімет рұқсат беруі мүмкін еместей мына жолдар таңдандырды: Есалаңдай әр затқа таңдай қағып, ой сезімнен осылай шалғайланып, дулығалы дәуірдің дүмпуінен адам бара жатқандай малға айналып. Немесе: Деп жүргендер билік те, бақ та мұра, бір кіреуке түскендей ақ таңына, шамданады сен айтқан ақиқаттан, шоқ шашырап түскендей шаптарына. Сондай-ақ: Өмірге ендің ендеше жүгенделдің, (мен де талай бұлқындым, жігерлендім), Бірақ әркез тағдырың шешіледі қолыменен кездейсоқ біреулердің. Мұндай өлеңді қазақ поэзиясынан бұрын кездестірмеп ем. Орыс поэзиясында мұндай сөздерді Евтушенко мен Вознесенскийдің біраз жырларынан, Высоцкийдің жабық әндерінен ғана оқып-тыңдайтынбыз. Бүгінгі тұрғыдан қарағанда, Кеңес үкіметі кезінде бірлі-жарым ақындарға ептеп артығырақ айтуға мүмкіндік беріп, халықтың оларға деген ниетін тануы да ел басқарудың бір тәсілі болса керек деп ойлаймын. Ол кездегі тыйымға сай мұндай өлеңдердің жария көргеніне таңданбау мүмкін емес еді. Бүгінде ғой, Олжасша айтқанда: «Шыншыл болу бүгінде қалыпты іске» айналғаны. Фариза ақын осыдан 45 жыл бұрын Шерхан Мұртаза ағасының шақыртуымен Алматыға келе сала қазақ поэзиясын биік шыңға көтерді, өзі де адамгершілік, ұлтқа адалдық қасиеттерде ұшар биікке көтерілді де, сол бір тұғырдан таймай өмір кешті. Өзі жазған: «Өлең ұқпайтын жандар да, Құдіретін жырдың сезсін бір» деген сөзі бүгін тағы бір рет дәлел тапты. Ақын жырының құдіретін сезінген мыңдаған адамдар қоштасу рәсімінің маңынан табылды.

Қайраткер

 

Академик-жазушы Ғабит Мүсірепов «Сұхбат» кітабына алғысөз жазғанда: «Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркек-әйелге, кәрі-жасқа… ғарышқа дейінгі биіктік те, Жер-ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ. Мен Фаризаны осындай асқарлардың биігінде көремін» депті. Осы сөздерде аталған қасиеттердің әрбірі Фариза Оңғарсынованың бір бойынан табылатынына 18 жылдан бері әріптес, серіктес, шәкірт бола жүріп көзім анық жеткен. Фариза апаның ақындығы, мінезі, шыншылдығы жайында көп айтылар. Мен ол кісінің қайраткерлік қызметіне біршама тоқталғым келеді. 1996 жылдың қаңтарында бірінші шақырылған қос палаталы Парламенттің Мәжілісіне депутат болып бірге сайландық. Сол кезден-ақ жылы шырай танытты, әңгімеміз бірден жараса кетті. Сол кезден осы күндерге дейін ұдайы бірге жүрдік. Әдетте, шығармашыл адамдарға «Парламентте не бар, жазатындарын жазып, тыныш жүре бермей ме?» – деген сөздер жиі айтылады. Бұл сөзді қазақта ең көп естігендер Әбіш Кекілбаев пен Фариза апай болды десем артық айтпағаным болар. Шынына келгенде, Парламент ылғи заңгерлер мен экономистерден тұрмауы тиіс. Онда саясаткерлер, әлеуметтанушылар, түрлі саланың мамандарымен қатар зиялы қауым өкілдері, шығармашылық адамдары болуы жөн. Өйткені қабылданатын заңдар сан қилы, онда экономикалық заңдар әлеумет пен мәдениетке қатысты заңдардан онша көп емес. Фариза апай Мәжіліс мінберінен сөз алса,  ылғи да қоғамның рухани өміріне қатысты болушы еді. Қазақтың тілі мен ділі – негізгі тақырыбы еді. Алматы өнер университетінің қажеттеріне бюджеттен қаржы бөлу жөнінде талап қойып, әріптестерін қолдауға шақырып, қызына сөйлеген сәттері жадымызда. Елордамыз Астанаға көшкен сәтте, қаланың рухани дүниесі астана болатын қалаға лайықсыздау болатын. Қала мәдениетін көркейту үшін қай салаға болсын қаржы қажет болып тұрды. Сол жылдары мұнай бағасы бүгіндегіден он есе төмен болып, Нұрлан Балғымбаев басқарған Үкімет қаржының қатаң тапшылығына ұшырап тұрған сәттерде Фариза Оңғарсынованың ұсынысымен Астанада жаңадан ашылған Өнер университетіне аса қымбат бағалы орган залын ашуға қаржы бөлінді. Астанадағы шығармашылық одақтардың түрлі жиындарында, конкурстарда, айтыстарда төрешілер қатарында болып, әрқайсысын қабілет-қарымына қарай бағалағанда, ұсынысы өтпей, көңілінен шықпағандар жеңімпаз аталып кеткенде, оны ұзақ әңгіме етіп айтып беретін. Депутат ретінде Фариза Оңғарсынованың аса бағалы еңбегі – «Баланың құқықтары туралы» заң жобасын дайындап ұсынуы еді. Бұл жоба парламентаризм тарихында қазақ тілінде әзірленіп, қабылданған екі заңның бірі болды. Бұл заңның бастапқы нұсқасы шынымен-ақ апайдың өз қолымен қазақ тілінде жазылып, қалай орыс тіліне аударылып, ұсынылғаны көз алдымда. Оған біреу сеніп, біреу сенбес. Бірақ – ақиқат осы. Автор бір ғана «баланың құқығы» деген сөздердегі «құқығы» дегенді, егер шынымен біздер қазақ тілінің қорғаушысы болсақ, қазақтың байырғы тілінде болмаған бұл сөзді «құқы» деп жазуға тиіспіз, «құқық» деген сөз өзбектің «хұқық» дегенінен шыққан деп ресмиленіп, бір нұсқадан айнымауға әбден үйренген мамандармен айтысқанын көрдім. Бірақ, оларды жеңе алмап еді. Бұл жоба қаржы жоқ деген сылтаумен ақыр соңында қаржы талап ететін баптары біршама қысқартылып, бастапқы қағидалары азайып қабылданғанда қаншама мұңайып, күйзеліп еді. Қазақ тілін қорғап бірнеше рет сөйлеп, біздерге, бес-алты әріптестеріне «қазақ тілін біле тұрып, қазақша сөйлемейтіндерің қалай» деп шүйлігіп-шүйлігіп алатын. Мәжілістің қызыл залында біздер – Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, мен және Фариза Оңғарсынова бір партада бес жыл қатар отырдық. Сонда Фариза апай мен Шерхан аға бір жақ, Қаратай аға екеуміз бір жақ болып қалатынымыз кездесетін. Сонда апай біздерге өкпелеп, кәдімгілей торсаңдап, бұрқылдап ұрысатын, бірнеше күн сөйлеспей қоятын. «Жер туралы» заң сөз болғанда Шераға екеуі залдағы 90 пайыз депутатқа қасқая қарсы шығып, сонау Мүде қағанның жерді жауға беруге болмайды деп айтқанын қозғап, бәрімізді ұялтып еді. Бірақ Парламенттің ережесі бойынша азшылық көпшілікке бағынады, сол себепті екі аяулы зиялымыз қаншама ойлы, дана болғандарымен ұсыныстары өтпей, ауыл шаруашылығы жерін жеке меншікке беру туралы заң қабылданып кетіп еді. Депутат ретінде Фариза апайдың төңірегін ылғи да өмірден түңіле жаздаған, тапшылық тартқан адамдар қоршап жүретін. Солардың бәріне қолынан келгенінше жақсылық жасауға тырысатын. Біреуіне баспана, біреуіне жұмыс сұрап, ақ шашты басын иіп кеңселерді жағалайтын. Бірақ ешуақытта біреудің несібесін басқа біреуге алып беруге барған жоқ. Сондай-ақ ол кісінің жанында поэзиясын сүйіп, талантына табынып жақын жүргісі келетіндермен бірге, уақыты келгенде «бірге жүріп едік», «сырласушы едік», «осылай деп айтып, көндіріп едім» дей жүру үшін, бірде болмаса, бірде керегі болып қалар деген есеппен жақындаса жүретіндер де болатын. Оларға алданып, өкініп те қалатын сәттері бар еді. Жасаған жақсылығы көбіне қайтпаушы еді. Қайтпағаны сол, ісі тынғанда, келіп рахмет айтуға да жарамай, қаарсын көрсетпей кететіндер болушы еді.

Азамат

 

Дана Абай: «Қарашы, өз бойыңда түгел ме екен, Ыстық жүрек, оң шырай, қуат пен күш» дегеніндей, бойынан осының бәрі табылып келген Ақын, Азамат, Қайраткер Фариза Оңғарсынова мәңгілік сапарына беттеген осынау күндері біздің халқымыз үшін, әрбіріміз үшін ол кісінің тұлғасы күннен-күнге биіктей түсетініне сенімді болып отырмыз. Өз басым апамызбен бірге азаматтықтың, арлылықтың, мемлекетшілдіктің белгісіндей болған тұтас бір дәуір дүниеден көшкендей сезімдемін. Фариза апам еркіндікті, бостандықты сүйетін. Ойлаған ойы, айтқан сөзі, жасаған ісі бірдей болып тұрушы еді. Оны «асау, тарпаң» дегендер табиғатын танымағандықтан, шындықты бетке айтатын турашылдығынан, өз ұстанымынан таймайтын мінезінен тайсалатындықтан  айтатын. Тарпаңдығы тәкаббарлықтан, өркеуделіктен емес еді. Ол ешуақытта ешкімді жамандамайтын, біреулерге көңілі толмаған сәттерде: «жай адам ғой» деп қана қоя салатын, әңгімені ұзақ-сонарға созбайтын. Билікті көп сынап жүріп, билік басындағы Нұрсұлтан Назарбаев пен Иманғали Тасмағамбетовті ерекше құрметтейтін және онысын ашық, жария түрде мәлімдеуші еді. Жалғандықты, жасанды көлгірсуді жаны сүймеуші еді. Жаны өте нәзік болатын. Ол: Асау ғасыр іріні үгіп демің, бара жатса сөнердей үміттерім. Мен тілеймін күңкіл мен ұсақтықтан сақтағай деп даламның жігіттерін,  – деп жазды. Тағы да: Өмір –ылғи жұпарлы жеміс, гүл ме? Ой-жырасы болады тегістің де. Адал, мөлдір қалпыңда қалу деген, Оңай емес құбылған жер үстінде,  – деп жырлады.

 

Ана

 

Фариза Оңғарсынқызы – қазақтағы қыз біткеннің анасындай еді. Біздің үйдегі сіңлісін айрықша жақсы көрді. Отбасындағы мейірімі ерекше болатын, ерте қайтыс болып кеткен ағасының ұл-қыздарының бәрін жетілдіріп, қамқор болды. Фариза апай менен бар болғаны  9 жастай ғана үлкен еді. Бірақ өзімнен екі есе үлкендей көретінмін. Жұбайымыз екеумізге анамыз секілді болып кеткен-ді. Ең қысқа сөзбен айтқанда, Фариза апай менің өмірімнің басты өнегесі еді. Өмірден озғанынша солай болып кетті. Зердесі өте мықты болатын. Адам аттарын, олардың балаларының атын ұмытпайтын. Біздің де балаларымыз бен немерелеріміздің аттарын еш шатастырмай сұрап отыратын. Қайтыс болғанда бала-шағамыздың бәрі де қоймай жылады. Әсіресе тұрмысқа шығарда батасын берген кіші қызым Нұрсұлу мен аузына түкіріп, тұсауын кескен немерем Елназ екеуі еңіреп жылағанда тоқтата алмадық. Нұрсұлу: «Мұндай тілеуқорлық, мейірім жер астына қалай түседі», – дегенде біздер де көз жасымызды тыя алмадық. Ең соңғы ауырғаны бес айға созылды. 25 тамыз күні ауруханаға түсті. Күніге дерлік барып, хабар алып тұрдық. Біздің дәрігерлер, неміс елінің дәрігерлері ұзақ ақылдасып, ота жасамай, химиялық екпе арқылы емдеуді жөн санады. Химиялық екпе арасына 15-20 күн салып үш рет жасалды. Соңғысынан кейін тіпті тәуірленіп кеткендей болып еді. Сөйтсек алдамшы екен. Химиялық екпе жүрегіне ауыр салмақ түсіріпті. Нәзік, сезімтал, Асанбай Асқаров айтқан «жігер-жүрек», Оңайгүл Тұржанова айтқан «өлең-жүрек» шыдай-шыдай шаршапты. Мыңдаған адамдарды жырымен, сөзімен, қамқорлығымен емдеген асыл апамыздың жүрегі сол салмақтарды көтере-көтере шаршапты… Ауруханада жатып та, бір де бір рет тағдырға налып, уайым-қайғыға салынбады. Тіпті, күрсінбеді де. Бір сөзімен, я бір қимылымен өкінішін сездірмеді. Өліммен бетпе-бет келіп қалғанда да, еңсесін түсірмеді. Күрескерлігінде, қайсарлығында шек жоқ екен. Осының өзі артында қалған, осы қасірет сәтін ұғынған әрбір саналы азаматты мұңға орантып, қайғыға түсірген Фаризаның мінезінен үлгі алуға тиістігімізді көрсетеді. Өзі жазғандай: Өзің маған ой бердің, сана бердің, Нар жігіттің арқалар жүгін бердің, Сана бердің сергектеу сезінуге Қайғысы мен күлкісін жұмыр жердің, – дегені тағдырына, халқына ризалығындай еді. Факем еліне еркеледі, елі де еркелетті. Соңғы жылдары тіптен де мейірімді бола түсіп еді. «Сұхбатында»: Көретінім – көлеңке, – деген Ақын кейінде: «жарқын жыр жазыңдар, жабырқау түсті киім кимеңдер, жақсының жақсылығын көбірек айтыңдар» деп өзін қоршаған жас ақын қыздарды үйретуден жалықпаушы еді. Евгений Евтушенконың: «Неважно есть ли у тебя исследователи, А важно, есть ли у тебя последователи?!» дегені дұрыс. Ақын апамызда осының екеуі де бар, зерттеушілері де, ұстаз тұтып, жолын ұстанушылары да қаулап өсіп келеді, екеуі де қатар бағыттасып, ақынның тұтас галареясын құрайды. Ақын осы ғұмырында өз мектебін, өз жолын өзі салып кетті. Ол салған соқпақ үлкен жолға, әрі қарай даңғылға айналатыны кәміл. Олжас Сүлейменовтің: «Кто видел Бога? – Тот, кто видел Пушкина» дегеніндей, өз басым осындай арқалы азаматқа замандас, тұстас, әріптес, іні болғаныма шүкіршілік етемін. «Өлім ғана ақиқат, басқасы – жалған» деген ғой. Бүгін біз сол ақиқатпен бетпе-бет келдік… Фариза апаның жаны жаннатта болып, нұры пейіште шалқығай!

Мырзакелді Кемел,

қоғам қайраткері

СІЗ ҰМЫТЫЛМАЙТЫН ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАСЫЗ, АПАЙ!

 

Ақынның өз жырымен айтқанда «Сонау біздің қырдағы тұяқ тілген, бәйге алаңы секілді  дүсірлеймін» дей келіп: Өзім сонда тұтас бір ғасырдаймын: Жүргендеймін жарқылдап қасында Айдың. Мынау бей-жай дүниені сілкіндіріп бір таң қылмай мен, сірә, басылмаймын – деген Фариза апай Оңғарсынова да өмірден өтті. Осынау қайғылы хабарды естігенде көңілдің құлазығанынан бұрын, жүректің сыздағанын айтсаңызшы. Ол шынында да қалың қазақты таң қалдырып, тамсандырып ғұмыр кешті. Осы бір аяулы жан ел-жұрт айтып, жазып жүргендей поэзия патшайымынан бұрын, бүкіл қазақ қауымының қозғаушы күші, оның қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени, айта берді тұрмыс-тіршіліктегі қарым-қатынасы мен іс-әрекетіне белсене араласқанының өзі ұшан-теңіз де, терең тақырыптың азығы. Біз, поэзияға 70-ші жылдары келген жастар, Фариза апайдың о қасиеттерінің бірін біліп, бірін білмесек те, оның поэзиядағы орнын айқын сезіндік. Сондықтан, именіп, иілетінбіз! Бұл қадір-қасиеттер қорқудан емес, оған деген үлкен бір махаббаттан өрген іс-әрекеттерге келетін киелі де қастерлі ұғымдар болатын. Енді, күні кешегі, оның өмірден өткен күнінен бастап, о қадір-қасиеттер адам бойына әлдеқандай бір құпия күш арқылы түсетін сарыала сағынышқа айналатыны да сондықтан болса керек. Біз енді Фариза апайды мәңгілік еске алып, сағынып отыратын кезең-кезге келдік. Кезең-кез демекші, өткен ғасырдың 70-ші жылдарының екінші жартысында Алла маған Фариза апайменен жүздесіп, тілдесуге мүмкіндік берді. Мен ол кезде өмірдің біраз белесін артқа тастаған жас жігіт болатынмын. Бұлай дейтін себебім, сол кездегі КазГУге қатарларымнан оқуға кеш түсіп, өзімнің есейіп қалғандығымды іштей сезінетін едім. Бір күні сол КазГУ-дің, сол кездегі Масанчи-Киров көшесімен қилысындағы үлкен бір оқу корпусында жыр кеші өтіп жатқан кезі еді.  Мен онда өзімнің жаңа өлеңдерімді көзге түсіп қалуға тырысатын жасқа тән қасиетпенен махаббат туралы өлеңдерімді оқыған болатынмын. Кешке қатынасып отырған Фариза апай Оңғарсынова мен Асқар Сүлейменовтың көзіне сол кезде ерекшелеу түстім десем, онымды бүгінгі қатарларымның ешқайсысы жоққа шығара қоймайды ғой деп ойлаймын. Сол жолы өзімнің «Әкеме», «Жанарсыздар келеді», «Қас пен көздің,  бауырым, арасында», «Ағаштар шегініп барады» секілді өлеңдерімді оқыған болатынмын. Мінберден түсіп бара жатқан мені Фариза апай кілт тоқтатып: «Сен бала ертең «Пионер» журналына келші. Бос келмей,  бір топ өлеңдерінді ала кел!» деді. «Жазған құлда жан бар ма?» дегендей, ертеңіне көкбазардың жанындағы көп қабатты үйде орналасқан журнал редакциясына бардым. Апай қолжазбаларыммен танысып шықты да, «журналдың  алдағы санынан өлеңдеріңді оқисың» деді. Сол күннен бастап, Фариза апай Оңғарсыновамен таныстығым басталып, ол кейін әріптес апалы-інілі сыйластыққа ұласты. Кейін, өзім өмірмен қоян-қолтық араласып, яғни, әдебиет әлеміне енген тұстарымда да Фариза апай менің алдымдағы жол көрсеткіш бағдаршамдай болып, шығармашылық мүмкіндіктерімді көрсетуге барынша ықпал етті. Мен сол кездері Фариза апайдың Пабло Неруданың «Жүректің төрт мезгілі» кітабын, Евгений Евтушенко, С. Капутикян сияқты әлем таныған ақындарды аударып жүргендерінен де хабардар болатынмын. Оған қазақтың ірі ақынының публицистика жанрындағы елеулі-елеулі материалдарын қоссақ, онда мәселе одан да бетер айшықтана, айғұлақтана түседі. Редакторлық, депутаттық қызметтері өзінше бір әңгіме. Жалпы, Фариза апай өзінің әдебиетке келген ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталған әдеби өмірінің  қай тұсында болмасын біздің ұлттық поэзиямыздың дәреже-деңгейін бір сәт те түсірмей, орыстың Марина Цветаева, Анна Ахматова, өзінің қатарластары Рима Казакова мен Белла Ахмадуллиналардың ізденістерінен де азды-көпті  сабақ алып, әйел жанының қатпар-қатпарларындағы құпияларды сыртқа шығару арқылы, өзінің поэзиялық әрі поэтикалық жан дүниесін қалыптастырды. Сол қалыптасқан жан-дүниелер арқылы, өзінің дүниеге көзқарасы мен табиғат құпияларын ұштастыру арқылы, өзіндік өлең өрнегін өмірге алып келді. Жалпы, Фариза апай Оңғарсынова қазақ поэзиясындағы әйел ақындардың алатын орнын еркектермен теңестіріп, тіпті, кей тұстары Махамбет қарымындағы жырларыменен олардан асып түсті десек еш қателеспейміз. Сөйтіп, ерлер және әйелдер поэзиясы деп қалыптасқан сеңді бұзды. Бұл шығармашылық ерлік еді. Ерлік пен өрлікті және әйел табиғатына тән нәзіктікті әрі мұң табы ұялаған жүрек тұсының кейбір көңіл күйлерін астастыра жырлағанда Фариза апай өлеңдерінен поэзия тұтастығын көруге болар еді. Әлі есімде, жастық буымен, оған қоса кейбір тұстардағы ана бір зәһардың уыты арқылы ерік еркіндігіне бой алдырған тұстарымда Фариза апай мені қашанда да салмақтылық пен сабырлылыққа үйретіп, ақын еркіндігі ішімдікпен өлшенбейтіндігін де айтып отыратын. Егерде сол бір кездері осындай ардақты апаларымыз болмаса, менің кейбір қатарларымның бұл күндері жаманды-жақсылы, азды-көпті, жетістік-кемшілікті ақын болып қана қалыптасқандығын былай қойғанда, азамат ретінде де өмірмен еркін араласып кетуіміз де қиын болар еді. Мен бұның барлығын Фариза апайдың өмірден өткен тұсында есіме түсіріп, сол бір арқалы да азамат ақынның өмірге келіп, бізге бағыт-бағдар бергеніне қанша қуансам, өмірден өткеніне сонша жан-жүрегім езіледі. Бірақ, амал жоқ. Алла жазды ажал Біз әрі Сізбен ақылдасып келмейді. Ендеше, бар айтарымыз, поэзиямыздың алыптары қатарына қосылған Фариза апай Оңғарсынованың жатқан жері жайлы болып, жаннатта нұры шалқығай. Хош болыңыз, ардақты апайым, Фариза ақын Оңғарсынова! Біз әлі Сіз туралы сан жазып, сан айтатын боламыз.

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,

«Ақиқат» журналының Бас редакторы, ақын,

М.Мақатаев атындағы сыйлықтың  иегері.

 

Апа-ау, жан апа-ау…

 

Алдыңғы күннің түнінде анам түс көріп, таңертең жорып отырып еді. “Түсімде Мұқағалиды көрдім. Жарықтық, қартайып кетіпті” деді. Менің анам – Мұқағали мен Фаризаның ең үлкен оқырманы. “Сен құрсақта жатқаныңда оң қолымда Фариза, сол қолымда Мұқағали, ал жанымда әкең бақтан теріп алып келетін екі шелек алма болатын. Екеуін кезек-кезек оқитынмын және ойша екеуін кездестіретінмін”дейтін. Фариза апамның қазасын анама естірткенімде, ол кісі бозарып, ұзақ отырып қалды. “Мұқағали сол үшін келген екен ғой” дегеннен өзге ештеңе демеді…Ең ғажабы, анамның Фариза апаммен ұқсастығы көп еді. Түр-тұлғасы да, мінез-құлқы да қалтқысыз ұқсайтын. Жас күнінде, және кейін мен ержеткенде де “Сізді Оңғарсынова екен деп қалдық” деген жандарды талай көргем. Біз Астанаға көшіп барғанда, анам: “Мені Фаризамен жолықтыршы, жас күнінде сыртынан ғана көріп едім” деген. Ұлттық кітапханада біздің кітаптарымыздың тұсаукесері болған шақта, Фариза апамызбен қатарласа отырды. Кейін анамнан “сөйлесе алдыңыз ба?” деп сұрасам, “Мен Оңғарсыновамын” деді, мен “Сізді жақсы білемін” деп жымидым да қойдым. Соның өзі маған жеткілікті “деп күлді. …Кейін Фариза апам маған іштей ренжіп жүретінін аңғара бастадым. Тіке барып, себебін сұрауға батылым жетпейтін. Астанадан көшетін кезде, ойымда бітпей қалған үш мәселе: Фариза апамның алдынан өту және үш кісіге қарыз ақшамды қайтару тұрды. Не болса да алдынан өтейін деп шештім. Оның үстіне Фариза апам Герман еліне емделуге кеткелі жатқан болатын. Ұлттық кітапханадағы бір шарадан соң, көлікке мінгелі тұрған кезінде “Апа-ау”, – деп қолынан ұстап алдым да, “Апа, Сіздің алдыңызда жазығым бар ма, айтыңызшы” дегенімде, Апам байырғының батырларындай қабағын түкситіп, бетіме бажайлап қарап тұрып: “Сен әдебиет менен басталады деп жүр екенсің ғой” демесі бар ма. Шын айтайын, шошынып қалдым. “Апа-ау, мен олай демеп едім” деген болдым. Шынында, олай демегем. Жанарым жасаурап кетті білем, апам жібіп, кәдімгі анамның мейіріміндей мейіріммен қарап, “біреулер солай жеткізді ғой, қайтейін. Сен оған алаң болма. Және маған мұндайыңды көрсетпе!” (көзімнің жасаурағанын айтты-ау деймін) деп, бетімнен сүйіп еді. Ол кісіні мен анамдай көрдім, сондықтан ешқашан ренжітіп алғым келмейтін. Апа-ау, жан апа, шын айтамын, мен енді ешқашан мұндайымды көрсетпеймін! Өйткені, енді менің бетімнен сүйетін Сіз жоқсыз ғой…

Ерлан Жүніс,

ақын

Серіктес жаңалықтары