СУ ТАСҚЫНЫ СОРЛАТПАСЫН ДЕСЕК...

СУ ТАСҚЫНЫ СОРЛАТПАСЫН ДЕСЕК...

СУ ТАСҚЫНЫ СОРЛАТПАСЫН ДЕСЕК...
ашық дереккөзі
330

XXI ғасырда адамзат үшін басты проблема су және су ресурстары болып табылады десем артық емес. Шындығында, бұл көпшілік мойындаған мәселе. Соңғы 50 жылда планетамыздағы халық саны 4 есе өсті, жақында халық саны 10 миллиардқа жетеді және одан әрі өсе түсетіндігі белгілі.

Бірақ Жер шарындағы су қорлары азаймаса көбеймейтіндігі анық. Себебі, өркениеттің өсуімен бірге біздің суға деген сұранысымыз да еселеп арта түседі. Мысалы, 1 тонна қағаз алу үшін 250 тонна су, болат өндіруге 150 тонна су, синтетикалық талшық алу үшін мыңдаған тонна су, ал ірі жылу станцияларының агрегаттарын салқындатуға 1,5 текше км (бір өзен деуге болады) су жұмсалады. Ауыл шаруашылығында одан да көп су көлемі қолданылады. Ары қарай да судың қолданылуын тізбектеп айта беруге болады.

Бұл түйткілдің одан әрмен ушығуы сөзсіз. Міне, ЮНЕСКО ұйымының ресми құжаттары да осылай «аттандайды»: «су – өмір мен өлімнің мәселесі…», «су қорларының кемуі алаңдатарлық проблема…», «су ресурстары азайып барады…». Сонымен қатар «тұщы сумен қамтамасыз ету – ең негізгі сұрақ…», «алдымыздағы 50 жылда су тапшылығы немесе су нысандарының ластануы планетамыздың әрбір тұрғынына қатысты болады…» деген т.с.с. мәтіндер кездеседі

Шындығында су мәселесінің өте қауіпті жайт екендігі даусыз. Әлемде су үшін халықаралық жанжалдан (қақтығыстан) қашып құтылу қиынға соғатыны рас.

Ал, Қазақстанда жағдай қалай дейтін болсақ, өкінішке қарай, бізде су тапшылығы ерекше орын алады және еліміздің индустриалды дамуы барысында су тапшылығы негізгі кедергілердің бірі болатындығы сөзсіз. Еліміздің су ресурстарын 1 шаршы шақырым ауданға шаққандағы көрсеткіш ТМД елдерінен әлдеқайда төмен. Құм басып жатқан Түркіменстанның өзінде Қарақұм каналы салынғаннан кейін бұл көрсеткіш бойынша мүлдем артта қалып отырмыз. Сондықтан еліміздің су қауіпсіздігі шараларын бүгіннен бастап нығайту керек.

Экологиялық жағдай да адамзаттың маңызды проблемаларының бірі. Ал аймақтың экологиялық жағдайы су ресурстарына тікелей байланысты болып келеді. Әлемде ластанған сулардың 70 пайызы су нысандарына (өзендерге, көлдерге, су бөгендеріне, теңіздерге, қайта құйылады. Өзендер өздігінен тазалану қабілетіне ие, бірақ белгілі бір ластану шегіне дейін ғана. Көп жағдайда ластану мөлшері бұл шектен бірнеше есе асып түседі. Сондай-ақ «жылулық ластану» деген түсінік бар. Судың темпераратурасы өскен сайын суда оттегінің ерігіштігі төмендейді. Оттегі суда жүріп жатқан тіршілікке қажетті болуымен қатар, әртүрлі суды ластайтын заттарды тотықтырады және ыдыратады. Бүгінгі кезеңде су көздерін мұндай «жылумен» ластап отырған нысандар – өнеркәсіптер және тұрмыстық қолданыстан шыққан сулар. 

Су қауіпсіздігінің екінші жағы бар. Яғни, су нысандарының, өзендер мен су қоймаларының қандай қауіп-қатерді бойына жасырып отыратыны белгісіз. Мысалы, өткен жылғы Амур өзеніндегі су тасуын алайық. Шілденің аяғында басталған жаңбыр тамыз айы бойы күнде дерлік жауды. Соның нәтижесінде өзен жайылмасы (өзенге жақын орналасқан ойық аудан) 4-5 м тереңдікте суға толды, су өзен бойымен 30-50 шақырымға жайылды. Қаншама елді мекендерді, жолдарды, егістік алқапты су алып кетті, адам өміріне қауіп төндірді. Немесе осыдан екі-үш жыл бұрын су тасуынан апаттық жағдай орын алған Жайық өзені еліміздің экономикасына біршама зиян келтіргенін айтуға болады. Ал, 2010 жылғы Қызылағаш ауылын судың шайып кетуі елдің көпке дейін есінде сақталады. 

Соңғы жылдары осындай төтенше құбылыстар планетамызда жиілеп кетті. Су тасқындары және көктемгі қар мен жаңбыр суынан судың тасуы бұрынғыға қарағанда қауіптірек байқалуда. Себебі, біріншіден бұл жағдай климаттың өзгеруімен түсіндіріледі, екіншіден, Жер бетінде халық саны өсіп келеді, соған байланысты су нысандарына жақын қоныстанамыз (су нысандарының бірнеше жылда қайталанып отыратын деңгейлерінің экстремальді мәндерін ескермейміз), үшіншіден… біз өзіміз кінәліміз. Яғни, әр жыл сайын Жер бетінде жүздеген жаңа су бөгендері салынады, әрине олар адамзаттың өмір сүруі үшін аса қажет. Бірақ көптеген гидротехникалық ғимараттар қажетті сапада салынбайды немесе көбісінің әбден тозығы жеткен, ал оларды уақтылы жөндеуге немқұрайды қараймыз. 

Су нысандары, су ресурстарымен байланысты түйткілдері тізбектей беруге болады, сондықтан олардың қандай дәрежелі қауіптілігін алдын-ала білу үшін өзендер, көлдердің және су бөгендерінің «мінезінің» ерекшеліктерін жақсы білуге тиіспіз. Тарихтан да қорытынды жасай алуымыз керек. Мысалы, орта ғасырда Ұлы моғолдар Үндістанда жаңа астана салуға кірісіпті. Қаланы 14 жыл тұрғызған, сол уақыттың көрнекті қаласына айналдырмақ болған. Бірақ онда адамдар 1 жыл ғана тұрды. Себебі, қажетті су мөлшерін есептей алмаған, қаланы сумен қамтамсыз ету мәселесін шеше алмаған, қаланың маңында су көздері болмаған. Тағы бір мысал, Египеттегі құрғақ арнада (вади) салынған белгілі бір бөгет бірінші су тасқынынан соң шайылып кеткен. Қазірдің өзінде 20 пайыздай бөгеттегі апаттар гидрологиялық есептеулердің дұрыс жүргізілмегендігінен болып отыр.

Суды, су нысандарын, су қорларын және су проблемаларын Гидрология ғылымы зерттейді. Гидролог-практиктер өзендер мен көлдерде үздіксіз тұрақты бақылаулар жүргізеді. Гидролог-ғалымдар су нысандарының мінезін – режимін (тәрібін) басқаратын гидрологиялық процестерді оқиды. Ал жобалаушылар суды қолдану мақсаттарына қарай әртүрлі гидротехникалық ғимараттарды жобалауда күрделі гидрологиялық есептеулерді қолданады. Кез келген көпір, жол астынан (үстінен) өткізілетін құбырлар, электр желілерінің бағаналары, қорғаныс дамбалар – барлығы гидрологиялық есептеулерді қажет етеді.

Елбасының өткен жылғы Жолдауындағы басым міндеттердің ішінде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және ауылшаруашылық егіс алқаптарын суару проблемаларын шешу тұрғанын ескерте кеткен жөн.

Қазіргі кезде бұл бағытта көптеген жұмыстар жасалуда. Өзендер мен көлдерде бақылау жүргізу пункттері үздіксіз өсіп келеді. Орасан зор гидротехникалық құрылыстар жобалануда. Су бағытында жұмыс істейтін ғалымдар ізденістерін жандандыруда, мысалы, былтыр бірқатар ғылыми мекемелердің ғалымдары мен мамандары теңдесі жоқ ғылыми жұмыс атқарды: Қазақстанның су проблемаларына және ол проблемаларды шешу жолдарына арналған 30 томдық монография жарық көрді.

Келешекте осы басталған жұмыстарды жалғастырып, еліміздің су қауіпсіздігі мәселелерін шеше алатын білікті жас гидролог-мамандарды дайындау кезек күттірмейтін шаруа болып отыр.

Д.Жүсіпбеков, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 

метеорология және гидрология

 кафедрасының меңгерушісі 

Серіктес жаңалықтары