ҚАЗАҚТЫҢ ТӘТТІСІН КӘРІСТЕР АЛДЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ТӘТТІСІН КӘРІСТЕР АЛДЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ТӘТТІСІН КӘРІСТЕР АЛДЫ
ашық дереккөзі
156

Еліміздегі ұлттық құндылықтар болып саналатын дүниенің бәрін, бәрін болмаса да көпшілігін шетелдіктер иемденіп кетуде. Қымызымызды немістердің патенттеп алғаны анау. Қазы мен қартаңды, жал-жаяңды, ұлттық әдет-ғұрпыңды өзгелер иемденіп жатса да, қыңқ етпейтін болып алдық. Осы жолы шетелдіктер қазақтың кәмпитіне ауыз салыпты.

Қазір «Рахаттың» кәмпитін білмейтін қазақ кемде-кем. Бұдан былай қазақтың тәтті мәмпәсиі кәрістің атауымен шығуы мүмкін. Бүгінге дейін Ресей, Қытай, Ауғанстан, Моңғолия нарығын жаулаған тәтті кәмпиттер кәрістерге өтіп кетті. Өйткені өткен жылдың соңында Оңтүстік Кореялық «LOTTE Confectionery» компаниясы мемлекеттік органдармен барлық қажетті келісімдерге келе отырып, «Рахат» АҚ-ның айналымдағы акцияларының 76,25 пайызын иемденуге қол жеткізіпті. Бұл үшін кореялық компания 167 миллион АҚШ долларын төлеген. Алғашқы кезде 76 пайызына қол жеткізген кореялық компания мұнымен тоқтамайтын сияқты. Кейбір деректерге сүйенсек, жыл соңына дейін «Рахаттың» өзге пайызын да сатып алуды көздеп отырған сыңайлы. Бұған дейін «Рахат» кондитерлік фабрикасында немістің аса үздік технологиялары орналасқан еді. Енді олардың орнын кәрістердің жаңа технологиясы басуы мүмкін. 

Ең қызығы, Lotte Confectionery Сеулде 1967 жылы құрылған Lotte Group компаниясының бір бөлігі болып саналады. Аталмыш компанияның Сеул, Тэджон, Янсан, Пхентхэк және Сихын қалаларында өз фабрикалары бар. Бұл компания өнімдердің 200-ден аса түрін шығарып, әлемнің 70-тен астам еліне танылған. Әрі сағыз өндіруші ірі компанияның бірі болып саналады. 

«Рахат» компаниясының акциясын кәрістер иемденді делік, сол компанияда қызмет атқарып жүрген үш мыңнан астам қызметкердің жағдайы қалай болады? Жұмыскерлерді жаңа басшылық өз орындарында қалдыра ма, әлде оларды өз қызметтерінен босата ма? Егер жұмыскерлер өз жұмысынан айрылар болса, еліміздегі жұмыссыздар саны үш мыңға көбейеді деген сөз. Бұл несібесін осы компанияда тауып, өз нәпақасын айырып жүрген қазақ отбасыларына тағы бір қиын күн туып келеді деген сөз. Әрине, бүгінге дейін нарықта қазақ кәмпиттерін шығарып, қазақстандық өнімді әлемге танытып жүрген ірі компанияның акцияларын сатуы да біз үшін түсініксіз жайт. 

Келешекте кез келген отбасының дастарханына қойылатын тәтті кәмпиттің орнын кәрістік тәттілер баса ма? Әрі кәрістік тәттілер қалай өрнектелмек? Осыған дейін қазақстандық брендке айналған тәттілердің кескін-келбеті қандай болмақ? Көңілде сауал көп. Қазақтың тәттісі кәріске кетті. Осылайша, қазақ тағы бір брендінен айрылып отыр. Бір кем дүние дейміз де…

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары